С.Мұратбеков әңгімелеріндегі балалар өмірі

Айтбаева Айман Ералықызы

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ доценті

Қамбарбекова Лаура Маханбетқызы

Жаңақорған ауданы №195 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

 

Әдебиеттегі ең бір қисынды сала – балалар әдебиеті екені белгілі. Қалтарыс-бұралаңы, қыры мен сыры мол, терең де биік, қатал да, әділетті, қатыгез де мейірбан, жұмбақ та қиын өмір атты сынақтан өтуге енді ғана қадам басқан баланың алғашқы әсерлерін, таным-түсінігінің оянып, өзгеруін, ақылы мен мінезі қалай қалыптаса бастағанынан шынайы суреттеп беру хас шебердің қолынан ғана келмек.

Қазақ әдебиетінде балаларға арнап қалам тартпаған жазушы кемде-кем десек, Сайын Мұратбеков солардың бірегейі болып табылады. Ол балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан, әлемдік әдебиеттің қорына енуге лайық шығармалар туғызған С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Бегалин, Б.Соқпақбаев  көтерілген биіктен көрінуге лайық шығармаларды дүниеге әкелді. «Жусан иісі», «Қалың қар», «Күзгі бұралаң жол», «Жабайы алма» повестерімен «Жанболат», «Қылау», «Ары-бері жол» әңгімелері осындай туындылар қатарына жатады. Сайын ағаның кейіпкерлері: арманшыл Аян, сотқар Әжібек, жылауық Қасым, Қанат пен Санат, намысшыл Бекен – бәрі де өзіне тән ерекшелігімен, қылық-мінезімен даралана көрініп тұрады.

Жазушы шығармашылығы көп қырлы. Туған әдебиетімізде  соғыс тақырыбына жазылған көркем шығармалар аз емес. Оны жазғандар, әлбетте, сол сұрапыл соғысты, от пен оқтың ортасында, яғни қан кешіп жүріп, барлық сұмдығын  көрген майдангерлер. 

Ал, Сайын шығармаларында сол соғыстың тылдағы өмірге тигізіп жатқан азапты, қаралы күндері ойлылықпен суреттелген. 

        Жазушы өз шығармаларына негіз болған өмір құбылыстарын адамның, жас өспірімдердің ең бір асыл арманына, адал сезіміне бөлеп баяндайды.

Сайынның әрбір  әңгімесінде бұрын айтылмаған жағдай, ашылмаған сыр, көрінбеген характер алдыңнан шығып отырады. Және осының бәрін ол мен мұңдалатып көзге ұрмай, жайма шуақ жазу стилімен жеткізеді. Ол не нәрсе туралы айтқысы, қандай жағдайды көрсеткісі, нендей шындықты ашқысы келсе де   баппен, байыппен жазады.

Ә.Сәрсенбаев «Жастар өмірінің энциклопедиясы» атты мақаласында: «Сайын Мұратбеков басқа жастардай мектеп бітіріп, қалада өскен жас емес, ауылда өскен, өмірді өз көзімен көрген, сол көргендерін, ауылдың бүкіл сырын, өткені мен кеткенін, адамдарының сырын қалтқысыз жазады. Балалар өмірі, балалық шақтың қызықтары, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жас өспірімдер тағдырын бейнелеу  Сайынның  басты ерекшелігінің бірі »[1.,65]деуі тектен-тек айтылмаған.

Сайынның әрбір әңгімесіндегі суреттелетін өмір шындығына көңіл аударып, кейіпкерлерінің мұңы мен мұратына ортақтасқан сайын біздің ойымызға халық әңдеріндегі қайталанбас  мұңды әуен, сағынышты саз, терең толғаныс, ойлы, ойнақы наз, қимас сезім орала береді. Біздіңше, мұның өзі жазушы творчествосындағы халықтық, ұлттық сипаттың жақсы әсері де болуы керек. Осы сипат оның әдеби геройларын бізге ет жақынымыздай жақындатып та тұр.

