М.Дүйсенов – Жамбылтанушы

 

Жанбершиева Ұ.Н

ф.ғ.к., профессор

Айтбаева Айман Ералықызы

ф.ғ.к., доцент

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

 

           Қазақ әдебиеттану ғылымының қарқынды дамып, оны зерттеу кеңес дәуірінің 40-50 жылдарында басталды. Осы кезеңде қазақ әдебиетін түбегейлі түрде зерттеуді  қолға алған: Н.төреқұлов, Ғ.Тоғжанов, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин т.б. болды.

          Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу жұмысына осыдан кейін бір буын, бір лек келіп қосылды. Олар: Т.Кәкішов, Р. Бердібай, А.Нұрқатьов, Ш.Елеукенов, М.Дүйсенов зерттеулері өз алдына биік тұрды. Ғылым әлеміне ерте араласқан ол 25 жасында ғылым кандидаты  атанып, әдебиеттану ғылымында нақты-нақты тұжырымды ойларын ортаға салған ғалым болатын.               М.Дүйсенов – халық ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым. Ол «фольклор» мен «халық шығармасы» деген ұғымның арақатынасын, мән мағынасын ашып береді. Ал қазақ поэзиясын дамытуға үлес қосқан халық ақындары Жамбыл, Кенен, Нұрпейіс т.б. халыққа танытуда да біршама еңбектер атқарған. Осы орайда академик Т.Кәкішовтың: «Мырзабек «ауыз әдебиеті» деген жалпы ұғымды ғылыми тұрғыдан нақтылау қажет екенін айқын сезінді. Бұрынғы  қалыппен бәрін жалпы  бір шаңырақтың-ауыз әдебиетінің аясына тыға салмай, фольклорлық туындыларды өз алдына, сонау қазақ хандығынан бері өзінің аты-жөнімен белгілі болып келе жатқан ақын жырауларды өз алдына жеке-дара қарастырылып, қазақ әдебиетінің өзіндік даму ерекшелігі-деп табу жөнінде жаңа концепция ұсынды»,-дейді. [1.11]

                Мырзабек Дүйсенов ақын мен жырау, халық ақындарын саралай келе, суырып салма ақын мен жаршылық дәстүрдің біте қайнасып келе жатқанын ірі-ірі ғылыми еңбектерінде дәлелдейді.

                Т.Кәкішовпен бірігіп жазған «Ұлы октябрь шуағы», «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты», «Жамбыл Жабаев творчествосы» атты ұжымдық монографиясында зерттеушінің терең білімдарлығы, айтатын ойын нақты айта білетіні айқындала түскен. Ғалымның 1972 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін ғылым академиясында «Жамбылтану» бөлімін басқара отырып, халық ақындары және Жамбылдың әдеби мұраларын жинап, бастырды. Жамбыл шығармаларын алған зерттеуші орыс фольклористі Ю.М.Соколов болатын. Ол өзінің  1988 ж. «Русский фольклор» деген еңбегінде дағыстандық Сүлеймен мен Жамбыл мұрасы туралы жазып, Жамбылдың табиғи дарынын аса жоғары бағалайды. Ал қазақ ғалымдары: С.Мұқанов, М.Әуезов, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Е. Ысмайлов, М.Ғабдуллин, О.Нұрмағанбетова, М.Жолдасбеков т.б. Жамбылтануға үлес қосты. Бұл тұста  біз М.Дүйсеновтың Жамбыл ақынды зерртеудегі ерекшелігіне тоқталмақпыз. 1989 жылы «Ж.Жабаев творчествосы» атты ұжымдық монографияның «Жамбылтану өрісі» атты бірінші және «Жамбыл айтыстары» атты бөлімін Жамбылдың халық ақыны, суырып салма өнердің майталманы, айтыскер, дастаншыл, жыршы, өнерпаз екеніне алдымен өзі тәнті болып, сол қабылдаған әсерін көпшілікке ғылыми негізде жеткізуге тырысқан. Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің айырмашылығы нақты аналитикалық ойлау жүйесінде беріледі.

                Осы сөзіміздің орайында оның халық ақындары ұстаған негізгі үш саланы:

1.                     Өлең, тақпақ, терме, толғау

2.                     Эпикалық дастан

3.                     Айтыстар,- деп саралап беруінде еді.

