Халық Гүлдерайым
Болатқызы, А. Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің «Филология:
қазақ тілі» мамандығының 2 курс магистранты
ДҮНИЕНІҢ
ТІЛДІК БЕЙНЕСІНІҢ АНТРОПОЦЕНТРИСТІК БАҒЫТТАҒЫ
КӨРІНІСІ
Тіл – әрбір елдің,
әрбір ұлттың тарихын, мәдениеті мен
тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ұлттың өз болмысын
танытатын, оны сақтап қалатын,
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ұлы
қазына ретінде қоғамдағы ең маңызды
қажеттіліктердің бірі. Сондықтан бүгінгі таңда
тілдің құрылымдық, коммуникациялық
қызметтерінен басқа да қырларын, қасиеттерін
анықтау терең зерттеуді талап етіп отыр.
Атап айтқанда, тіл мен
адамның өзара тығыз қатынасына қарай
анықталған салаларды былай көрсетуге болады: адамның
тілі мен рухани белсенділігі; тіл мен адам физиологиясы; тіл мен ойлау, сана
әрекеті; тіл мен мәдениет; тіл және адамның
қарым-қатынасы; тіл мен қоғам; тіл мен адам
құндылықтары; тіл және таным. Адамның тілге,
тілдің адамға өзара ықпал етуінен туындаған осы
салалардың әрқайсысының өзіндік зерттеу нысаны, тәсілдері, қолданылу аясы бар.
Қазіргі тіл білімінде әлеуметтік лингвистика (тіл мен
қоғам арақатынасын зерттейтін сала), психолингвистика
(индивидтің тұлғалық мінез-құлқы мен
ұғымды қабылдау, оны санада өңдеу
қасиеттерінің тілде көрініс табуы), лингвомәдениеттану
(тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы негізінде
ұлт мәдениетінің тілде сақталуы, тілде көрініс
табуы, сол тіл арқылы ұлтты, оның мәдениетін таныта
білу ерекшеліктер), этнолингвистика (тілдегі ұлттық бірліктердің
мазмұны мен мәнін ұлттың тарихынан,
халықтың рухани мәдениетінен, халықтың
менталитетінен, халықтың шығармашылығынан іздеу)
салалары тілді антропологиялық бағытта қарастыруда.
Дүниенің тілдік
бейнесін жасаудағы басты ұстанымдардың бірі - антропоцентристік
ұстаным. Антропоцентризм деген – «адам» және «центризм» деген екі
сөз (ұғым) қосылып, адамның
дүниетанымдағы рөлін көрсететін философиялық
термин. Ол «дүниенің, әлемнің бәрі адам
үшін, адамның игілігі үшін» деген ұғымға
саяды. Яғни антропоцентризм – дүниені, тілді адами
тұрғыдан, адам үшін түсіндіретін концепция.
Тілді антропоцентристік
тұрғыдан зерттеуге негіз болатын бұл салалардың
барлығы түптеп келгенде, мынадай мәселелерді шешуді
көздейді: адамның тілге қалай ықпал жасайтынын
анықтау және тілдің адам санасына, ойлауына,
мәдениетіне қалай әсер ететінін, қандай қызмет
ететінін анықтау т.б. Тілді зерттеудің антропоцентристік
бағыты тіл біліміндегі адамның тілдік факторы мәселесін,
тілдің адамға қызмет ету мәселесі, тіл арқылы
адамның табиғаты мәселесін ашумен тікелей байланысты.
Қазіргі тіл біліміндегі
зерттеулер нәтижесі мен анықтамаларды сараптай келіп, біздің
ойымызша, когнитивтік лингвистиканы тіл білімінің антропоөзектік
бағытқа сүйенген саласы деп түсінуге болатын
сияқты. Когнитивтік құрылымның негізгі
элементтерінің бірі – концепт. Қазіргі лингвистикада «концепт»
термині көптеген пікірталастың өзегіне айналғаны,
осыған байланысты бірнеше ғылыми бағыттар
қалыптасқаны белгілі. Соған орай «концепт» терминіне
берілген анықтамалар да алуан түрлі.
