Бегалова М.С.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

 

ОҚУШЫЛАРДЫ ӨНЕРГЕ БАУЛУДА МУЗЫКАЛЫҚ ІС-ӘРЕКЕТ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ МАЗМҰНЫ

 

Балалардың оқып жүрген мектебі – білім берумен қатар, өнерге де баулиды. Мектептердегі эстетикалық тәлім-тәрбие жұмыстарының арқауы да осы игі мақсат. Жоспар бойынша жүйелі өткізілетін тақырыптық кештер, қалыптасқан көркемөнерпаздар ұжымдары, сан алуан өнер түрлерін қамтитын үйірмелер жас өспірім жеткіншектердің өнерге деген көзқарасын қалыптастырады, дүниетанымын кеңейтеді. Мұндай эстетикалық тәрбие жұмысы мектеп өмірінде елеулі орын алып, ой-өрісін жетілдіреді, оларға әсемдік, әдемілік сырын ұқтырады.

Ал музыка сабағында үйретілетін әрбір ән оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай таңдалып алынады. Аса қабілетті оқушылар мектепте жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстарға қатыстырылады. Мысалы: хор, вокалдық ансамбльдер, оркестр үйірмелеріне тартылады. Ал музыкалық қабілеттері шамалы (дауыстары жоқ), бірақ та музыкаға деген қызығушылығы, ынта-ықыласы ерекше оқушыларды мұғалім сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың басқа түріне тартқаны жөн. Мысалы, лекция- концерттерді жүргізуші, тақпақ оқытқызу, аспаптық үйірмелерге қатыстыру сияқты жұмыстарға баулып тарту.

Теория мен тәжірибенің байланыстылығы принципі философияның «тәжірибе – танымның ішкі бұлағы» қағидасына негізделген. Оның түбінде көптеген заңдылықтар жатыр: оқытудың сапасы мен тиімділігін тәжірибе ақиқаттың көрсеткіші; теория мен тәжірибе байланысы оқу мазмұнын, әдістеріне, түрлеріне тәуелді; оқушыларды мамандыққа бағдарлау сапасы жоғары болса, олар заманауи өндіріске тез икемделеді.

Өнердің тәрбиелік мәнін қысқаша айта келіп,  Н.Ковин музыка мектепте ойын – сауық та, оқитын пән де болмауы керек дейді: «Ол тәрбиеленушіні толық немесе жан-жақты қамтуы керек. Сондықтан да музыкалық білім беру процесінде бірінші орынға музыканы білу немесе ол туралы білім, тіпті оның техникасын игеру ғана емес, сонымен бірге оны әдеттегі және сөзсіз қажеттілік үшін оны қабылдау мүмкіншілігін дамыту, онымен туындайтын эмоцияларды сезіне білу қойылуы керек».

А.Ковин музыкалық тәрбиені үйретуге қарсы қоймайды, үйренудің ролін жоққа шығармайды: «Музыканы қабылдау қабілеттілігіне бірінші мән бере отырып, мен музыкалық білім мен қабілет қажет емес деп айтпаймын. Олар керек, өйткені музыканы қабылдауды тіптен толық және терең жасайды» [1,82б.].

Музыканың әлеуметтік ролін осылай түсінуге байланысты Валентина Николаевна Шацкая «музыкаға  үйрету» терминін сирек пайдаланып, оның орнына «музыкамен тәрбиелеу» сөзін қолданды. Оның ойынша, өнердің шынайы терең әсері тек бірқатар дағдылар мен білімді игеруге мақсатты бағытталған жұмыстар арқылы оны сезімді – эмоционалды түрде қабылдағанда ғана болады. Хормен ән айту және музыканы тыңдау сабақтарында оқушылардың игеретін музыкалық білімі, оқу мен дағды көлеміне қатысты мәселелерге байланысты мектеп бағдарламасын талдау барысында В.Н Шацкая өте қызғылықты ойларын білдіреді: «Мектептің оқу жоспарында музыкаға бөлінетін уақыттың шектеулі болуы, біздің оқушыларға музыкалық – теориялық немесе музыкалық тарихи білімдерді  толық көлемде бере аламыз деп айтуға жол бермейді» [2,85б.].

Халықты жаппай музыкаға үйретудің негізгі түрі ретінде хормен ән айту танылған. «Ән айту музыкалық сабақ ретінде, - деп жазды белгілі педагог А.И.Пузыревский, - музыкалық образдарды оқу, орындау және түсіну және музыкалық эстетикалық әсерін тәрбиелеуге қажетті барлық қабілет пен икемділіктің жиынтығы болып табылатын музыкалық қабілетті жан-жақты дамытуға әсерін тигізеді. Ән айту және балаларға қызықты әндер музыкалық талғам мен музыкаға деген сүйіспеншіліктің дамуының маңызды кепілі ретінде бірінші орынға қойылу керек» [3,32б.].

