ОҚУШЫЛАРДЫ ОҚУ ДАҒДЫЛАРЫНА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
НЕГІЗІ
Толеугалиева Баглан Бектуровна
Педагогика, психология пән
оқытушысы
Қазақстан Республикасы, Ақтау қаласы
Оқудың
тәрбиелік және білім беретін маңызы өте зор. Оқу
– дүние тану құралының бірі. Оқу балалардың
сезімі мен еркін тәрбиелейді. Ол оқушының логикалық
ойлауы мен тілін дамытады. Оқу баланы халық ойы, халық
тілегі, халық рухымен таныстырады.
Балалар
дұрыс түсініп, мәнерлеп шапшаң оқуға
дағдылана түскен сайын, оқудың маңызы да арта
түседі. Сондықтан оқуға үйрету процесі бір
жағынан, білім мен тәрбие беруге, екінші жағынан, балаларды
оқуға машықтандыруға бағытталған
күрделі процесс болып саналады.
Оқу-жазуға
үйретудің алғашқы кездерінен бастап-ақ балалар
түсініп оқитын болуы керек. Түсініп оқу дегеніміз –
баланың оқыған әрбір сөзді нақты затпен
байланыстыра алуы, оқығанына мағына бере білуі,
оқыған сөздерінің бір-бірімен байланысын және
өзара қатынасын түсіне білуі болады; сондай-ақ
көркем шығармаларды оқығанда, олардан әсер ала
білулері болады.
Түсініп
оқу оның идеялық бағытымен тығыз байланысты
болады. Оқуға үйрету процесінде балаларда бірте-бірте
оқығанының мазмұнына дұрыс түсінушілік
пайда болады; оқылып отырған шығарманың шын
мәнісін мұғалім ашып беріп отырады.
Түсініп
оқуды жүзеге асыру үшін, алғшқы кезде балалар
жеңіл және өздері түсінетін мәтіндерді
оқиды. Мұндай мәтіндердегі сөздер балаларға таныс
заттардың, қимыл-әрекеттің аттары болуы керек, ал
сөйлем құрылысы жағынан – балалардың әлі
жететін болуы керек.
Тұтас
мәтінді түсініп оқу үшін оның ішіндегі
әрбір жеке-жеке сөзге түсініп қою жеткіліксіз,
өйткені бала жеке-жеке сөздің мағынасын
түсінгенмен, әңгіменің
желісіне, шығарманың негізгі идеясына түсінбей
қалуы мүмкін. Түсініп оқу дегеніміз - әрбір
сөздің, әрбір сөйлемнің мағынасын
түсінумен қатар, сөздердің, сөйлемдердің
бір-бірімен байланысына, тұтас шығарманың негізгі
мақсатына түсіну деген сөз.
Оқушыны
түсініп оқуға төселдірудің бір жолы - алдын-ала
дайындық өткізу болады. Мұғалім балаларды
оқылатын шығарманың ішінде кездесетін ұғымдармен
және әңгіменің ішіндегі оқиғаның
жағдайымен алдын-ала таныстырады.
Әсіресе,
таныс емес шет елдер немесе отанымыздың өткендегі өмірі
туралы әңгімелерді оқығанда, алдын-ала
әңгімелесудің маңызы өте зор. Бұндай кезде
әр түрлі көрнекі құралдар көрсетіледі,
көбінесе, мұғалім балаларды қызықтырып
әңгіме айтып береді.
Алдын-ала
әңгімелесу балалардың өздерінің бұрын
көріп-білгендерін еске түсіру мақсатымен жүргізіледі.
Әсіресе жыл мезгілдері туралы оқығанда
мұғалімнің сұрауларына жауап бере отырып, оқушы
табиғат құбылыстарын естеріне түсіреді. Сөйтіп,
оқушылар саналы түрде оқуға дайындалады.
Қандай
болмасын мақаланы оқыған кезде, сол оқылған
мақаланы түсіндіріп отыру керек, бұл – шығарманың
жеке-жеке бөлімдерін бір-бірімен байланыстырып, тұтас
мазмұнын меңгеруге көмек етеді.
Түсініп
оқуды жүзеге асыру үшін шығарманы оқып
шыққаннан кейін де бірсыпыра жұмыс істеу керек болады.
Бұл жұмыс қорыту әңгіме деп аталады. Қорыту
әңгімеден көзделетін мақсат түрліше болады.