Тіл біліміндегі танымдық бағыттың негізгі
когнитивті бірліктерінің бірі – концепт екендігі белгілі. Бұл
ұғым туралы зерттеулер ХХ ғасырдан басталады. «Концепт»
терминін тіл аясындағы мәселелерге қатысты пайдалануды
өткен ғасырдың бірінші жартысында тұңғыш
рет орыс философы С.А.Аскольдов ұсынған. Ол «Концепт и слово» атты еңбегінде концептіні
былайша ұғындырады: «...мысленное образование, которое замещает нам
в процессе мысли неопределенное множество предметов одного и того же рода» [1,
12].
Концептке қатысты алғашқы еңбектерде ол
адамның мәдени, рухани танымын білдіруде маңызды рөл
атқарған. А.Вежбицкая концепт идеалды дүниенің
объектісі, ол субъектінің дүние туралы танымынан көрінеді
дейді. Ғалым: «Языковая концептуализация различна в разных культурах...
Язык отражает происходящее в сознании, а не в мозгу, наше же сознание
формируется, в частности, и под воздействием окружающей нас культуры.
Концептуальные универсалии действительно существуют, но я думаю, что они могут
быть обнаружены только путем концептуального анализа, основаннного на данных
многих языков мира...» - деп жазса [2, 239], М.В.Никитин концептіні «таңба
арқылы танылған ұғым» дейді [3].
Концепт термині қолданысқа енуімен
байланысты тіл ғылымында оның ұғымнан, мағынадан
айырмашылықтары туралы мәселе қарастырыла бастады. Бұл
мәселеде кейбір ғалымдар концепт пен ұғым терминдері
ұқсас деп тауып, олардың бірін ғана қолдануды
ұсынса, енді бір ғалымдар бұл терминдердің
екеуінің де қолданылу аясы бар деп, оларды ажыратып
көрсетеді. Концептіге берілген “санада қалыптасқан
логикалық болмыс”, “бейнелер жиынтығы”, “ақиқат
дүниенің мәдени бейнесі” т.б анықтамалардан
байқағанымыздай, оны әр түрлі аспектіден қарастыруға
болатындығы байқалады. Сонымен қатар концептілер өз
ішінде санада танылу деңгейіне қарай да жіктеледі. Айталық,
өмір, өлім концептілері метафизикалық концептіге жатса,
қуаныш, қайғы, бақыт концептілері эмоциялық
концептіге жатады.
Көркем шығармада автор
өзінің өмірге көзқарасын, ой-пікірін,
ақиқат дүниеге қатынасын білдіріп отырады.
Адамның ақиқат дүниеге қатынасы тілдік
құралдар арқылы беріліп, соның негізінде ақпарат
жүйесі қалыптасады. Бұл ғалам бейнесін бейнелейтін
ақпарат жүйесі автордың ғалам туралы концептуалды
тұжырымдамаларынан көрінеді.
Демек, көркем шығармаға концептілік талдау
ғаламның тілдік бейнесі туралы білімді анықтау үшін
қажет. Кез келген көркем шығарманы тек
лингвостилистикалық талдаумен, яғни шығарманың
көркемдік ерекшелігін талдаумен шектеуге болмайды. Мұндайда автор
шеберлігі, оның ақиқат дүние туралы таным-түсінігі,
көзқарасы айқын көрінбейді. Осы ретте концептілік
талдау автордың ақиқат дүниеге қатынасын
айқындап, көркем шығарманы талдаудың екінші бір
қырын ашатын бірден бір тілдік құрал ретінде қызмет
етеді. Автор ақиқат дүниеге көзқарасын білдіру
арқылы сол дүние туралы білім қалыптастырады. Мұны
ғаламның тілдік бейнесі дейміз.
