Сыни  тұрғыдан  ойлауға үйрету арқылы  оқушылардың белсенділігін қалыптастыру жолдары

Шаухаева  Марита  Ерсайынқызы                         

Қызылорда қаласы,  № 175 негізгі мектеп

         Тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлауда бағдарламаның бір модулін ықпалдастыруды  көздедім. Нақтырақ айтқанда,  жеті модульдің ішінен  біреуін негізге ала отырып,таңдаған тақырыбым бойынша зерттеу жасауға тиіс болдым. Таңдаған модулім-сыни тұрғыдан ойлауға үйрету. Сыни тұрғыдан ойлау сұрақ қоюдың, дәлелдеудің басты  дағдыларын және қабілеттерін дамытуды көздейді. Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулінің негізгі идеясы – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға, және синтездеуге бағытталған пәндік шешім болып табылады (МАН, 49-бет). Осы түйінді идеяны мен сабақ үдерісінде  қалай қолдандым? Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін негізге ала отырып, мен 3-ші сыныптың қазақ тілі пәнінен «Сөз  таптары»  тарауы  бойынша  берілген «Сан есім», «Есептік сан есім», «Реттік сан есім», «Реттік сан есімнің жазылуы» деген тақырыптары  аясында  қолдандым.        

Менің алғашқы сабағым  - Сан есім тақырыбы. Сабағымды бастамас бұрын тақырыпты ашуда  оқушыларды жан-жақты ойланту мақсатында сұрақтар қойдым. Сыни тұрғыдан ойлауды дамытуда сұрақтардың маңызы ерекше. Сыныпта осындай әртүрлі сипаттағы сұрақтар қойылу үшін оқушыны оған үйретіп қана қоймай, сонымен бірге сол ортаны жасау қажет. Осы ретте мен төмендегідей стратегияларды басшылыққа алдым:                                                                            1.Жан-жақты жауаптарды талап ететін сұрақтар қою;

2. Ойлануға уақыт  беру;

3.Сіз не қосар едіңіз деген сұрақтар қою;

4.Сұрақты басқа оқушыға бағыттау;    

«Ой қозғау» кезінде оқушылардың білім алу мақсатында сұрақ қою техникаларын пайдаландым.  Сұрақ қоюда кідіріске бұрын мән бермейтінмін. Оның  параметрге  әкеп  соғатынын (Харгривс, Гэлтон) енді

ұққандаймын. Сондықтан ойлануға берілетін уақытқа аса мән беремін. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың

қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Выготскийдің моделі оқушы диалог құру нәтижесінде  білім  алады  деп  жорамалдайды. Барнс (1971)  сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететінін айтады. Диалогты енгізу әдістерін  қолдана отырып, түрткі  сұрақтар, сынақтан өткізу, қайта бағыттау сұрақтарын пайдаландым. Неліктен пайдаландым? 3-ші сыныптың  қазақ  тілі оқулығынан алынған төрт сабағымда  да  «Ой  қозғау», «Миға  шабуыл» кездерінде Мерсердің  айтқан  әңгімесінің  үш  түрі  де  көрініс  тапты. Тақырыптың мазмұнын ашуда және  сұрақ  қою  түрлерін меңгерту мақсатында  қолдандым. Нәтижесінде оқушыларым берілген сұрақ төңірегінде тереңірек, сыни  тұрғыдан ойлана алады, бір-біріне сұрақ қойып үйренеді. Бұл тұрғыда қандай модульдер ықпалдасты? Бұл  тұрғыда оқыту мен оқудағы  жаңа тәсілдер модулі, сыни  тұрғыдан ойлауға үйрету модулі, талантты және дарынды балаларды оқыту модулі, оқушылардың  жас  ерекшеліктеріне  сәйкес оқыту және оқу модульдерінің ықпалдасып  тұрғанын көруге  болады.                                                                                                                  

-Математика пәнімен байланысты қандай сөз табы бар?                                                                                  -Сан есім  нені  білдіреді? 