                Зерттеуші көзінің жітілігі сонда Жамбыл жырларын екі кезеңге қазан төңкерісіне   дейін және қазан төңкерісінен кейін деп бөліп қарастыруында.

                Жымбыл жырларының  төңкеріске дейінгі жайын ғалымдар С.Садырбаев, М.Жолдасбеков, Е. Естаевтар зерттегені белгілі. Десек те, М.Дүйсенов нақты деректер мен дәлелдемелерге сүйене отырып, ел арасына жиын тойда өлең айтып, белгілі болған Жамбыл жырлары толық елге ауызба-ауыз ғана 1913 жылы патшалы Россия Романовтардың таққа отырғанына үш жүз жыл толған мерекесін  тойлады.

                Осы мерекені тойлауда жер-жерден жиындар өткен, ол жиын Жетісуда, Верныйда өтеді. осы көрмеге Жетісу облысын ең белгілі ақын ретінде Жамбылдың шақырылғанын айтады.

                Ал 1916 жылғы Жетісу шаруаларының ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларды және оны жақтаушыларды жергілікті әкімдер түрмеге жапқан. Сол түрмеге қамалғандардың ішінде Жамбылдың да барын сөз етеді.

Жоғарыдағы екі оқиғаның дәлдігін фото-сурет арқылы нақтылаған. Халық ақыны Жамбылдың өмірбаяндық деректерін ақынның өз аузынан және замандастары айтқан естеліктер  бойынша анықтап жазған, бірнеше өлеңдеріне текстологиялық салыстырулар да жасай білгенін айтуымыз керек. Белгілі ғалымдар:  М.Әуезов,  М.Қаратаев,  С.Бегалин, Қ.Әбдіқадыровтар естелігінде айтылған пікірлерді  ғылыми жүйеде ұсынуы өте игілікті жұмыс екені сөзсіз. Бірақ ғалым бұл тұста айтылмай келген кейбір жайлардың бетін ашады.  Мәселен, М.Әуезов  Жамбылдың «Менің бақытым», «Менің өмірім» атты өлеңдерін Қ.Әбдіқадыровтан жазып алғандығын айтады. С.Бегалин «Жыр алыбы»  естелігінде Жамбыл өміріне  байланысты тың деректер береді. Ал М.Қаратаев Жамбыл шығармаларын орыс тіліне аударғандығы жөнінде  де мағлұматтар береді.

                С.Мұқанов Жамбылдық ақындық болмысын ашатын естеліктерін ақынның  өз аузынан жазып алып хатқа түсіргенін және айтылған пікірлер нақтылы фактілермен дәлелденіп отырады. Ә. Тәжібаев Жамбыл жырларын үкімет тапсырмасымен хатқа түсірген. Е.Ысмайылов зерттеулерінде Жамбылдың ақындығы жайлы сөз қозғалған. 1937 жылы грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдық мерекесіне орай Жамбылдың  қатысқаны туралы да деректер мол.

«Жамбыл жырларының қашан, қалай туғаны, олардың хатқа түсіп, жариялануы және  ертеде шығарылған өлең-жыр, толғау, дастандарыдың жиналып, жеке-жеке жинақ болып  басылуы-Жамбылтану саласының өзекті бір мәселесі. Әр басылымда ұстанған ғылыми шарттар, текстологиялық жұмыс, түсіндірмелер беру бағдары да осы салаға жатады»,-дейді М.Дүйсенов. [6.19]

                Ғалым нені жазса да, тұшымды түрде нақты деректерге сүйене отырып, дәлелді сөздерді молырақ беруге тырысады. Жамбылтануды жеке ғылымға айналдырып, мәніне үңіліп, ашылмай жатқан тұстарын терең таразылап, өсу жолы  жайында да хабардар етеді.  Жамбыл шығармашылығын  зерттеуде үш түрлі жәйтке көңіл бөледі:

1.                     Ж.Жабаевтың өмірбаянына қатысты деректерді жүйелеу.

2.                     Ақын шығармашылығының жанрлық, тақырыптық ерекшеліктерін ашу.

3.                     Жамбыл шығармаларының зерттеу деңгейі және хатқа түсуі, баспадан шығару мәселесі.

