Педагогические науки

Р.Т.Игенбаева, И.С.Мұрат

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,  Қызылорда қаласы

БИ-ШЕШЕНДЕРДІҢ ТАҒЫЛЫМЫ НЕГІЗІНДЕ ЖАСТАРҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

Халқымыздың ұлттық мәдениетінің қайта өркендеу  жағдайында жеткіншек  ұрпақты   халқымыздың рухани  қазынасы,  мәдениеті, әдет-ғұрып дәстүрлері  негізінде тәрбиелеу қоғам қажеттілігіне  айналып отыр. Халқымыздың ұлттық тәрбиесі  жүйелі түрде қалыптасқандығы белгілі. Әрбір баланың тәрбиесіне оның ата-анасы,  отбасы мүшелері, ағайын-туыс, көрші-қолаңның барлығы атсалысып, ортақ  қамқорлық  танытқан. Атаның емес, адамның баласы болу керектігі туралы өнегелі өсиетті қалдыра отырып, қазақ халқы баланың бойында ізгіліктілік, имандылық, кішіпейілдік, қарапайымдылық, парасаттылық, сабырлылық сынды игі қасиеттерді қалыптастырған. Бұл қасиеттердің барлығы ұлттық құндылықтарымыздың сарқылмас қазынасы.

Еліміздегі рухани болмыстың,  ұлттық тәрбиенің қайнар көзі ұлтжандылық болып табылады. Ұлтжандылық – патриоттық және ұлттық тәрбиемен сабақтас, ол мемлекеттің алға дамуының қозғаушы күші. Кез келген халық секілді қазақ халқы да, оның зиялы,  ұлтжанды  өкілдері елдің, жердің, тілдің, ділдің, ұлттың тағдырын ойлап,  жас ұрпақ санасына ұлағатты өсиеттерді, тәлім-тәрбиені, сіңіріп кетті. Ұлтжандылық өз жұртының өркениетке ұмтылысын қолдайтын, ілгері жылжуына ықпал етуші азаматтың сезімі. Ең алдымен, таза жанды, иманды, арлы, намысты, ұлты мен ұлттық құндылықтарды сыйлайтын, сүйетін тұлға тәрбиелеуге  тырысуымыз керек.

Өкінішке орай, бүгінгі күні шетелдік үрдіске бағыт алған, соған   икемделген көптеген қазақ жастарының мінез-құлқы, тәлім-тәрбиесі ұлтжандылық  сипаттан алыс кетіп қалды. Жастарды ұлтжандылықтылық сипатта тәрбиелеу, оларды өз халқының құндылықтарын сүйетін, бағалайтын, қастерлейтін патриот ретінде тәрбиелеу  баршамыздың қасиетті  борышымыз. 

Жеткіншек ұрпаққа атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан патриоттық тәрбиені  дарыту – бүгінгі таңда да көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Өткенін білмеген халқының қадірін білмейтіні айқын. Патриоттық тәрбие адам баласына тән әрбір азаматтың өз еліне, туған жеріне, тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына деген жоғары сезімін, өзіндік бағасын, білдіреді. Патриоттық сезімнің нысаны Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, ұлттық құндылықтар жатады. Патриоттық сезімнің ішінде ұлттық сезімнің маңызы ерен ерекше. Ұлттық сезім – өзінің ұлттық өкілділігін мойындай отырып ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық, халық мұраларын бағалай білу. Әрбір адам өз Отанына деген мақтаныш сезімі, өз ұлтын терең сүюі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс.

Ұлттық парыз – Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін, жерін аман сақтап, ата-баба дәстүріне өте сезімталдықпен қарау. Ал парыз – өзінің мағыналық аясына ақыл-ой, сезім, ерік-жігер, ар-ождан, абырой, әділдік, шындық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді қамтып, оларды адам өміріндегі қайшы құбылыстарға қарама-қарсы қоятын жоғары парасаттылық ұғым.

Жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулуда қазақтың би-шешендерінің шығармашылығының маңызы зор.  Би-шешендер өздерін толғандырған мәселелерді өткір сөздерімен бейнелей отырып орасан зор күш жігерді қорытты. Халық даналығының қайнар бұлағын суарып отырды. Адамзат өміріндегі еркіндік, бостандық, азаттық рухын аңсағандығын осы шешендер өсиеттерінен аңғарамыз.

  «Ереулі найза қолға алып,

  Ажалымыз қайдан дүр»,  - деп жырлай отырып, туған халқын жауға қарсы тұруға, елін қасық қаны қалғанша қорғауға үндеген.[1, 33-39]. Сондықтан болар қазақ ұлтарақтай жерін қасық қаны тамғанша, ұлтқа деген сүйіспеншілік, ұлттық намыстың биіктігімен және ұлттық рухтың арқасында қазақтың кең байтақ даласын сақтап қалған. Шешендер қай уақытта болмасын қарапайым халықтың басына күн туған кезде, тілмен тосқауыл бола білген.

Осыған орай қазақтың би-шешендерінің сөздеріне жүгінейік.

