Букенова Ж.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТ ҚАЛЫПТАСУДА

 

Кез келген демократиялық бағытты ұстанған мемлекет үшін ең өзекті мәселелелер қатарына құқықтық мемлекет орнату мәселесі тұр. Қоғамда құқықтың үстемділігін, әділеттілікті,  заңдылықты, бостандықты, теңдікті, демократияны орнату, халықтың құқықтық  және рухани сана- сезімін көтеру, сондай-ақ кәсіби шыңдалған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру ең күрделі, ең өзекті мәселе. Мемлекет пен өркениет үздіксіз  даму үстінде. Десек те құқықтық, әлеуметтік, саяси теңсіздіктермен күресу мәселесі әлемдік тарих сахнасынан түскен емес. Кәсіби мемлекет құру арқылы құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды қалыптастыру мәселелерін шешу қолға алынуда. Мемлекеттік  аппарат қызметінің кәсіпқойлығын, біліктілігін қалыптастыру да өзекті істердің басы болып отыр.

Кәсіби мемлекет дегеніміз - мемлекеттік аппараттың қызметі мен ондағы лауазымды адамдардың, мамандардың  қоғамның барлық салалары бойынша жан- жақтылығы, қызыметіне сәйкес кәсібилігі, өз ісіне шеберлігі, жоғары біліктілігі, жауаптылығы мен құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейінің көрсеткіші.  Осы тұста кәсіби мемлекет ұғымын анағұрлым жан- жақты, терең түсіну үшін мемлекеттік аппарат түсінігі мен мазмұнын  зерттеу қажеттігі туындайды. 

Елбасы кәсіби мемлекеттік аппарат құру үшін - барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң қабылдауды, сондай- ақ  Заң қабылданғаннан кейін іс барысындағы мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялаудан өткізу, кәсіби талаптарды күшейту және еңбек ақыны төлеудің жаңа жүйесін енгізуді тапсырды. Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң ең алдымен кәсіби мемлекет құруға және құқықтық мемлекет орнатуға бағытталып отыр. 

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру бұл қай-қайсы мемлекеттің болмасын негізгі бағыты мен ұстанымдарына саяды. Ол тұрақты қызмет, кәсіби біліктілік, тәжірибелі маман, мемлекеттік қызметтегі құқықтық үстемдік және өзге тағы басқалары. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселеге аса ден қойылған. Мысалыға Ағылшын парламенті Лордттар палатасының мұрагерлік тәжірибесі, Француз парламентінің жартысының ғана ауыстырылып тәжірибе сақтау үрдісі, АҚШ –ндағы өмірлік сот үлгісі және т.б. Дамыған қоғамда мемлекеттік қызметке қоятын талап та жоғары болуы шарт. Ол мемлекеттік қызметке орналасудан басталады. Мемлекеттік қызметке орналасуда біліктілік, тәжірибе, сынақ мерзімі, жас мөлшері, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылмағандығы, ішкі психикалық жай-күйі, жауапкершілігі және өзге де критерилер ескеріледі. Мұндай талаптардың жан-жақтылығы кәсіби мемлекет қалыптастыру қажеттілігінен туындауы сөзсіз. Кәсібилілік халықтың мүддесін орындауды, қоғам дамуы мен оның әлауқатын жақсартуды камтамасыз етеді.  Мемлекеттік қызметке тартылған адамдар саны да әр елде әр түрлі. Олардың кәсіби  біліктілігін және этикалық  тәрбиесін дамытып отыру да өз алдына бір мәселе. Бірнеше дамыған және дамушы елдердегі мемлекеттік қызметкерлердің халық санымен арасалмағын салыстыратын болсақ ,  олардың пайыздық үлесі: Швеция 11,7;  Қытай 1,6; АҚШ 6,8;  Бразилия 1,5; Германия 6,1; Чили 1; Ресей 2; Польша 0,7; Қазақстан 0,6 пайызды құраған.  Мемлекеттік кадрлық саясаттың мақсаты мемлекеттік инститтуттардың дамуы екенін атап өту керек. Қазақстанда 2001 жылы мемлекеттік қызметкерлер саны 65 мың болған. Бұл көрскеткіш 2007 жыл  94508,  2008 жылы  94949, 2009 жылы 94961, 2010 жылы 104958 адамды құраған. Яғни үнемі өсім үстінде. Мемлекеттік қызметкерлер санының өсімі сапа мәселесіне аса назар аударуды талап етеді.  Мемлекеттік қызметкерлердің 30% жастар құрайды (29 жасқа дейінгілер).
Орташа жұмыс өтілі 9 жыл. Оның ішінде жоғары білімділері 80%, орта кәсіптік білімі барлар 19%, орта білім иелері 1%  [2, 10-11 б].

         Қазақстан Республикасында кадр саясаты тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Мемлекеттегі билік бөлінісі мен мемлекетттік қызмет  мәселелері Қазақстан Республикасының Конституциясында, бірқатар конституциялық  заңдарында және өзге де нормативтік актілерінде көрініс тапқан. «Мемлекеттік қызмет туралы»; «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдары қабылданып, жетілдіріліп келеді. Еліміздің мемлекетік қызмет пен мемлекеттік қызметшілерге қатысты саясаты мәселесінде түрлі реформалар жүргізілді. Олар Қ.Р. Президентінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында, даму стратегиясында және түрлі даму бағдарламалары мен жоспарларында нақышталды. 2012 жылы 14 желтоқсанда Қ.Р. Президентінің халқына арнаған Жолдауындағы «Қазақстан 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыттарын анықтап берді. Ел Президенті  осы стратегияның ««Қуатты да табысты мемлекет» бөлімінде билік тармақтарының бөлінуіне негізделген зауанауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік», -деді. Сондай-ақ «Осынау маңызды құжат нақты тапсырмаларды қамтуы керек» дей келе «биліктің атқарушы, заң шығарушы, сот тармақтары басшыларының дербес жауапкершілігін көздеуі тиіс. Президент әкімшілігі оны орындау және кейіннен іске асыру барысын ерекше бақылауға алуы тиіс» деп атап көрсетті. 

 

Әдебиет:

1.       Қазақстан Республикасының Конституциясы. 1995 жыл  30 тамыз

2.       «Қазақстан – 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыты. ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауы» Астана. 2012 жыл 14 желтоқсан.

3.       «100 нақты қадам» стратегиялық  даму жоспары ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауы» Астана. 2015 жыл 20 мамыр.

4.       «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жыл 23 қараша № 416-V ҚРЗ