Аға оқытушы  Байсеңгіров М.Қ.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

Табиғи материалдардан бұйымдар жасау тәсілдері

 

2014 жылдың 17 қаңтарында елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына ұсынған «Мәңгілік ел» жобасында «Барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалармен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды» деген болатын [1, 2 б.].

Жеке адам өз күшінің шамасын және қабілетін, шығармашылық қабілетін анықтайды. Болашақ маманның еңбек мәдениетінің көрсеткіші: жұмысты сапалы және тиімді істеу, уақытты ұтымды пайдалану, еңбек құралдарына, түрлі материалдарға құндылықпен қарау, өзінің бастамасын көрсете білу, дербестік, алдағы жұмысының кезеңдерін белгілей білу, еңбек үрдісін талдау және іс құжаттарын сауатты жасай білуі [2, 12 б.].

         Бидай сабағы мен қамыстан бұйым жасау. Бидай сабағынан жапсыру тәсілімен шығармашылық жұмыстар жасау өнер іздеген болашақ мамандар мен оқушылардың қызыға орындайтын жұмыстарының бірі. Ол үшін алдымен жасалатын жұмыстың нұсқасын қағазға сызып алып, оны қатырма, фанера сияқты қатты материалға көшіреміз. Бидай сабақтарын таза суда қайнатып жұмсартамыз да текшелеп кесеміз. Оларды ұзына бойын жара бір жағынан тіліп, жазу мақсатында үтіктейміз. Сонда цилиндр тәрізді дене жазық денеге айналады, оны қатырмадағы не фанерадағы  сурет нұсқасына өлшеп кесіп алып, жұмысты толық аяқтағанша желімдеп шығамыз. Дайын болған жұмысты кептіріп лакпен көмкереміз. Бұл тәсілмен қамыстан да осылай бұйым дайындауға болады.

Папье-маше техникасы. Бұл театр өнерінде муляждар жасауға, мектепте ойыншықтар мен маскалар жасауға қолданылады. Маска қалыбын кейіпкердің бет пішінін құлағына дейін ғана бейнелеп жасайды. Көз, мұрын, бет пішін өлшемдерін циркуль көмегімен анықтайды. Масканы бетіне жапсырылған қабат алынатындай етіп есеппен дайындайды. Қалыпты гипстен жасағанда дымқылданып кетпеуі үшін кептіріп шеллак лагымен көмкереді. Папье-маше қағаз өнімдеріне жабыстырғыш қоспалар қосылып жасалады. Қағазды ұсақтап су қосып бір сөтке қояды. Ертеңіне кисель түріне келгенше қайнатады. Суытып, қолмен уыстап алып құрт тәрізді түйірлер дайындайды. Кептіріп ұсақ үккіштен өткізеді. Қағаз ұнтағын қамыр күйіне келтіре илеп алады. Ал күрделірек құрамды жасау үшін кептіріп ұнтақталған қағазды жылы суға салып үстіне ұн сеуіп араластырады. Оған сұйық ағаш желімін және бор ұнтағын қосады. Бәрін жұмсақ қамыр күйіне келтіріп араластырады. Дегдіген масканы жылы жерде кептіреді. Жақсы кепкен масканың жиектерін қиып тегістеп ой-шұқыры болса желімді суға езілген бормен қалақша арқылы жағып бітейді. Қойыртпақ қаймақтай қою болуы шарт. Онан бұрын олифамен масканы көмкеріп алу дұрыс. Маска тегіс болса сылап бітеу қажет емес. Сыланса кепкен соң тазартқыш қағазбен ысқылап тегістеп алады. Кей жерлерінің кескінін көрсету керек болса кішігірім қашаумен жонады. Онан соң грунттайды. Грунтқа желімді суға ұнтақталған бор, аздаған олифа, құрғақ, мырышты ақ бояу қосады. Жұқа қабатпен масканы көмкеріп, кептірген соң тазартқыш қағазбен тазартып майлы не желімді бояулармен бояуға да болады.

