1Ильдербаев О.З., 1Мусабекова А.А., 2Мынжанов М.Р., 2Аргынбекова А.С., 1Сиымбек А.  

1Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан

2Семей қ. мемлекеттік медицина университеті, Қазақстан

ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІНЕ ҚАРАЙ АЗ ДОЗАЛЫ РАДИАЦИЯ МЕН КӨМІР ШАҢЫНЫҢ БІРЛЕСЕ ӘСЕРІНЕ АНТИОКСИДАНТТЫ ЖҮЙЕДЕГІ ӨЗГЕРІС

 

Қоршаған ортаның әсеріне ағзаның өте сезімтал көрсеткіштердің бірі болып босрадикалды тотығу жағдайы саналады. Қазіргі таңда босрадикалды тотығу үдерісі жасушалардың тіршілігінде маңызды рөл атқарады. Липидтердің асқын тотығуы (ЛАТ) өнімдерінің мөлшері ағзада қатаң бақыланып отырады. Ағзада босрадикалдардың түзілуі шамадан тыс жоғарлай түсетін болса, түбінде қолайсыз жағдайларға әкелуі мүмкін [1, 2]. Иондағыш сәулелердің тікелей әсері кезінде биологиялық маңызды молекулалардың сәулелеу қуатын сіңіруіне байланысты, яғни иондалу кезінде оттегі молекуласымен өз ара байланысқа түсетін бос радикалдар түзіледі [3].

Физиологиялық жағдайда ЛАТ тотығуға қарсы қорғаныспен тежеледі, бұл қорғаныс кейде жағымсыз фактордың әсерінен істен шығуы мүмкін [4]. Патологиялық үдерістің қалыптасуында бұл жүйенің ерекше маңызды орын алатындығын, өте жоғары сезімталдығын және антиоксидантты жүйенің (АОЖ) бұзылуы кезінде көлемді зардабы болатындығын ескере отырып, зерттеу жұмысымыздың мақсаты ретінде қос фактордың әсері кезіндегі патологиялық үдерісте жас ерекшелігіне қарай антиоксидант жүйесіндегі өзгерісін анықтау болды.

Эксперимент ақ түсті 12 айлық және 24 айлық егеуқұйрықтарға жүргізілді. 2 сериядан тұратын егеуқұйрықтарға эксперимент жүргізілді: I – бақылау тобы (n=10) және II – тәжірибелік топ (n=10). Эксперименттік антракозды моделдеуде патогендік шаңдарды арнайы арналған шаң берілетін камерада 50 мг/м3 концентрацияда күніне 4 сағаттан 12 апта бойы көмір шаңы берілді және жануарларды сәулелеу Чехиялық «Теragam» қондырғысымен 0,2 Гр γ-сәулесі берілді. Барлық егеуқұйрықтар қос фактор әсерінен кейін зерттеуге алынып, олардың бауыр, көкбауыр, шажырқай лимфа түйіндері гомогенаттарында және шеткі қан лимфоциттерінде АОЖ ферменттері: глутатионпероксидаза (ГлП), глутатионредуктаза (ГлР), каталаза (КТ) шамалары анықталды. Зерттеудің нәтижелеріне статистикалық өңдеу жүргізіліп, салыстыру t-Стьюдент критерийі ретінде саналды.

Тотығуға қарсы, ферменттердің негізгі түрі болып супероксиддисмутаза, каталаза, глутатион жүйесі ферменттері жатады. Каталаза ерекшелігі жағынан жоғары фермент қатарында және оттегінің белсенді формаларын: супероксидті анионрадикал мен сутегінің асқын тотығын бейтараптаушы. ГлП-ның белсенділігі липопероксидтердің мөлшері пайда болған сайын өзгеріске түседі. Бұл кезде тотыққан глутатион, глутатионның араласқан дисульфидтері және ақуыздар жинала бастайды, соңынан тотыққан глутатион да азая түседі. Шағын дозалы гамма-сәуле мен көмір шаңының бірлесе әсерінің 12 айлық жастағы егеуқұйрықтардың иммунокомпетентті ағзалардағы антиоксидантты жүйедегі ферменттер белсенділігіне әсерін зерттегенде ГлР белсенділігі бауырда және көкбауырда тежелгені анықталды: бауырда 27,62 %-ға (p<0,05), көкбауырда 18,31 %-ға (p<0,05). Ал, шажырқай лимфа түйіндерінде 58,74 %-ға (p<0,01) артса, шеткі қан лимфоциттерінде фермент белсенділігі нақты өзгеріске түспегені тіркелді (р>0,05).

