Музыка и жизнь/6. Композиторы

 

аға оқытушы  Молдазимова А.Е., Әлімбекова Айгерим 4 курс студенті

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы

Ән жұлдызы - Шәмші аға

 

Әйгілі сазгер Ш. Қалдаяқов туып өскен жері Отырар ауданының Шәуілдір ауылы. Композитор, Қазақстанның халық әртісі. Тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнінің авторы. 1950 жылы Сарыағашта Қапланбек мал дәрігерлік техникумын бітірген. 1951 - 1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды. 1955 жылы Ташкенттегі музыка училищесінің музыка - теориясы факультетіне қабылданды. 1956 - 1962 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция факультетінде профессор В. В. Великановтың класы бойынша оқыған. 1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан.

Қазақ ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде көрінді Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармасының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, жарға, дос - жаранға деген сүйіспеншілік - Шәмші ағаның шығармашылығының басты тақырыбы.

Әншінің азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын: «Ақ ерке - Жайық», «Отырардағы той», «Сыр сұлуы», « Көгілдір көкше» т.б., туындыларын жұрт ерекше қабылдады. - Әр адамның өз өмірі сияқты әр әннің де өз шығу тарихы бар. Ол кезде Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермек болып жүрген кез еді. Сөйтіп, қазақ жері бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін сезіп Шәмші аға ән жазды. 6 қаңтар 2006 жыл, Республика Парламентінің бірлескен отырысында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекетіміздің Әнұраны болып қабылданды. Шын мәнінде бұл Әнұран патриоттық сезімді оятып, рухыңды көтеріп, көңіліңді тасытып, санаңды серпілтіп, бойыңа күш - қайрат беріп, жігеріңе жігер қосып қанаттандырады.Отырарда өзінің туа біткен дарын, талантымен ел жүрегін жаулап алған, сөзімен де ісімен де, қоғамдық асқақ ойымен, бүкіл болмыс тірлігімен келер ұрпақ, кейінгі біздің бәрімізге де өнеге болған исі күллі адамзатқа ортақ заңғар тұлға аз емес. «Вальс королі» атанған әйгілі сазгер, ғасыр сыйлаған қайталанбас тұлға.  Әлемге әйгілі сазгердің есімін мәңгі есте қалдыру ісі де өз жалғасын табуда. Атап айтқанда бүгінгі таңда Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке Отырарда бір музыка мектебі, бір орта мектеп, бір ауыл Шәмші ағамыздың есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдында даңқты сазгердің ескерткіші орнатылған. Туған жері Шәуілдір ауылындағы Ш. Қалдаяқов орта мектебінің ауласына орнатылған Шәмшінің ескерткіші 2006 жылы 22 қыркүйек күні салтанатты жағдайда ашылды. Сол сияқты 1991 жылы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым»деген деректі телефильм түсірілді. Ән өмірінің жарық жұлдызындай сәуле шашып, айрықша із қалдырған Шәмші Қалдаяқов - күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Халқының несібесіне туған перзенті жөнінде кең байтақ Қазақстанда өз құрмет - ықыласын, ой - пікірін жинақтаған небір абзал азаматтар әншінің өнерін қадір тұтатын отандастарымыздың естеліктеріне тоқталсақ: 2002 жылы «Шәмші ғұмыр»атты естеліктер мен мақалалар жинағы, жазушы Оралбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов» атты повесі, жазушы Құттыбек Баяндиннің «Ән ғұмыр» атты деректі кітабы. «Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы» Қаламгер Ә. Телғозиевтің Шәмші жайлы жазған деректі мақаласы, «Шежірелі Отырар» кітабында сазгердің ғұмырнамасы тереңірек сыр шертеді. Бұдан басқа да «Әндер», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің»,  «Шәмші әлемі» атты әндер жинағы жарық көрді.Сондай - ақ «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик» т, б., көптеген әндер Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева сынды көптеген әншілердің репертуарынан берік орын алды. Осылайша Ш. Қалдаяқов артында мол музыкалық мұра қалдырды.Елбасының үш Жарлығы Шәмші Қалдаяқов - аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор. Ол - бүкіл ел мойындаған, жалпы халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, қалың жұрттың қайнаған ортасынан шыққан дара дарын, тума талант, аты көзі тірі кездің өзінде аңыз болып кеткен бірегей өнер иесі. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәмші шығармашылығының бағы жаңаша жанды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ш.Қалдаяқовтың ересен еңбегіне үлкен жанашырлық танытып, кеңестік қызыл империя кезіндегі әділетсіздіктерді қалпына келтірді. Президент Шәкең шығармашылығына байланысты үш бірдей Жарлыққа қол қойды. Елбасының бірінші Жарлығымен оған «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы (1991 ж.) берілсе, екінші Жарлығымен композитордың «Менің Қазақстаным» шығармасы Әнұранға (2006 ж.) айналды, ал үшінші Жарлығымен Шәмші Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2010 ж.) атанды.Жиырма бірінші ғасырдың басында «Менің Қазақстаным» атты әні мемлекеттік әнүранға айналған ол алтын әріппен ел тарихында қалды. Тозбасын тарих беттері дей     келе алқының нәзік жүрегінен әндері ерекше орын алған, қазақ халқының өнер  әлемінде өшпес із қалдырған сазгер Шәмші ағаның өнегесі ешқашан ұмытылмайды.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы

. “Алматыкітап баспасы
”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2

2. Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы, 4-том

3. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9

4. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8