ХІХ ғасырдағы
қазақ поэзиясы тілінің мағыналық сипаты
Сейсембай
Гүлмира Амангелдіқызы, аға оқытушы
Бекмаханбет Индира
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс
студенті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты,
Қазақстан
Қазақ
даласына XIX ғасырда келе бастаған жаңа әлеуметтік,
экономикалық кұбылыстарға байланысты көптеген соны
сөздердің пайда болуы сияқты процестер жүріп жатты.
Дегенмен бұл процесс әлі де күрт түрде емес, баяу,
бірте-бірте өзгеру сипатында болды. Бұған, біздіңше,
екі фактор себеп болды. Бірі – бұрынғы ұғым, зат,
құбылыстардың қоғам өмірінен әлі де
үзілді-кесілді кетпегендігі. Мысалы, кәдеден қалып бара
жатқан қару-жарақ атаулары мен қазақ
коғамының ішкі саяси-әкімшілік құрылысына
қатысты сөздердің көпшілігі XIX ғасырдың I
жартысында әлі де актив элементтер түрінде сақталды. Исатай –
Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі ілгергі дәуірлердегі
жауынгерлік мотивтегі әдебиет үлгілерінің тілін әрі
карай жалғастыруға мүмкіндік туғызды. Демек,
жаугершілікке қатысты бұрынғы образдар, оларды жасайтын
тілдік құрал-тәсілдер молынан пайдаланылды. Бұл
әсіресе жауынгер ақын Махамбетте күшті сезіледі. Оның
тілінде "бұрынғы найза, садақ, сүңгі, жебе,
қорамсақ, адырна, сауыт, оқ, кіреуке, дулыға деген
қару-жарақ, сауыт- сайман атаулары да, қол шерік
(әскер), ер, жолдас, азамат («дружинник») аламан сияқты «қару
ұстайтындардың» атаулары да өз мағыналарында еркін
жұмсалады. Олар бұрынғыша тұрақты эпитеттермен
келіп, образ жасауға да актив қатысады: алты құлаш
ақ найза, толғамалы найза, қималы найза,
қоңыраулы найза, садақ толған сай кез оқ,
қызыл сырлы жебе, қозы жауырын оқ, сұр жебелі оқ
т. б.
ХIХ ғасыр -
қазақ көркем әдебиетінің ерекше дамыған
кезеңі. Бұл күнде ақындар мектебі өмірден берік
орын тебеді, әдеби жанрда бел алады. Ақындардың ішінде
даңқтары қазақ даласының көп жеріне
жайылғандары да, өз өлкесіне ғана танымал
болғандары да бар, әлеуметтік-азаматтық тақырыптарды
кеңінен жырлап, биікке көтерілгендері де, ауыл арасындағы
қарым-қатынастарды жырлаудан аса алмағандары да болды.
Қысқасы, қазақ қауымы ХIХ ғасырдың
өн бойында жасап өткен едәуір көп сөз зергерлерін біледі. Бұлардың идеологиялық
бағыттары мен дүниеге көзқарастары әр қилы
болғаны түсінікті. Дегенмен көпшілігіне тең ортақ белгі – өмірге
қоян-қолтық араласу,
адам мен қоғам тіршілігін жырлау, айналаны сөз ету болды.
Жалпы өсиет сөз айтатын дидактикалық толғаулар
ығысып, орнын кең
әлеумет өмірінен бастап, тар аумақтағы күнделікті
тұрмыс жайттарына дейінгі тақырыптарды
жырлаған өлеңдер
басады. Соған лайық көркем әдебиет тілі де
әртүрлі белгілерге ие болады.
Бұл
кезеңде тек Махамбет емес, жалпы батырлық, жауынгершілік такырыпты
да сөз еткен өзге ақындар да бұрынғы әскери
арсеналға жүгінеді. Мысалы, «Еспембет» поэмасында Дулат та кіреуке,
жеңсіз берен, адырна, бадана көз тоғыз тор сауыт, сары
ырғай садақ, найза, семсер, оқ, білтелі сөздерін
қолданады. Сонымен қатар, бұларда әскер сөзі жандана
бастайды, ол бұрынгы шерік, қол сөздерінің
тепе-тең эквиваленті ретіне жиі жұмсалады. Бірақ осы атаулар
әдебиет үлгілерінде азая береді. Тіпті «мен едім Исатайдың
Шерниязы» деп өткен Шернияз ақында соғысқа,
ұрысқа қатысты сөздер әлдеқайда кем
ұшырасады, XIX ғасырдың І жартысындағы аты
аталғандардан өзгелерде олар тіпті жоққа тән.
