Право/9. Гражданское право

з.ғ.м. Мұсаева А.Я., з.ғ.м. Құрманбаева Д.П.

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан

КӘСІПОРЫНДЫ ЖАЛДАУ ШАРТЫНЫҢ ЗАҢДЫ НЕГІЗДЕРІ

 

Қазіргі кезде нарықтық қатынастың дамып мемлекеттік меншік пен меншіктің қатар танылуы, жекелендірудің жүзеге асырылуы жағдайында кәсіпорынды азаматтық құқықтық объектісі ретінде қарау заңдылықты немесе негізді деп айтуымызға болады. Қазіргі кезеңде азаматтық құқықтық дәстүрлі объектілерінің қатарында, азаматтық құқықтық бірқатар жаңа объектілері пайда болды, олардың біріне кәсіпорынды жатқызуымызға болады. Азаматтық құқықтық объектілер қатарының кеңейуі, біздің Республикамыздың нарықтық қатынасқа кеңінен мүмкіндік жасауы негіз болып отыр. Кеңестер Одағында ұзақ уақыт халық шаруашылығын жоспарлы түрде реттеу, қысымды экономикалық жағдайдың болуы, мемлекеттік меншікке басымдылық беру, жеке меншіктің жоқ болуы жағдайында кәсіпорын объект ретінде қарастырылмады. Ол тек азаматтық құқық субъектісі болып табылады.

Мүлікті жалдау шартының да сату-сатып алу шартындағы сияқты шарттың пәні елеулі белгі болып саналады. Сондықтан мүлікті жалдау шартының аталған жекеленген түрлері, өзара пәні арқылы ажыратылады (көлік жалдау шартының пәні-көлік (ұшақ, кеме, авто, т.б.) ал үй жалдау шартының пәні-үй (пәтер, бөлме, т.б.) Мүліктік көмек ретінде кәсіпорындарға қатысты шартты қатынастар аясы кәсіпкерлік салада (сатып алу, сату, жалдау сенімгерлікпен басқару немесе т.б.) кеңейе түсуде. Мүлікті жалдау шарты қоғамдық мүліктік қатынастардың ішінде сату-сатып алу шартынан кейінгі ең көп таралған шарттың бірі. Оның жекелеген түрлері азаматтық қатынастардың түрлері салаларын қамтиды. Қазақстан республикасы нарықтық экономикаға бет бұрып, қоғамдық қатынастар сипат ала бастаған тұста Қ.Р. Азаматтық кодексі де қайта өңдеуден өтіп, қайта қабылдаңды. Осыған орай көптеген мүлікті жалдау шартына қатысты ережелер түбегейлі өзгеріп, мүлікті жалдаудың жаңа түрлері пайда болды. Соның ішінде лизинг шарты көп өзгеріске түскен, заңнамасы жаңартылған түрі. 2000 жыл 5 шілдеде Қ.Р. "Қаржы лизингі туралы" заң қабылданды. Осы заңда лизинг инвестициялық қызметтің бір түрі ретінде көрсетілді. Қ.Р.Президенті Н.Ә.Назарбаев инвестицияның ел экономикасын көтерудегі маңызын сан мәрте атады. Қ.Р. инвестициялық қызметті реттейтін   арнайы   заңдар   бар.   Ал   аталған   заң   сол   заңнамаға қосымша толықтыру болмақ.

Қазіргі кезде қарастырып отырған объектінің пайда болуына байланысты қатынастарды реттеуші нормалар Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің нормаларында немесе 19.06.1995ж  ҚР Президентінің "Мемлекеттік кәсіпорын туралы" заң күші бар жарлығында қарастырылған. Көріп отырғанымыздай, кәсіпорынды азаматтық құқықтық объектісі қатарына заңмен қарастыра отырып қосу кейінгі кезде ғана пайда болды. Міне осыған байланысты қарастырып отырғандай объектіге қатысты құқықтық реттеу ережелері ары қарай дамытуды, кемшіліктерді жою және қарама-қайшылықтарды жоюды қажет етеді.

