Бултирикова Жаксыгуль Ибрагимовна

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

МУЗЫКА САБАҒЫНДА ОЙЫН ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ


         Қазіргі қоғамның даму қарқыны білім берудің міндеттерін қайта қарауды талап етеді. Тұлғаны қалыптастыру, оның шығармашылдық даралығын дамыту, баланың бар мүмкіншілігін ашып, оны жүзеге асыру білім беру жүйесінің басты бағыттары. Оны біз Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы жобасынан көре аламыз: Қазіргі жалпы білім беретін мектептегі оқытудың мазмұны мен құрылымы өзгеріп отырған кезеңде тұлғаға бағдарланған ойын технологиясы оқыту үдерісінде дидактикалық ойындар әрі оқу, әрі ойын қызметін қатар атқарумен ерекше орын алады.

Ойын-балалар әрекетінің бір түрі, оқушыларды оқыту және тәрбиелеу мақсатындағы қарым-қатынастың әдісі мен құралы. Ойын әрекеті естің, ойлау мен қиялға, барлық таным үдерісіне әсерін тигізеді.

Ойын-әрқашан білім бола отырып, баланы білім алуға, еңбекке дайындайды.

Ойын теориясы мен практикасын отандық және шетелдік педагогтар,
психологтар, социологтар зерттеуде. Мысалы, Иохон Хейзингтің «Ойыншы адам», Д.Б.Элькониннің «Ойын психологиясы», «Эрик Берннің «Адамдар ойнайтын ойындар» атты еңбектері жазылды. Ойын теориясын зерттеуші Ресей ғалымдары: А.В.Вербицкий, Т.В.Кудрявцев, И.П.Пидкасистый. Қазақстандық ғалымдар: Н.К.Ахметов, Ж.С.Хайдаров,т.б. Бастауыш мектепте пәндерді оқытуды жетілдірудің жаңа технологиясын іздестіру жолында ғалымдар, жаңашыл педагогтар, мұғалімдер еңбек етуде. Олардың ғылыми еңбектерін зерттеу жұмыстарын саралағанда берік білім берудің, оқу белсенділігін арттарудың маңызды жолдарының бірі ойын элементтерін тиімді пайдалану екендігін байқатады. «Баланың ынтасын тарту үшін оқылатын нәрседе бір жаңалық болу керек!»-деп жазады Ж.Аймауытов [1.25б].

Мектептегі музыка сабағында да ойын технологиясын қолдана отырып, материалды тез меңгеруге, музыкалық шығармаларды қабылдауға, әуенді ести білуге үйретуге болады. Бастауышта оқытылатын барлық пәндер сияқты музыка сабағында да ойынның маңызы зор. Ойынды әдетте мұғалім сабақ алдында не сабақты қорытындылар сәтте пайдаланады. Сондай ойындардың бірі-«Ойлан, тап!» жұмбақ ойыны. Жұмбақ ойынды қолдану арқылы балалар аспаптар түрлерін, құрылысын ажырата отырып, тапқырлыққа, шапшаңдыққа үйрене алады.

Ұзын мойын екі ішек,

Қатар-қатар тепкішек.

Басып қалсаң бір-бірлеп,

Күй шығады күмбірлеп, (Домбыра)

Саусақ батпас түтіктен,

Сандуғаш құс сайрайды. (Сыбызғы)

Сексен бес тілі бар,

Әр тілдің

Өзіне тән үні бар. (Күйсандық)

Ұсынылып отырған жұмбақтарды оқушыларды екі топқа бөліп жарыс түрінде өткізуге болады. Бірінші топтың балалары жұмбақты айтса, екінші топ оқушылары жауабын табу керек т.с.с.

«Малды төлін емізуге шақыру» ойыны. Ойын жүргізуші:

- Кәне балалар бәріміз дауыстап төрт түлік малды төлін емізуге бәріміз бірдей дауыстап шақырайық. Ойынды көрнекіліктер пайдалана отырып, өткізуге болады. Мысалы:

Биені құраулап,

Түйені көс-көстеп,

Сиырды аухаулап,

Ешкіні шөрелеп,

Шақырып аламыз,

Сауамыз, бағамыз.

Бұл музыкалық ойында ән айтқызу арқылы дыбыс тазалығына, сөздерді анық айтуға көңіл бөлеміз.

Музыкалық-дидактикалық ойын.

Ойын мақсаты.

1. Тоқсан бойынша тыңдалған әндер мен күйлерді тыңдатып, сазгерлер мен шығармаларының аттарын ажырата білуге дағдыландыру.

2. Сонымен бірге орындалу ерекшеліктеріне (қандай музыкалық аспапта немесе әнді кім орындады т.б.) көңіл бөлу.

3. Ойынды түрлі көрнекіліктер (карточкалар, таблицалар т.б.) пайдалану арқылы өткізу. Кемпір шетке шығып тұрады, басқа ойыншылар қаздай тізіліп, бірінің соңынан бірі ұстап хормен «Гөк-гөк, көги-гөк» деп бірнеше рет әндетеді. Балалар қаздың жүрісіне еліктей ақырын оң мен
солға шайқалып кемпірдің қасына келеді. Бірінші келген балаға кемпір ине, шөп, таяқша беріп: «Жоғалыңдар!» деп тапсырады. Балалар айнала жүгіріп, қайтадан қаздай тізіліп кемпірге келеді.

