пед.ғыл.магистрі Жагипарова
М.М.
«Тұран» университеті,
Қазақстан
Қазақ тілді емес аудиторияда қазақ тілін үйретудегі Мәтінмен жұмыс
Abstract
In the article discussed the value of working with
text at Kazakh language lessons in with non-Kazakh
language learning. The author expresses his own judgments and conclusions,
justifying their specific examples, and references.
Резюме
В статье рассмотрено значение работы с текстом на
практических занятиях по казахскому языку в аудиториях с неказахским языком обучения
Автор высказывает собственные суждения и выводы, обосновывая их конкретными
примерами и ссылками.
Түйіндеме
Мақалада қазақ тілді емес
аудиторияда мемлекеттік тілді
меңгеруде мәтінмен жұмыстың маңыздылығы
қарастырылады. Автор өзіндік пайымдар мен тұжырымдар жасайды.
Олар сілтемелермен, нақты мысалдар және жаттығулармен
дәйектелінген.
Түйінді
сөздер: Мəтінмен жұмыс, тілдің дамуы, тілдесім арқылы
оқу, жазу, тыңдау, сөйлеуге үйрету, сөздікпен
жұмыс.
Қазақ тілді емес аудиторияда
қазақ тілін үйретуде, ҚР жалпы білім берудің мемлекеттік стандартында
көрсетілгендей, олардың
сөйлеу мәдениетін және де жазба тілін дамытумен қатар
ой-өрісін, дүниетанымын қалыптастыру барысында қазақ халқының
әдет-ғұрпын, тарихын, тілін құрметтеуге
тәрбиелеу, сөйтіп студенттердің қарым-қатынас
біліктілігін қалыптастыру және дамыту басты назарда болуы тиіс. Орыс тілді дәрісханада оқытылатын
қазақ тілі пәнінде түрлі
әдістерді пайдалана отырып студенттерді
қазақ тілінде сөйлеп, жаза білетін дәрежеге
жеткізу мақсатын жүзеге асыру жолдары әрқашан
зерттеушілердің зерттеу нысаны болып келеді. Орыс тілді дәрісханаларда қазақ тілі
сабағын жүргізу мәселесі Ш.Х.Сарыбаев, И.В.Маманов,
Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаев, Ф.Р.Ахметжанова, Ш.К.Бектуров, К.Сариева,
А.Жүнісбеков, М.Жанпейісова, Ф.Оразбаева, Т.Аяпова т.б. ғалымдардың зерттеулерінде кең
көрініс тапқан. Оларда, негізінен, тілді
оқытудың ұтымды әдістері ретінде қатысым
әдісі алға шығарылады.
Қазақ тілін өзге
ұлт өкілдеріне меңгертуде отандық ғалымдар
әлемдік әдістеме ғылымы кеңістігіндегі екінші тілді
оқыту тәжірибесіне де бағдарланады. Мысалы, Е.И.Пассов
қарым-қатынас жасауға қатысымдық жолмен
оқытудың бес ұстанымын ұсынады: «1) Сөйлеу – ойлау
белсенділігі ұстанымы; 2) Дараландыру ұстанымы; 3) Функционалдық
ұстанымы; 4)Жағдаят ұстанымы; 5) Жаңашылдық
ұстанымы»[1].
Қазақ тілін оқытудың тиімді
әдістері туралы айтқанда, қатысымдық әдіс
туралы айту көкейкесті мәнге ие. Тілді жылдам әрі сапалы меңгеруге
және оны кез келген ортада еркін тілдік қатынасқа
түсе алатын дәрежеде қолдана алуға жеткізетін – осы
қатысым әдісі. Қазақ тіл білімінде
қатысымдық әдістің негізін қалаған
профессор Ф.Оразбаева «Қатысымдық әдіс дегеніміз –
оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы
жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін
қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың
жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын
тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы
ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» деген
анықтамаға берген.[2]. Ғалым
қазақ тілін орыс тілді дәрісханада оқытудағы
қатысымдық әдістің құрылымдық
жүйесін құрайтын оқылым, тыңдалым, жазылым,
айтылым сияқты сөйлеу әрекеттерін тілдесім үрдісімен байытты:
Тыңдалым – «есту арқылы
түсіну». Бұл термин қатысым үстінде айтылған немесе
техникалық аппараттарға жазылған аудио-мәтіндегі
сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде
қабылдау.
