Педагогика/Методические основы воспитательного про­цесса

Юсупова Айтуйгын Кабылбаевна

Жаңақорған аудандық білім бөлімінің кітапхана жөніндегі әдіскері,

Жаңақорған кенті, Қызылорда облысы, Қазақстан

 

Кітап – білім нәрі

 

Халық даналығында «Кітап - білім бұлағы» деген сөз бар. Кітап адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» - деген Ғ.Мүсірепов.

Кітапсыз өмір сүру мүмкін емес, өйткені кітап қана мәнді білім береді, адамды терең ойлауға жетелейді. Әр адам кітапқа үңілген сайын ой-өрісі кеңейіп, әлемнің жаңа қырлары мен тылсым күштерін үйрене түседі.

Кітапты оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, оқыған әсерлеріңді алып, қанағаттана отырып өз қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білімі мен іскерлігін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі. Осы адам бойындағы асыл қазыналарымыз қазіргі заманда төмендеп отыр. «Кітап маған тақтан да қымбат», - деп атап көрсеткен Шекспир бір еңбегінде.

Кітапсыз өмір сүру өз өміріңді, болашағыңды елестету мүмкін емес. Өйткені кітап қана адамның ақыл-ойының асқақтығымен бүкіл ғұмырына бақытты етіп жол ашады.

Заманауи техниканың жедел дамуына байланысты компьютер адам денсаулығына, әсіресе көзге өте зиян екенін білсек те, болашақ адамның өз қолында екенін кітапхананың маңызының бар екенін дәлелдеуіміз керек.

Қазіргі таңда жастарымыздың бойынан кітап оқуға деген құлшынысын байқау қиынға соғып отыр. Өйткені күнделікті күйбең тіршіліктен болар ата-ана да, оқушы да бәрі кітап оқу, кітапхананың қадіріне жете алмай түсіріп жүрген жайымыз бар. Қазіргі оқушылар кітап оқып, өз ойларын қорытудың орнына теледидар мен компьютерден дайын өнімдерді алуға барынша асығады. Осының барлығы оқушылардың кітап оқуына үлкен кедергі келтіреді.

Осындай кедергілердің алдын алуға ата-ана мен ұстаздардың, тәрбиешілердің ықпалы зор. Ол үшін оқушының теледидар мен компьютерге шектеу қойып, белгілі уақытын кітап оқуына арнайы көңіл бөлуімен бірге қадағалап отыруы керек. Қоғамымыздың рухани әлемін жұтаңдатып әкетіп бара жатқан осы мәселеге ден қоюымыз да тегін емес. Қазіргі өзекжарды мақсатымыз – кітап неге оқылмайды деген сауалдың жауабын жан-жақты іздеу.

Ғылым мен техниканың жоғары дамыған ХХІ ғасырда да бәрінің бастау алар қайнар көзі – кітап. Әрбір кітап өзінше бір құпияға толы дүние. Ол әрбір жеке тұлғаның ой өрісін дамытып, рухани қазынасына айналды. Осы қасиетті қазынамыз кітаптарды көзіміздің қарашығындай сақтайтын, оқырманды кітап мұхитына жетелейтін мәдени ошақтардың бірі кітапхана.

Ұстаздардың ұстазы Ы.Алтынсарин атамыз: «Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар» - деп алдағыны көрегендікпен болжаған. Мұндағы «шамы» - терең білім мен ғылымды жастарымыздың бойына уақыттан ұтылмай сіңірсе дегенге меңзейді.

Ұстаздар оқырмандарды қызықтыру үшін жыл сайынғы өтетін «Кітап білім бұлағы» деген тақырыпта 2 сәуір «Халықаралық балалар кітаптарының» және 23 сәуір «Дүниежүзілік кітап» және авторлық құқық күніне орай түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлайды.

 Шынымен де өзін дамытып, терең білім аламын деген адам білімнің бастауын кітаптан іздейді. Кітап адамға жақын дос, ақылшың әрі қамқоршың ретінде өзін-өзі тәрбиелеуде басты құрал бола алады.

Кітап-біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Кітапсыз өмір тұл. Кітап жүректі үлкейтетін, жанды тазартатын, сананы көркейтіп, адамның рухани шөлін қандырар қайнар көзі. Ақынды ақын еткен де, жаманды жақсы еткен де кітап. Ал кітапхана – оқырмандар мен кітап арасын жалғап тұратын көпір іспеттес.

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен құндылықтарымызды жоғалтпайық ағайын.

Кітапқа деген оқушының қызығушылығын арттыру үшін жасалынып жатқан түрлі іс-шараларға бәріміз атсалысайық демекшіміз.

Мектеп оқушыларының күнделікті күн тәртібіндегі өмірінің дағдысына айналса игі болар еді.

Қорыта айтқанда, болашақ жастарымыздың ой-өрісін, сана-сезімін дамытып, оларға заман талабына сай тәлім-тәрбие беруге бағытталған кітаптарды оқуда білім нәрімен сусындаудың маңызы зор. Рухани бай тарихын, ата бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын тануда кітаптың берер көмегі ұшан теңіз.

 

Әдебиеттер

1.Кәрішалова К. Кітапхана жаңа ғасыр мәдениетінде // Саясат. -№3. – 2006. -28-29 бб.

2.Дүтбаева Н. Кітап неге оқылмайды: себеп пен салдар // Қазақ әдебиеті. -2009, - 30 қаңтар. -1-3 бб.