Иторня/1.Общая история
География пәнәнің мұғалімі
Бердибекова Дариха
Түркістан қаласы №31 Абай атындағы жалпы орта мектебі,
Қазақстан Республикасы
Қазақстандағы
Президент билігі және 1995 жылғы Конституция
Қазақстандағы
Конституцияны дайындау, қабылдау және уақыт талабына сай
жетілдіру барысын зерделесек, оның еліміздегі Президент билігінің
қалыптасу және нығаю тарихымен тығыз байланыста
болғандығын көреміз.
Өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың басы еліміз үшін
аса бір белесті кезеңдер болды. Бұрынғы Одақта
Президенттік басқару жүйесін алдымен КСРО, одан кейін ғана
барып Әзірбайжан, Өзбекстан республикалары қабылдады.
Қазақстанның саяси жүйесіндегі трансформация
биліктің өкілетті және заң шығарушы
жүйесіндегі өзгерістерден басталды. 1990 жылы КСРО халық депутаттары
КСРО Конституциясының атышулы 6-бабын алып тастап, КОКП-ның билікке
монополиясы жойылды. Қазақстанда да дәл осындай шаралар
жүзеге асырылып, Коммунистік партияның саяси жүйедегі
үстемдігіне шектеу қойылып, Президент лауазымы енгізілді. Осы жылы
республикамыздың Конституциясына өзгертулер енгізіліп, мемлекеттік
және қоғамдық істерді басқаруға,
республиканың саяси өміріне қатысуға халық
депутаттары кеңесіне сайлану және басқа да жолдармен
қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық
қозғалыстар Қазақстан Компартиясымен бірге өз
өкілдері арқылы қатыса алатын болды. 1990 жылы 24
сәуірде ХІІ шақырылған Жоғарғы
Кеңестің бірінші сессиясында ұзақ пікірталастан кейін
депутаттардың басым көпшілігінің қолдауымен
ҚазКСР-нің «Қазақ КСР Президенті қызметін
тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (негізгі
заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы
қабылданды. Осы заң негізінде биліктік өкілеттіктер
Президент, Жоғарғы Кеңес пен Министрлер кеңесі
араларында бөлінді. Президентті сайлауда жасырын дауыс беруге қатысқан
335 депутаттың 317-i Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, 18-і
қарсы дауыс берді. Нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып
сайланды.
1990 жылдың 20 қарашасында
қабылданған «ҚазКСР мемлекеттік билік пен басқару
құрылымын жетілдіру мен ҚазКСР Конституциясына
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес
ҚазКСР Президентінің ұсынысымен Жоғарғы
Кеңеспен сайланатын вице-президент лауазымы енгізілді. 1991 жылғы 1
желтоқсан күні Қазақстанда алғаш рет
жалпыхалықтық Президент сайлауы өтіп, сайлаушылардың
98%-дан астам даусына ие болған Нұрсұлтан Назарбаев Президент
болып сайланды. Бүкілхалықтық сайлау негізінде
сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 10
желтоқсан күні «Біздің көпұлтты
республиканың халқына қалтқысыз қызмет етуге,
Қазақстан Республикасының Конституциясын қатаң
сақтауға, азаматтардың құқықтары мен
бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы
Президентіне жүктелген мәртебелі міндеттерді адал орындауға
салтанатты түрде» ант берді. 1993 жылы 28 қаңтарда
қабылданған Конституция Президент өкілеттігі мен
мәртебесіне қатысты өзгерістер енгізіп, Президент пен
Жоғарғы Кеңес мәртебелерін жоғарылатуға
бағытталған тұжырымдарды нақтылай түсті
яғни Қазақстанның бүкіл халқының
атынан сөйлеу құқығы Жоғарғы
Кеңес пен Президентте деп көрсетіле отырып, бірінші орынға
Жоғарғы Кеңес қойылды.
Ол кезең еліміздегі сол кезде орын алған
күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси
өзгерістер жағдайды ушықтыруға жол бермей,
шұғыл шешімдер қабылдауды, жедел әрекеттер жасауды
талап етті. Ол үшін елдегі билікті орталықтандыру және
Президент билігін нығайту қажет болатын. Қоғамды
түбегейлі қайта құрудың қажеттілігі
жаңа Конституцияның жобасын әзірлеуді талап етті.
Конституцияның жаңа жобасын дайындау үшін конституциялық
комиссия құрылып, ол өз жұмысын бастады. 1995 жылы
маусым айында жаңа Конституцияның жобасы дайын болып, ол
бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды.
Бүкілхалықтық талқылау барысында жобаға
ондаған мың ұсыныстар мен толықтырулар айтылып,
өзгерістер енгізілді. Ақыр соңында жаңа
конституцияның түпкілікті жобасы дайындалып, ол 1995 жылдың
30 тамыз күні өткізілген референдумда
бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданды.
1995 жылғы Конституция кіріспеден, тоғыз
бөлімнен және 98 баптан тұрады. Жаңа Конституция бойынша
Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы
және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Адам және
оның өмірі, құқықтары мен
бостандықтары мемлекеттің жоғары
құндылықтары ретінде мойындалды. Конституция бойынша
Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы
біртұтас мемлекет болып табылады..
Қорыта айтқанда, жаңа
қабылданған Конституцияда еліміз президенттік республика деп
жарияланды, онда Президенттің құзыреттіліктері белгіленіп,
заңдастырылды. Бұл тарихи оқиға, сөз жоқ,
еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың
сақталып, одан әрі нығаюына, қоғамымыздағы
түбегейлі оң өзгерістерге, жасампаз
іс-әрекеттердің орнығуына игі әсерін тигізіп, негіз
қалады деп және еліміз топтасқан,
тұрақтылық пен тыныштық орнаған, бірлігі
жарасқан мемлекет ретінде нығая береді деген сенімдемін.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қазақстан
Республикасының Конституциясы
30.08.1995 жыл
2. Ғ.Сапарғалиев «Қазақстан
Республикасының конституциялық
құқығы» оқулық,-Алматы 1998 ж.
3. «Закон и время» научно-познавательный журнал, №1 (110) январь 2010
4. Күрделі заманның өтпелі кезеңдеріндегі Қазақ
қоғамы ата заңдарының (Конституцияларының)
тарихи-құқықтық сабақтастығы. –
Алматы, «Жеті жарғы», 2005.