Дущанова Ақманар Ұзақбайқызы,

ҚР, БҚО, Орал қаласы, №14ЖОББМ-тің

музыка пәні мұғалімі

 

Музыка сабағын жаңаша оқыту – заманның талабы

Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқу мен ізденісті тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады.

  К.Д.Ушинский

           Оқыту мен оқу, үйрету мен үйрену үнемі бір-бірімен астасып жатады десек, шәкірттеріміздің бойында қандай қасиеттер мен қабілеттерді, ой-пікірлерді дамытуымыз керек деген сұрақ туындайды.

Ал, осыны жүзеге асыру үшін нені біліп, нені пайдалануымыз керек? Осы бағытта   баланы  өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен ізденіп білім алуға үйрету — ең тиімді жол деп ойлаймыз.

           Елдің ертеңі-білімді ұрпақ қолында. Егемен еліміздің болашақта өркениетті мемлекеттер қатарына қосылып, тәуелсіздігіміздің көк байрағын биік ұстауы қазіргі мектеп партасында білім алып отырған жас ұрпақтың білімі мен ақыл-парасатына, іскерлігі және жауапкершілігіне байланысты. 2030 жылдарға қарай Қазақстанды өзге дамушы мемлекеттерге үлгі болатын дәрежеге жеткізетін зерделі ұрпақ қазір мектепте отыр. Сондықтан да әрбір баланың алаңсыз оқуына, әлемдік деңгейде білім алуына жағдай жасау –қазіргі заман мұғалімінің абыройлы міндеті десек, сол мұғалімдер қауымы, біздерміз.

            Мұғалім мамандығы ең бір тоқтамайтын, іштей қайшылықтар әлемі. Ол ескішілдік пен жаңашылдық, адам қоғамының және ойдың қозғалысы, дәстүрлерді сақтау үрдісі және өзіне тұрақты кешегіні мойындамау тайталастығынан тұрады. Ал қазіргі ақпараттандыру технологиялары ғасырында, уақыт мұғалімдерден өздерінің міндеттерін өзгертуін талап етуде. Бұрын мұғалімнің негізгі функциясы тәжірибені трансляциялау болса, қазіргі заманауи мектепте мұғалімнен міндеттерді жобалау және әрбір оқушыны жеке және зияткерлік мүмкіншілігі бойынша дамуын басқаруды талап етуде. Осы мақсатта оқытудың әр түрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Заман талабына сай сабақ беру әдіс-тәсілдері де жаңарып, жаңаша технологиялар мен модульдер анықталуда. Барлық модульдің көздеген мақсаты - оқушыларды өзін-өзі реттеп, бағалап, бақылауға, ойларын ашық айтып, өздері шешім қабылдап, бір-бірімен пікір таластыруға үйрету болып табылуда. Осы бағытта біз де өз тәжірибемізбен бөлісіп, музыка пәнінен сабақ үлгісін ұсынуды жөн көрдік.

Сабақтың тақырыбы: «Халқы ардақтаған екі алып – Жамбыл мен Дина»

Сабақтың мақсаты: Білімділік: Халқы ардақтаған екі алып – Жамбыл мен Динаның өмірбаяны жайлы әңгімелеу;       
Дамытушылық: Күй тыңдату арқылы оқушылардың есте сақтау қабілеттерін дамыту, күй өнеріне деген ынта ықыласын арттыру;

Тәрбиелік: Өз халқының  музыкалық мәдениетін дамыту,көркемдікке баулу.        
Сабақтың түрі: жаңа сабақ   
Сабақтың әдістері: музыка тыңдату, сергіту, сұрақ- жауап,        
Көрнекілігі: акынның, күйшінің портреттері, домбыра, үнтаспа.
Технология: дамыта оқыту   
Сабақ барысы:   
Ұйымдастыру. Әуенмен амандасу.
Жаңа сабақ
Қызығушылығын ояту. (Сұрақтар арқылы мәлімет алу.)   
- Күйші деген кім, ақын деген кім?

Дина мен Жамбылдың портреттерін көрсету. 
- Кімдердің  суретін көріп тұрсыңдар?   
- Жамбыл Жабаев пен Дина Нұрпейісова.       
- Жамбыл Жабаев кім? Дина Нұрпейісова кім?
Топтастыру.  Дина: Ана, Ардақты әже, Күй анасы.  
Жамбыл: Ақын, Айтыскер   
Ендеше, бүгінгі өтетін тақырыбымыз - «Халқы ардақтаған екі алып – Жамбыл мен Дина» деп аталады     .