Енді қос факторға ұшыраған 24 айлық егеуқұйрықтардың берілген нысаналардағы ГлР белсенділігіне келсек, бауырда белсенділігі 41,12 %-ға (p<0,01), көкбауырда 20,81 %-ға (p<0,05) және шеткі қан лимфоциттерінде 46,68 %-ға (p<0,001) тежелгені анықталды. Ал, шажырқай лимфа түйіндерінде нақты өзгеріске ұшырамағаны тіркелді (р>0,05).

Гамма сәулесі мен көмір шаңына бірлесе уланған 12 айлық жануарлардың бауыр және көкбауырында ГлП ферменті шамасы нақты өзгермей, тек жоғарлау үрдісі болғаны тіркелсе (р>0,05), ал шажырқай лимфа түйіндерінде 15,26 %-ға артқаны анықталды (р<0,05). Шеткі қан лимфоциттерінде - 33,85 %-ға тежелгені тіркелді (р<0,01). Енді қос факторға ұшыраған 24 айлық егеуқұйрықтардың берілген нысаналардағы ГлП белсенділігіне келсек, бауырда белсенділігі 18,60 %-ға (p<0,05), көкбауырда - 18,27 %-ға (p<0,05), шажырқай лимфа түйіндерінде - 18,72 %-ға (p<0,05) және шеткі қан лимфоциттерінде - 37,55 %-ға (p<0,01) төмендегені белгілі болды.

АОЖ үдерісіндегі КТ белсенділігіне келетін болсақ, гамма сәуле мен көмір шаңына бірлесе уланған 12 айлық жануарлардың бауыр және көкбауырында КТ ферменті шамасы бақылаудағы топпен салыстырғанда нақты өзгеріске түскені анықталды: бауырда 44,53 %-ға (р<0,001), көкбауырда - 40,15 %-ға тежелгені тіркелді (р<0,01). Ал, шажырқай лимфа түйіндерінде және шеткі қан лимфоциттерінде бақылау тобы көрсеткішіндегі шамадан нақты ауытқымағаны тіркелді (р>0,05). Енді қос факторға ұшыраған 24 айлық егеуқұйрықтардың берілген нысаналардағы КТ белсенділігіне келсек, зерттеуге алынған барлық нысаналарда тежелгені белгілі болды: бауырда белсенділігі 31,50 %-ға (p<0,01), көкбауырда - 25,03 %-ға (p<0,05), шажырқай лимфа түйіндерінде - 29,96 %-ға (p<0,01) және шеткі қан лимфоциттерінде - 12,18 %-ға (р>0,05) төмендеген.

Сонымен, жоғарыда келтірілген эксперименттің мәліметтеріне келетін болсақ, қос факторға уланған ағзаның антиоксиданттық жүйе ферменттерінің тежелгені анықталып, ағзада тотығушы стрестің дамығаны мәлім болды. Әсіресе, 24 айлық жануарларда АОЖ үдерісіндегі ферменттер белсенділігінің тежелуінен тотығушы стрестің дәрежесі тереңдей түскен.

Әдебиет:

1.            Сейсембеков Т.З., Айтпаев Б.К. и соавт. Антиоксиданты в клинике внутренних болезней. Метод. рекомендации. – Караганда. 1992. 16 с.

2.            Dormandy T.L. An approach to free radicalis // Lancet. - 1983. – N. 2. – P. 1010-1014.

3.            Москалев Ю.И. Отдаленные последствия ионизирующих излучений. М., 1991. – 463 с.

4.            Перекисное окисление и радиация / Под ред. В.А.Барабой. – Киев, 1991.