Букенова Ж.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

КРЕДИТТІК ТЕХНОЛОГИЯ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КӘСІБИ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында «Қазақстан

Республикасындағы мемлекеттік тiл - қазақ тілі» деп атап көрсетілгендігі баршамызға аян. Алайда 1989 жылдан Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие төл тіліміздің әлі күнге дейін 25 жылға жуық уақыт өтсе де, Мемлекеттік тіл дәрежесіне толық жете алмай келеді. Бұл – ащы шындық. Әсіресе іс қағаздарын жүргізуде, кәсіби-техникалық өндіріс аумағында қазақ тілі тек аударма тіл қызметін атқаруда. Олай дейтін себебіміз кез келген іс-құжаттар алдымен орыс тілінде жазылады да, содан соң мемлекеттік тілге аударылады. Жоғарғы оқу орындарында да бұл құбылыс байқалады. Бұл – төл тіліміздің құндылығын, мән-мағынасын жойып, кейде тіпті сөзбе-сөз аударуда түсініксіз жәйттарға ұрындыратын сорақылық. Сондықтан байлығы мен көркемдігі жағынан өзге тілден кем соқпайтын қазақ тілін ресми, ғылым мен техника тілі ретінде өресін кеңейте білуіміз керек. Кез келген құжаттарды өз ана тілімізде жазуымыз шарт. Әсіресе кредиттік технологияны қолдану үрдісінде.

  Елбасының халқына арнаған «Қазақстан -2050» Жолдауында да «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз.Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет...» деп атап көрсеткен. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру ғылыми негіздері жоғару оқу орындарында кеңінен пайдалануды жүктейді.  

   Дамыған елдерде бірінші кезекте мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше ден қояды. Мемлекеттік тілді жеткілікті дәрежеде толық меңгермеген тұлға қалаған мемлекеттік, қоғамдық немесе өндірістік салада қызмет ете алмайды. Бізге мұндай жетістікке жету үшін кредиттік технология жүйесін пайдаланып, дамыған елдердің тәжірибесін оқу үрдісіне көшірген жөн. Себебі бұл технология өзіндік ізденісті, жан-жақты ауқымды дамуға жол ашады.

  Әлемнің жетекші елдерінде ғылым мен өндіріс қатар дамыған. Бұл – бұлжымас қағида. Ғылымға енген қандай да бір жаңалықтың өндірістік әлеуеті бәсекеге қабілеттілігі жоғары болуы керектігін айтып, Елбасы оқу-ағарту саласына қомақты жүк артқан еді. Ресми деректерге сүйенсек, еліміз бәсекеге қабілеттілігі жөнінен 144 елдің ішінде 51-орынға табан тіреген.Демек бір жылдың ішінде 21 сатыға көтеріліп отыр. Бұл – бүкіләлемдік экономикалық форумның берген бағасы. Отандық білім мен оның келешегі жөнінде Президент пәрмен берген 20 тапсырманың үштен бірі осы ағарту саласына жүктелген. Сондықтан қоғам мен жеке азамат үшін білім саласын әртараптандыру, модернизациялау кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе мемлекеттік тілді қарқынды түрде дамыту ең өзекті мәселе болуы тиіс. Ғылым мен өндірісті қатар дамыту - ғылымның міндеті. Демек кредиттік технологияны пайдаланып, тіл төңірегіндегі мәселелерді шешуге оңтайлы жағдай туып отыр.

Оқытудың кредиттік жүйесі бойынша ұйымдастырылған сабақтардың формалары мен әдістері, тәсілдері дәстүрлі оқытудан өзгеше болып келеді. Осы технологиямен жұмыс істейтін көптеген АҚШ университеттерінде лекция және семинарлар нақты бөлінбейді. Сабақтың формасын таңдау – тек оқытушының құқығы мен міндеті. Оны академиялық еркіндік деп те атауға болады. Ал кафедраларда қандайда бір тақырыпты өту кезінде сабақты қандай формада өткізуге болады, соған байланысты нұсқаулар мен дәстүрлер болуы мүмкін. Кредиттік жүйе негізінде оқытудың белсенді формаларын қолдануды ұйғарады. Себебі тек сондай сабақтарда оқытушы мен студенттер тығыз байланыс, яғни қарым-қатынас жасай алады.

   Елбасы өзінің қазақстандықтарға арнаған Жолдауында оқу тәрбие үрдісін ақпараттық технологиялармен барынша қамтамасыз ету міндетін білім беру жүйесінің басты мақсатының бірі және оның болашағы үшін маңызды фактор екенін атап көрсеткен болатын. Жолдауда «техникалық және кәсіптік білімнің рөліне, қазақша кәсіптік техника тілін қалыптастырып дамыту мәселесіне» де басты назар аударылғаны белгілі. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев Жолдауында «мемлекеттік тілді тиімді меңгертудің ең үздік, инновациялық әдістемелік оқу құралдарын, аудио-бейнематериалдарын әзірлеу керектігін» айтқаны баршаға мәлім. Осы тұста студенттердің өздігінен жұмыс жасауына, ізденушілік әрекетінің белсенді дамуына бағытталған оқыту технологиялары мен жүйелерін пайдалану тиімді. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді үйретудің кәсіби техника тілін үйрету сапасының деңгейін көтеруге қатысты алғышарттарды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін оқытудың ақпараттық технологиясын қолдануға баса мән берілуі қажет. Жаңа технологияны пайдаланған кезде студенттің белсенділігі, ынталылығы, ақпаратты тез табуы, ізденімпаздығы, еркіндігі, шығармашылығы артады. Дамыта оқыту идеялары бойынша студент оқу үрдісінде өздігінен ғылыми-әдістемелік ақпараттарды жинақтап, белсенді және өз бетінше білім алуға тәрбиеленеді. Мұндай жағдайда студент өзі дара тұлға ретінде орталық ядро болады да, ал оның айналасында білім берудің әдіс-тәсілдері жүзеге асырылып, оқу-тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Жоғары оқу орындарында білім беру саласында арнайы пән әдістемесі  бойынша оқытудың озық технологияларын меңгертпейінше сауатты, жан-жақты маман ретінде қалыптастыру мүмкін емес.

   Қорыта келе айтар түйін - қазақ тілін кредиттік технология арқылы үйрету студенттің бойындағы жасырын жатқан ішкі әлеуетін ашып, оның ізденушілік, шығармашылық белсенді әрекеттерін дамытады, кәсібіне қатысты өз ойын шеберлікпен жеткізу қабілетін жетілдіреді. Себебі мұндай оқыту тәсілі арқылы студенттердің өз еркімен ізденіп, қазақ тілін кәсіби маман ретінде еркін тәжірибеде де, өндірісте де қолдануына жол ашылады.

  Қандай да болмасын бар әдіс-тәсілді пайдалана отырып, мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін аударма түрінде емес, әрбір болашақ маман иесінің ішкі жан-дүниесін жеткізе білетін кәсіби тілі ретінде пайдалана білуге үйрету – баршамыздың міндетіміз.