Кемпір әндетіп: «Әлгім, әлгім қайда?» деп сұрайды.

Балалар бәрі бірдей: «Әлгін, әлгін қайда? Қалды алыс сайда!» деп жауап береді.

Олай болса, сендердің біріңді алып қаламын деп кемпір балаларға бас салады. Балалар тізбегін жазбай қаша жөнелуі керек. Қолға түскен біреуін кемпір қасына алып қала береді. Ойын барлық балаларды түгел ұстап болғанша қайта жалғаса береді.

Музыкалық-дидактикалық ойын.

Ойын мақсаты.

1. Ұрмалы немесе ішекті аспаптарды (дабыл, асатаяқ, тұяқтас, қоңырау, домбыра, қобыз, жетіген т.б.) дыбыс ерекшеліктері арқылы айыра білуге дағдыландыру.

Ойын барысында балалардың белсенділігін, қызығушылығын жоғалтып алмау мақсатымен, аспаптарды шешімін дұрыс тапқанша көрсетпеген жөн.

2. Күйді тыңдатып, одан алған әсерін сұрау немесе күйді тыңдата отырып, оларға күйден алған әсерін, көңіл-күйін, ой сезімі мен толғанысын суретке салдыру керек.

3. Ою-өрнектердің түрлерін көрнекі құралдар пайдалану арқылы таптыру. Көрнекі құралдарға-үй жиһаздарынан: түскиіз, қоржын, киіз әр түрлі иллюстрацияларды пайдалануға болады.

Музыка сабағында әрбір оқушының жеке тұлғалық (психологиялық, мінез-құлық, қабілет, мүмкіндік т.б.) ерекшеліктерін ескере отырып, белгілі музыкалық-дидактикалық ойындар қатарын таңдап алған жөн. Бұл ойындар баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында негіз болатын оның өзін-өзі сезінуі, психикалық процестерінің дамуына бағытталып, сабақ үстінде, сергіту сәттерінде және сабақтан тыс кездерде жүргізілді.

Мысалы, жүйелі жүргізілген ойындар кезінде төмендегідей ойындар жүргізілді.
         Эмоцияны дамыту, қарым-қатынас, эмоционалдық дискомфорт жағдайын жақсартуға бағытталған ойындардан «Әуенді тап!», “Шатасқан ноталар”, “Кім немесе не үні екенін тап”, “Әуенге қозғалыс ойла да, сыйла”, «Музыка арқылы менің эмоцияларым”, “Көңіл-күйді көрсет”, “Әнді тап”, “Музыкалы-мимикалық гимнастика” т.б.

Жеке тұлғаның адекватты өзін-өзі бағалауды дамытуға бағытталған ойындардан «Сақина», “Үндемес”, “Отырып-отырып жалықтым”, “Ертегі құрастырамыз”, “Ақындар бізде қонақта”, “Судан балық аулайық”, “Би”, “Алма теру”, “Сазгерлер” т.б .

Қабылдауды дамытуға арналған ойындардан «Әуенге не жетіспейді?», «Не бейнеленгенін анықта?», «Аспаптарды боя», «Шығарма әуенін сызықтар арқылы беру» т.б.

Есті дамытуға арналған ойындардан «Тыңда да таны», «Әуенді есте сақта» т.б.

Ойлауды дамытуға арналған ойындардан «Төртіншісі артық», «Музыканы салыстыр», «Әуенді аяқтау», «Артық нотаны тап», «Әуен құра» т.б.

Зейінді дамытуға арналған ойындардан «Не өзгерді?», «Айырмашылығын тап», «Алақан шапалақтау», «Рұқсат етілмейтін қимыл», «Ұшты-ұшты» және тағы да басқа көптеген ойындар өткізілді.

Ойындық өзара әрекет-бұл өмірдің имитациясы емес, бұл баланың қоғамда өз қабілеттерін, мүмкіндіктерін жүзеге асыруына, өзін-өзі бекітуге мүмкіндік беретін ерекше іс-әрекет түрі. Яғни, ойын бала тұлғасының әлеуметтік дамуының негізгі факторы. Музыкалық ойындар оқушының музыкаға деген құлшынысын, қызығушылығын ғана арттырып қоймай, есте сақтау, ойлай білуге, ажырата, салыстыра алуға баулиды.

Қорыта келе, бүгінгі таңда дидактика саласындағы негізгі мәселелердің бірі-білім берудегі ойындар технологиясы болып отыр. Ойын өмірде өте ерте жастан өзінен өзі бастала отырып, адамның кәсіпті толық меңгермегенінше жалғасады және ойын оқытуда алдыңғы технологиялардың маңызды бөлігі болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Айтбаева А.Б. Білім берудегі жаңа технологиялар. Алматы: "Қазақ   университеті" 2011.

2.Бөрібекова Ф.Б., Жанатбекова Н.Ж. Қазіргі заманғы педагогикалық          технологиялар. Алматы.2014

3.М.Балтабаев, Б.Өтемұратова «Елім-ай».-Алматы: «Атамекен» 1993.