Сартбаев Нұрлан Бауыржанұлы

Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясының 1 курс магистранты

 Қазақстан Республикасы, Талдықорган қаласы

СОТ БИЛІГІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

“Сот билігі-мемлекет атынан заңның үстемдігі мен әділеттілікті қалпына келтіру, заңмен қорғалатын мүдделерге қол сұғушы адамдарға мемлекеттік мәжбүр ету шараларын қолдану мақсатында сот құзіретіндегі жауапты биліктік өкілеттіктердің жиынтығын айтамыз”,- деп тұжырымдайды заң ғылымдарының докторы, профессор К.Х. Халиқов [1].

Конституцияда көзделген құқықтар мен бостандықтарды шектеуге қатысты түсіндірмеде азаматтардың кейбір конституциялық құқықтарын шектеуге жол беретін шешімдер, қаулылар, үкімдер шығару, атқарушы қызмет бабына қарамастан лауазым иелерінің заңсыз әркеттерін, жасалған шағымдарды қарау, мемлекеттік билік немесе басқару органдарының заңсыз актілерін тоқтату құқығы тек сотқа ғана берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясы соттардың құқықтық мәртебесін айқындай отырып, сонымен қатар алдағы уақытта олардың өкілеттігін одан әрі кеңейтуге іс жүзінде қолайлы негіз болғанында атап көрсету керек. Бұл “жалпы алғанда заңдылықтың құқықтық кепілдіктерін жекелей алғанда азаматтар құқықтарының кепілдіктерін кеңейту”,- деген сөз [2].

Сот - құқықтық реформасының шешуші шараларын тиянақты аяқтау және қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін, бірінші кезекте қабылданған заң актілерінің өміршеңдігін қамтамасыз етуге, яғни заңдарды орындауға әрекет жасау қажет. Сот-құқықтық реформасын ойдағыдай аяқтау үшін әлі де ізденістер, тапқырлық пен жігерлік керек.

Егеменді елдің саяси тұғырының ірге тасы берік болуы үшін жүргізілген шаралардың бірі - сот-құқықтық реформасының тағдыры тек заңгерлерді, ғалымдарды, мемлекет қайраткерлерін ғана емес, сонымен қатар қоғамның әрбір озық ойлы азаматын алаңдататыны белгілі. Жаңа қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды дайындау және қабылдау, осы заңдарды тәжірибе жүзінде іске асыру, мемлекет пен халық игілігіне айналдыру оңай шаруа емес. Мұндай реформалық жаңалықтардың орындалуы озық ойлы, Отанын сүйген,  жекелеген тұлғалардың ерен еңбегінің арқасында мүмкін болды. Тәуелсіздігімізді алғалы бері Республикамызда сот жүйесіне қатысты соңғы уақыттарда қабылданған тарихи шешімдер судьялардың, сот жүйесінің тәуелсіздігін аса жоғарғы деңгейге көтерді. Тәуелсіз елімізде тәуелсіз сот тұрақтануда. Тәуелсіз және беделді сот билігінің қалыптасу мен даму мәселелері, судьялардың құқықтық мәртебесінің нығаюы Қазақстан Республикасы үшін өте өзекті мәселелер болып табылады. Күшті де, дербес сот құру – бәрінен бұрын нарықтық экономика мүдделеріне жауап беретін уақыт талабы. Сот билігінің механизмдерін реттеу мен соттар мен судьялар қызметінің ықпалын арттыруға мықтап кірісу қажеттілігі мемлекеттегі саяси және экономикалық жағдайдың тұрақтылығын бұзбауға бағытталған. Сот жүйесін, жалпы алғандағы қазақстандық құқықты дамытудың бұдан басқа алғышарты Қазақстанның әлемдік құқықтық мемлекеттер қауымдастығының бір мүшесі болуға деген ұмтылысы. Қазіргі күні Қазақстан үшін өткен жиырма жылдық тәжірибесі объективті бағалау, ұлттық сот жүйесін әрі қарай жетілдірудің бағдарламаларын белгілеп алу өте маңызды. Сондықтан да жағымды тәжірибені ой таразысынан өткізіп, өзгенікін пайдалану, алдыңғы қатарлы құқықтық дәстүрлерді қабылдау республика үшін маңызды болып қала береді. Қазақстан Республикасындағы сот билігін пәрменді жүзеге асырудың қажетті механизмдерінің ғылыми негізін жасау қажет.

