Ж.М. Қырықбаева,

Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ

Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының

                                                                         аға оқытушысы

К.С. Ныязбекова, п.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті

 

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ – ҚАЗАҚ ТЕРМИНТАНУ ЖҮЙЕСІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

 

Аңдатпа: бұл мақалада А.Байтұрсынов терминтану саласындағы орны өзіндік қолтаңбасы оның салалық терминдерді жасаудағы ғылыми еңбектерінің аталымдары, ерекшіліктері, ғылыми ұғымдары, ғылыми терминологиялық қағидаттары туралы баяндалады.

Тірек сөздер: терминтану, алаш зиялылары, ғылыми қағидаттар, терминжасам тәжірбиесі, ұлттық терминқор, терминология тарихы, терминдер жүйесі, ғылыми терминология.

 

      “Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын... Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді”, – деп тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлға, халқымыздың «рухани көсемі», қайраткер, ұстаз, ғалым Ахмет Байтұрсыновтың қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан теңіз. Орыстың ғылым тілінің даму тарихын зерттеуші ғалымдар бірауыздан энциклопедист-ғалым М.В.Ломоносовты “орыс ғылыми терминологиясының атасы” дейтін болса, Қазақстан ғылымының тарихындағы ондай орынды ұлтымыздың бағына туған перзенті, Алаштың аяулы ұлы, аса көрнекті тілші ғалым Ахмет Байтұр­сынұлы иеленіп тұр. Жалпы кез келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол салада қолданатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым ретінде Ахмет Байтұрсынов осы ғылым саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесін түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да жасаған жан. Ғылыми ұғымдарға атау беру үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді қажет ететін шығармашылық үдеріс. Онымен қоса, арнаулы ұғымдарға ат қою кезінде ол жүйенің өзіндік ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Атаудың ықшам болуы, бір мағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуы тағы бар. Осындай талаптарды мүлтіксіз орындаудың қиындығы терминдерді ана тілінде жасаудан гөрі көп жағдайда оны ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған өзге тілдерден дайын қалпында ала салуға, яғни, қабылдауға мәжбүр етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлт ұстазы қазақ тілін термин шығармашылығында пайдаланудың жарқын үлгісін көрсете білді. Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда жарық көрген “Оқу құралының” (қазақша әліппе) өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі, хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. Ал 1914-1915 және одан кейінгі 1928 жылға дейін бірнеше дүркін басылып тұрған “Тіл – құрал” оқулық­тарында (қазақ тілінің сарфы) әбден қалыптасып, бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша, жалғау, жұрнақ сияқты көптеген терминдер кездеседі. Бұлардың терминге қойылатын талаптарға жауап беретіндігін дәлелдеп жату артық, өйткені олар кезінде, уақыт сынынан өтіп, тұрақты қолданылатын дәрежеге жетті. Мұнда ең басты атап айтатын нәрсе – Ахмет Байтұрсынұлы бір топ терминдерді ғана емес, бүкіл бір ғылым саласындағы арнаулы ұғымдардың атаулар жиынтығын, дәлірек айтқанда, терминдер жүйесін жасаған. Ғылымның дамуына орай ұғымдар жүйесінің ұлғайып отыруы табиғи құбылыс. Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған терминдер жүйесі де қазақ тіл білімі дамыған сайын жаңа элементтермен толыға түсуде. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің ғана емес әдебиеттану ғылымының да негізін қалаушы екендігі өткен ғасыр басында-ақ мойындалды. 1923 жылы ғалымның мерейтойына арналған баяндамасында Мұхтар Әуезов: “Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахмет Байтұрсынұлы өзінің басшысы деп санайды”, – деп көрсетеді. Сонымен, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған. Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін ондаған әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым олардың ғылыми терминге тән ғылыми анықтамасын берген. Ол дегеніміз – ғылыми ұғымның, өзіне ғана тән белгілерін айқындаумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген сөз. Мысалы: “Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз – өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады”, – дейді “Әдебиет танытқыш” еңбегінде ұлт ұстазы. Бұл мысалдан байқайтынымыз, ғалым өлеңнің құрылым-құрылысын анықтаған, әрбір ұғымның өзіндік ерекшелігін, басты белгісін, іргелес өзге ұғымдардан айырмасын көрсететін анықтама берген. Яғни, әрбір ұғымның мазмұны мен көлемін бағамдаған, әр ұғымның ғылыми атауын (айшық, шумақ, тармақ, бунақ, буын) жасаған, терминдердің жүйелілік ерекшелігін ескере отырып, жалпы қолданыстағы бір үлгімен жасалған (модель) сөздерді термин ретінде пайдаланған. Ғалым ғылыми ұғымдардың арасындағы жүйелілік құрылымдық байланысты көрсеткен. Дәлірек айтқанда, айшықтың – шумақтан, шумақтың – тармақтан, тармақтың – бунақтан, ал бунақтың – буыннан құралатындығын сатылай көрсету арқылы ұғымдардың микрожүйесінің өзіндік табиғатын ашқан. Бұдан ғалымның өзі зерттеп отырған ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінің ішкі байланысы мен ерекшелігін терең білумен бірге, оларды таңбалауда тілді өте шебер пайдалана алғандығы анық көрініп тұр. “Әдебиет танытқыштан” мұндай мысалдарды әлі де көптеп келтіре беруге болады.    Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімі, әдебиеттану ғылымдарының ғылыми терминологиясын жасаумен бірге, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты да көптеген терминдерге де жол салғандардың қатарына әдіс, әдісқой, сауаттау әдісі, жалқылау әдісі, жалпылау әдісі, жалқылау-жалпылау әдісі сияқты терминдерді жатқызуға болады. Бұлармен қоса Ахмет Байтұрсынұлы тарих, этнография терминдерін де жасаған. Олай дейтініміз, Мұхтар Әуезов 1923 жылы ғалымның “Мәдениет тарихы” атты кітап жазып бітіргенін айтқан еді.

      Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі, әдебиеттану сияқты жеке ғылым салаларының ғылыми терминологиясының негізін қалаумен бірге әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке қатысты көптеген терминдер жасаған ғалым. Ендігі бір айрықша атап айтуды қажет ететін мәселе – Ахмет Байтұрсынұлы терминжасамның тәсілдері мен жолдарын анықтап бергендігі. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтап, оларды өзінің терминжасам тәжірибесінде кеңінен пайдаланған ғалым. Терминжасам тәсілдерінің аражігі ашылып, олардың термин шығармашылығында іске қосылуы қазақ тілінің грамматикасының (сарфы) жазылуымен тікелей байланыста қарастыруды қажет етеді. Бүгінгі терминжасам тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігіне қарамастан, ол негізінен қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерінің құрамына енеді. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтаумен қатар, ол тәсілдерді термин жасауда пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткендігін оның қаламынан туындаған жүздеген терминдері дәлелдейді. Мәселен, ғалымның жұрнақ, жалғау, буын, шумақ, тармақ, рай, мүше сияқты терминдері семантикалық тәсілмен, жақша, сызықша, көсемше, есімше, дәйекші, буыншы, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш, әуреленіс, күліс, әлектеніс, әліптеме, зауықтама, мазмұндама, ермектеме, қорытпа, ұсынба, сұқтаныс, азаптаныс, жалғаулық, есімдік тәрізді көптеген терминдері морфологиялық тәсілмен, ал дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қаратпа сөз, қыстырма сөз, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын пысықтауыш, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем сынды терминдер тобы синтаксистік тәсілмен жасалған. Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінің көпшілігі өзінің өміршеңдігін танытып келеді. Ұлы тұлғаның термин жасауда ұстанған бағыты мен оның қаламынан туған басы ашық терминдері-ақ Ахмет Байтұрсынұлы қазақ терминологиясының негізін қалаушы және ғасыр басындағы бүкіл ғылыми ой-сананың қалыптасуына ықпал ете білген жан екенін дәлелдейді. Ахмет Байтұрсынұлы жекелеген ғылым салаларының ғана емес, бүкіл қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей әсер еткен айрықша тұлға. Ғалымның терминжасам тәсілдерін көрсетіп, оларды пайдалана отырып, тіл білімі, әдебиет ғылымдарының терминологиясын, өзге арнаулы салаларға қатысты терминдер жасауы – ғасыр басындағы өзге ғылым салалары бойынша оқулықтар мен түрлі ғылыми еңбектер жазған авторларға таптырмайтын үлгі болды. Ахмет Байтұрсынұлынан кейін әр түрлі ғылым салалары бойынша еңбектер жазған қазақ зиялыларының жасаған терминдері оған айқын дәлел бола алады.

      Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы­ның 1914, 1915 жылдары және одан кейін бірнеше дүркін қайта басылған “Тіл – құрал” еңбегінде -уыш/уіш, -ша/ше, -лық/-лік жұрнақтары арқылы жасалған сызықша, есімше, көсемше, бастауыш, баяндауыш, сұраулық терминдерінің үлгісі 1927 жылы Мәскеуде басылған Ж.Күдериннің “Өсімдіктану” оқулығында сабақша, тұқымша, қайықша, қаптауыш, аналық, ал Е.Омарұлының 1928 жылы Қызылордада жарық көрген “Пішіндемесінде” (геометрия) тікше, қиықша, өлшеуіш, өлшемдік түрінде жалғасын тапқанын көруге болады. Осы деректердің өзі ғалымның тіл білімпазы ретінде қазақ тілінде термин жасаудың үлгісін көрсете отырып, ғасыр басындағы термин жасау ісіне тікелей ықпал еткен зор тұлға екенін анық аңғартады.

      Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы. Еңбекші қазақ” газетінің 1926 жылғы 12 тамыздағы санында жарияланған “Қазақстан оқу кемесериетінің орынбасары Жолдыбайұлы Молдағалимен әңгіме” деп берілген “Қазақ тілін байытамыз” атты шағын сұхбатта сол кезеңде термин жасаумен кімдер айналысқандығы және өзге тілдерден термин қабылдауда қандай қағидат басшылыққа алынғандығы, осы істі жүзеге асырудағы Ахмет Байтұрсынұлының рөлі атап көрсетіледі. “1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшыландыратын сарапшылар (кемесие) құрамы құрылған. Мың-мыңдаған сөздер қазақ тіліне аударылып, иә қазақ тіліне үйлестіріліп, қазақ тілі байытылды. Оның үстіне сарапшының жұмысына түрлі білімнің басын ұстаған мамандар қатыстырылды. Сарапшылар алқасының төрағасы – Қазақ елінің әсіресе тіл заңына жетік оқымысты данышпаны Байтұрсынұлы Ахмет. «Комиссия негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу» дегеніне келсек, Ахмет Байтұрсынұлы басқарған комиссия мақсатына адал болып қана қойған жоқ, қазақ тілін білім-ғылым тілі ету жолында қыруар іс тындырды. Оқу комиссариатының орынбасары атап көрсеткеніндей сол жылдарда қазақ тілі, оның терминологиялық қоры байыды, ғылым ұлт тілінде сөйлей бастады.

      Қазақ тілі термин шығармашылығында пайдаланылып, терминжасам тәжірибесі, дәстүрі қалыптаса бастады. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы төрағалық еткен осы комиссия қазақ тілінің терминологиялық қорын қалыптастырудың негізін салды, іргетасын қалады. Бұл істің ілгері басуына көрнекті көшбасшы, тіл, терминология жайын терең білетін ірі тілші ғалым, тарихи тұлға А.Байтұрсынұлының жеке үлесінің зор болғанын айрықша атап айтқан абзал. “Байтұрсынұлы кезеңінде” қазақ тілінде жазылған көптеген оқулықтар мен, оқу құралдары, сөздіктер соның дәлелі бола алады. 1924 жылғы маусым айында Орынборда “Қазақ ғылыми қызметкерлерінің 1-съезі” болып, онда Е.Омарұлы баяндамасына негізделген терминологияны қалыптастырудың қағидаттары съез қаулысымен ресми бекітілді. Араға екі жылдай уақыт салып, 1926 жылы Бакуде өткен “Түркологтардың Бүкіл­одақтық бірінші құрылтайында” терминология жөнінде жасаған баяндамасында А.Байтұрсынұлы қатынасушыларға осы қағидаттарды таныстыра отырып, өзге түркілерге де ғылыми терминологияны қалыптастыруда қазақ білімпаздары жа­саған осы қағидаттарды басшылыққа алуды ұсынды. Оның ұсыныстары ғалымдар тарапынан қолдау тауып, құрылтай қарарына енді.

      “Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдердің өміршеңдік танытуының сыры неде?” деген сұраққа жауап іздесек, ол ең алдымен ұғымға атау беруге ұлттық таным тұрғысынан келген. Сондықтан оны қазақ қауымы алғашқыда аздап жатсынғанмен, тез қабылдап санасына сіңіре алған. Екіншіден, сол кездегі Ахмет Байтұрсынұлының зиялылар арасындағы зор беделі мен тіл саласындағы бірегей ірі оқымысты ретінде мойындалуы да оның жасаған терминдерінің шығармашыл қауым тарапынан талқысыз қабылдануына себеп болды. Онымен иықтас тұрып, ой жарыстырып, пікір таластырып, өз терминдерін ұсына қоятын тіл мамандары қалыптаса қоймап еді. Оның маңайындағы тіл мәселелеріне жетік деген Е.Омарұлы, Х.Досмұ­хамедұлы, Н.Төреқұлұлы сынды Алаш арыстарының да ғалым пікіріне құрметпен қарағаны байқалады.

Ахмет еңбегі өміршең. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ оқығандары жасап, ресми бекіткен терминология қағидаттарын бүкіл түркі халықтарына ұсына отырып, түбі бір туыстас тілдердің терминологиялық қорының ортақтық сипатын арттыруды көздеген кең тынысты түрколог ғалым.

 

                                       

                                                               Резюме

 В этой статье рассматривается роль и место выдающегося ученого казахского лингвиста А.Байтурсунова  в системе образования терминов разных отрасли науки и способы методы, об составления терминов с точки зрения науки.

                               

                                                             Resume

  This article focuses on the role and place of the outstanding Kazakh scientist linguist A.Baytursunova in education terms of different branches of science and how the methods of drawing up terms from the point of view of science.