Оқылым – графикалық
таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер
мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың
нәтижесінде қабылдай отырып, одан қажетті деректі
түсініп, сұрыптап алу.
Айтылым – адамдар арасындағы
тілмен түсінісуді жүзеге асыратын сөйлесім
әрекетінің бір түрі.
Жазылым термині – «жаза білу», «ойыңды
басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде
сауатты жеткізе білу» дегенді білдіреді.
«Тілдесім – адамдардың
қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл
арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара
пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да,
жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы» Тілдесім –сөйлесім
әрекетінің барлық түрлерін қамтитын ерекше
құбылыс. Ол тілдік қатынастың ең маңызды
көрсеткіші бола келіп, оқылым, жазылым, айтылым,
тыңдалымның іс жүзінде қолданылуына мүмкіндік
жасайды. Тілдесім арқылы оқу, жазу, тыңдау, сөйлеуге
үйрету жүзеге асады. Тіл
үйренуші қатысым әрекетінің барлық түрлерін
толық меңгерген кезде ғана өз дәрежесіндегі
тілдесімге қол жеткізе алады. [3] Мен өзімнің
қазақ тілін екінші тіл ретіндегі оқыту тәжірибемде Ф.Оразбаеваның
сөйлеу әрекеттері жүйесінің тиімділігіне көз
жеткіздім.
Мәтін – коммуникативтік бірлік. Оқу
мәтіні әр уақытта белгілі бір ақпаратты жеткізеді,
яғни ол белгілі бір тақырыпқа бағытталып, сол
тақырыптың бір бөлшегінің мазмұнын ашады.
Тақырып бір ғана мәтіннен тұрмайды, ол, көбінесе,
бірнеше мәтіндердің жиынтығы, себебі бір
тақырыптың бір ғана мәтін арқылы толық
мазмұнын ашу мүмкін емес. Яғни тақырып бойынша бірнеше
мәтіннің бір-бірімен тығыз байланыста берілуі
оқытудың дидактикалық қажеттіктерін қанағаттандырады.[4]
Мәтінмен жұмыс – сабақта өткізілетін әртүрлі
жұмыстардың жиынтығы. Олардың негізгілері:
сөздік жұмысы, сөздік қорларын байыту, ауызша сөйлей білуге
дағдыландыру, жазбаша тіл дамыту т.б. Мәтін мәліметті жеткізу
барысында қысқаша, анық, нақты болу тиіс. Мәтінмен жұмыс кезінде
мәтіннің мазмұнын әңгімелету, мәтін бойынша
сұрақтарға жауап бере білу, мәтінге ат
қойғызу, қорытынды жасауға үйрету жүзеге
асады. Мәтінмен жұмыс істер алдында міндетті түрде
мәтіндегі кездесетін таныс емес сөздермен тиянақты
жұмыс істеу керек. Студенттер мәтін мағынасын толық
түсіну үшін оның ішіндегі жеке сөздерді түсінуі
керек. Мәтіннің мазмұнын ашатын кілт сөздерді
аңғару және жеке тірек сөздерді дұрыс
қолдана білу дағдыларын қалыптастыру қажет. Сондықтан
мәтінмен жұмыс жасауда сөздік жұмысының алатын
орны ерекше. Себебі сөздік жұмысы –
тіл дамыту жұмысының бастапқы негізі болып саналады. Егер
студенттің сөздік қоры мол болса, оның
өзінің айтатын деген ойын нақты жіне толық жеткізуге
мүмкіндігі молаяды.
Сөздік жұмысын әр
сабақта тіл дамыту жұмысының негізгі түрлерінің
бірі ретінде жүргізіп отыру керек. Сөздікпен жұмыс
істегенде, қазақ тіліне
тән дыбыстары қатысқан сөздерге көңіл
аударып отыру аса мәнді. Сөздікті дәптерлеріне көшіріп
алып оны жаттатқанмен кейінірек ұмытып қалып жатады.