Ж.Жабаевтың 1934 жылы Қазақстан жазушыларының 12 маусымда Алматыда өткен тұңғыш сьезіне шақырылып халық ақыны ретінде құрметтеледі.

                1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің 10 күндігіне қатысып, Қазақстан халқының өнерін паш етеді. Осыдан кейін Жамбылға арнайы әдеби хатшы етіп, Қ.Тоғызақовтвы белгілейді. Кейін бұл міндетті Қ.Әбдіқадыров, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Сатыбалдиндер атқарған. М.Дүйсенов толық деректермен жүйелеудегі зерттеулері жетелеген ойлармен, тиянақтылығымен ерекшеленеді. Ғалым халық ақыны шығармаларының зерттелуін екі кезеңге бөліп қарастырған 1930 жылдардың екінші жартысынан бастап Жамбыл шығармашылығы арнайы зерттеле бастады. 1946 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойы аталып, толық жинағы шығарылады. Жинақтың кіріспе сөзін С. Мұқанов жазып, С.Бегалин, Ә.Тәжібаевтар құрастырған дей келе бұл зерттеудің бірінші кезеңі екенін дәйектеген. Ж.Жабаев шығармаларының зерттелуінің екінші кезеңі 1960-70 жылдар. Бұл кезеңде оның ақындық ортасы және бірнеше естеліктер жазылған. С. Бегалин «Сахара сандуғаштары» (1976), К.Сейдаханов «Қазақтың  Ұлы Отан соғысы кезіндегі халық поэзиясы» (1974) Н.Төреқұлов «Жамбыл мен Кенен»  (1978) Майкөт, Қабан, Сүйінбай, Бақтыбай Қырғыз ақындары: Арыстанбек, Қатаған т.б. сиықты ақындық ортасы болған. Олардың бір-біріне зат, ықпалы айтылған. Жамбылдың айтыс өміріндегі орнын және айтысқа, үлкен мән беріп, Жамбылдың қосқан үлесін белгілейді. Ақынның айтыстарын мезгіліне қарай, екі жүйеде қарастырған. Біріншісі-жас шағында, екіншісі-есейіп егде тартқан кезі. Бірінші жүйе-Сайқал қыз, Жаныс ақын, Бөлектің қызы, Бақтыбай Бұрым қыз, Айкүміс, Сара т.б.

                Екінші жүйе-Құлманбет, Бөлтірік, Майкөт, Сарбас, Шашақбай т.б. ғалым Жамбыл айтыстарын ақынның өз аузынан не замандастарынан жазып алынғандығы, сол себепті мәтіндік өзгерістер көп кездесетінін айтады. Бұрын қызбен айтысын  өзінен жазып алса, Сайқал қызбен айтысын Желдібайұлы Амангелдіден жазып алған, Құлманбетпен айтысын шәкірті Үмбетәліден жазып алынғанын, дара өнерпаздық өрісін айқындай түскен.

                Жамбыл айтыстарын тақырыбы жағынан тұрмыс-салттық және әлеуметтік деп бөліп қарастырады.

Кеңес дәуірінде Жамбыл айтысқа қатысқанмен, сөз сайысына түспеген, көбіне төрелік айтқан дейді. 1919 жылы Алматыда өткен тұңғыш айтыста Жамбыл ашып, Нуриламен бірнеше ақын түскен айтысқа төрелік жасаған,  1943 жыл айтысты арнау өлеңмен ашқанын айтып өтеді.

М.Дүйсенов Жамбылдың –қазақ айтыс өнерінде айтулы сөз қалдырғаны арқылы ақын екенін, оның айтыстарын, өлеңдерін жинағын, жазып алған әдебиет жанашырлары туралы, тектологиялық өзгешеліктерге үңіле түскен. Әдебиеттану ғылымында Жамбыл ақын шығармашылығы, өмірі туралы біршама толымды тоқтам, дерек, дәйектер болғанмен, белгілі бір кезеңнің айтулы өнерпазының әдеби мұрасын, көркемдік тұжырым, жанрлық сипаттар, басылым сақталу, ғылыми негіздеу тарихи тұрғысынан арнайы зерттеген.

                Мырзабек Дүйсенов Жамбыл шығармаларының жарық көруі кеңес дәуірінің 1920-30 жылдары деп, мысалдар келтіреді.