Төле Би:

«Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол.

Бір елдің атасы болма,

Бар елдің данасы бол».

Қазыбек Би:

«Алтын ұяң-атаң қымбат,

Құт берекең-атаң қымбат,

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат».

Әйтеке Би:

«Екі адам керіссе, оның арты қызыл шоқ,

Біз үш жүз керіспейік, келісейік»[2,44]. Би-шешендердің сөздері де қазақтың елін, жерін, отанын сүюуінің негізіне жатады.

Шешендер өсиеті қазақтың елін, жерін, отанын сүюуінің негізі болып табылады. Осыған қоса бабаларымыз, ел қорғаған азаматтарымыз: Бәйдібек баба, Қойгельді, Сыпатай, Сәмен, Рысбек, Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Туғанбай, Тұрлығул т.б. істеген ерліктері бүгінгі қазақстандық патриотизмге негіз бола алады.

Осы сөзіміздің жарқын бір мысалы Қаз дауысты Қазыбек бидің қалмақ ханға жауабы.

- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соктықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмін, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күн боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.

Сен қалмақ та, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз,

Сен темір де біз көмір, еріткелі келгенбіз,

Екі еліктің лағын, теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге, танысқалы келгенбіз,

Танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз,

Сен қабылан да, біз арыстан, Алысқалы келгенбіз...

Берсең жөндеп бітімді айт, Бермесең дірілдемей жөніңді айт,

Не тұрысатын жеріңді айт! - депті. Сонда Қолғажы не дерін білмей сасып қалыпты[3,76].

«Жолбарыс терісін жамылған батыр» аталатын халық әңгімесінде бірге келе жатқан адамдардың жолбарыспен бетпе-бет кездесіп қалғанда аңмен алысып жатқан Бөлтірік шешенді тастап қашып кеткендіктеріне байланысты бағалау жасалған. Жолбарыспен жалғыз өзі алысып, өлтіріп, «Иығына салып алған жолбарыс терісінің бір пұшпағы жерге сүйретіліп» келе жатқан Бөлтірікке қашып кеткен жолдастары қайта оралып келгендегі диалогтардан, шешеннің қорытынды бағалауларынан жолдастықтың шынайлығы мен жалғандығына баға берілген. Бөлтірік шешеннің поэтикалық мағынасы, мегзеулі ойлары терең сөздері арқылы адамгершілік қасиет сапасының шынайылығы дәлелденген:

1. «Тірі болсам да, өлі жолбарыс құрлы болмадым. Өлі болса да бұл
жолбарыс тірі Бөлтіріктен гөрі жолды екен»;

2. «Мен екі сойылдым, жолбарыс бір сойылды…

– Мынау қасымда тұрған қоянжүректер мені жалғыз тастап қашып кетіп, бір сойылдым. Олардан соң батыр жүректі жолбарыс болат тырнағымен, алмас азуымен тағы сойды. Ал, жолбарыс болса, ол бір-ақ сойылды».
         3. «Жолбарыста қырық жігіттің айбаты бар, бір жігіттің қайраты бар.
Жүрегін тоқтата алған жігітке бір жолбарыс не қайрат қылушы еді» – деп
жауап беріпті. Осы оқиғадан кейін ел ішінде Бөлтіріктің «Жолбарыс жүректі
батыр», «Жолбарыс терісін жамылған батыр» деген аты шығыпты».
Жақсы адамдардың достығы арқылы адамзаттың өсіп-өркендеп келе жатқаны белгілі. Сондықтан, Бөлтірік шешеннің жолдастық, достық туралы сөздері азаматтық-отаншылдық тұғырнамамыз берік халық екенімізді дәлелдейді.

Бөлтіріктің шешендік өнері өз ұлтының қасиетті ұғым-түсініктеріне (жер, ел, ер, т.с.с.) негізделген. Мысалы: "Жер деген – байлық, Ел деген – халық",  "Атадан ұл туса игі, Ата жолын қуса игі",  "Өзіне келер ұятын, Өзі біліп тұрса игі, "Жаудан бұққан немені, Ортасына қуса игі!" (Жерді су көтереді. Елді ер көтереді" [4,12 ].

Ел қамын ойлап, өз туған халқының адал перзенті, нағыз патриоты - XVIII ғасырда өмір сүрген  ұлы тұлғаның бірі – Үйсін Төле би. Ол Әз Тәукенің тұсында «Жеті жарғы» атты заң жобасын жасаған қоғам қайраткері, ел ағасы. Он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Ол жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады.

Төле би Орта жүздің аға биі Қазыбек Келдібекұлымен, Кіші жүздің аға биі Әйтеке Бәйкенұлымен бірге қазақ ханы Әз-Тәукенің басты кеңесшісі болды. Төле бидің басшылық, шешендік дарыны Қазақ хандығы жойқын қолмен шабуылға шығып, қазақ халқын қырғаны, қалғанын «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыратқан кезде айқын көрінді. Ол сол кездегі қазақтың белгілі батырлары – Қабанбай, Бөгенбай, Ханкелді, Өтеген, Жәнібек батырлармен бірыңғай халық майданын құрып, азаттық күресін басқарады. Қазақ жерін басқыншылардан азат етуге басшылық етеді.