Сүйек өңдеу. Бұл істе көбіне ірі қара малдардың жілік сүйектері қолданылады. Олардан түрлі жануарлар мүсіндерін жасап шығаруға қолайлы. Сүйекті механикалық өңдеуге кіріспес бұрын оны майсыздандырып, ағарту міндетті. Оның қарапайым тәсілі сүйекті металл арасымен кесіп, ішкі кемігінен тазартып, аздап ас содасы қосылған суда бірнеше сағат суда қайнатамыз. Ал ағарту үшін кез келген аптекадан табылатын сутегі тотығы (гидроперит) қажет. 200 грамм суға оның екі-үш таблеткасын езіп, сүйекті сол суға екі-үш күнге салып қоямыз. Сүйек таза ақ түске енеді. Дайын сүйектен қажетті бұйымның жалпы массасын шығара кесіп дайындаймыз. Сүйекті кесу барысында  жан-жағынан ағаш салып қысқыға мықтап қысып қоямыз, кесуде ара жүзін сабынды сумен немесе машина майымен дымқылдап отыру қажет. Егер де өтпелі не бедерлі оймыштауға жұқа пластина дайындау қажет болса сүйекті қабаттарын қуалай кесу қажет. Қабаттарына көлденең кессек уақыт өте келе жазықтық бетінде жарықтар пайда болып жұмыс бүлінеді. Көлемдік мүсіндер жасау қажет болса, алғашқы өңдеуде ауыр пышақ қолдануға болады. Цилиндр тәрізді дөңгелек заттарды токарь станогында өңдеуге болады. Жақсы, ыңғайлы құралдарды пайдалану жұмыстың жақсы шығуының кепілі. Қажетті құралдардан алғашқы өңдеуде ара мен пышақтан басқа қашаулар мен ағаш егеулері керек. Өтпелі оймыштар үшін және ұсақ бөліктерді өңдеуге бор машинаны пайдалану жұмысты жеңілдетеді әрі жылдамдатады. Жазық бетті пластиналар дайындауда ірі қараның жауырын сүйектері, қабырғалары, жамбас сүйектері де қолданылады. Қол аспаптардың қолға ұстайтын бөліктерін қайың немесе шамшат ағашынан дайындаған жөн.

Сүйекті өңдеудің өтпелі оймыштау, бедерлік және гравирлеу секілді әр түрлі түрлері бар. Оларды бір-бірімен үйлестіре қолдануға да болады. Мәселен, көлемдік оймышты гравирлеумен, өтпелі оймышты бедерлік оймыштаумен т.б.

Алдын ала салынған нұсқадағы суретті пластинаға көшіріп алу керек. Ол үшін нұсқаның барлық контур сызықтарын арасын 3 – 4 мм-ден бізбен тесіп алып, марлыдан жасалған анжыға құрғақ қара бояу толтырып, нұсқаны пластина бетіне қойып анжыны бетінен жеңіл ұрғылау арқылы бояуларды нұсқадағы тесіктерден өткіземіз. Сүйек бетінде нүктелі контур пайда болады, оны қарындашпен жеңіл бастырып шығамыз да өшіріліп қалмауы үшін тез кебетін лакпен көмкереміз. Лобзикпен кесілетін жерлерді бұрғымен тесіп алып лобзикпен кесіп, онан соң жоғарыда аталған құралдармен өңдейміз. Енді қашаулар қолдану арқылы өтпелі оймыштарға бедер бере өңдейміз. Сүйектің астына фон ретінде түрлі-түсті фольга, қағаз немесе мата жіберуге болады. Ағаш фонға орналастырса да өте қызықты шығады. Ағаш негізге сүйекті БФ – 2 желімі арқылы жапсырады. Кей жағдайларда дайын болған бұйымды бояуға да болады. Ең кең тараған бояу түрі – қызыл шәй. Ол сүйекті алтын түстес етеді. Шафран тұнбасында сүйек – сабан түстес сары, қара бузина тұнбасында – жасылдау, қалақай жапырағында – жасыл, емен қабығында – қоңыр, жуа қабығында – алтын түстес сарыға боялады.

Гравирлеу де сүйекке өзіндік сәндік түр береді. Гравирленген іздерді түрлі-түсті қарындаштармен үйкелеу арқылы немесе майлы бояулар жағу арқылы түрлі-түсті гравирленген бұйымға қол жеткізуге болады. Көбіне мұндайда қызыл, қоңыр, қара түстер қолданылады. Гравирленетін сүйек беті жалтырата өңделген болуы шарт. Болмаса бояу жағылған соң сәл көрінетін сызықтардың өзі сурет сиқын бұзып жібереді. Сондықтан сүйекті зімпаралы қағаздың майдасымен мұқият тазалап алып, ұсатылған пемза ұнтағымен немесе тіс жуатын ұнтақпен жалтырата өңдеген дұрыс. Оймышталған сүйекті көп жағдайда басқа материалдан жасалған бұйым бетіне сәндік жағын көркемдеу үшін қолданады, әсіресе, ағаштың бағалы түрлерімен оймышталған сүйек өте көркем үйлеседі [4, 132, 133 б.].

Қазір түрлі материалдарды өңдеуге арналған станоктар, компьютерлік құралдар шығып жатқаны да белгілі. Аталған табиғи материалдарды өңдеу тәсілдерін өз заманымызға сәйкестендіріп, бір мезгіл қолмен де ата-баба жолымен материал өңдеп қойсақ болашақ үйренушілер мен оқушылар үшін бұл да қызықты болары сөзсіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы /Егемен Қазақстан, 1999, 1 маусым.

2.     Педагогика негіздері Алматы, 2005.

3.     Амантурмин Ш. Мұғалім және оқу тәрбие жұмысы (әдістемелік нұсқау), Алматы, 1978, Б. 73

4.      С.Газарян. Прекрасное своими руками. М. Детская литература,. 1989.