1925 жылы Ташкентте шыққан «Терме» атты әдеби жинаққа Шамғали Сарыбаевтың дайындауымен баспасөзде алғашқы шығармалары жариялаған. 1931 жылы С.Сейфуллин «Қазақ әдебиетінің ескі нұсқаулары» деген еңбегінде Жамбыл туралы мағлұмат беріп, Құлманбетпен айтысын енгізген. Ал тұңғыш жинағы 1937 жылы «Өлең жырлар» деген атпен шығып, алғы сөзін М.Қаратаев жазған ауқымды зерттеу арқылы зерделенеді. М.Дүйсеновтың Жамбыл жайлы зерттеулері мен тұжырымдары бүгінгі таңда да өз құнын жоғалтқан жоқ, қайта кейбір ойлары әлі күнге әдебиет зерттеулерінің алдында тұрған өзекті мәселелердің бетін ашады. Мысалы Жамбылдың ақындық ортасы, өзі тұтас Сарбас, Құлманбет, Қуандық, Қожантай, Досмағанбет, Тілеуқабыл т.б. туралы толық мағлұматтар жинау. Сол сияқты Жамбылдың шәкірттері Кенен, Саяділ, Өтеп, Әбдіғаппар ұстаған дәстүр мен жалғастық ғылыми негізде зерртеуін күтіп тұр деген. Кейін бұл ақындар жөнінде М.Жолдасбеков біршама жазды. Мырзабек Дүйсеновтің Жамбылтануға қосқан сүбелі үлесі, танымдық-ғылыми еңбектері нақ осындай қажетті сипаттарының айқындылығымен дәйектеледі. Жазушы Ә.Нұршайықов естеліктерінде: «Махаббат, қызық мол жылдар» романында Мырзабектің бойындағы барлық қасиеттерді: адамгершілігін, адалдығын, әділдігін, азаматтығын, ақындығын, өнерпаздығын, ғылымға икемділігін толық көрсетуге тырыстым. Ал, Мырзабек атақты ғалым, білікті, белді жазушы болып шықты. Ол жазған «Қалыңдық», «Ана махаббаты», «Гулжан сүйеді», «Меймандар», «Ант», «Үміт» т.б. кітаптар қазақ әдебиетінің асыл қорына қосылды. Мырзабектің екі томдық күнделігі жарыққа шықты. Қазақ әдебиетінде Мырзабектен басқа ешбір жазушының күнделігі жеке кітап болып басылған емес,-дейді.

Міне, Мырзабек сияқты ғалым, жазушының қызметін ғылым айналымға түсіріп, зерттеудің де кезі келген сияқты.

Кезінде, М.Дүйсенов халық ақыны Жамбылдың әдеби мұраларын зерттеп, зерделесе, бүгінгі әдебиет зерттеуші ғалымдар оның өзін, ғылымға енгізген жаңалықтарын зерттеуі қажет.

М.Дүйсенов зерттеулерінде нақтылы бір дәуірдегі қазақ поэзиясындағы бағасы беріліп, келешек ұрпаққа үлгі боларлық рухани құндылығын жүйелі зерттеу арқылы айқындала түскен.

 

Түйіндеме: Мақалада М.Дүйсеновтің Жамбыл Жабаев туралы зерттеулері, әдеби, теориялық тұрғыдан талданады. Жамбылдың өмірбаяндық деректері, өлеңдерінің тақырыптары, айтыстарының ерекшелігі сараланады. М.Дүйсеовтің жамбылтануға қосқан үлесі айқындалады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.                     Е.Есмайылов. Ақындар-Алматы: ҚМКӘБ, 1956-228 б.

2.                     С.Сейфуллин. Қазақтың ескі әдеби нұсқалары. Алматы-1931.

3.                     Ә.Нұршайықов М.Дүйсенов туралы естеліктер. Алматы 2007.

4.                     М.Дүйсенов.и Шығармалары. 2 том. Жырлар мен сырлар. Астана: Фолиант, 2009-368 б.

5.                        М.Жолдасбеков. Асыл арналар. Алматы. Жазушы: 1990-347 б.

6.                     Ж.Жабаев творчествосы. Алматы: Ғылым, 1989-272 б.