Ғалам бейнесінің вербалды сипатын ашуда “концепт”
ұғымының маңызы ерекше. Концепт тілдің болмысын
анықтайтын табиғат пен қоғамдағы
құбылыстардың нақты көрінісі.
Ю.С.Степанов “концепт существует в
ментальном мире человека не виде четких понятий, а как “пучок” представлений,
понятии, знаний, ассоциаций, переживаний, который сопровождает слова: “концепты
не только мыслятся, они переживаются. Они – предмет эмоций, симпатий и
антипатий, а иногда и столкновений”, - дейді [4, 43].
Концепт сөзіне сөздіктерде мынадай анықтамалар
берілген: Л.Л.Нелюбиннің “Толковый переводоведческий словарь” [5]
еңбегінде концепт – ұғым мазмұны; ой, түсінік”
делінсе, “Латын- орыс сөздігінде
1) байланыс, жиынтық, жүйе; 2) қойма; 3) заң
актілерін тұжырымдау; 4) ұрық қабылдау; 5) сөйлем
деп жазылған [6, 222].
Концепт бір сөздің беретін ұғымы, түсінігі
емес, күрделі семантикалық бірлік. Ол тілдік бірліктердің
қандайын болса да (сөз, сөз тіркесі, сөйлем, дискурс)
белгілей алатын, семантикалық өріс ретінде де көрініс беретін
мағына. Онсыз ол концепт деңгейіне көтеріле алмайды.
Көркем шығармаға
концептілік талдау ғаламның тілдік бейнесі туралы білім
қалыптастыру мақсатында жасалады. В.И.Постовалова “концептілік
талдаудың мақсаты – бір ғана таңбаның аясында
жинақталатын жалпы концептілерді тауып, когнитивті
құрылымындағы сол таңбаның болмыс-бітімін
анықтау” деп түсіндіреді [7, 80].
Қазақ тіліндегі
концептілерді М.А. Күштаева: «концептіні адам дүние
танымындағы әлем туралы ақиқат болмысты бейнелейтін
когнитивті бірлік ретінде қарастыра келе, адамның әлем туралы
жинақталған мәдени түсініктері бейнеленген жеке атаулары
бар ғаламның тілдік бейнесі, концепт терминіне «рухани
мәдениеттің тірек сөздері» мағынасында ғана
түсінбейміз, себебі тірек сөз концепт сөзіне емес
«мәдени концепт» тіркесіне балама ретінде қолданылады» [8, 104] дегенді
айтады.
С. Жапақов: «концепт
дегеніміз индивидтің, тілдік ұжымның, лингвистикалық
қоғамдастықтың ақиқат туралы білім
жүйесі болып табылады» [9, 104]- дейді.
Ш. Елемесова концептілерге
көркем мәтіннің ассоциативті концептілік құрылымы
арқылы келе отырып: «Концепт базалық когнитивтік
маңыздылық ретінде мәнді пайдаланатын сөздермен
байланыстырушы концептуализация маңыздылық ретінде
шындықтың адам миында бейнеленуі» [10, 104] - деп атайды.
Дүниенің тілдік
бейнесі ұлттық мәдениет контексінде қарастырған
А.Исламның пікірінше: «Концепт дегеніміз – ұлттық
дүниетанымның ықшам да, терең мағыналы
дүниетаным құндылықтарын айқындайтын тілде
көрініс тапқан күрделі бірлік. Әр ұлттың концептілер
жүйесін дүниетаным құндылықтары
құрайды. Концептілер бір-бірімен тығыз байланыста
болып, бір-бірінен туындап отырады. Әр қоғамның даму
кезеңдерге сәйкес тіл мен мәдениет иелерінің
абстрактілі концептілерді танып түсінуінде өзгерістер
болғанымен, негізгі мәдени, дүниетанымдық мәні
өзгеріссіз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады»
[11, 439].