 Ұлтымыздың тарихында асқан батырлық ерлік істері мен асқақ сипаты тапқырлық даналық шешендік сөздері мен әділетті билік кесімдері мен жарқын із қалдырған заңғар тұлғаның бірі Сырым Датұлы. 1783 -1797 жылдағы Сырым  Датұлы ұлт азаттық көтерілістің ту ұстаушысы болған Сырым шешен елін сүюдің нағыз үлгісі болған десек артық емес.

Халық даналығына жүгінсек сымбатсыз сұңқар болмас, тұлғасыз тұлпар  болмас дегендей Сырым шешеннің дене бітімі кескін келбеті мінсіз жан –жақты жетілген сом болатай құйылғандай болуы керек.

 Сырым Датұлы заманында қазақ елінің шұрайлы нұрлы, сулы жерінен құтты жайлы қоныс мекендерін айрылып зар жылаған шақ еді. Патша өкіметі жазалаушы отрядтарын казак, орыстарды қазақ ауылдарына жұмсап құт берекесін кетірді. Сонда Сырым батыр адамның сүйегі сырқырарлық сөз сөйлеп елі мен жерін қорғауға жұртты шақырады.

Ақтамбердi жырау өмiр ережесiн жақсыларды марапаттау арқылы ғана емес, жамандықтың бастауын iреп, салдарын саралайды. Жамандық адамдардың бiрiн-бiрi қорлаудан, зорлаудан басталады. Қорлау да, зорлау да — жендеттiк, пенденiң бағын аштырмайтын жексұрындық. “Жаман болса жолдасың, астыңнан өткен сызбен тең”, “Жаман туған жiгiтке, рақатты күн бар ма”. Жамандық — жауың. Екеуiнiң де түрi көп. Сонда кiм жаман? Дәулетiн көтере алмай желiккен, өз мiнiн бiлмеген, ата мен ананы сыйламаған, ертең не болатынын бiлгiсi келмеген, күнде жанжалдың делебесiн қоздырған, жетiм мен жесiрге қол ұшiн бермеген, жалаулы найзаны қолға алып, Жаманның көрiнiсi күңгiрт, салмағы сұмдық, әсiресе қашқанда ақыл, сасқанда дегбiр қалдырмайды.

 «Қалың қазақ елiм» деп үн қатқан, ұран тастаған жыраулар: «Ылайым, елiм аман болсын» деген тоқтамды алға тартты. Шешен-билер шешендiгiмен, көрегендiгiмен, қайырымдылығымен жамандықтан, жалғандықтан, жұғымсыздықтан, жауласудан сақтандырған.

Тарих сахнасында 3 мыңжылдық салты бар көшпендiлер өркениетiн тұлғалаған, ұрпақтарын үлгiге үйiрлеген — даланың қайраткерлерi, дiлмарлары, би шешендерi.  Ел аузында «түгел сөздiң түп атасы» атанған Майқы биден бастап 200 ден артық дiлмарлар, одан да артық би-шешен атаулары жатталынып қалған [5].

Әрқайсысы ел-жұртының қуанышы мен қайғы-қасiретiн, ерлiгi мен ептiлiгiн еселеп жеткiзген, ел қамын ойлап, қазақ ұлысын құруға, халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын реттеуге, заңдастыруға үлкен ықпал еттi. Әдiл билiгi, тапқыр шешендiгi барлар «қалың елi қазағының» атынан сөйледi, көкейкестi ойларын «бiр кiсi емес, жалпақ жұртқа» арнады.

Билердiң шешендiгi — сол халықтың даналығы мен ой-санасынан көрсеткіші. Бүгінгі таңда би, шешендердің тағылымын өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесінде қолданудың тиімділігі талассыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ би-шешендері: танымдық жинақ / құраст. С. С. Қорабай. - Алматы : Айғаным, 2016. - 204 б

2. Оразова, Б. О. Би-шешендер тіл: оқу құралы. -  ҚММУ. - Қарағанды: Гласир, 2015. - 132 б.

3. Қуандықова, Ұ. Ұлттық шешендік өнер туралы түсінік. Қазақ тарихындағы ұлы шешендер мен билер. Төле бидің өмірі мен өнері // Қазақ және әлем әдебиеті мектепте, колледжде және ЖОО­да = Казахская и мировая литература в школе, колледже и вузе. ­ 2010. ­ № 1/2. ­ С. 44­46

4. Дәрібаев, Х. Ел аузынан: Шоң би  // Жаңа арқа. ­ 2001. ­ 10 наурыз

5. Қоңырбаева, К. Би­-шешендер философиясының құндылықтық ерекшеліктері // Әл­Фараби = Аль­Фараби. ­ 2013. ­ № 4. ­ С. 34­39