-Неліктен олай ойлайсың? –Мысалдар  аласың ба?-, дей  отырып, оқушы мен мұғалімнің  арасында диалог жүрді.  Жылы  шырай таныта отырып, бағаладым.  Қалай оқу керектігін үйретуді (Флейвелл, Выготский) жүзеге асыруда  оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді игере отырып, диалог арқылы оқытуды (Мерсер,  Александер) пайдаландым.  Диалог  арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды көздедім.  Балаларды диалог пен дәйектеуге, талқылауға тарту белсенді жүргізілген жағдайда олардың оқуы тиімдірек  және  зияткерлік жетістіктері жоғары болады. Ойларын дәлелдеп беру үшін сыни тұрғыдан ойлана жауап берулерін көздейді. Бірлесіп жұмыс істеу мақсатында топпен жұмыс ұйымдастырдым. Осы сабақтарды  өту барысында оқушыларды цифрлар, тақ және жұп сандар, мозайка арқылы сандарды құрастыру,  жұмбақтың жолдары арқылы топтастырдым. Ондағы мақсатым-оқушылар бірлесе жұмыс жасауда өзгені танып біледі,бір-бірімен жұмыс жасауда  өздерін қаншалықты жайлы сезінетінін аңғаруға мүмкіндік жасау. Топтық жұмыс жеке шешуге болатын тапсырмаларды емес, анағұрлым күрделі тапсырмаларды шешуді көздейді. Тапсырмаларды орындауға белгілі бір уақыт бердім. Ондағы мақсатым – берілген  бір уақыт  ішінде тиісті тапсырманы орындауға дағдыландыру.  Бұл да болса сыни түрде ойланып,  оқушылардың өзін-өзі реттей алуға, дағдылануға  әкеледі. Қандай топпен жұмыс болса да өзін ойлан, жұпта бөліс, топта талқыла дей отырып, ой шақырту стратегиясын қолдандым. Мұндағы мақсатым – итермелеп ояту сатысы бойынша  кез келген оқушыға өзінің алғашқы білетіндеріне  оралып, оның  ішінде  осы түсінік пен сөзге қатысты білетіндерін таңдап алуға мүмкіндік беру. Сол мақсатта әр оқушы өз бетімен ойланып, жазды. Онан  кейін оқушылар бір –бірлеріне бұрылып, жұпта жазғандарымен бөлісті. Топта талдап, ортақ тізім жасады.  Топтық  жұмыстар арқылы  оқушылар  бір-бірімен  ынтымақтастықта  болуды, өзгенің пікірімен санасуды үйренеді.  Осы  тұста  топтық  жұмыста  балаларда  сыни  тұрғыдан  ойлау  арқылы  оқушыларда  сыни ойлаудың  дағдылары  қалыптасады. Бір-бірін  бақылай  алады,  жұмыстарын  талдап,  сол  негізде  қорытынды   шығара  алады. Сол бойынша әр топ кезек- кезек ортаға шығып, жұмыстарын қорғады. Постер қорғаудағы жұмыс, оқушылардың тапқырлығы, олардың сыни тұрғысынан терең ойланып, әрекет еткендігінің дәлелі.                                 Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді. Оқушылар берілген тапсырманы орындауда  сыни  тұрғыдан дәлелдерді талдап бағалай білді. Оқушылар бағалай отырып, дәлелдерді жинастыру арқылы соған сай әр топ өз шешімдерін шығарды. Бұл тұста оқушыларда сыни тұрғыда ойланып, оны қолдану арқылы дағды қалыптасты.Оқушылардың әрқайсысына барлық жұмыспен танысу мүмкіндігін береді, сонымен қатар бұл  топтағы оқушылардың  еңбегіне  сыныптағы әр топтың  сыйластығы және назары. Постер қорғауда жаңа ұғым қалыптасу, мағынаны ашу реті берілді. Өзінің ойымен  жұбымен бөліскенде, идеялар алуға көмектеседі, содан кейін топта талқылады. Бұл іс-әрекеттер оқушылардың сабаққа деген құлшынысын арттырады. Оқушылардың барлығының назары  топтың жұмысына ауды. Қойылған  сұрақтарға  ойланып, өз пікірлерін  білдірді. Қай сабақта болмасын сыни ойлау әдісі тиімді. Мерсер сипаттағандай, оқушылар білімді бірлесіп алуға не пікір алмасу барлығына тең құқылы серіктестер болып табылады. Әр топ өз пікірлерін стикерге жазып, сол жұмысқа жапсырды. Ал, көшбасшы топтағы басқа топ мүшелерін белгіледі.  Оқыту сияқты көшбасшылық та адамның  тұрақты дамуға жетелейтін негізгі қабілеті болып табылады. Көшбасшы бұл ретте айналасындағы оқушыларға әсер ету үшін, көшбасшылық қасиеттерін көрсете білді. Сабақта сыни тұрғыдан ойлау үдерісі жоғары байқалған кезең талдау деңгейіндегі  тапсырма кезіндегі оқушылардың ойлау әрекетінің шарықтауы болды. Бақылау парағын жүргізе алды, бір-біріне  жақсы тілектер  мен  ұсыныстар айтты. Топтық жұмыс кезіндегі берілген тапсырмалар жазу әрекеті назарды аударуға, қызығушылықты қолдауға және түсіну деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.  