Сот билігі басқа мемлекеттік билік органдарының ішінде ерекше орынға ие. Тек қана сот өзінің шешімі арқылы талапкер мен жауапкер арасындағы дауларға нүкте қоя алады, тек сот қана адамның қылмысқа қатыстылығына қарай айыпты деп таба алады. Сот азаматтардың лауазымдық тұлғалардың іс-әрекетіне шағымдану құқығын жүзеге асырады, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы материалдарды қарастырады. Басқа ешқандай билік органдары бұл міндетті орындауға құзіретті емес. Биліктің жіктелуі кез-келген биліктің өз функцияларына монополиясы бар екендігін және басқа биліктің функцияларын орындай алмайтындығын көрсетеді. Шешуді қажет ететін маңызды проблеманың бірі – сот органдарының құқық қолданушылық қызметінде құқық бұзушылықтың алдын алу мен құқық тәртібін сақтау, оның орын алуына ықпал ететін себептер мен шарттарды анықтап, оны жоюға бағытталған шаралар қатарын жүзеге асыру кездеседі. Сот органдары әртүрлі категориялы істерді қарастыру бойынша заңмен белгіленген өндіріс тәртібінен ауытқу мен оны бұзушылық орын алатын кездер жиі кездеседі. Негізі, сот билігінің құқықтық мәртебесі, оның жұмыс істеу механизмдері, сот жүйесінің құрылымы туралы арнайы мәселелерді түбегейлі қарастырып, салыстырмалы түрде жалпы теориялық мәселелерге қатысты ғылыми еңбектер бүгінгі күнге дейін аз зерттелген жоқ. Бұл, әсіресе, сот жүйесінің билік табиғатын негіздеуге қатысты, бұл арқылы биліктің жіктелу жүйесіндегі орнын және оның қызметімен байланысты жалпы теориялық және тәжірибелік мәселелерді шешуді анықтайды. Сот билігінің заңдық аспектісі мемлекеттік билік өкілеттігі арқылы сот билігіндегі негізгі компоненттерді біріктіруде жатыр.

Сот билігі қызметінің саласы ең алдымен Қазақстанның сот органдарының алдында тұрған өзіне тиесілі міндеттемелерімен және оның негізгі функцияларымен ерекшеленеді. Бұл міндеттемелер мен функциялар сот билігі құрылымының барлығына тән, сонымен қатар сот саясатын көрсетіп, өкілеттіктерін анықтайды. Сот саясаты сот мәртебесін, сот корпусының қалыптасу тәртібін, сот өкілеттігін, сот қызметінің процестік тәртібін (екінші рет рәсімделу) қалыптастырады. Қазақстандағы сот билігінің ерекшелігі төмендегідей: 1. Заңдық нормалар нақты конституциялық бақылаудағы белгіленген заң тәртібі аясында ғана қалыптасады.  2. Кез келген үкіметтік нормативтік актінің заңдылығын бір немесе бірнеше азамат сот тәртібі сәйкес шағымдана алады. Сот процедурасы арқылы үкіметтік нормативтік актінің легитимациялануы оған заң жүзіндегі нормативтік актіні қосып беріп, оның заңды екендігін дәлелдейді. 3. Билікті бөлу шарттарында сот тек Конституцияға және ҚР заңдарына бағынатын заңды екендігін дәлелдейтін негізгі институт қызметін атқарады. Сот билігінің ғылыми моделін жасау, оны жүзеге асыру, біздің ойымызша, мықты, тәуелсіз қолданылатын сот жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етеді, ол жалпылаудың жоғарғы деңгейін қажет етеді. Мемлекет пен құқық теориясының ғылыми потенциалы мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың пайда болуының, қалыптасуының, жұмыс істеуі мен дамуының жалпы заңдылықтары туралы ғылым ретінде осы мәселелерді және басқа да міндеттерді шешу жолында шешуші қадамдар жасауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасындағы сот билігінің құқықтық мәртебесіне, сот жүйесінің билік табиғатына, Қазақстандағы сот билігін жүзеге асырудың механизмдеріне қатысты мәселелердің толық зерттелмеуі оның өзектілігін көрсетеді, яғни оның өзектілігі – бүгінгі күні Қазақстандағы сот жүйесі жетілдірілу үстінде.

Сот-құқықтық реформаларды жүргізу құқықтанушы-ғалымдардың сот билігін қайта құрудың пәрменді механизмдерін Қазақстан Конституциясында анықталған, әлемдік тәжірибе мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты Концепциясына негізделген ұстанымдар бойынша еңбектерінің маңыздылығын анықтайды. Бұл мәселенің теориялық жағынан шешілуі мен жасалынған ғылыми модельдің тәжірибе жүзінде өмірде қолданылуы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз ететін қажетті шарттар болып табылады.

   Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1           Халиков К.Х. “ҚР-дағы құқық қорғау органдары” Оқу құралы. Алматы., “Санат”, 1995 ж.

2           Қазақстан Республикасының Конституциясы. 1995ж. 30 тамыз. (өзгерістер мен толықтыруларымен бірге). А., 2007 ж.

3           Ғ.С.Сапарғалиев “Қазақстан Республикасы Конституциялық құрылысының қалыптасуы” Алматы, Жеті жарғы, 1997 ж.