Сондықтан жаңа сөз үйреткенде, сөздіктегі
сөздің орысша баламасын беріп және оның мағынасын
түсіндіріп қана қоймай, жаңа сөзді естерінде жақсы сақтап қалу
үшін әр түрлі жаттығулар жүргізу қажет.
Жаңа сөзді бекіту мақсатында сол
сөзді қолдану арқылы бір-біріне сұрақ
қойғызып, оған жауап бергізіп, күнделікті
тұрмыста қолдана алатындай сөйлемдер құратып, оны
дәптерлеріне жаздырып отырса, жаттықтырып отырғызса, тіл дамыту
жұмысы тиянақты сипат алады.
Студенттер әрбір жаңа
сабақта бірнеше жаңа сөздер үйренетіндіктен, жаңа
сөздердің аудармасын берген кезде синонимдерін, антонимдерін,
омонимдерін қоса беру қызығушылықты арттыра
түседі. Сөздік жұмыстың қолданыс кезеңінде
студенттерге диалог құру тапсырмасын беріп отыру да ұтымды. Диалог – қатысымдық
әдістің жетекші түрінің бірі. Оны
құрастыру үшін бір тақырып бойынша
студенттің сөздік қорын дамыту, жаңа сөздер
үйретіп, мағынасын түсіндіре отырып, оларды жасайтын
формаларды меңгертіп, сөйлем құруға үйрету,
сөз бен сөзді байланыстыруға, ауызша ойларын жүйелі
айтуға, әңгімелеуге жаттықтыру керек. Сонда студент
сауатты сөйлеуге, қазақ тілінің грамматикасын ескере
отырып диалогты дұрыс құруға тырысады. Бұл
олардың тілін дамытады. Сөздік жұмысы арқылы
студенттің тіл байлығын молайтумен қатар, дұрыс
жазуға да дағдыландыра аламыз. Студент әр сабақ сайын
жаңа сөз үйреніп, оны сабақ барысында бірнеше рет
қайталап, жазбаша және ауызша жұмыс түрлерімен
байланыстырып, санасына берік сақтаса ғана ол сөздер
оның сөздік қорына енеді.
Тіл ұстарту жұмысын жүйелі
жүргізу үшін, ең алдымен студенттердің сөздік
қорының молайып отыруына көңіл бөлген жөн. Неғұрлым
сөздік қоры көп болса, тіл ұстарту жұмысы жедел
жүреді. Тілдесім әрекетіне жету үшін жеткілікті сөздік
қор болуы да маңызды, сөздік қоры мол адам өз
ойын екінші адамға жеткізуде қиындық тудырмайды.
Сондықтан үйренушінің сөздік қорын байытуға
үлкен мән беру керек.[5] Бұның өзі студенттің
сөздік қорын байытып, тілін ұстартуда шешуші рөл
атқаратын жұмыстардың бірі ретіндегі
сөздік жұмысы екінші тілді үйренуде қажетті саты болып саналатынын
көрсетеді.
Сөздік жұмысын
студенттердің өз бетінше атқаруын ұйымдастыру
тиімділікке қол жеткізеді. Ол үшін әр түрлі
сөздіктер пайдаланылады. Сөздіктің түрлері: түсіндірмелі
сөздік, этимологиялық сөздік, фразеологиялық
сөздік, диалектологиялық сөздік, терминологиялық
сөздік, аударма сөздік, арнаулы сөздік, синонимдік
сөздіктер. Студенттерге сөздік жұмысы арқылы
сөз және сөз тіркесімен таныстырып, жаттығу
жұмысын орындатамыз. Сөздік жұмысы кезінде тіл
үйренушінің мүмкіндігіне қарай сөз тіркестерін
сөйлемдерге, сөйлемдерді мәтінге айналдыру сияқты
шығармашылық жұмыстар қолданылады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
өзінің қазақстан халқына арналған
жолдауында мемлекеттік тілдің оқыту сапасын арттыру
қажеттілігіне ерекше назар аударды: «Халықаралық
тәжірбибелерге сүйене отырып қазақ тілін
оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары
мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді
меңгерудің ең үздік инновациялық,
әдістемелік, тәжірбиелік оқу-құралдарын, аудио –
бейнематериалдарды әзірлеу керек» – деп атап көрсетті.[6]
Мәтінмен
жұмыс жаттығуларды түрлендіріп отыруды талап етеді. Орыс
тілді дәрісхана студенттері деңгейге бөлініп оқылатындықтан
берілетін тапсырмалар студенттің біліміне
қарай беріліп отырады.
