ПЕДАГОГИКА. Современные методы преподавания

 

Биология пәнінің мұғалімі Г. Р. Абдибекова

Қ. Сартбаев атындағы орта мектеп,

Пионер ауылы, Жамбыл облысы, Қазақстан

Биология пәнінен экологиялық тәрбие беру жолдары

Бүгінгі таңда адамзат алдында тұрған күрделі мәселенің бірі - өзімізді қоршаған тіршілік ортасын - биосфераны келешек ұрпаққа бүлдірмей, ластамай, көркейтіп, көріктендіріп жеткізу. Өйткені тіршіліктің барлығы сыртқы ортамен байланысты. «Не ексең, соны орасың» демекші еліміздің болашағы қазіргі жастарға байланысты, біз оларға қандай білім беріп тәрбиелесек, олар да сондай жеміс береді.

Экология - бүкіл адамзат баласының шалыс басқан әрбір іс - әрекетіне келешекте шек қоятын, оның тыныс - тіршілігіне тікелей ат салысатын ғылымның жаңа саласы.

Жан - жақты білімді іскер маман даярлауда мектептегі биология пәнінің атқарар рөлі зор. Экологиялық білім мен тәрбиелеу мәселелері жалпы білім берудің жеке дара құрам бөлігі ретінде оқушыларда айналадағы орта мен табиғатқа жауапкершілік, қарым қатынас қалыптастыруы тиіс. Мектептегі биология сабақтарында оқушылардың ғылыми әдістемелік көзқарасын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Сонымен қатар жасөспірімдердің табиғатты қорғау қабілетін, экологиялық білім алуына назар аударылады. Оқушылардың биология пәнінде экологиялық білімді игеру мұғалімнің басшылығымен жүзеге асады. Мұғалім сабаққа дайындық барысында оның мақсатын, мазмұнын, құрылымын жоспарлайды, оқытудың әдістері мен түрлерін қарастырады.

Экологиялык тәрбие берудің басты мақсаты - адамның табиғатпен бірлестігінде және оның мәдениеті мен барлық практикалық іс-әрекетінің табиғатты пайдалануға емес, тіпті оның алғашқы түрін сақтау да емес, табиғаттың қоғамдық дамуына ыкпал етуіне негізделген адамның жаңа ой, көзқарасының қалыптасуы, әрбір адамның өнегелік қасиетін нығайту болып табылады. Мұндағы принцип адамзаттың әрі қарай дамуы тек табиғаттың дамуымен, оның көптүрлілігі мен байлығына байланысты болашағына негізделген.

Экологиялық тәрбие беруде орта мектептің мүмкіншіліктері ерекше. Өйткені, мектеп табалдырығынан аттап бастағаннан окушы жүйелі білім алуымен қатар, тәрбиеленіп, оның әлемге деген көзқарасы дамиды. Мектепті бітіріп, кәмелетке жеткен кезде оқушының әлемге деген көзқарасы біршама қалыптасады.

Оқушының экологиялык мәдениетін калыптастыруда сабақтан тыс және сыныптан  тыс тәрбие беру жұмыстарының аса зор ықпалы бар.

Мектептегі экологиялық тәрбие берудің соңғы мақсаты - білім негізінде оқушылардың өнегелік касиетін нығайту. Ол қасиеттерге: адамның табиғат жайында, ондағы өзара күрделі байланыстарды, адамзатпен табиғат арасындағы қарым-қатынастары жайында білімі, табиғатка және оны корғау мәселелеріне ықыласы; өнегелі сезімдер (сүйіспеншілік, аяныш, т.б.) және эстетикалық (масаттану, тандану, сүйсіну, т.б.) коршаған ортада адамның өзін әдепті ұстауы жатады.

Мұндай жұмыстың табысты болуы мүғалімнің біліміне, шеберлігіне байланысты. Биология мұғалімнің экологиялык тәрбие беру жұмыстарын жүргізуде барлық мүмкіндіктері бар. Тәрбие жұмысын жүргізу мектептің барлық мұғалімдерінің міндеті. Басқа пән мұғалімдерінің бұл істі жүзеге асыруға базалық білімі жетісе бермейді. Сондыктан, кез келген мектепте экологиялық тәрбие беру жұмысы биолог-мүғалімге арттырылады: мектепшілік, мектептен тыс жұмыстарды ұйымдастыру және басқа пән мұғалімдеріне кеңес беріп, жәрдем көрсету.

Экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсаты - жеке оқушы бойында табиғатқа деген ізгілік қатынастарды қалыптастыра отырып, «Адам - Қоғам - Табиғат» арасында толық үйлесімділік рухында тәрбиелеу. Экологиялық тәрбие беру өте күрделі процесс. Қоршаған табиғи ортаның өзі мен қоғам үшін мәңгі қажеттілігін сезіндіре отырып, оқушының дүниеге деген ізгі көзқарасын бірте - бірте қалыптастыру көзделеді.

Экологиялық білім беру бағытында экология ғылымында жаңа ұғымдар мен түсініктер қалыптасты. Олардың негіздері: «Экологиялық білім», «Экологиялық сауаттылық», «Экологиялық этика», «Экологиялық мәдениет», т. б. Экологиялық ұғымдардың мәнін әрбір оқушы білуі тиіс. Ұғымдарды түсіну оқушының табиғатқа деген көзқарасын қалыптастырып, экология ғылымын меңгеруге жол ашады және пәнге деген көзқарасын қалыптастырып, қызығушылығын арттырады. Бұл мақсаттарды жүзеге асыруда әрбір сабақ кезінде және сабақтан тыс шараларда көрнекі құралдар, диафильмдер, кеппешөптер, коллекциялар, бақылаулар пайдаланған жөн. Сабақта әдебиет, география, саз өнері, көркем сурет, зертханалық жұмыс, бақылау және қосымша материалдар қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады.

Халқымыздың табиғатқа деген қайырымдылық, қамқорлық сезімі, аялы алақаны, көздің қарашығындай қорғай білуі аты аңызға айналған Асан қайғы, күй атасы Қорқыт бабаларымыздың өсиетке толы сөздерінде елеулі орын алған. Қорқыт бабаның: «Қара орманың шайқалмасын, мәуелі ағашың құламасын» деген сөзі көп нәрсені аңғартпай ма? Биология пәнінің әр сабағында табиғатты қорғау, оны көздің қарашығындай сақтай білу, көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысу, оқушыларға бағыт - бағдар беріп отыру қажет. Сабақтың құрылымына қарай ақын - жазушылардың өлеңдерін, табиғат суреттерін, мақал - мәтел, сөзжұмбақ, шытырман ойындарын пайдалану оқушы ынтасын арттырады.

Әдебиеттер:

1. Мырзабаев А. Б., Биологияны оқыту әдістемесі, Қарағанды, 2006.

2. Өстемиров К. Оқыту құралдарын пайдалану негіздері. Алматы,  2002.

3. Валиева М. Білім беру технологиялары және оларды оқу тәрбие үрдісіне енгізу жолдары. Алматы, 2002.

4. Юсупов Б. Ю. Мұғалімге тән педагогикалық қасиеттер. Алматы. 1999ж.