Жазу оқушының өз ойын сыртқа шығару дағдысын дамытады. Топқа бөлінген оқушылар берілген тапсырмаларды анықтап, дәлелдеп бере алды Әр топ бір-бірін сыни түрде бағалап, өз пікірлерін айта білді. Мен үшін маңыздысы, оқушылардың тапсырманы орындау барысында  сыни тұрғыдан ойланғандары. Топпен жұмыс барысында әр топ өз шешімін қабылдай алды. Әр топ қандай пікірлермен келісетінін, қандай пікірлермен келіспейтінін талқылады және неге келіспейтінін дәлелдеді. Постер қорғауда топ ішіндегі төмен деп алынған оқушыларда шамалы болса да өзгеріс, алға жылжуды байқағандаймын. Топқа жұмысты ұйымдастырып, тапсырманы орындап болғаннан кейін, оны талқылауға уақыт бердім. Мұғалімдер топтың тиімді жұмысына қолдау көрсетіп, оңтайлы нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етулері керек. Топтық жұмыс кезінде оқушылардың жұмысына араласып, бағыт-бағдар  беріп  отырдым. Сол арқылы әр топ өз жұмыстарын әрі қарай дамыта түсті. Оқушылар жұпқа бөлініп талқылауда , өз пікірлерін ортаға сала білді. «Еңбекті  жан тәнімен сүймейінше, ешбір талант  та, ешбір кемеңгер де шықпайды » деп Д.И.Менделеев  айтқандай, топтағы  қабілетті оқушылар басқаларға қарағанда негізгі міндеттерді жұмсауға аз уақыт жұмсады. Бұл әдісте әр бала өз деңгейінде жауап берді. Төртінші сабақта пайдаланылған әдісім кеңейтілген тапсырмалар. Оқушылардың  дарындылық  пен қабілеттіліктерін анықтау мақсатында Фриманның есте сақтау және алған білімін тексеруде кеңейтілген тапсырмаларды алдым. Кеңейтілген тапсырмалардың артықшылығы бүгінгі сабақты балалардың қалай қабылдағанын аңғаруға болады. Кеңейтілген  тапсырмаларды орындауда берілген терминдерді  олардың  анықтамасымен  сәйкестендіру  көзделді. Берілген  терминдер: сан  есім, есептік  сан  есім,  реттік  сан есім. Бұл әдістердің қай-қайсысы да балалардың білім деңгейін анықтауда өте тиімді. Блум  таксономиясын пайдалануда балалардың  сыни  ойлауы, талдау және жинақтауда жүреді. Бұл  тапсырмаларды тексеруде  балалардың сыни тұрғыдан  ойлау  ерекшеліктеріне қарай бағаладым.  Жұптық жұмыстарда,  кеңейтілген тапсырмаларда, ”Ой қозғау” кезінде , үй тапсырмасын тексеру мақсатында тест  тапсырмаларын алуда АКТ- ны қолдандым. Сабақты қызықты да  тартымды  болуы АКТ құралдарының мүмкіндіктері де оң әсер етті. Интерактивті тақта мен компьютердің сабақ үдерісіде оң нәтижеге  жету үшін тигізген әсері ерекше болды. Бірақ, өкінішке қарай АКТ құралдарын толықтай пайдалану мүмкіндік бола бермейді. Мектептің толықтай жабдықталуы  да шектеулі. Сондықтан компьютерлік кабинетте өткізілген сабақтардың оқушы  ынтасы мен  қызығушылығын арттыруы әбден орынды. Тапсырмаларды көру арқылы балалардың белсенділіктері артады.  АКТ оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, көмектесетін маңызды құрал болып табылады.  Бұл ретте оқушылар теориялық білім ала отырып, сыни түрде ойлай алады,  сынилылығы  артады. АКТ –ны сабаққа енгізген кезде, теориялық және тәжірибелік білімдердің біртұтастығы оларды тиімді қолдануды қамтамасыз етеді, ал, бұл оқыту және оқу үдерістерін жақсартуға жағдай жасайтын болады. Тапсырмаларды көру арқылы оқушылар бірін-бірі бағалайды,  қателерін түзейді. Бұл  жерде  сыни  тұрғыдан  ойлауға  үйрету модулі  мен оқыту  мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық  технологияларды қолдану модулінің  ықпалдасқанын  байқауға  болады.  АКТ-ның дәстүрлі оқытудан бұл тұстағы ерекшелігі - балалар ақпаратты бағалайды, ұйымдастыра алады, есте сақтай алады. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың  дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін де уақтылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер, әдістемелер, технологиялар жаңартылып отырады. Джин Раддоктың «Оқушылармен пікірлесудің мақсаты – қабылдаушының көзқарасы тұрғысынан алғанда оқудың не екендігін түсіну, жекелеген оқушылар мен топтар үшін оқуды қалай жақсарту» керек екендігін ескере отырып, оқушылармен  кері байланыс жүргіздім. Кері байланыс ретінде әр сабақта рефлексияны түрлендіріп  алдым.  Сабақ соңында бағдарлама талабына сай өткізген сабағымның қорытындысы шығару үшін балалардың рефлексиясын бақыладым. Балалардың жазған рефлексияларынан көтеріңкі  көңілдері  мен  шексіз  қуаныштары  аңғарылды. Бұл Бағдарлама арқылы оқыту, ондағы  жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалану  біз мұғалімдер қауымы үшін де, оқушылар үшін де тиімді екенін аңғардым.

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

Мұғалімдерге  арналған  нұсқаулық www.cpm.kz,

 Қазақ  тілі  оқулығы,  «Алматы кітап»,  2010ж