Бастауыш деңгей студенттеріне жоғары оқу орнының студенттеріне арнап жазылған
А.Ш.Бектурова мен Ш.К.Бектуровтың «Казахский язык для всех»
оқулығының 486 беттегі 6 жаттығу мәтінімен
жұмыста аудионың көмегіне сүйенеміз. Ол үшін сөз және
сөз тіркестері беріледі және онымен танысып шығу үшін парақшалар таратылады немесе аудионы
тыңдау барысында өздері дәптерге таныс емес сөздерді
жазып алып, оған сөздік дайындайды.
1-тапсырма. Аудионы тыңдау арқылы
мәтінді орыс тіліне аударыңыз.
Ертеде
қазақ халқында «билік айту» деген дәстүр
болған. Билер өздерінің бір ғана сөзімен даулы
мәселелерді шешкен. Олар ерте заманда осы күнгі соттың да,
тергеушінің де қызметін атқарған.
Қазақ
билері әділ және елге сыйлы болуға тиісті болатын. Өз
әділдігімен елге танымал болған қазақтың
атақты билері: Төле би (1663-1756 жж.), Қазыбек би (1667-1764
жж.), Әйтеке би (1644-1700 жж.). Қазақ халқының
бұл билері ел бірлігін сақтауға шақырды.[7]
2-тапсырма. Жоғарыда берілген мәтіннен «есімдіктерді», «көптік»
жалғауларын табыңыздар.
3-тапсырма. Жоғарыда берілген мәтін бойынша сұрақ
құрастырыңыз және сұраққа жауап
жазыңыз.
Мысалы, Ертеде
қазақ халқында билерге қатысты қандай
дәстүр болған?
Жауап: Ертеде
қазақ халқында «билік айту» деген дәстүр
болған.
4-тапсырма. Мақал-мәтелді
аяқтаңыз.
|
1 |
Би екеу болса – .......... |
|
елдестірмек – елшіден |
|
2 |
Жауластырмақ – жаушыдан, ........... |
|
дау көп жау көп |
|
3 |
Хан көп болса – ............ Би көп болса – ............ |
|
сөзінің болса жалғаны |
|
4 |
Әділ бидің өлгені –
........... Ғұламаның өлгені –
болмаса тәлім алғаны. |
|
дау төртеу болады |
Студенттер оқылым әрекеті кезінде өздігінен іштей
оқиды немесе аудиодан тыңдайды және мазмұнын ой мен
сананың нәтижесінде қабылдай отырып, одан қажетті
деректі түсінеді.
5-тапсырма. Жақша ішіндегі сөздер
мен сөз тіркестерін қазақ тіліне аударыңыз.
Төле би – (общественный деятель
казахского народа, известный оратор). Төле би 15
жасында билікке араласып, (стал известен народу
своей справедливостью и ораторскими способностями).
Қазыбек би – (непревзойденный отатор,
судья, дипломат международного значения, общественный деятель).
Әйтеке би (во времена правления
хана Есима) Жалаңтөс батырдың немересі. Әйтеке бидің ел
арасында (широко распространенных стихотворений-размышлений, коротких рассказов) өте көп.
6-тапсырма. Асты сызылған сөздерді (төменде берілген схема бойынша) орыс
тіліне аударыңыз және анықтама беріңіз.
1) би – көсем,
2) би – шешен, 3) би – ақын, 4) би – заңгер, 5) би – елші, мәмілегер, 6) би – жүрек жұтқан батыр, 7) би – саясаткер, қоғам қайраткері,
8) би – ойшыл, ғалым, 9) би – психолог, 10) би – тәрбиеші.
1)Қазақ халқының атақты билері көсем болған.
Мысалы,
«Көсем» сөзі орыс тілінде «вождь». Ал көсем
сөзін саяси жетекші, халық үшін маңызды жағдайларда шешім
қабылдайтын құқысы бар, ең беделді
тұлға деп түсінеміз. Көсем – көпті көрген, яғни, «көре-көре көсем
болған», көкірек көзі қиядағыны шалатын, ойы
орамды, болашаққа болжам жасай алатын, әрдайым халық көңілінен
шығатын жан.