1941 жылы  Ұлы Отан соғысының басталуы, соғыс пен тыл өмірінің шындығын бейнелеу міндеттері сол кезеңде әңгіме үлгілеріне үлкен қозғау салады. Фашизмге қарсы Ұлы Отан соғысына  өзгелер қатарында  қазақ халқы да жан аямай қатысты, көп қасіретке  кезікті. Дегенмен, халқымыз  намыс, ел болашағы үшін  қаһармандықтың үлгісін көрсетті.

Қаламгерлер Ұлы Отан соғысы  тақырыбына қайта оралып, әр кезеңде түрліше шығармаларды дүниеге әкеліп келіп жатты. Ұлы Отан соғысы кезінде туған қазақ әңгімелерінің негізгі тақырыбы – майдан мен тыл өмірі еді. Олар ең алдымен, майданда ерлік істерімен танылған қазақтың батыр ұлдары мен қыздарының ерліктерін мадақтауға құрылды. Олардың басты кейіпкерлері болып Төлеген Тоқтаров, Нұркен Әбдіров, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова сияқты Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақстандықтар алынды.

Қазақ халқының басынан өткерген ауыр кезеңінің бірі – 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы болды. Бұл сұрапыл соғыс қасіреті ақын-жазушылардың негізгі тақырыбына айналды.

Соғыс шындығы оның адамзат баласына әкелген қасіреті ақын- жазушыларымыздың әрбір туындысында асқан шеберлікпен суреттелді.

Солардың бірі балалық шағы соғыстың зұлматына тура келген  С.Мұратбеков әңгімелері. Әңгімелерінің негізгі тақырыбы – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өмірі, тылдағы ел өмірі, жас өспірімдердің азапты тіршілігі.

Әдебиет сыншысы М.Қаратаев «Талант көктемі» атты мақаласында С.Мұратбеков жайлы: «Жазушы С.Мұратбеков те бар балалық балауса кезі – бұла шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарына тап келіп,  тар кезеңдегі тағдырдың татымсыз талқанын ерте татқан буынның өкілі. Ол атап айтқанда, отызыншы, қырқыншы жылдардың рухани атмосферасына тән  моральдік байлықты мұрат тұтқан, тазалықты, адалдықты, темірдей тәртіпті, коллектившілдікті, қоғамдық мүддені ту етіп ұстаған, социалистік қоғамның жарқын болашағына деген зор сеніммен, асқақ идеямен күн кешкен аға ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін алғанын қашан да мақтаныш етуге тиіс деп ойлаймыз»[2.,14]деп оның қазақ әдебиетінен алатын орын белгілеп берген-ді.

Сайын Мұратбеков 1941 жылы 22 июньде не бәрі бес жаста ғана екен. Ауылдағы ер – азамат майданға аттанып жатқанда жаратылысынан сезімтал, сергек баланың ет жүрегі езілмейді дейсің бе?! Әкелері мен бауырларының басым көпшілігі енді қайтып туған жердің топырағын баспайтыны сонда сол қара сирақ балалардың естеріне де кіріп шықпаған болар. Адамды қашан да уақыт есейтіп, жағдай ел тентіреткен ғой. Әкелері маңдайынан аялы алақандарымен соңғы рет сипаған балаларды қытымыр уақыттың да еркелетпей қыл шылбырымен қысып ұстағанын жазушы шынайылықпен көрсете білген. Сайын ата ғана емес, оның құрбы-құрдастары сол бір жаралы жылдары жар құлағы жастыққа тимей, шөп шауып, шөмеле тартқаны, үлкендермен бірге еңбекке араласқаны да рас. Сөйтіп жүріп жетімдік пен жесірліктің желке қияр қамытына талша мойындары талса да үлкендерше табандылық көрсетіп, қара қағаздың қасіретін тартқан қам көңіл қаралы елдің қайғысын бөліскен  бала ұрпақтың ішінен суреткер шықпауы да мүмкін емес еді.

Біз қаламгер шығармашылығының бір қыры – Отан соғысы жылдарындағы ауыл тіршілігі, жасөспірімдер өмірі туралы жазылған екі повесі төңірегінде ой толғамақпыз.  

