М.Дулатов публицистикасындағы ел  жайы

 

Айтбаева Айман Ералықызы

ф.ғ.к.,доцент

Әбілқасым Бақберген

К-14-1 оқу тобы студенті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

Бар ғұмырын қазақ елінің азаттық алып, еркін ел болуына арнаған алаш ардақтысы М.Дулатовтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. ХХ ғасыр басында қазақ даласында екі ағымның болғаны анық. Бірі –панисламдық ағым, екіншісі- негізінен батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Екінші ағымның басында Ә.Бөкейханов бастаған орыс мектептерінен тәлім алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрды. Солардың қатарында Шығыс пен Еуропаның  әдебиетін жетік меңгерген, ел ісіне ерте араласқан, қазақтың белгілі зиялылары Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлының мектебінен өткен М.Дулатов «Оян, қазақ» жинағында отарлық езгіге қарсы күреске шақырып, халықты ояту идеясын ашық көтерді. М.Дулатов Отан тарихы, оның даңқты хандары мен ержүрек батырлары, шайырлары мен ғұламалары жайындағы «Хан Абылай», «Алаш Орда», «Хазірет Сұлтан», «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов», «Он алтының ойраны.1916 жыл», «Қазақ зиялылары», «Қазақ-қырғыздың ата тегі туралы», «Қайтсек жұрт боламыз», «Алашқа» атты зерттеу еңбектерінде ұлы дала тарихын зерделеді. Ол: «сөз өнері, асыл сөзіміз қазақ елінің тарихы, жаны болуға тиіс»,- деп мақсат қоя отырып, осы ұлы істі өз дәрежесінде орындап, ұрпақ алдындағы парызын асқан жауапкершілікпен атқара білген тарихи тұлға.«Елінің тарихын жоғалтқан жұрт, өз тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді. Келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өз тарихын жоғалтса, оның артынша өзі жоғалуға ыңғайлы болып тұрады»\1,256\ деген М.Дулатов  «Оян, қазақ» ұранын тек өлеңімен ғана емес, тарихи маңызды зерттеулерімен де айғақтап берді.