Екінші фактор – әдеби тілдің дамуындағы іліктестік. Мысалы,
орда, хандық, «жұрт» мағынасындағы байтақ,
«қазақ халқы» ұғымын білдіретін алаш, «рулас, ағайын»
мәніндегі қарындас, «алыс, шет аймақ»
мағынасындағы қырым, «тұтқын»
мағынасындағы жетім, «заңды, заңсыз» семантикасын
беретін теңдікті, теңдіксіз, «ұл, бала»
мағынасындағы көбеген, көбек, ұлан, «ойрандалу,
жаудан жеңілу» ұғымындағы бүлу, «қол астындағы
халық» мәніндегі астана жұрт, аса жұрт
сөздерінің XIX ғасырдың 60-70 жылдарына дейінгі
қазақ әдеби тілінде орын алып келуі — әдеби тіл
дәстүрінің жемісі. Бұл сөздердің
барлығы бұрынғы эпитеттерімен, тіркесу модельдерімен
сақталып, әрдайым дерлік образ үшін қолданылады.
Махамбет: Алты сан алаш ат бөліп, Тізгінін берсе қолыма-десе, алты
сан алаш «көпшілік, ел» дегенді білдіріп, тұтас сейлем
«қолға ерік тисе, еркім болса» дегеннің образын жасайды.
Қазақ
қоғамының жаңа кезеңіндегі әлеуметтік
топтардың атауларының ішінде 50-70 жылдардағы әдеби
айналымда өте активтенген сөздердің бірі – ұлық.
Бұл да қазақ жеріндегі орыс империясының жаңа
әкімшілік саясаты мен құрылысына қатысты терминделе
бастаған атау. Бұл сөзбен қазақтардың
өз ішінен шыққан әкімдерін де, Россия
әкімшілігінің билеушілерін де атайды: Орыстың көрсе
ұлығын... Жаксы болса ұлығы, Өз елін жаудай
таламас (Барақ сұлтан жайында — Дулат) немесе: Қазіргі
қазақ ұлығы (Дулат). Оның есесіне кейбір
әкімшілік атаулары ығыса бастайды. Хандықтың жойылуымен
байланысты 50-60 жылдардағы әдеби тілде хан сөзі көбінесе образ үшін ғана
жұмсалады. Әкімшілік системасындағы адамдардың пара
алуы, ірі байлардын ұрлықты, мал ұрлығын кәсіпке,
дағдылы әрекетке айналдыруы қазақ әдеби тілінде парақор, ұры,
ұры-қары сөздері де әлеуметтік терминология саласына
шығарған. [2, 43-48б].
Көркем
әдебиет тіліне еркін және актив ене бастаған
сөздердің келесі тобы - оқу-ағарту, мәдениетке
қатыстылар. Біріншіден, бір табан ілгері жылжыған қазақ
қоғамында оқу, білім, рухани дүние сөз бола бастауы
– заңды құбылыс, екіншіден, Махамбет, Дулат, Шортанбайлар
мұсылманша сауатты ақындар болғандықтан,
оқу-білімді, өнерді сөз етпей, немесе осы салаларға
қатысты сөздерді не тура мағынасында, не образ ушін
пайдаланбай отыра алмағандары және түсінікті. Сондықтан
өткен ғасырдың I жартысында-ақ, әсіресе 50-70
жылдарынан бастап, қазақтың төл әдеби тілінде
молда,молла, сабақ, сабақ алу, сабақ оқу, хат («жазба
дүние» мағынасында), сызу («жазу» мағынасында), сызған
хат, кітап, кітап сөзі, оқымалды («білімді») ұстаз,
өнер, ғалым («сауатты адам»), ақын, шайыр, ділмар, шешен,
жыршы, жыр, жаршы (сірә, жыршы болуы тиіс), медресе, өнерпаз,
әріп (29 әріптің жайын білмек керек-дүр), ғылым,
мәселе, кітап, бәйіт («өлең»), сөз
(«өлең, туынды»), насихат («ақыл»), қалам, сия сөздері
колданылады. Бұлардың ішінде хат, насихат, ғылым, сызу
сөздері ол кезде осы күнгі мағынасынан өзгеше
жұмсалған, қалғандарының мағынасы
қазіргі кездегідей түрде қалыптасып, бізге жеткен,
әсіресе өнер, өнерпаз, ақын, кітап, «оқуға»
байланысты мәндегі сабақ, сабақ оқу,
«мұғалім» мәніндегі ұстаз сөздерінің осы
күнгі мағыналары өткен ғасырдың орта шендерінде
пайда болып, калыптасқан деп табамыз [3, 11-13б].
Әдебиеттер:
1. Сыздықова Р. ХVIII-ХІХ ғ.ғ. Қазақ әдеби
тілінің тарихы. – Алматы «Мектеп»
баспасы, 1984. – 247 бет.
2. Сыздықова Р. Абай және қазақтың
ұлттық әдеби тілі.- Алматы «Арыс» баспасы, 2004.- 613 бет.
3. Бизақов С. Варианттылық және әдеби норма. Филология
ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация авторефераты, Алматы 2001 ж, - 51 б.