Қорыту әңгімеде оқылып талданған шығарма
түгелінен қорытылады, оның ішінде оқиға,
әрекеттерге баға беріледі, шығарманың кейіпкерлеріне
балалардың қалай қарайтындығы анықталады,
оқылған шығарманы қазіргі шындық өмірмен
байланыстырады, яғни шығарманың идеялық мазмұны
айқындалады.
Оқудың
әр түрі бар: дұрыс оқу, шапшаң оқу,
мәнерлеп оқу, іштен оқу.
Дұрыс
оқу түсініп оқу шарттарының бірі болып саналады.
Дұрыс оқудың негіздері алғашқы
оқу-жазуға үйрету процесінде-ақ қалана бастайды.
Балаларды буын жігімен оқуға әбден дағдыландыру, оларды
сөздердің сыртқы кескінін ғана меңгеріп,
мағынасын жаңылыс ұғынуға немесе тіпті
түсінбей оқуға әдеттенуден сақтандырады.
Мұғалім буын жігімен оқудан сөзді тұтас
оқуға тез көшіп кетсе, балалардың оқыған
кезде жаңылысып, қателесе беруінің басты себебі осыдан
болады. Дұрыс оқуға дағдыландыру үшін
мұғалім балалардың оқығанына ықылас
қойып, олардың оқудағы қателерін көрсетіп,
түзетіп отыруы керек. Оқушыларды қателеспей дұрыс
оқуға үйрету үшін, яғни сөздерді
дұрыс оқуы үшін қолданылатын тәсілдердің бірі
- қиын-қиын деген сөздерді алдын-ала балаларға талдатып
оқытып алу тәсілі болады. Мәтіндегі осындай қиын
сөздерді мұғалім күн ілгері тауып алып, әуелі
оқушыларға бұл сөздердің мағынасын
түсіндіреді, кейін осы сөздерді мәтін ішінде оқиды.
Оқыған
кездегі балалардың жіберетін қателерін жөндеу жұмысы
сол қателердің түріне байланысты болады.
Оқығанда
балалар негізінен мынадай екі түрлі қате жіберулері мүмкін.
Сөзді бұзып оқу және оқып отырған
сөзге тілі келмеу. Бала сөзді бұзып оқыған кезде,
оған сол сөзді қайта дұрыстап оқытқызу
керек те, ол сөздің мағынасын түсіндіру керек. Егер
оқушы сөзді соған ұқсас басқа сөзге
айналдырып оқыған болса, бұлай алмастырып оқуға
болмайтындығын, сөздерді алмастырғаннан оқып
отырған сөйлемнің (әңгіменің)
мағынасы өзеріп, бұзылып кететіндігін түсіндіріп,
қатесін өзіне түзеттіру керек.
Балалар
өте жай оқыса, сөз бен сөзді, сөйлем мен
сөйлемді өзара байланыстыра алмай, ақырында,
Мәтіннің тұтас мазмұнына түсінбей қалады.
Оқу-жазуға үйретудің бірінші кезеңінде – балалар
әлі әріптерді нашар айыратын және оларды бір-бірімен
қосып оқуы қиын кезде ғана – жай оқыттыру керек.
Бірақ барған сайын балалардың оқу
шапшаңдығы арта түсіп, бірте-бірте сауатты адамша оқуға
жақындауы керек. Дегенмен балаларды шапшаң оқуға
дағдыландыра отырып, белгілі шамадан тыс кетпеу керек.
«Оқу
шапшаңдығы түсіну шапшаңдығымен қатар дамуы
керек». «... Егер баланың түсінуінен гөрі оқуы
шапшаңдау болса, ол – баланың түсінбей оқығаны.
Баланың түсінуі арта түссе, ол
өзінен-өзі-ақ шапшаң оқи бастайды;
сондықтан оқытудың алғашқы кезінде шапшаң
оқудың қажет жоқ, тіпті ол зиян келтіреді».
Шапшаң
оқу дауыс ырғағын келтіріп оқумен тығыз
байланысты. Дауыс ырғағын келтірмей шапшаң оқитын
болса, керек емес жерге пауза жасап, пауза жасайтын жерді қосып жіберіп,
бала мәтінді өзі де, тыңдаушы да түсінбейтіндей етіп
оқитын болады. Шапшаң оқу үшін тым асығып
оқыған бала дауыс ырғағын келтіріп оқи алмайды.