Хан Абылай жайындағы мақаласында («Айқап»,1912,№12) кейбір тарихшыларымыз да біле бермейтін тың деректер береді. Олардың қатарында: «Абылайдың қай жерде, қалайша опат болғаны, Қызылжардағы Абылай ханның ақ үйін қандай мақсатта, кім салғандығы, Абылайдың Самарқанттан  көк тасты қаздырып алуы» жайлы ауызша тарих айту дәстүрімен бізге жеткен жайлар. «Атағы жер жарып шыққан Абылай ХУІІІ ғасырда дүнияға келіп, Көкшетау деген жерде 48 жыл хан болып тұрыпты. Бұл күнге дейін қазақ жұртында Абылайдың анық ата жөнін білмеуші едім. Себебі әр заманның оқиғасы өз тұсында жазыла келіп, жиналған тарихымыз жоқтықтан, тілден тілге сөйленіп келуінше, қарылар Абылайдың ата тегі туралы: Бір заманда «Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт» деген ел келіп, қырық жылдай Бұқараны билеп тұрған Әбуәлпейіс ханды өлтіріп, Бұқараны шауып алған соң, Сүйеніш хан деген Әбуәлпейістің бір баласы басшы болып, туысқандары мен балаларын ертіп «Қарсы, Ғузарға» қашып кетеді. Сол Сүйеніш ханның бір баласы он екі жасар Абылай екен. Шын аты- Әбілмансұр. Жас та болса  саналы Абылай: «Өз қорлықтан сарт қорлық, сарт қорлықтан жат қорлық» деп жаяу қашып шығып, Түркстандағы тұқымдасы Әбумәмбет деген кісіге жалшы болады. Онан қорланып үйсін Төле бидің түйесін бағады. Мұнда да бой тасалап тұра алмай , Сарыарқаға келіп атығай Дәулеткелді байдың жылқысын бағыпты. Төре баласымын деуге арланып, затым «сарт», атым «Сабалақ» дейді екен. Бір жерге де тұрақтай алмай жүргенде жасы жиырмаға жетеді»\2,219\. Осылайша Абылайдың алғашқы ерлік істері, Абылайлап атқа отыруы,хан болып таққа көтерілуі бірізділікпен баяндалады. М.Дулатұлы қазақтың ауызша тарих айту дәстүрі турасында айта отырып, ұрпақтан - ұрпаққа тарихымызды зерделеуде маңызды рол атқарғандығын дәйектейді. Естіген деректерін әдеби мәтіндермен толықтырады. Бүгінде қазақ қоғамында  ауызша тарих айту дәстүрінің қалыптасуы үшін қажетті алғышарттардың барлығы да болды деп айта аламыз. Ә.Қоңыратбаев ғылыми әдебиетте ауызша тарих айту дәстүрі белгілі бір халықта, тек мынадай жағдайда ғана болатындығы айтады. Халық есінде халықтың өткен кезеңі туралы мәліметтер мен білімдер жиынтығы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа бір ізділікпен жеткізіліп отырғанда ауызша тарих айту дәстүрі болған. Қазақ фольклорының бізге дейін жеткен бай туындылары, тарихи әңгімелер, тарихи жырлар, дастандар ауызша айтылып қалдырылған шежірелер қазақ халқының есінде өзінің өткені туралы мәліметтер мен білімдер жиынтығының сақталып, белгілі бір жүйе бойынша қазіргі заманға жеткізілгенін дәлелдейді. «Қазақ қоғамында ауызша айту дәстүрі арқылы өткен заман туындыларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын арнайы адамдар болған. Оларды айтушыларды үш топқа бөлген: айтушылар, жыраулар, ақындар. Ертегі, ұсақ салт жырларын көпшілік ортасында жай айтушылар бастаған. Ертегі, ұсақ салт жырлары отбасылық шеңберде пайда болып, этнос тайпалары бой түзеп, өзінің елдік тәуелсіздігі үшін күресе бастаған кезде туады. Жай аутушылар енді маман айтушыларға айнала бастайды. Түрік-монғол тайпаларында алғашқы маман айтушылар бақсылар болған. ХУ-ХУІ ғасырларда солардан жыраулар бөлініп шығады»\2,100\.

М.Дулатов  тарихымызды ауызша жеткізушілер арқылы жеткен  ел тарихы туралы деректерді  Бұқар, Жанақ, Орынбай, Арыстан секілді ақын-жыраулар өлеңдері арқылы нақтылайды. Хан Абылайдың оң жағынан ай, сол жағынан күн туып, сүйегіне хандық әбден сіңіп, жұртты билеп тұрған шағында Заманындағы бір жыршының айтқаны екен деп (бірақ Бұқар жырау есімін атамайды) бірде Бұқар жыраудың:

...Сен жиырмаға жеткенде, Ақсұңқар құстай түледің,

Алыстан тоят тіледің, Қылышыңды тасқа біледің.

Алмаған жауың қоймадың, Ақтан болды күніңіз.

Ғаршы менен күрсінге, Тайталасты үніңіз... \2,221\десе, енді бірде кеше Кенесары заманында шыққан Толыбай бидің баласы Арыстан ақынның айтқаны да бар:

Қылады Макаржада байлар сауда,

Топ бұзар батыр жігіт қалып жауда.

Сұрасаң Абылайдың тұрған жері-

Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда»\2,220\,- деп көрсетеді.

