Куненова П.С., Мағзұмова Р

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ. ӨМІРІМ – ӨНЕРІМ!

 

«Өнерім – өмірім. Өмірім – өнерім!». Әрбір жастың өнер әлеміне деген іңкәрлігі мектеп жасынан түрлі өнер үйірмелеріне қатысып, ән айтып, мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүріп оянады. Өнер әлемі қызықтырып, сахна өмірі ынтықтырып, сәби жүрекке театр атты жұмбағы мол сиқырлы патшалық сағымтаудан қол бұлғағандай болып, арманы алға жетелейді. Табиғи дарындылықтың өзі ұстаздың алдын көрмесе көркемдік қуатын жоғалтып алатындығы мәлім. Оқуға түсуге келгенде жас та болса талабы зор өренді сахна өнеріне баулып, талантын қырлау. Терең судың пайдасы мен бірге залалы да бар. Одан сақтану үшін шәкірттерді терең жүзе білуге үйрету керек. Бұл жолда, әсіресе, жас мамандарға артылар жүктің салмағы басым. Жас мамндарда өзін-өзі тәрбиелеуге, бейімділіктерін дамытуға үйретіп, рухани адамгершілікке тәрбиелеу маңызды. Жаңа технологияны үйренуге, меңгеруге  баулу қажет. Осы арқылы жас мамандардың мотивациясын арттыру керек. Дәл осы мақсатта кафедрада ғылыми- шығармашылық апталықтары өткізіліп тұрады. Кафедраның қоғамдық өміріндегі алатын орны мен атқаратын ролі, болашақ жас мамандардың ауызбіршілігін тудырып, көппен жұмыс істей білудің маңыздылығын айқындайтын үрдіс болды. Жас мамандарды іскерлік қарым-қатынас ерекшеліктерімен таныстырып, жаңа технологияның оңтайлы әдістерін қолдана білуге үйретуді мақсат еткен іс-шаралар барысында жас мамандар өз іс әрекет нәтижесін жобалай білу тәсілдерін меңгереді. «Адамның өз бойындағы талантты ашуға ең алдымен көп ізденуі, көп оқуы, білімді болуы және уақытты нәтижелі пайдалана білуі көмектеседі. Талантты ашудың бірден – бір жолы – білімділік, ізденімпаздық. Үнемі ақпараттараға шолу жасау, өзара шығармашылық – тәжірибелік сабақтарға қатысу да өз жемісін береді. Осындай іс-шаралар арқылы студенттердің жаңаша ойлау қабілеті қалыптасады, зерттеумен, ізденумен айналысады, іс-әрекет нәтижесін жобалай білу қалыптасады. Шығармашылық сабақтарда мезансценаның өзі берілген рольге толығымен енуге үлкен әсер етеді. Әр болашақ  актердың «жүрек көзі» болуы керек. Өзіне ұсынылған рольді нәтижелі етіп алып шығуына ол зор көмек береді. Ойналған бір рөл бастан аяқ мінсіз шығуы мүмкін емес. Сондықтан да, кез келген образды даярлауда Станиславский жасап кеткен «өз-өзіңмен жұмыс» және «рөлмен жұмыс» жасау өте маңызды. Өз-өзіңмен жұмыс жасауға дене бітімінің өз формасын жоғалтып алмауы мақсатында, күнделікті жаттығуларды үздіксіз қадалау кіреді. «Рөлмен жұмыс» жасау, образыңды толығымен танып- түсінуге деген ізденіс десе де болады.  «Жүрекпен ойналған бейне жүректерге жетеді» деудің астында, сол бейнені жүрекке жеткізетін ұлы күш – «ақылды» ұмытып кетіп жатамыз. Демек, «жүрек көзі» дегеніміз Ақыл. Ой. Парасат. Санада сараланбаған образ, жүректе тербелмеген бейне көпшіліктің көңіліне жетпейді. Не ойнап тұрғаныңды өзің де жөнді білмеген соң, оны көрерменннің түсіне қоюы нейғабіл.Көрермен көңіліне аяушылық сезімін бірден оятатын қасиетке толы образ. Көңіл сүсініп, көз тоярлық бейнесі бар сырбаз сахнагер қай рөлді болмасын, санасымен саралап, ақылға салып, оны өміршең бір бөлігі етіп, сахнаға шығарады. Болашақ  актер шыққан бетінен бастап, шымылдық жабылғанша сахнаны өмірдің бір бөлшегіндей етіп қабылдау керек.  Режиссерлық жұмыс барысында бірсарындылыққа ұрынбас үшін, қиял көкжиегін кеңейту негізінде студент – актерларге көп еркіндік беру. Іздену нәтижесінен туындаған сахнагерлердің төл тапқырлықтарын көрермен талқысына салуларына мол мүмкіндік бергеннен ұтпаса, ұтылмайтынымыз ақиқат. Театр өнері көрерменнің өзгелерге деген, басқа халықтар өмірі мен қоғам тіршілігіне деген ынта – ықыласын арттырумен қатар, достық сезімін де күшейте түсуге игі әсер етеді.Театрдағы ең басты тұлға ұлы мәртебелі актер. Драматург, режиссер өз ой, идеясын сахнаға актерсіз шығара алмайды. Актерлық өнер білектің емес жүректің ісі. Актерлардың сахнада ойын көрсетуінің басты ерекшелігі оның жүрек қағысына байланысты. Ол жүрек бүгінгі қағысын ертең қайталай алмайды. Міне сондықтанда театр өнері жанды тірі организм. Режиссер – сахнада драмалық туынды мен көркемдік элементтерді біріктіріп, үйлестіріп, қоғамдық – әлеуметтік немесе моральдық – психологиялық мәселелер төңірегінде ой тастайтын басты тұлға. Мұсылмандар немесе христиандар әрдайым құлшылық ету жағдайында болады, яғни ол дегеніміз – жан, тән тазалығы. Актер мен режиссер де осы күйде, репетицияларға намаз алдындағыдай таза болуы керек. Жаныңның  тазалығын қадағаламасаң шығармашылық жолыңда ешқандай нәтиже шығара алмайсың, ал театрға қасиетті орынға келгендей таза болып келсең, спектакль өз – өзімен жүре бастайды деп режиссер таза өнердің құпияларын үйретуі тиіс. Ал, сахна – киелі орын. Онда нағыз өмір өтіп жатады. Өнерге айналған өмірді сахнадан көру арқылы адам болмысы да жетіледі. Жетіле түседі. Жамандауға баспауға дағдыланырады. Бос белбеу болмауға талпындырады. Ұлтыңның жоғын іздеуге талпындырады.

 

Әдебиет:

1.     Республикалық театр-танымдық әдеби көркем журнал №7. 6-9 бет.

2.     Республикалық театр танымдық әдеби көркем журнал. №5, 48-49 бет, 

3.     Әубәкір Рахимов «Режиссер шеберлігі. Пьесадан қойылымға дейін» Алматы тарих тағылымы, 2010 жыл. 38 - 46 бет