УДК  37. 012

 Бегалова М.С., Саукимбаева Н.К.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

Амангелді аудандық саз мектебі

 ОҚУШЫЛАРҒА МУЗЫКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДЕГІ МУЗЫКА ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ МЕН ҚОЛДАНУ ЖОЛДАРЫ

 

 Оқушылармен музыкалық – эстетикалық тәрбиені іске асыруда сабақта болсын, сыныптан тыс жұмыста болсын, ең қолайлысы – музыка туралы әңгіме өткізу. Тікелей орындау немесе таспаға (медео, видео) жазылған шығармаларды тындау арқылы әңгіме өткізу балаларға үлкен әсер қалдырады. Кейбір жағдайда өткізілетін әңгіме сол тыңдалған шығармадан алған әсері жайлы пікір алысу ретінде өтеді.

Оқушылардың әңгімеге белсене араласуы әр баланың өзіндік ой түйіндеуіне, музыкалық шығарманы түсініп қабылдай білуге баулып, оның эстетикалық талғамын айқындай түседі. Балалар өз әріптестерін тыңдап, олардың жетістіктерін бағалай білгені дұрыс. Мұғалім музыка туралы әңгіме өткізе отырып, оқушылардың жауаптарына, ойларына қарай түрлі сұрақтар қою арқылы пікір таласын тудырып отырса, ол тіпті дұрыс болар еді. Арнайы музыка туралы әңгіме өзінің мазмұны, құрылымы жағынан мектептегі музыка сабағынан ерекше. Жүргізуші әңгіме арасында тек қана белгілі бір музыка туралы айтып қоймай, соған байланысты ақын – жазушылардың кітаптарынан, музыка туралы жазылған көркем әдебиеттерден үзінді оқып, иллюстрациялар көрсетуі оқушылар қызығушылын тудырады. Әңгіме өткізудің бұл әдісі оқушылардың эстетикалық көзқарасын жан-жақты қалыптасуына көмектеседі.

Музыкалық әңгіме өткізу сценариін жасау барысында тікелей эстетикалық тәрбие берумен қоса, моральдық, адамгершілік тәрбие, балалардың дүние тану мүмкіндігі де ескеріп отыру керек. Сол себепті де, музыка туралы әңгіменің мазмұны түрліше болады:

1. Белгілі бір тақырыпқа құрылған әңгіме.

2. Музыкалық шығарма туралы әңгіме.

3. Әр түрлі музыкалық аспаптар төңірегіндегі әңгіме.

4. Музыкалық жанрдың белгілі бір түрі.

5. Композитор және оның шығармашылығы туралы, т.б.

Әңгіме оқушы назарына ұсынылмас бұрын оның балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігі, көркемдік сапалылығы, балалардың қабылдануына, оны орындауына, күрделігіне көңіл аударылады. Күрделі шығармаларды орындауға музыка мектебінің жоғары сынып оқушыларын шақыруға болады. Операдан немесе оркестрлік шығармалардан үзінділер тындау үшін жазбаларды пайдаланған жөн. Музыкалық әңгімеге балалардың қатысуы оларға үлкен сенім артады. Міне осылай, жүйелі түрде жүргізілген жұмыстар оқушылардың құстың үнін, судың сылдырын, жапырақтың сыбдырын, табиғатты немқұрайды қабылдамай, әсемдік әлемінің бір бөлшегі ретінде түсініп, сапалы түрде санасына сіңіріп, музыкалық-эстетикалық талғамының өсуіне ықпалын тигізеді. Сонда ғана мектептегі музыка сабағының, сыныптан тыс жүргізілетін түрлі үйірме жұмыстарының маңызы арта түспек. Аталған  жұмыстардың нәтижесі музыка пәні мұғалімінің біліміне байланысты екендігі сөзсіз[1, 50б.].

Барлық музыкалық білімдердің жиынтығы арқылы болашақ музыка пәнінің ұстазы музыка теориясы мен сальфеджио, жеке аспапта ойнау, әншілік шеберлік, дирижерлеу сабақтарынан алған білімдерін мектептерде сабақ беру кезінде қалай жүзеге асыру керектігі үйренеді.

 Әр сыныпта музыка тындау, ән айту, музыка сауатын меңгеру, шығармашылық қабілеттерін дамыту жұмыстары бойынша музыкалық материалдарды игеру барысында әр бөлімге сәйкес әндер жинағын, сазгерлер туралы мағлұматтар, олардың портреттерін көрсету, тындатылатын музыкалық шығармаға сәйкес иллюстрациялық көрнекіліктер, шығармашылық қабілетті дамытатын тапсырмалар түрлерін, ребустар, сөз жұмбақтар, дидактикалық көрнекіліктер; халық педагогикасының әдістері – мақал-мәтел, жұмбақ, музыкалық ойындар, т.б. көптеген құнды да қажетті материалдарды осы музыка пәнінде жинақтап, өздерінің әр сабақтарына керекті қорларын молайтады. Осы білімдерін мектептегі музыка сабақтарында жүзеге асыруға үйрету мақсатында,  байқау сабақтарын беру машығына шығады.

  Еліміз егемендік алып, қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде білім беру саласына да түбегейлі өзгерістер мен жаңалықтар енгізіліп, - оқыту мүмкіндіктері туды. Қазақстан Республикасы Конститутциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы – осының айғағы.

 Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі мүғалімнің шығармашылығын және кәсіби біліктілігін арттыру максатында диагностикалау және зерттеу әдістерінің берері мол. Жаңа материалды мұғалім тарапынан меңгерген оқушы, өз бетінше іс-әрекет жасап, оны өткен сабақпен салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын дәлелдеп айта бастайды. Өзіндік мысалмен дәлелдеп анықтаманың бекуіне ықпал жасайды. Кітап көлемінде қалып қоймай өз пайымдауы бойынша теория мен тәжірибені байланыстыра бастайды. Өзіндік іс-әрекет қалай болса солай емес, ойлаған түрде материалдың мазмұнына сай болуына қарастырылады.

