Хасенов Б. Р., Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы

 Тыныштық А., Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 3 курс студенті

                         

ҚЫЗЫЛ СӨЗІНІҢ АССОЦИАТИВТІК ӨРІСІ

 

Қазақ тіліндегі жалпы түр-түс ұғымына қатысты атаулардың саны мыңнан асады екен. Олардың ішінде сөз тұлғасымен (түбір, туынды түбір, біріккен сөз түрінде) берілетін түр-түс атаулары (ақ, боз, сұр, қара, ала, ал, қызыл, сары, көк, жасыл, қоңыр, кер, құба, құла, торы, күрең, жирен, күлгін, шабдар, барқын, баран, қызғылт, көгілдір, көкше, сарғылт, сарғыш, ақша, ақшыл, зеңгір, бурыл, сұрғылт, көкшіл, сұрқай, қоңырқай, т.б.) – бәрі болып қырыққа жуық. Бұлардың сыртында түр-түстік мағына білдіретін сөздер мен сөз тіркестері (шымқай, қырмызы, шұбар, қожалақ, шаңқан, тұм, шикіл, секпіл, тарғыл, қылаң, жолақ, сағал, таңдақ (таңдақ , далаптай, анардай, аршыған жұмыртқадай т.б.) тағы бар.

Түр-түс атауларының сан жағынан қаншама көп болғанымен , сұрыптай келгенде бір топ негізі, базистік сөздің шеңберінен шықпайды. Қалғандарының бәрі ұйтқы болып отырған осы 20 шақты түбір сөздің негізінде дамып (көк –көгілдір, көкше, көкшіл, т.б.) , туынды түбірге немесе сөз тіркесіне (қара көк, күлгін көк т.б.) айналған жай және күрделі атаулар болып саналады[1].

Сондай-ақ кейбір түр-түс атауларының шығу төркінін, жасалу жолдарын, табиғатына қатысты пікірлерді Орхон-Енисей, орта ғасырлық жазба ескерткіштеріне арналған еңбектерден, этимологиялық сөздіктерден кездестіруге болады. Дегенмен түр-түс атауларының мағыналық, тұлғалық проблемасын толықтай ашып көрсететін еңбектер аз. Түр-түске қатысты жазылған еңбектердің ішінен академик А.Н.Кононовтың еңбектерін («Семантика цветообозначения», «О семанантике слов «қара» и «ақ» в тюркской географической терминологии»), Ә.Қайдар бастаған ғалымдардың еңбегін («Түр-түстердің тілдегі көрінісі»), Ұ. Серікбаеваның «Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түр-түс атауларының этнолингвистикалық сипаты», Р.Лауланбекованың «Түр-түс компонентті күрделі аталымдардың танымдық сипаты (сын есім + зат есім үлгісі бойынша)», Н.Аитованың «Түс-түстер семантикасының когнитивтік құрылымы» және т.б. зерттеулерді  атап көрсетуге болады.

Біз осы мақалада қызыл сөзінің семантикасын, ассоциация арқылы қалыптасқан мағыналарын қарастырамыз. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қызыл сөзінің тура, ауыспалы мағыналары былайша берілген: Қызыл 1. Қанның түсіндей түс, қырмызы. 2. Жылқыдан басқа малда болатын ашық қоңыр түс. 3. Жылқы малында болатын ағы басым көкшіл түс. 4. Ауысп. Малдың, аңның еті. 5. Адам жүзіндегі қызғылт рең, шырай. 6. Қырмандағы ұшырылған, тазартылған астық, дән. 7. Шайдың күрең түсті қоюы, шығымы. Осы сөздікте сонымен қатар, қызыл сөзімен жасалған өсімдік, аң атаулары, тұрақты сөз тіркестері де берілген. Мысалы, қызыл көз – барып тұрған жалақор, қызыл көрген құзғындай – ашқарақ, ашкөз, қызыл көрмеді – көп уақыттан бері ет жемеді, қызылқұлақ – алыпсатар, қызылөңеш болды – дауласты, қызыл қырғын, қызыл кеңірдек,  қызыл сөз – байлауы жоқ жылтыр сөз, т.б.

Қызыл түстің мағыналық қолданыс шеңбері, әрине, осылармен ғана шектелмейді. Олардың түр-түстен басқа небір күрделі де көрікті ауыс мағыналары көбінесе жеке тіркестерде, өзара топтастыруға келе бермейтін символикалық қолданыстарда жиі байқалады.

Жалпы қызыл түстің өзі о баста Күннің, Оттың түсіне байланысты қабылданып, күні бүгінге дейін көптеген халықтар үшін солардың символы ретінде қасиетті түс болып саналады. Жоғарыда айтылған кейбір табиғи құбылыстардың (мәселен, қызыл іңір, қызыл арай, қызыл шұнақ аяз, қызыл жел, қызыл су т.б. ) өздері де Күн мен Отқа қатыстығын аңғартып тұр. Бұл сөздің жер-су және ру-тайпа аттарының құрамында келіп, космогониялық мағына беретіндігі жайлы кейін тоқталамыз.