         Мысалы, «Жусан иісі» әңгімесінде әке-шешелері майданға кеткен Аян мен Баян ата-әжесімен бірге қалады. «Өңез иісі мүңкіген аласа там» сол тұстағы елдің әлеуметтік тұрмысынан хабар берсе, «кәрілігіне қарамай атамның, жастығына қарамай Баянның жұмысқа тартылуы – сол тұстағы ауыр еңбекті қарттар мен жас балалардың атқарғандығының айғағы. Титтей Аянның Тұржан аңдып тұрғандай жауырыны шымырлауы колхоз басшыларының «тым белсенді» бейнесін айғақтайды.

С.Мұратбековтің «Жусан исі» әңгімесінен сол жылдардағы адам жанының да, тәнінің де жараланып жазылмас дертке ұшырағанын көріп күйзелесің. Майданнан жарымжан болып келген Тұржанның жарасынан Аянның тәніне түскен жара әлдеқайда ауыр. Себебі, ол әке-шешеден бір айырылса, әжесінен екі айырылған тұлдыр жетім. Қай кезеңде де жетім баланың тағдыры оңай болмаған ғой. Аянның бір басына неге сонша қасірет тартылды екен деген ойға қаласын. Ал, оған бір – ақ себеп, бір-ақ жауап бар. Ол – кешегі сұрапыл соғыс. Әңгімедегі соғыстың әр түрлі зардаптарын жазушының кейіпкер атынан болсын немесе автордың атынан болсын ықшам баяндауға көп ой сиғыза білетіндігі оның шеберлігін дәлелдейді.

Ел өмірінің ауыр тұрмысын бір тілім нанға зар болып, ашқұрсақ жүрген балалар  халін Аянның досының сөзі арқылы көреміз: «Кейде мен үйден нан алып келетінмін. Аян нанды көргенде көзі отша жанып, екі ұртына кезек бұралай тығып, қақалып қала жаздайтын. «Тағы бар ма? Тағы?..» -деп менің қалтамның түбіндегі қоқымға дейін қағып, дегбірі қалмаушы еді»[3.,25]. С.Мұратбеков осы әңгімесінде жұбайлары соғысқа аттанып, жесір қалып, жалғыздықтың азабын тартқан әйелдердің қасіреті мен олардың қайғысын түсіне білген балалардың да психологиясы да шынайы суреттелген.

«...Жесір әйелдер мен бойжеткен қыздар соқаның артын ұстайды. Арайлап таң атқаннан ымырт қараңғысына дейін жер жыртамыз. Ала қыстай шөп тарту, тұқым тартумен титықтап шыққан арық өгіздердің аузынан сілекей шұбырып, аяқтарын шалыс басып соқа тартуға дәрмендері зорға жетеді. Әлден уақытта әйелдердің бірі қалжырай шыққан зарлы үнмен сызылтып:

                          Көкше бір таудың биігі-ай,

                          Алыстағы бауырдан хат алудың қиыны-ай, − деп ән салады.  Ән емес-ау, жүректегі ауыр шердің лықсып шыққан бір күрсінісі сияқты. Әнге екінші соқадағы әйел, онан үшінші соқадағы бой жеткен қыз қосылады. Үшеуі де зарлатады-ау. Үшеуінің көзінен жас парлайды. Біз өгіз үстіндегі балалар көзімізге мөлт-мөлт етіп жас тығылып, бас көтере алмаймыз. Әйелдерге қосылып жылауға еркектік намысымыз жібермейді. Кешкісін жерден қазылған бараққа келеміз. Астына сабан төселген. Жалғыз май шамның өлеусіреген жарығында, не ішіп, не жегенімізді ажыратпсаттан, талқаннан жасалған атала көже сияқты бірдеңені қалғып-мүлгіп оырып ішеміз. Онан соң киімімізбен қатар-қатар сұлай кетеміз. Өне бойың салдырап қозғала алмайсың»[3.,27].

Үзіндіден соғыс жылдарындағы қазақ ауылдарындағы жоқшылық, адам төзбес қиыншылықты көреміз. Соғыстың адам баласына әкелген зор қасіретін, жазылмас жарасын сезінеміз. Жазушының шеберлігі қарапайым сөз қолданысы арқылы –ақ нанымды етіп баяндауында.

