Педагогика

Алдабергенова Оразкүл,

Өндірістік оқыту шебері, Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі,

Қызылорда облысы, Қазақстан

 

Өндірістік оқыту шеберінің өндірістік практикасын жетілдірудегі кәсіби біліктілік қалыптастыру жолдары

 

Өндірістік практика кәсіби біліктілікті қалыптастырудың алғашқы бастамасы. Қазіргі білім беру жүйесінде кәсіптік білім беру орындарындағы студенттердің өндірістік практикасына ерекше мән беріліп, бағдарламада мамандандыруға жеткілікті оқу мерзімі берілген. Оның ерекшелігі мынада:

-     бітіруші болашақ кәсібімен өндірістік жағдайда толық танысып, өмірдегі өз орнын анықтап, біле алады;

-     оқу аудиториясында, оқу шеберханаларында алған білім, білік және дағдылық қабілеттерін кеңейтіп, жетілдіре алады;

-     білікті жұмысшылармен бірге іс-әрекет жасап кәсіби қызметке бейімделе алады;

-     тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап, өз бетінше іскерлікпен атқара біледі;

-     студенттерді өндірістік, ауылшаруашылық және қоғамдық еңбек ұжымы өмірімен етене араластырады;

-     жаңа техника мен технологиялық процестерді өндірістік жағдайда игереді.

Өндірістік практиканың жұмыстық бағдарламасы алдын ала оқу орнында директордың өндірістік оқыту жөніндегі орынбасарымен келісіле отырып, базалық кәсіпорын қызметкерлері қатысуымен жасалынады және басшылар қолдауымен бекітіледі. Ол әдістемелік бірлестік комиссиясы отырысында талқыланып, мақұлдануы тиіс. Жұмыстық бағдарламаның мазмұны мынадай пунктерді қамтиды: 

1.     Жалпы жағдайлар: практика өткізу мерзімі, бағдарламадағы бөлінген сағат саны, студенттерге жұмыс тәсілдерін игеруге бөлінген уақыт, еңбек режимі, практиканы ұйымдастыру, қорыту.

2.     Практиканың оқу-тәрбиелік міндеттері.

3.     Негізгі атқаратын жұмыстар мазмұны мен олардың сипаттамасы.

4.     Практика өткізілетін кәсіпорын мен еңбек түрі, жұмыс орнының сипаттамасы, студенттер жұмыс істейтін цех нөмірі не аты, жұмыс істейтін техника мен құрал-жабдықтар, құрылғылар, еңбек өнімділігін арттыратын агрегаттар, механизмдер және бақылау-өлшеу аспаптары, т.б.

5.     Студенттер атқаратын жұмыс, шығарылатын өнім түрі – бағдарламаның негізгі тарауы болуы тиіс.

6.     Жаңа техника мен  технологиялық жабдықтар туралы мәлімет, еңбек өнімділігін арттыруда жаңашыл новатор жұмысшы істерімен танысу, игеру.

7.     Шеберге әдістемелік кеңес: практика жұмыстарын рәсімдеу, сабақ жоспарларындағы үйлесімдік, студенттерге берілген тапсырманы қадағалау, қауіпсіздік ережесін сақтау, т.б.

Студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастырудың маңызды құжаттарының бірі олардың өндірістік цехта болу, қызмет учаскелерін, жұмыс орнын ауыстыру кестелері. Жұмыс кестесі студенттің практикалық жұмыс орындары белгілі болған соң жасалынады. Мұнда негізгі мамандық бойынша қызмет, аралас кәсіп, жаңа техника мен технологиялық процесті игеру қарастырылады. Мұнда студенттер бригадасы құрамында цехта не учаскеде жұмысты өз бетінше атқаруы, оның барлық түрлеріне әрбір студенттің қатысуына мән берілуі тиіс.

Өндірістік практика кезінде жұмыс нәтижесі өндірістік оқыту шеберіне емес, бекітілген білікті жұмысшыға жүктеледі.

Шебердің басшылығымен атқарылатын жұмыстар:

-     студенттерді нұсқаудан өткізу;

-     оқу бағдарламасы талаптарына сай студенттерді жұмыспен (тапсырмамен) қамтамасыз ету;

-     студент орындаған жұмыс қорытындысын көру, оған баға қою;

-     жаңа техника мен технологияларды оқып-үйренуде тапсырма беру және қадағалау;

-     алдыңғы қатарлы іс-тәжірибені, жұмыста атқару технологиясын игеруді ұйымдастыру;

-     тәлімгер-жұмысшылар басшылығын қадағалау;

-     әрбір студенттің жұмыс кестесіне сай цехта, өндірісте ауысып отыруын бақылау;

-     өндірістік оқыту күнделігінің жүргізілуін бақылау;

-     техника қауіпсіздігі шараларын, еңбек қорғауды дұрыс ұйымдастыру, санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын қадағалау;

-     қателіктерді, ақауларды байқау және жою, болдырмау шаралары, бақылау;

-     еңбек ұжымының қоғамдық өміріне араласу.

Қорыта айтқанда, осыларды басшылыққа алған өндірістік оқыту шебері өз ісінде шәкірттерімен бірге кәсіби біліктілікті арттыруда табысқа жетеді.

 

Әдебиеттер

1.Өстеміров К. Кәсіптік оқыту әдістемесі. «РАДиАЛ» баспасы, Алматы, 2006.

2. Скакун В.А. Введение в профессию мастера производственного обучения. Москва, 2003.

3. ҚозыбайА., ЖексенбиеваН., ӨстеміровК. Топ жетекшісі (Өндірістік оқыту шебері). Оқу құралы. «Фолиант» баспасы, Астана-2010.