Жоғарыда өзім тоқталып өткен мүлікті жалдау шартының қазіргі заманымызға сай қоғамдық экономикадағы орнының маңыздылығы,  күнделікті өмірде көп орын алатындығы және оған деген көптеген азаматтардың қызығушылығын тудырып отырғаны  тақырыпты таңдауыма себешпі болды. Кәсіпорынды жалдау шартындағы міндеттемені орындау жалға берушіден басқа шарттық міндеттемелерге тән емес белгілі бір әрекеттерді жүзеге асыруды талап етеді. Атап айтқанда, шартта өзгеше көзделмесе, жалға беруші өз есебінен кәсіпорынды жалға алушыға беруге дайындауы керек немесе өткізу актісін жасап оны жалға алушыға қол қоюға ұсынуы керек. Өткізу актісінде міндетті түрде кәсіпорынды жалға беру туралы кредиторларға хабар беретіндігі туралы немесе кәсіпорын мүлкінің құралы мен құны туралы мәліметтер болуы шарт. Кәсіпорынды жалға алушыға беруге дайындау немесе өткізу актісінің жобасын дайындау жалға берушіден кәсіпорын құрамына кіретін барлық материалдық құндылықтарды ивентаризациялауды, актив пен пассивті көрсететін баланс жасауды талап етеді. Өткізу актісінің жобасы жалға берушімен кәсіпорынды инвентаризациялау немесе балансты көрсететін мәліметтер негізінде жасалады. Одан басқа өткізу актісінің жобасы жалға берушінің кәсіпорын қызметімен байланысты кредиторлық немесе дебиторлық борыштық шешімін қарастыруы керек. Атап айтқанда, жалға беруші кредиторлар қатарының тізімін немесе орындалмаған міндеттемелер көлемін көрсетуі керек, одан басқа өткізу актісінің жобасында кәсіпорын қызметімен байланысты борышқорлар тізімі немесе жалға алушыға талап ету құқығын беретін борышқорлар тізімі көрсетілуі тиіс.

Кәсіпорынды жалдау шартының мүлік жалдаудың басқа түрлерінен ерекшеленетін айырмашылығы жалға алушының жалға алынған кәсіпорын құрамына кіретін мүлікке билік ету құқығының кең көлемде болуы жатады. Аталған жағдай жалдау объектісінің ерекшелігімен түсіндіріледі: жалға алушы әрекет етуші кәсіпорынды иелікке және пайдалануға алады. Ал оны жүргізу белгілі бір мүліктің бөлігін сатпай немесе жаңасын алмай жүзеге асыруы мүмкін еместігімен байланысты болады. АК берілген, жалға берілген кәсіпорын мүлкін жалға алушының пайдалану тәртібін реттейтін ережелерді саралау, жалға алушыға осы мүлікке қатысты көптеген құқықтар беретін диспозитивтік нормаға көңіл бөлуді талап етеді. Атап айтқанда, жалға алушы, жалға берушінің келісімінсіз жалға берілген кәсіпорынның мүлкі құрамына кіретін материалдық қазыналарды уақытша пайдалануға не қарыз етіп беруге, сатуға айырбастауға кұқылы. Белгілі бір шекте жалға алушының аталған құқықтарын шектеу, жалға алынған кәсіпорын кұнын төмендетіп немесе шарт жағдайын бұзатын әрекеттер жасалған жағдай мүмкін болады. Одан басқа алушының аталған құқықтары жерге немесе басқада табиғат байлықтарына қатысты қолданылмайды.

Жалға алушыға, жалға берілген кәсіпорын құрамына кіретін мүлікке билік жүргізуде мол мүмкіндік беру оған кәсіпорынды ұстатуға, жүргізуге байланысты барлық міндеттерді жүктейді.Бұл ретте кәсіпорынды жалдау шартының мүлік жалдау шартының басқа түрлерінен ерекшелігін көрсетеді. Мүлік жалдау шартының басқа түрлерінде аталған міндеттер жалпы ереже бойынша шарт тараптарының арасында бөлінеді.

Атап айтқанда, кәсіпорынды жалға алушы шарттың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде, егер шартты өзгеше көзделмесе, ағымдағы немесе күрделі жөндеуді қоса алғанда, кәсіпорынды тиісті техникалық күйде ұстауға міндетті. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға алынған кәсіпорынды пайдалануға байланысты шығындар жалға алушыға жүктеледі (ҚРАК 577 бап.). Жалға берілген мүлікке меншік құқығының, шаруашылық жүргізу құқығының немесе оралымды басқару қүқығының басқа тұлғаға ауысуы мүлік жалдау шартын өзгертуге немесе бұзуға негіз болып  табылмайды. Қозғалмайтын мүлікті жалға алушы болып табылатын азамат қайтыс болған жағдайда осы мүлікті жалдау шарты бойынша оның құқықтары мен міндеттері, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, оның мұрагеріне ауысады.

Мұндай мұрагерге шарттың қолданылу мерзімінің қалған уақытында шарт жасасудан бас тартуға, шарт жасасу жалға алушының жеке басының қасиеттеріне байланысты болған жағдайды қоспағанда, жалға берушінің құқығы болмайды. Өткізу актісін жасауды және қол қоюға табыс етуді қоса алғанда, кәсіпорынды жалға берушіге  беруге дайындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, бұл  жағдайда жалға алушының  міндеті  болып табылады және соның есебінен  жүзеге  асырылады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.          Гражданское право Республики Казахстан. Учебник. Часть особенная. Том 1. Автор Жайлин Г.А. Алматы, "Дәнекер", 2001 ж.

2.          Гражданское право. Учебник. Часть П//Под ред. Сергеева Ю.К., Толстой Л.В. Москва, "Проспекг", 1997 ж.

3.          Римское частное право: Учебник//Под ред.проф. И.Б.Новицкого и проф. И.С.Перетерского. Москва, Юрист, 1994.