Көріп отырғандарыңыздай,    шығарма сюжеті Аян атты жасөспірім баланың өмірінің белгілі бір кезеңінде болған оқиғаларға негізделеді. «Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбилеп арық, ақсақ қара бала кетпейді», − деп басталады «Жусан иісі» атты повесі.

Соғыс салған зобалаң алыс ауылдағы мектеп жасына енді ғана іліккен өрімдей жас балалардың да өмірі еніп, олардың түнде ұйқысын, күндіз күлкісін, үстіндегі киімін, ауызындағы асын алыпты. Майданға кеткен әкесін сағынған балалар жетім бала Аянның ертегілерінен тыңдап көңіл жұбатады, сол ертегі кейіпкерлеріндей батыр болып, майдандағы әкесімен бірге жауды жапыра жеңіп, жеңіспен елге оралсақ деп армандайды!

Аян - ауыл балаларының ұйытқысы. Әрқайсысы да оның өздерінен несімен артық екенін тап басып тани қоймаса да іштей сезініп, мойындаған бастаушысы. Жасынан тағдыр қиындығын көп көріп, ерте есейген ол, майдандағы жарын сағынып, зарлы әнге басқан әйелдерге қосылып көңілі босаған балаларға: «Жылауды әркім біледі. Мықты болсаң нағыз еркекше қиыншылықта жыламай бақ», − деп ақыл беріп жігерлендіре түседі. Өзінің де іші-бауыры езіліп, көкірегі қан жылап жатқан қаршадай баланың басқалар қиналмаса екен деген амалы бұл. Өз көкесі де майданда жүрген лирикалық кейіпкер де тобығы тайып үйде жатқан Аянның көкесі тезірек оралса екен деп тілейді.  Бұл – сәбилік таза көңілдің, жны жақын досына деген шынайы көңілдің көрінісі.

  Кейіпкерінің ішінде, жүрегінің тереңінде тұнған сырының құпиясын жазушы оның ауыл балаларына түнгі тыныштыққа айтқан ертегісі арнасында суреттейді. Әрқашан «Ертеде бір жетім бала болыпты...» деп басталатын ертегілер баланың өз ойындағы арманның алданышы мен жұбанышына толы еді. Тіпті ол өз ойынан шығарып айтып отырған ертегі әлеміне өзі бойлап, өзі содан жұбаныш тауып қана қоймай, қасындағы таңдаушысын да сол әлемге, өзі ойлап  тапқан, өзінің аяулы арманы жарық таратқан сырлы дүниеге бастап алып кетеді.

  Жусан иісі жазушының суреттеуінде ерекше киелі қасиетке айналды. Жасөспірімдер өміріндегі асыл, аяулы сезімдер, киелі ұғымдардың бәрін жазушы осы қасиет арқылы ашады. Сағындыратын, сағынышты басатын – осы қасиет. Жұбататын, жұбаныш болатын, алданыш болатын да сол. Жаралы жанға нәр беретін, жаралы тәнге әл беретін де сол, жусан иісі.

Өмірдің мәні мен сәнін, адамның абзал сыры мен адал шынын танудың құпиясын жазушы өз шығармасының өн бойынан бұрқырап тұрған жусан иісі арқылы ашады. Әңгімедегі көркемдік тәсілдің қолданысындағы автор шеберлігін З.Қабдолов: «Жусан иісі жазушының көркемдік әлеміне тән жарық пен жылудың, сағыныштың, сүйініштің алтын тірегі қызметін атқарады. Біздіңше, жусан иісі – көркемдік деталь. Автор телегей теңіз тарихтың шындығы мен күн көзіндей жарықтың қуатын өзі іздеп өзі тапқан, өзі жасаған осы бір нәзік деталь қызметі арқылы танытады. Аян – қазақ әдебиетінде бұған дейін болмаған, жаңа да дара, теңдесі жоқ әрі қаһармандық, әрі трагедиялық бейне..»,-деп көрсетеді [4.,163].

С.Мұратбековтің «Қалың қар» повесінде жасөспірімдер де жастығына, балалығына қарамастан, мезгіл жүгін, уақыт зілін ересектермен бірге көтеріп, белі майысып, қабырғасы қайысса да, барша ауыртпалықты басы иілмей, жігері жасымай жеңеді.