Осылайша, қазіргі уақытта музыкалық талғамды дамыту музыкалық педагогиканың маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Осы мәселені шешу жолдарын іздеу барысында, соңғы жылдарда оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға үлкен мән берілуде. Е.В.Назайкинскийдің «Музыкалық қабылдаудың психологиясы туралы» деген қызықты еңбегінде, мысалы индивидиумның тәжірибесі мен ойлау қабілетінің деңгейі мен тереңдігі мен сезімнің сенсорлық (көру, есту, түсіну) және кинетикалық ( жүрек-қимыл) түрлерімен байланысы қарастырылады. Е.В.Назайкинскийдің пікірінше, дәл осы сезімдердің өзара қатынастарында тыңдаушы мен орындалған шығарма арасында психологиялық байланыс орнайды [4,71б.].

 Музыкалық талғам – адамның өнер туындысын қатар қабылдау және бағалау қабілеті. Ол ең алдымен өнердің тікелей әсерімен қалыптасады. Бұл сондай-ақ адамның өзінің индивидуалдық ерекшеліктеріне, өнердегі шынайы көркем құндылықтарды қабылдау ерекшеліктеріне де байланысты.

Егер бала кіші кезінен үнемі жақсы ән, музыка естіп өссе, онда нәзік талғам қалыптасады. Кейіннен, мысалы, ең қиын жасөспірімдік кезеңде ол арзан қол, көңіл көтеретін музыканы естіген кезде, оның бойында иммунитет болады, ол шынайы өнерді боямадан оңай ажыратады.

Жақсы талғам тек классикалық дүниелермен ғана емес, сонымен бірге жақсы мен жаманды салыстыру арқылы дамиды. Сондықтан да жай бұйрық арқылы мектептерден көңіл көтеретін (жеңіл әуендер) музыканы қууға, оны тыңдауға тиым салуға болмайды. Мұғалім оқушылармен бірге сұраныстағы әндерді тыңдап, өз пікірін дәлелдеуі тиіс.

Үйрену процесіне әсер ететін психологиялық факторлар әдетте ішкі және сыртқы деп бөлінеді.

 Жаттау мен есте сақтаудың басты шарттарының бірі оқу материалын қабылдау процесін дұрыс ұйымдастыру. Адам қабылдай отырып бір мезгілде көптеген кедергілерге мойын бұра алмайды. Тек кейбіреулерін ғана екшеп, анық түсінеді. Адамның бұл қасиеті таңдаушылық пен көңілінің көлеміне де байланысты. Бастауыш оқушыларының көңіл көлемі 2-3 затпен шектеледі, сондықтан да музыкалық оқу бастапқы кезеңдерінде балаға педагогтың барлық айтқандарын қабылдап орындау қиынға соғады. Қабылдау мен көңіл көлемін бірте-бірте кеңейту қажет.

Жастық ерекшеліктер тұлғаның спецификалық, психикалық қасиеттері жастық өзгерістерге қарай өзгеруі заңды нәрсе. Жастық ерекшеліктер индивидтің танымдық, себептік, эмоционалдық және басқа қасиеттерден тұратын белгілі бір кешенді құрайды. Кең түрленетін индивидуалдық ерекшеліктерге қарағанда жасқа байланысты өзгерістер бірдей әлеуметтік – экономикалық жағдайлардағы осы мәдениет немесе субмәдениет өкілдерінің көпшілігінің психикасында болатын өзгерістерді көрсетеді. Жастық ерекшеліктер «таза түрде» кездеспейді және абсолюттік және өзгермейтін қасиеттерге ие емес, олар мәдени-тарихи, этникалық және әлеуметтік экономикалық факторлардың әсеріне ұшырайды. Үйрену мен тәрбиелеу процесінде жастық ерекшеліктерді есепке алу ерекше мәнге ие.

Музыкалық қабылдауды дамыту Л.Г.Дмитриева мен Н.М.Черноиваненконың пікірлері бойынша «музыка арқылы жасалатын эмоциялық әсерді, түсінікті болатын мәнерлік құралдарды жете ұғынуды талап етеді». Зерттеушілердің ойынша музыкалық шығармаларды жете ұғыну оның мазмұнын ашуға, кейінірек музыкамен айналысқанда оқушылардың музыкалық тәжірибелерін жинақтауға жағдай жасайды. Л.Г.Дмитриева мен Н.М.Черноиваненко қабылдай білу музыканың әсер етуін күшейтеді, оқушылардың ішкі рухани дүниесін, сезімдерін, ойларын, көңіл-күйлерін кеңейтеді деп есептейді. Музыкалық тәрбие беруде эмоциялық пен саналылықтың бірлігі принципін қолданудың арқысында оқушылардың қабылданғанды бағалай білу қабілеті дамиды, соның нәтижесінде олардың қызығушылықтары мен талғамдары тәрбиеленеді [5,71б.].