         Қазақтың ханы Абылайдың жас күнінде қара қалмақтардан қазақтың кегін алып, Абылайлап атқа қонғаны, хан етіп халқының хан көтергені, Көкшетау деген жерде 48 жыл хан болып тұрыпты деген дерек Арыстан ақынның да жыр шумақтары арқылы дәйектелген. Біз  Бұқар жырауды жақсы білгенімізбен Толыбай бидің ұлы Арыстан есімін Мағжанның айтуымен таныспыз.  Көкшетаудай қасиетті өлкені, Абылай хан ордасы, сол өңірдегі небір ақындар жайлы, оның ішінде Толыбай бидің ұлы Арыстан ақын жайлы деректі  М.Жұмабаев «Ақан сері» мақаласында ерекше бір тебіреніспен атап өтед:. «Абылай хан ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау – Алаштың ақындығының да ордасындай жер еді» деп осы өлкеден шыққан ақындарды атап өтеді: «Кең сабаның қорындай Бертағынның баласы –Орынбай, екі аяқты адамның ділмары, улы тілді –соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, үні зарлы- атығай соқыр Тоғжан, аспанға өрлеп ән шырқайтын- Біржан сал, өмірі ертегідей Ақан сері – осылардың бәрі сол күңіреген Көкшенің маңайында туып өскен ақындар»\3,194\.

Екінші бір мәселе хан Абылайдың қайда, қалайша қайтыс болғандығы жайлы баян. Біз үшін белгісіз деректің бірі. «Абылай хан Самарқандқа елші жіберіп: «Ұрыс –жанжалым жоқ, жұртқа амандасып, әулиелерді зират етіп қайтамын»,-депті. Ел ханды қуана қарсы алады. «Абылай ханның көк тасы» деген түсінік осы ретте беріледі: «Абылай хан қайтарында өзінің басына қойдыртуға Самарқандтың көк тасынан тас қаздырғанда, шыққан тасты Самарқанд жұрты: «Бұл тас сіздің бақытыңызға шыққан тас. Мұндай тас Әмір Темірден соң ешкімге шығып көрген жоқ» деп сүйінші сұраған екен.Сол тасқа «Абылайхан бин Сүйеніш хан» деп жазылып, опат болғаннан кейін басына қойылыпты»\2,222\.

Үшінші бір мәселе Абылай ханның  соңғы күндері турасындағы дерек. «Осы сапарынан Ташкентке қайтып келіп, Мырза Ахметтің қызын алады. Өзім кейінірек қайтамын деп, қасындағы орта жүз бен кіші жүздің найзагер батырларына:  «әзір ұрыс –соғыс жоқ, аман –есен күндеріңде елдеріңе қайтыңдар»,-деп Арқаға қайтуға қасына үйсін-дулаттың біраз төлеңгіттерін алып қалады.Мұны Шымкеттегі Ғабдолрахман сарт естіп, Абылайханға іштерінен кек сақтап жүрген көрші шаһарлардағы сарттарға хабар жіберіп, Абылайды қоршап алады. Қасындағы төлеңгіттерінің көбін қырып, өзіне қол тигізуге, істің соңы неге тынарына көздері жете алмай, бата алмапты.  Сонда Абылай хан Арыс деген жерде бір төбенің басына шығып: «Қайран орта жүз бен кіші жүздің батырлары қасымда болса, бұл қорлықты көрмес едім-ау»-деп бармағын шайнаған екен. Сол күні ғалам аты шыққан Абылай хан бір қорғанға түсіп, ауырмай-сырқамай 68 жасында опат болған. Найзадан тең жасап, сүйегін Түркістан шаһарына әкеліп қойыпты»\2,222\.

Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Ісімақова: «Абылай ханның соңғы күндері туралы деректі қазақ тарихшылары осы зерттеуден олжалап жүргені анық. Бірақ күні бүгінге дейін дау тудырып келе жатқан дерек - ханның қай жерде жерленгені туралысы. Бұл- бүгінгі тарих ғылымы ашық айта алмай отырған жай. ХХ ғасыр басында тарих  атадан балаға ауызша жеткізіліп отырылған заманда алаш ғалымы М.Дулатұлы өзі естіген тарихи тұлға туралы мағлұматты бүгінгі ұрпақ үшін жазып кетіпті Бұл ғылыми еңбек тек ХХ ғасырдың соңында ғана тәуелсіз қазақ елінің санасына жетті. Кеңес ғылымы бұрмалап келген ұлт тарихының шынайы беттерін Алаш ғылымы осылай анықтап берді»\4,255\. Дәл осы мақаладағы тағы бір қызық жайт Абылайдың Қызылжардағы «Абылайдың ақ үйі» жайындағы дерек. Яғни, Қызылжардағы «Абылайдың ақ үйін» қашан, қандай мақсатпен, кім салып берді?» деген сұрақтың жауабын да Міржақып келтірген дерекпен қанығамыз. Жоңғарлардың тұтқынынан келген оралған соң Абылайдың абыройы жоғары дәрежеге көтерілгені бәрімізге белгілі. Бұдан кейінгі үш орданың хандары мен билері онымен санасты. Абылай Ресейден қол үзген жоқ. Бірақ губернаторларға бас иген жоқ.Оларды өзінен арақашықтықта ұстады. Абылай хан Орынборға 1740 жылы  барғаннан кейін губернаторлардың бірнеше рет шақыртуларын қабылдамайды. Кейбір тарихшыларымыз Абылайдың тұтқыннан келуі оны Ресейге байлады, оған міндетті болды дегендей ой білдіреді. Абылай Ресейге тәуелді болмағандығын 1745 жылы 14 сәуірде Орынбордағы губернатордың құпия кеңесшісі Иван Неплюевтің оған жазған бір ғана хатының өзі дәлелдейді: «...Біз сізден көптен бері хабар ала алмай отырмыз. Көп уақыт өткендігі себепті сізден өткен кездер туралы хабарларды естігеніміз дұрыс болар. Егер мүмкіндігіңіз болса, уақыт тауып, сіз маған келсеңіз, маған ұнаған болар еді. Сіздің қойған талабыңызға байланысты Сібір жағында ұсталған адамдарыңыз бен малдарыңыздың біразы қайтарылды. Басқасына генерал күш салып көмектесем деп сенім білдіреді»\\. Сонымен бірге орыс төрелері Абылай ханға сый жіберіп: «Жұртыңды бізге жау қылма» деп тұрады екен. Міржақып бір ақынның өлең жолдарынан (ақынның аты аталмайды) мысал келтіріп өтеді:

Абылайдың атасы Әбуәлпейіс,

Хан баласы төсенбес етке киіз.

Аузы түкті жау жұрттан алым алып,

Абылайға шықты ма екі мүйіз?

Темірсу, Жеменей, Алматы, Аягөзге саудагерлер шығару үшін патшалық жол сұрағанда, Абылай «Сарыарқаны бастырмаймын» деп, Ертіс жағалап, Семейге дейін баратын жолды беріпті. Бұл күнгі Ертістің сол жағындағы көлденең қара жолдың «Абылай жолы» деп аталуы себебі сол. Қазақ пен орыс керек жарағын алысып, сауда қылып тарқайтын жәрмеңкеге жер сұрағанда,Есілдің бойынан Қызылжарды берген екен. Бұл Қызылжардағы  Дәулеткелді байдың қыстауы болған. «Жерімді орысқа бердің» деп Дәулеткелді Жиделі-Байсынға көшіп кетеді. Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі» деген сонан қалған белгі»\2,221\.

«Қазақтың тарихы» мақаласында: «Тарих дейтін – бұрынға өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын, бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын бір ғылым. Қазақтың көбі оны «шежіре» деп атайды. Бұ заманның ғалымдары тарихты ең оңды мағлұм деп түсінеді. Тарих – түзу жөнді үйретуші деп айтады...»,- деп Дулатовтың өзі айтқандай ел мен жер тарихы адам баласының білмекке керек дүниесінің асылы болмақ.

Әрине, бір мақала көлемінде М.Дулатовтың тарихымызды зерделеудегі, танытудағы қазақ жұртына сіңірген еңбегін толық қамту мүмкін емес. Біз тек өз мүмкіндігімізше, өзімізді қызықтырған Хан Абылай турасындағы мақаласына шолу жасап, оқырманға керегін алар деген мақсатта ой бөлістік.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Дулатов М.  Шығармалары. Жазушы,1991

2.Жұмабаев М. Шығармалар. А.,Жазушы,1989

3.Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және тюркология.А.,1987.

4. Ісімақова А. Алаш әдебиеттануы. А.,2009