  Повесте шағын ауылдың қалың қар жауған бір қыстағы тыныс-тіршілігі суреттеледі. Ер азаматтар майданда. Ауылда бала-шаға, қарттар мен қыз-келіншектер ғана қалған. Бүкіл ауыл қалың қар мен қақаған аяз қыспағында. Кейбір жатаған үйлер қар астында көрінбей қалған ішер ас, киер киім жоқтың қасы. Қар астында қалған сабан арасынан масақ теріп, одан терген дәнді майданға жөнелту үшін алыс станцияға алып бару керек. Колхоздың бірлі-жарым, арық-тұрақ малына шөп тасып, жағдай жасау қажет. Ауылдың негізгі шаруасы – осы. Бүгінгі өлшем тұрғысынан алып қарағанда бұл ауыр да емес сияқты. Ал уақыттың өз өлшемі ғана таразылай, анықтай алатын повестегі кейбір көріністерге назар аударайық.

Ашық шайқаста Қыдырманнан беті қайтқан Тұржан енді басқа айла ойлап табады: Қыдырманға нақақтан жала жауып айдатып жібереді. Байдалы бастық ата сақалы аузына біткен қариялығына қарамастан, Тұржанның бар зұлымдығын қолдап, оған дем беріп отырады. Өзінің көкірегі қараңғы, ниеті қара екенін білген немесе сезген азаматтарға қарсы небір жамандық жасауда да тайынбайды. Қайсыбір азаматтардың үстінен қаралап арыз жазуды өзі хат танымаған соң, мектептіің жасөспірім оқушыларынан, Санат пен Қанаттан талап етеді. Бірақ Байдалы бастықтың жөнсіздігін, бұрыстығын білген балалар оның жазықсыз адам туралы жалалы арызын жазып беруден үзілді-кесілді бас тартады. Сол үшін қанша ұрыс естіп, таяқ жесе де олар Байдалы мен Тұржанның пәле іздеген, адал азаматқа өлім тілеген арам ниетіне қарсы шығады, ақ, таза болмыстарымен аққа, адалға ара түседі.

Соғыс жылдарындағы жасөспірімдердің қиын тағдыры мен болмыс-бітіміндегі осы бір ерекше қасиетті жазушы үлкен тебіреніспен, нағыз суреткерлік шабытпен өрнектейді. Тепсе темір үзетін алып күш иесінің өзі өмірдің қиын шиеленісті жағдайына тап болғанда оң жолдан тайып, қара күшке бас иіп, бәле мен жаланың  соқпағына қалай түсіп кеткенін аңдамай қалатыны да рас. Осы тұрғыдан алып қарағанда повестегі жасөспірім Санат пен Қанаттың бастық пен оның шаш ал десе, бас алатын қол шоқпары Тұржанның ұрып-соғуына да, алдап-арбауына да көнбей, ақтығынан тоймай, бала болса да тазалығын сақтап, арын қорғап қалулары олардың өміріндегі үлкен жеңіс болатын.

Қорыта келгенде, С.Мұратбеков соғыс салған қасіретті сезіндіре отырып, сол уақытта дүние есігін ашқан балалардың ерте есейгенін, олардың бақытты балалық шағын ойрандаған соғыстың зардабын көреміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Сәрсенбаев Ә.Жастар өмірінің энциклопедиясы. Қайда сол Үшқара?.    Әдеби-сын мақалалар, естеліктер. /Құрастырған М.Мұратбек келіні. -Алматы: Баянжүрек,2009.-301Б

 2.Қаратаев М.Туған әдебиет туралы ойлар. –Алматы: ҚМКӘБ,1958.-444Б                      -14

3.Мұратбеков С. Повестер мен әңгімелер. - Алматы:«Жазушы»,1988

4.Қабдолов З.Арна.-Алматы:

4.Кәрібаева Б. Сайын айтпайтын, сырын сездіретін. -Алматы: «Баянжүрек»,2009.-162б

5.Бейісқұлов.Т.Ұлттың арын арлаған  «Қайда сол Ұшқара» әдеби сын мақалалар.-Алматы, «Баян жүрек»,2009.