Біздің ендігі мақсатымыз – халықтың тілдік санасындағы қызыл сөзімен байланысты пайда болған тілдік бірліктерді ассоциативті эксперимент арқылы жинақтау. Ассоциативті эксперименттің көптеген түрлері бар (еркін, бағытталған, т.б.). Біз экспериментімізде еркін түрін қолданамыз. «Ассоциативтік тәжірибеден субъектінің нәр алған мәдениеті мен өмірлік тәжірибесі байқалады. Осы эксперимент нәтижесінде алынған сөздер тобы ассоциативтік өріс деп аталады. Кез келген лексикалық бірліктің ассоциацивтік өрісі әлемнің тілдік бейнесімен байланысты. Сол себептіде ассоциацивті өріс құрамын талдау ұлттардың дүниетанымынан, психологиясынан, тұрмыс-тіршілігінен, салт дәстүрінен мол ақпарат алуға жол ашады» [2,49].  Орыс тіл білімінде бұл әдістің нәтижелерінен «Орыс тілінің ассоциацивтік сөздігі» де құрастырылған. Бұл сөздіктің ерекшелігі жайында авторлар былай дейді: «В отличие от обычных словарей – толкового, орфографического, синонимического, словообразовательного и др., которые выступают в качестве беспристрастного зеркала состояния языка, ассоциативный словарь тоже служит «зерколом», но уже не жизни языка в целом, а ментально-эмоционального состояние его среднего носителя в определенный исторический момент его жизни, а значит, жизни общество» [3,4]. Г.Гиздатовтың ойынша, концептіні толық түрде ассоциацивтік өріс арқылы шығару мүмкін деп есептейді. Сөздің толықтай мағынасы лексикографиялық анықтағыштарда берілмейді. Сөздің біршама толық сипаты сол тілді тұтынушы халықтың тілдік санасында болады. Тілдік сана – тіл арқылы көрінетін ұлттық сананың бір бөлшегі, мәдениеттің ерекшелігі жайлы түсініктердің мазмұны, қандайда бір ұлттың психологиялық қоймасы. Ұлттың тілдік санасы сөз, сөз тіркесі, фразелогогизмдер, мақал-мәтелдер арқылы көрінеді. Г.Гиздатов: «Кумулятивная (хранительная) функция языка проявляется в лексиконе ассоциативного поля в системе слов-реалий, афоризмов, слов с нацианально-культурным компонентом значения, ввод которых в активное употребление дает не обедненное и усеченное представление, а полный концепт (в культурологическом аспекте этого понятия) слова-понятие» [4,30]. Яғни, тілді тұтынушы белгілі бір мәдени ортада тәрбиеленеді. Адам сол мәдениеттің өкілі болғандықтан, сөздің ассоциативтік өрісінде ұлттық-мәдени құрылымдар көрініс береді. Біздің экспериментке қазақ, орыс тілді 120 адам қатысты. Олардың жас шамасы 16-45 жас аралығы. Эксперименттің нәтижесі мынадай болып келеді.

Алма -5, алау-2,апорт, анар, Алтынайдың туфлиі, агрессия, Асылайдың қабағының қызаруы, ашулы адам, ашу, адамды дара көрсетіп тұратын түс, ақша, әдемілік-4,әшекей-2, әдемілікті (мысалы, бетінің ұшы Қарға тамған қандай), әмиән, бантик-2, бағдаршам-2 берік қарым-қатынас, бұқа,  безеу, бес мың теңге, билік, гүл -23, диплом-7, дақ, досым есіме түседі, себебі қызыл түсті ұнататын, ерін -3, ет, жүрек -9, жылтыр заттар-2, жағымсыз,  жалындаған жастық шақ, жара, инфрақызыл сәуле, көйлек-29,  күннің батуы-4, күн-3, киім-2, краска-2, көз тарту, көзге түсу, көктемде мұз ерудің алдында су жүреді, еріген мұздың үстіндегі суды қызыл су дейді балықшылар, күрте, кәмпит, кофта, коммунизм, кітап, қан-49, қызанақ-11, құштарлық-5, қалам-5, қарбыз-5, қызыл көйлек-4, қыз-4, қызыл алма-3,  қыздың көзі қызылда-3,қызыл армия-2, қызыл сия-2, құлпынай-2, қызыл лента, құлшыныс, қызғаншақтық, қызу тіршілік, қайнаған өмір, қызыл тас , қызыл шарф, қыз бала, қызыларай, қандану, қызыл көз болу – пәле жапқыш адам, қызыл телпек, қызару, Қытай, қызыл түсті обой, қызыл раушан гүлі, қалпақ, «Қызыл кітап», «Қорғансыздың күніндегі» Ғазизаның трагедиясының осы түс арқылы суреттелуі, ҚХР туы, қызыл мата, Қырғызстан туы, «Қызыл Ту» ордені, қазақ эстрадасындағы Ақылбек Жеменейдің  «қызыл өрік» әні, лак-5, махаббат-5, машина-3, махаббатпен байланыстырамын, мата , марс, от-21, ошақ, опасность (қауіп-қатер), өзіне сенетін адам, өзімнің қызыл сумкам, помада-15, роза-4, рубашка, сенімділік, стоп, СССР,сүйікті клубым «Арсенал»,  соғыс, сүйікті түсім,сумка, сулпак, сұлулық эталоны, түс-25, ту-3, тіл-2, тюльпан-2, туфли, тырнақ, телефоным, тез көзге түсетін нәрсе, түлкі, шие-3,шарап-2, шабыт, шарик, шалғы, хас сұлу, ыза-2, ыстық махаббат, Coсa-cola.