Музыка сабағы өнер сабағы болғандықтан оның барлық компоненттерінің көркем болуы талап етіледі. Бұл тек тыңдалатын музыка мен айтылатын әнге ғана қатысты емес, сонымен қатар орындалып отыратын әнге ғана қатысты емес, сонымен қатар орындалып отыратын кез келген жаттығуларға да қатысты болады. Әңгіме тек музыкалық материал туралы ғана емес, керісінше сол материалдың орындалу сапасы жөнінде болуы керек. Яғни музыкалық дыбыс өте әдемі де көркем болуы қажет. Көркем орындау үшін еңбектену керек яғни материалмен техникалық түрде жұмыстар жүргізіледі. Музыкалық материалды іріктеу музыка сабағын ұйымдастыру кезеңінде қажетті басты талап ретінде қарастырылады. Әсіресе, мектеп оқушыларына арналған репертуарды меңгеруге көп көңіл аударылуда өйткені болашақ мұғалім оқушыларға арналған музыка материалдарын жеткілікті білумен қатар, әнді мәнерлеп айтуға дағдыландыру әдісін және музыкалық шығармаларды қабылдай білге үйрету тәсілдерін меңгеруі тиіс.

 Репертуар бүгінгі өмір деңгейіне сай терең мазмұнда, көркемдік-педагогикалық талапты қанағаттандырарлықтай дәрежеде және оқушылардың жас ерекшеліктеріне, аспапта ойнау мүмкіндіктеріне сәйкес болуға тиіс. Демек, музыка мұғалімі сабақта айтылатын әрбір ән мен тыңдалатын шығармаларға шығармашылық тұрғыда қарап, оның идеялық-эстетикалық мәнін көркемдік ерекшелігін дұрыс ашып таныта білгенде ғана оқушылардың музыканы терең сезініп, дұрыс түсіне білу қабілеті дамып, ой-өрісі мен дүние танымы кеңейе түседі.

Репертуар іріктеуде бірімен-бірі тығыз байланысты бірнеше мәселеге көңіл аударған жөн.

Соның бірі – тыңдалатын музыкалық шығарманың немесе үйретілетін әннің мазмұны мен көркемдік ерекшелігі. Бұған репертуардың жан-жақтылығы жатады. Онда қазақ халқының ән-күйінен бастап, кеңестік кәсіби

композиторлардың шығармалары, басқа республика және дүниежүзі классиктерінің туындылары кеңінен қамтылып, ал іріктелген шығармалар тақырыбы құрылысы, тілі, жанрлық ерекшелігі жағынан жан-жақты болып келуге тиіс.

Музыка сабағында қолданылатын музыкалық материал танымдық негізге бағытталған, шығармашылық-адамгершілік, отаншылдық дүниетануын қалыптастыруға жағдай жасайды. Оқушылардың орындалуына арналған шығармалардың қолайлығын дәлелдеу белгілі бір жас ерекшелігіне сай материалдардың техникалық мүмкіндігін білуге байланысты (дауыс диапозоны, тынысы, дикциясы, ансамблі, екпіні және т.б. айқындалады.

Репертуардың жан-жақты болуы оқушылардың музыка сабағына қызығушылығын қалыптастыру мәселесін шешеді. Ән үйрету үрдісі, балалардың шығарманы қабылдауға дайындалуына, қабылдау сәтіне және тыңдаған музыканы талдай білуіне сүйенеді. Ең алдымен, оқушының назары композитор, сөз тексінің авторы, шығарма, оның сипаты, музыкалық-көркемдік құралдары және т.б. жөнінде деректерді жинауға бағытталады. Жиналған ақпараттың шамасы музыканы терең түсіндіруге, оны танып білуге қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен, оқушыларды білім беру арқылы өнерге баулуда атқарылатын іс-әрекеттің психологиялық мазмұны музыка сабағында ерекше байқалады, себебі жоғары сапалы-көркем шығармаларды үнемі қолдану, нақты тақырып айналасында сабақты ұйымдастыру, оқушылардың музыканы орындауы, басты шешімнің негізін құрайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Ройтерштейн М.И. Музыкаведческая подготовка школьного учителя.-М.,1984.

2.     Тельчарова Р.Л. Уроки музыкальной культуры – М.    «Просвещение»1991.

3.     Алиев Ю.Б. Настольная книга школьного учителя–музыканта.     М., 2000.

4.     Лобова А.Ф. Моесеев  Л.В. Художественно – эстетическое образование развития школьников. Екатеринбург,1996.

5.     Дмитриева Л.Г., Черноиваненко Н.М. Методика музыкального  воспитания в школе. - Москва: АССДЕМА, 2000.