2) Қазақ халқының атақты билері шешен болған.
Мысалы, «Шешен» сөзі орыс тілінде .......
7-тапсырма. Көп нүктенің орнына тиісті сөздер мен сөз
тіркестерін қойыңыз.
|
Мейірімді – ...... |
Тірек сөздер: ·
Отан қымбат, ·
әкең қымбат, ·
атаң қымбат, ·
анаң қымбат, ·
елің қымбат |
(Қазыбек би) |
|
Құт берекең – ....... |
||
|
Алтын ұяң – ...... |
||
|
Асқар тауың – ...... |
||
|
Туып өскен ....... |
|
Ашу деген ........ Алдын
ашсаң арқырар. |
Тірек сөздер: ·
сөз қуыспау, ·
олжаға, ·
ағын су, ·
бәлеге, ·
дария |
(Әйтеке би) |
|
Ақыл деген ....... Алдын тоссаң тоқырар. |
||
|
Кісі бірге туыспау керек, Туысқан соң, ............ керек. |
||
|
Сөз қуған ............. жолығады, Жол қуған ............ жолығады. |
|
.........
жаумаса жер жетім, ........
болмаса ел жетім, Ұқпасқа
айтқан ....... жетім. |
Тірек сөздер: ·
балаң ·
қызың ·
сөз ·
пырағы ·
басшы ·
жаңбыр |
(Төле би) |
|
......... жақсы болса, Жан мен тәннің шырағы. |
||
|
............ жақсы болса, Жайқалып өскен
құрағы. |
||
|
Атың жақсы болса, Ер жігіттің ........ |
Жоғарыда берілген тапсырмалар бойынша тест беруге
де болады.
Бұл айтылғандар қатысымдық
технологияның бір құраушысы болып табылатын мәтінмен
жұмыс қазақ тілді емес дәрісханада студенттердің қазақ тілінде еркін сөйлей білу
дағдыларын қалыптастырып, өз
ойын басқаға түсіндіре алатын, біреудің айтқан
сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізуде
өзектілікті екенін айғақтайды.
Сонымен мәтінмен жұмыс оқылым дағдысының
негізгі тетігі болумен бірге ол сөйлеу әрекетінің
барлық түрлерінің қолданыс табатын тұсы деп
тұжырым жасауымыз толығынан негізді деп есептеймін.
Қорыта айтқанда, мәтінмен жұмыс сабақта студенттердің
сөйлеу тілдерін арттыруда тұғырлық қызмет
атқарады деген қорытындыға келеміз. Қарым-қатынас,
араласу, хабарласу, байланысу деген мағыналардағы тілдің
әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін
көрсететін сипаттарына үйретуді көздейтін тілдік
қатысым технологиясының осынау мақсатының жүзеге
асуында маңызды болып табылатын мәтінмен жұмыс әлі де
болса жан-жақты арнайы зерттеуді қажетсінеді.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Пассов Е.И. Основы
коммуникативной методики обучения иноязычному общению.
– Москва, 1989.
2.
Ф.Ш.Оразбаева. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. – Алматы: 2000 ж. 256 б.
3.Ф.Ш. Оразбаева.
Тілдік коммуникация негіздері. – Алматы: «Рауан» баспасы, 1995.
4.Н.Қ.Мұхамадиева.
Студенттердің коммуникативті дағдысын қалыптастыру // Қазақ
тілі: әдістеме. Республикалық ғылыми-әдістемелік
журнал. 2006 ж., №1, 29-32 б.
5.«Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде»
республикалық ғылыми-педагогикалық басылым, 2007 ж., №8,
24-25 б.
6.Н.Ә.Назарбаев.
Қазақстан халқының әл – ауқатын арттыру –
мемлекеттік саясаттың басты мақсаты. Қазақстан
Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
халқына Жолдауы. – Астана. «Ерорда» баспасы, 2008 ж.
7.А.Ш.Бектурова.,
Ш.К.Бектуров. Казахский язык для всех. –Алматы: 2004. «Атамұра» баспасы. 486
бет.
8) http://kz.otyrar.kz/2012/12/bi-degen-kim/
23.12.2012