Қызыл стимулына берілген ассоциациялық реакциялар осындай болып келеді. Экспериментке қатысқан адамдардың көбі қызылды түс деп қана түсінбей, айналамызда, қоғамда болып жатқан оқиғалармен ұштастырады. Қызыл-стимулға 50-ге жуық адам қан деп жауап берген. Қызыл сөзінің қан төгіспен, қанқұмарлықпен ассоциация тудыруы, осы сөз-реакцияның алдыңғы орынға шығуы көп нәрсені аңғартатын секілді. Бұл бүгінгі күнде біздің қоғамда, әлемде болып жатқан түрлі саяси-әлуеметтік оқиғалармен байланысты. Сонымен қатар, қызылға берілген реакциялардан қызға қатыстылығын да байқауға болады: қыз-4, қыздың көзі қызылда-3, «Қорғансыздың күніндегі» Ғазизаның трагедиясының осы түс арқылы суреттелуі, қызыл телпек. Экспериментке қатысқан әйел адамдардың басым көпшілігінде қызылмен өздерінің тұрмыстық заттары, киімі, т.б.ассоциацияланады: көйлек (29), краска (2), қызыл көйлек (4),  лак (5), помада (15)

Біздің эксперимент нәтижесінен қызыл сөзі арқылы туындаған ассоциацияларды қорытындылай келе, мынадай мағыналық тізбектерді бөлшектеп көрсетуге болады:

        Қызыл түс –сия, көйлек, лак, помада, қан, өзімнің қызыл сөмкем, туфли, диплом.

        Қызыл –әдемілік: сұлулық, әшекей-бұйымдар, қыз, жылтыр заттар, гүлдер, сұлулық эталоны, бетінің ұшы Қарға тамған қандай.

        Қызыл –тағам: алма, қызанақ, қарбыз, ет.

        Қызыл –тарих: қызыл әскер, соғыс, кеңестік қызыл ту, сол замандағы пионерлер (қызыл галстук), СССР, Қырғызстан туы, ҚХР туы.

       Қызыл –сезім: махаббат, құштарлық, жылулық, ыстық махаббат.

       Қызыл –адам мінезін, психикалық жай-күйлерді сипаттайды: ашу, ыза, өшпенділік, қызуқандылық, шабыт.

       Қызыл – мезгіл, табиғаттың кейбір құбылысын білдіреді: күннің батуы, көктемде мұз ерудің алдында су жүреді, еріген мұздың үстіндегі суды қызыл су дейді балықшылар

      Қызыл –жылулық:  ошақ,от,

      Қызыл –атақ-даңқ: билік, ақша, «Қызыл Ту» ордені, А.Жеменейдің «Қызыл өрік» әнінің хит болуы.

      Қызыл – даралықты, ерекшелікті көрсетеді: адамды дара көрсетіп тұратын түс, көз тарту, көзге түсу

      Қызыл – өмір, тіршілік: қызу тіршілік, қайнаған өмір

      Қорытындылайтын болсақ, қызыл сөзі тек қана сындық мағынада ғана емес, сонымен қатар ауыс мағынада қолданылады және түрлі ассоциацияларды туындата алады. Біз мақаламызда қызыл сөзінің сөздіктегі мағынасымен қатар, адамның жеке тәжірибесінде «сәттік ойлаудан» туындаған мағыналарын, яғни ассоциацияларын эксперимент арқылы көрсетуге тырыстық.

  

Әдебиеттер тізімі:

1. Қайдаров Ә., Ахтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. Алматы: Ана тілі, 1992. 160 б.

2. Мәмбетова М. Ассоциативтік эксперимент психолигвистикадағы негізгі әдіс ретінде/ Абай институтының хабаршысы. №1(7).2011. Б.78-83.

3. Караулов Ю.Н., Сорокин Ю.А., Тарасов Е.Ф., Уфимцева Н.В., Черкасова Г.А. Русский ассоциативный словарь. Т.1-6. М.: АСТ. Астрель. 1994-1998.782

4. Гиздатов Г.Г. Ассоциативные поля в русском и казахском языках.Алматы: РНК,1997. 132 с.