Сонымен адамзат баласы
жасаған базалық рухани құндылықтар мен
материалдық мәдениетті білдіретін тілдік модельдерді концепт
ретінде тануға болады. Себебі тілдік модельдердің фондық
негізінде ойлаудың логикалық моделі жатады. Жалпы логикалық
модельге деректі дерексіз ұғымдар мен таным түсініктер топтастырыла
келе ақиқаттағы обьектінің сонымен бірге когнитивті
санадағы ментальды модусының тілдік обьективтенуі болып табылады.
Әрбір ұлттың өзіндік менталитетін, когнитивті
түсінігін, сана-сезімін, өзіндік жаратылысы табиғатын
яғни бүкіл мәдени болмыс бітімін тілдің негізінде танып
білуге болады. Осыдан барып бірде лингвомәдениеттанудың, бірде
когнитивті лингвистиканың категориясы болып танылып жүрген концепт
терминін когнитивті лингвистиканың басты обьектісі деп тануымызға
болады.
Когнитивті лингвистика тілдік
құралдардың когнитивті теориясы – ғаламның тілдік
бейнесінің концепциялары тұрғысынан лингвистика ғылымын
бір жүйеге түсіру мен құрудың құралы.
Жеке бір сөздің толық концептісі оның
семантикалық және ассоциациялық өрісі негізінде
айқындала түседі. Сөздің семантикалық және
ассоциациялық өрісінің негізінде пайда болған
ақпараттың ішкі құрылымына когнитивті және
прагматикалық мағыналардың элементтері де енеді. Осыдан барып
«мәдени концепт» деп танылатын лексема концепт түзудегі өзінің
лексиконы, мағыналас тізбектері ассоциациялық қатынасы бар
және семантикалық өрісі қомақты номинацияларды
жатқызуға болады.
Қорыта келгенде, концепт
термині ақиқат дүниені когнитивті тұрғыда
тануға ғаламның тілдік бейнесін түсінуге
мүмкіндік береді. Адамның жекелеген немесе жалпытілдік
ұжымының лингвистикалық
қоғамдастықтың ғаламды тану арқылы
ғасырлар бойы жинақталған болашақта өз
жалғасын таба беретін білім жүйесінің жиынтығы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1
Байғұтова А.М. «Қазақ әйелі»
концептісінің этномәдени сипаты. Фил. ғыл. док. дис.
авторефераты. – Алматы. 2008.
2 Вежбицкая А. Язык. Культура. Познание. – М.: Русские словари,
1996.– 416с.
3 Никитин М.В. Лексическое значение в
слове и словосочетании. – Владимир: ВПИ, 1974.– 224 с.
4 Степанов
Ю.С. Константы. Словарь русской культуры. – М.: Академический проект, 2001.–990 с.
5
Нелюбин Л.Л. Толковый переводоведческий
словарь. – М.: Флинта: Наука, 2003.–320 с.
6 Дворецкий И.Х. Латинско-русский словарь.– Москва: Русский
язык, 1976.–1096 с.
7 Постовалова В.И. Роль человеческого фактора в языке: Язык и
картина мира. – М.: Наука, 1988. – 216с.
8 Күштаева Т.М. “Тары”
концептісінің семантикалық құрылым мен
лингвомәдени мазмұны: филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы:
Тіл білімі институты, 2002.– 192 б.
9 Жапақов С. Эпикалық фразеологизмдердің
когнитивтік негіздері: филол. ғыл. канд. ... автореф.:19.09.03. –
Алматы: Тіл білімі институты, 2003. –28
б.
10 Елемесова Ш. Көркем
мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттары
(Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” романы бойынша): филол. ғыл. канд. ... автореф.:
10.10.03. – Алматы: Тіл білімі
институты, 2003.– 27 б.
11 Ислам А. Тілдік дүние суреті: «концепт» және
«ұғым» //С.Аманжолов және қазіргі қазақ
филологиясының өзекті мәселелері» атты
халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары.
–Алматы, 2004.- 439-445 бб.