 Мектепте тіл ұзартуға, сөйлеу мәдениетіне көмекші құралдар ретінде мақал-мәтелдердің алатын орны бар. Мақал-мәтелдердің ерекше қасиеті – көлемінің шағындығы, мазмұнының кеңдігі, тілінің өткірлігі, мағынасының тереңдігі. Мақал-мәтелдер қай халықтың да жан-дүниесінің, мінез-бітімінің, тыныс-тірлігінің айнасы; ол сол халықтың  сөздік қорының байлығын танытып қана қоймайды, оның уақыт озған  сайын  құны  артпаса, арзымас  қазына  екенін де сездіретін шынайы белгісі. Өйткені қазақтың мақал-мәтелдерінің айтары – өсиет, ұлағат, тәлім, парасат, ізгілік. Мақал-мәтелдер -  халық мұрасы.

Балалар бақшасында тіл үстарту, тіл ширату сабақтарында балдырғандарға мақал, мәтел туралы түсінік беріліп, оларды қолданудың қажеттілігі туралы айтылады. Мысалы: «Әке—тірегің, ана—жүрегің» деген мақалдың мәні, мазмұны ондағы жеке сөздердің мағынасы туралы сұрақ-жауап тәсілін қолданып, тәрбиеші балдырғандардың түсінігін байқап, үғымын байытады. Осы мақалдың мән-мағынасын терең ұғындыра түседі, балдырғандарға ана, әке туралы тақпақтарды жаттатып, айтқызады.

Мектепте ауыз әдебиеті туралы бағдарламалық материалдарды оқыту оқушылардың мақал-мәтел жинап, окулық пен хрестоматиядағы материалдарды толықтыра түсуіне басшылық етеді. Әдебиет бөлмесінің жарнамаларына «Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы», «Білімдіден шыққан сөз — талаптыға болсын кез», «Өнерлі өрге шығар» сияқты мақал-мәтелдер жазылып, ілінеді. Бірінші сыныптан бастап мақал – мәтелдер бірте –бірте үйретіліп, оқушылардың тілі мен ойын дамытудың негізгі бір тәсілі –мақал – мәтелдерді жаттату, мақал-мәтелдерді ел аузынан жинау, оларды түрлі сынып сағаттары мен кештерде, өнер жарыстарында, баспасөзде, радиода қолдана білуге оқушыны бейімдеу мұғалімдердің, әсіресе әдебиет пәні оқытушысының міндеті болып табылады [2].

Мысалы, «Достық» тақырыбына өтілетін сынып сағатында, әдеби кеште, пікіржарыста, «достық туралы мақал-мәтелдерді кім көп біледі?» деген сұраққа жауап ретінде жазуша жарыс ұйымдастыруға болады. «Досыңа достық — қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол» (Абай) деген мақалдың айналасында да пікірталас өткізуге болады.

Жыраулар мен ақындардың, ұлы данышпандар мен батыр ел басшыларының шығарған мақал-мәтелдері жөнінде сынып сағаттарын, пәндік кештерді, мерей тойға арналған әдеби-монтаждарды ұйымдастыруға болады. Мысалы: Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған кеш өткізу кезінде «Абайдың мақал-мәтелге айналған сөздері» деген тақырыпта оқушылар: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан», «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Заман ақыр жастары, бірікпес ешбір бастары», «Сенсең сен еңбегің мен біліміңе, сол сені алып шығар екі жақтан», т.б. тіркестерді тауып жазады да, ол сөздер қандай өлендерден алынғанын айтады. Мұны «ой тапқыштар» жарысы ретінде де өткізіп, озып шыққан оқушыларды мадақтай білу жөн.

Қазақ халқының өз мақал-мәтелдері том-том болып жиналады, оның үстіне басқа халықтардың тілінен аударылған мақал-мәтелдер де мол. Дегенмен, дүние жүзі халықтарының мақал-мәтелдері бірін-бірі тікелей қайталамаса да, біріне-бірі, көбінесе ұқсас болып келеді. Осыған қарап мақал-мәтелдерді ұлтаралық, жалпы адамзаттық әдеби мұра деуге де болар еді.

Қазақ педагогы М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты еңбегінде   балаларда сұлулық сезімдерді қалыптастыру жөнінде былай жазады: «баланың маңайында сөйленетін сөздер әдепті, сұлу болуға тиісті. Баланы сұлу  искусствомен терең таныстыру  керек. Бала  неше түрлі сұлу үндерді естісін, неше түрлі сұлу түрлерді, түстерді көрсін, сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Түрлі музыка құралдарының үндерін тыңдасын, сурет салып үйренсін. Ән салып  үйренсін. Ән салып, музыка құралдарында ойнап үйренсін. Міне, осыларды істесе, баланың сұлулық сезімдері өркендейді» [3,34б.].

Оқу мен тәрбиені жүйелі түрде бірыңғай ұштастырып, дәстүрден тыс формалар арқылы  оқушының  өз  ойын  дамыта  отырып,  оның  рухани  адамгершілік сезімінің жетілуіне қызмет ету әр мұғалімнің парызы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1        Кабалевский Д.М. Прекрасное пробуждает доброе.- М., 1973.

2        Ділібаев Ә. Ауыз әдебиеті үлгілері мен зерттеу мақалалар. – А., 

ТОО«Айкос», 1999.

3     Жұмабаев М.  Педагогика. – А., Ана тілі, 1992.