Шапшаң оқуға машықтандырудың ең сенімді
жолы – мәтінді қайыра-қайыра оқыту; бірақ балалар
мәтіннің мазмұнын ұғынып, оны қайыра
қызығып оқытатын болуы шарт. Бұрын оқыған
мәтінді қайта оқытқызу үшін сол мәтінге
байланысты басқа бір тапсырма берілген болуы керек немесе
балалардың өздері қайта оқуға қалап
алған мәтін болу керек. Бір мәтінді қайта
оқытқанда балалар ол оқуды құр бекер оқу
деп санамай, белгілі бір тапсырмаға қатысы бар оқу деп
қарайтын болулары керек. Және сол тапсырманы істеп шығу
керек.
Шапшаң
оқуға машықтандыру үшін қайыра
оқыттыруға ертегілердің мәтіндері өте
қолайлы, өйткені ертегілерде бір-біріне ұқсас
қайталанып отыратын жерлер көп болады.
Дауыстап
оқудың негізгі сапасының бірі – мәнерлеп оқу
болады. Мәнерлеп оқу – саналы түрде түсініп
оқудың көрінісі. Тек қана жақсы түсінгенді
жақсы айтып, оқып беруге болады.
Мәнерлеп
оқудың белгілері кәдімгідей еркін оқу болады. Мәнерлеп
оқу дегеніміз кәдімгі сөйлегендегідей етіп оқу болады.
Оқып отырған мәтінді анық және дұрыс
түсінгенде ғана мәнерлеп оқуға болады.
Мәнерлеп оқу, бір жағынан, балалардың мәтінді
қаншалықты түсінгенін аңғаруға
мүмкіндік беретін болса, екінші жағынан, ол мәтіннің
мазмұнын жақсырақ меңгеріп алуға бірден-бір
құрал болады. Мәнерлеп оқудың тәрбиелік
үлкен мәні бар. Ол оқушы мен тыңдаушының арасын
байланыстырып, балалардың эмоциялық қабылдауын
күшейтеді. Сонымен қатар, мәнерлеп оқу балалардың
сөйлемдегі дауыс ырғағын дұрыстап отыруға
себепкер болады, әрі балаларды сөз бен сөйлемдерді
дұрыс айтуға үйретеді. Мәнерлеп оқу жұмысы
ең алдымен мәтінді саналы түрде түсініп алу
жұмысынан басталады.
Оқуға
машықтанған сайын, балалар бірте-бірте грамматикалық,
логикалық және психологиялық тыныс жасаудың ережелерін,
логикалық екпін түсіре оқу және дауыс
ырғағына келтіріп оқудың қарапайым ережелерін
меңгере бастайды.
Балаларға,
әсіресе өлеңді оқығанда, дұрыс кідірістер
жасап оқуды үйрету керек. Өлеңнің әрбір
жолы аяқталған ритмикалық тұтас бірлік
болғандықтан, ешбір тыныс белгісі тұрмаса да, мағына
жағынан пауза жасайтын жер болмаса да, әр жолды кідіріп-кідіріп
оқу керек.
Іштен
оқуға машықтандыра түсу үшін үйде іштен
оқуға тапсырма беруді көбірек қолдану керек. Балалар
оқу сабағына дайындалған кезде, мұғалімнің
басшылығымен бірнеше тәсілдерді меңгереді. Мысалы,
оқуға берілген тапсырманы орындап отырған кезде,
мәтіннің кейбір жерлерін оқушылардың іштен де, дауыстап
та бірнеше рет оқып шығулары, өздері сұрақтар
қойып, оларға жауап берулері, мәтіннің ішіндегі
ең негізгісі, ең қызығы қай жері екендігін
ойлаулары, берілген мәтінді қайта-қайта бірнеше рет
оқып шығулары өте пайдалы. Оқушылар мәтінді
сөйлем жігімен, ал қиын деген сөздерді буынға
бөліп оқуға үйренсін.
Мұғалім
тапсырма берген кезде, әрдайым қалай оқу керектігін, дауыстап
па, не іштен бе, көрсетіп беріп отырады.
әдебиеттер
ТІЗІМІ
1.
Р.Сыздықова, Т.Қордабаев. Оқыту методикасының негізгі
мәселелері// Алматы, 1980.
2. Аткинсон Р.
Человеческая память и процесс обучения // Москва, Прогресс, 1980 ж.