            Суреттер сөйлейді. Өмірбаянынан мәлімет беріледі.       
            Жамбыл Жабаев (1846 - 1945жж.) қазіргі Жамбыл облысында, Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы ақпан айында туған. Әкесі Жапа кедей шаруа болған. Жамбыл жоқшылық тұрмыста өседі. Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Ол кездегі оқудың үйрететіні – көбіне діни насихат, ұрып - соғу, дүрелеу болатын. Бірақ молданың мұндай қорлығына шыдай алмай, Жамбыл оқуды тастап кетеді. Жаратылысынан пысық, зерек бала оқып білім алмаса да, жастайынан ән мен өлеңге құмар болады, ақындық өнерді сүйеді, ауызекі естіген өлеңдерін жаттап алып жүреді. Сүйінбай Аронұлы жас ақынның талантын көріп: «... Балам,өз өлеңіңді шығар, бірақ оның жұрт жаттап алатын, ешкім ұмытпайтын өлең болсын, сенің өлеңің жеке адамдардың көңілін көтеріп, солардың сүйініп отыратын өлеңі болмасын, бүкіл халық сүйіп тыңдайтын өлең болсын. Көмекейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шындықты айт, әділдікті жырла, көне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, тың жолға, даңғыл жолға түс, төңірегіңде не болып жатыр, соны аңғар, соны біл», - депті. Қазақтың ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерінен көп үйренген Жамбыл өзінің өлең шығару шеберлігін де, айтыстағы шеберлігін де арттыра түседі. Жамбыл айтыста Сарбас, Досмағамбет, Құлмамбет сияқты бірсыпыра ақындарды жеңген. Айтыс ақыны болып жүріп мысқылшыл уытты өлеңдерді табанда айтып тастауға машықтанады және жырларында өз заманындағы ақындардың көбінен озық екенін танытады. 1946 жылы Жамбылдың туғанына жүз жыл толуын республикамыз үлкен мереке етіп өткізді. Жамбыл шығармаларының академиялық жинағы басылды. Кейінгі жылдарда ақын еңбектері бірнеше рет орыс тілінде басылып шықты. Ғалымдар Жамбыл поэзиясының ерекшеліктерін зерттеп, ғылыми еңбектер жазды. Жамбыл үйі мұражайға айналдырылды. Байтақ Отанымыз бен шетелден келген қонақтар осы мұражайға келіп, ақынның өмірімен танысады, шығармаларын оқиды.
               Дина Нұрпейісова (1861 - 1955 жж.) Дина Нүрпейіс келіні Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданына қарасты, Бекетай құмы деген жерде дүниеге келген. Ол тоғыз жасының өзінде - ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Баламйсан сияқты күйшілердің күйлерін нақышына келтіре орындап «Домбырашы қыз» атанған. Әйгілі Құрманғазы Динаны өзі іздеп келіп, батасын берген. Дина тоғыз жасынан, он тоғыз жасына дейін қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Сол Дина 90 - жасында Құрманғазының күйін шабыттана тартып, дүйім жұртты таң қалдырады. 1937 жылы 75 жасында Дина Алматыға тұңғыш келіп, құдіретті өнерімен бүкіл республикаға ден қойғызады. Ол осы сапарында халық өнерпаздарының Бүкіл Қазақстандық байқауында бірінші орынға ие болады.
1944 жылы 83 - жасында Орта Азия Республикаларының қатысқан жарысында да жеңімпаз атанады. Динаның шығармашылығы жайлы С.Бақбергенов «Қайран шешем» (1963ж) атты роман жазды. Дина қазақтың күйшілік өнеріне өшпес із қалдырған біртуар дарын. Егер оның күйшілік бастау алған тегін іздеу керек болса Дәулеткерей мен Құрманғазыға қарай бұру керек. Екі ұлы күйшіден сусындаған Динаның өзіндік өрнегін тапқан күйші. Дәулеткерей мен Құрманғазының өршіл рухы Динаның қос қанатындай болған. Динаның күйлері: «Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Бозшолақ», «Бұлбұл», «Домалатпай», «Жеңіс», «Жігер», «Кербез», «Қосалқа», «Тойбастар», «Шынар» т. б.
            Сергіту сәті.

Жел улейді у-у
Құйын келіп билейді зу-зу
Қатты, қатты жел соқты гу-гу
Жапырақтар қол соқты ду-ду
              Музыка тыңдату.

- Балалар, қазір біз Дина Нұрпейісованың бір күйін тыңдаймыз.
- Күйден қандай әсер алдыңыз? Көз алдыңызға не елестеді? Күй не туралы?
- Қандай аспаппен орындалып тұр?

              Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйінің тарихымен таныстыру.

“Бұлбұл” – бұл күй жөнінде Дина: “Мен “Бұлбұл” күйін бұлбұлдың үні сияқты дыбыстар мен түрлі дыбыс əуендерін шығарып, домбыраны табиғаттың сүйіктісі – бұлбұл құстай сайрату үшін шығардым”, – деген екен. Күйде құстың сайрауы асқан шеберлікпен суреттелген. Күй речитативті сипаттағы бір əуенді қайталай отырып, қуаныш сезіміне бөлейтін жүрек елжіретерлік, терең эмоциялы мазмұнға толы. Табиғаттың образы – бұлбұлдың əні мен сайрауы көркемдікті молықтыра түседі. “Бұлбұл” аса жарқын реалистік шығарма.

                Бекіту. Ойындар.

                1.«Біріктір»
Екі қатардағы сөздерді біріктіру қажет.

Дина                                                               Динаның күйі

Бұлбұл                                                           әйгілі күйші -композитор

Жамбыл                                                         Динаның ұстазы

Құрманғазы                                                  халық ақыны
               2.«Толықтыр»

Халқы ардақтаған екі алып – ....

Сүйінбай Аронұлы жас ақын Жамбылға:  «... ...  ...  .... » деді.

Әйгілі ... Динаны өзі іздеп келіп, батасын берді.

Бұлбұл күйінде    ...     аса шеберлікпен суреттелген .

Динаның шығармашылығы жайлы С. Бақбергенов «...   ....» атты роман жазды.

Қолданылатын сөздер: Шындықты айт, әділдікті жырла;  Қайран шешем, Жамбыл мен Дина, құстың сайрауы, Құрманғазы.

             Үйге тапсырма. Тақырыпты оқып келу, Жамбыл мен Дина жайында қосымша мәліметтер жинақтау.
             Қорытынды.
             Бағалау.
Кері қайту

             Бүгінгі оқыту оқушы қабілеті, оны жан-жақты дамыту, даму әрекеттерін ұйымдастырудың қажеттігін дәлелдеп отыр. Біздің әрекетіміз –баланың сабақ үстіндегі әрекетін ұйымдастыра отырып, әрекет нәтижесін байқау, қабілетімен еркін атқара алатын ісі, соның нәтижесіндегі тұжырымына қол жеткізу болып табылады.