История/1.Общая история

География пәнінің мұғалімі Даулетбаева Ш.

Түркістан қаласы  №31 Абай атындағы жалпы орта мектебі, Қазақстан Республикасы

 «Мәңгілік ел» – тарих толқынында

 

Адам – қашанда еркіндікті, бостандықты аңсайды, тек аңсап қана қоймай, сол үшін әдіс-тәсіл іздейді, күреседі, бостандық, еркіндік, тәуелсіздік оның асыл арманы. Оған жетудің жолы әрқилы десек те, негізгі екеу. Бірі – күрес жолы, екіншісі келісім жолы. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат – мұрат керек, сондықтан ұлттық идея - халық мұраты болып табылады.. Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Тарихта мемлекет пен қоғам көшбасшылары халықтың интеллектуалдық күш-қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ортақ мақсатқа бастайтын жалпыұлттық идея тауып отырған. Қиын - қыстау кезеңнен ұлтты алға сүйреп шығаратын ұлттық идеялар мен ұлттық бірегейліктердің әлемдік тәжірибесін көптеп кездестіруге болады.

Мысалы, Ұлы депрессия жылдары АҚШ-ты шыңыраудан алып шыққан Рузвельттің «Жаңа курсы», одан кейін Дж. Кеннедидің «Жаңа қоғамы» түптеп келгенде «америкалық арманның» құрамдас бөлігін құрады. Қазіргі кезде америкалықтар өздерін әлемдік көшбасшы, бір полюстік әлемнің орталығы ретінде сезінеді, рухтанады. Екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілген Жапонияның қарыштап дамуына күшті идеологиялық тұғырнама себеп болды, соғыста тас-талқан болып жеңіліске ұшы­рағаннан кейін «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек. Қан майданда жеңілдік, бірақ экономикада жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. «Игілікті мемлекет» ұранын көтерген Исибаси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жоспарлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің экономикасы өрлей бастады. Бүгінгі күні күншығыс елі ақыр соңында әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналды.

Кінәсін мойындау идеясы және оны жалпыеуропалық құндылықтарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзінің ұлтшылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызғаны анық. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы - қазақ этносымен түйдей құрдас. Мұратсыз ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру болса, одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды.

«Мәңгілік ел - ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымызға белгі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел», - деді Президент. Қазіргі уақытта Мәңгілік Ел болу үшін азаматтарымыз (әсіресе жастар) білім, ғылыммен мықты қаруланған болуы қажет. Себебі, кез келген мемлекеттің басты байлығы ол халқы, адам капиталы. Сондықтан, Мәңгілік Ел болу үшін әр азаматымыз осы бағытта жұмыс жасауы керек. Бұл әрине оңай шаруа емес. Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың сөзімен айтатын болсақ:«Қазақтың ендігі ұлттық идеологиясы осы «Мәңгілік Ел» деп ойлаймын. 2050 жылы біз «Мәңгі ел» бола саламыз деп ешкім кесім жасай алмайды. Елбасы оны айтып отырған жоқ. Қазақтың түпкі арманын меңзеп отыр. Халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек. Бұл қазақтың көкейіндегісін дөп тапқан сөз болды деп санаймын».

Сонымен, Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оның көзіміздің қарашығындай қорғау, баршамыздың борышымыз. Ұлттық санамыз саяси өрісіміз сілкініс жасап, өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз. Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап жалғастыру біздің еншімізде екеніне мақтанамын. Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын. ХХІ ғасыр басындағы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды ертеңгі нұрлы болашаққа, кемел келешекке апаратын да өскелең ұрпақ. Ендеше қияметтің қыл көпірінен сүрінбей өткен, тәуелсіз Қазақстанымның табанының тұғырдан таймауын тілеп, асыл мұраты алға жетелесін демекпін.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары  (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли) – Алматы, «Өлке» баспасы, 2001 ж.Жамбыл Тараз»

2. ГумилевЛ.Н. От Руси  к России- М.ООО «Издательство АСТ»

З. Қабылдинов, Астана ақшамы, Тегі асыл тарихын түгендейді, 10.02.2014 ж.

4. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.- Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2010 ж.