Ибрагимова Ж.А.
ОҚМПИ , Байконысова Г.Р. Жалын колледжі , Таймбетова А.Ж, магистрант АИУ Шымкент, Қазақстан.
І.Есенберлиннің
романдарындағы Абылай бейнесі
Тарихтың негізінде өткен
дәуірді, тарихи тұлғаларды көркем әдебиетте
ақиқатымен бейнелеу адамды эстетикалық және
идеялық тұрғыда тәрбиелеуге, ұрпақтың
отаншылдық, патриоттық сезімін шыңдауға, тарихи санасын
дамытуға ықпал ететіндігі, тарихи романның мән-маңызы,
ұлттың рухани өміріндегі ерекшелігі қамтылады. Идеология тарапынан қысым-қиянат
көруіне қарамастан I.Есенберлиннің
"Жанталасындағы" Абылай бейнесін сомдауда алғашқы
ізденістің жасалуы және бұдан кейінгі тарихи шығармаларда
дәстүрлі жалғастық табуы, тарихи
шығармалардың зерттелу деңгейі, батыс, орыс романдарынан
үйрену тәжірибесі ерекше.
Ілияс Есенберлиннің
"Жанталас" романындағы Абылай
бейнесінің сомдалу ерекшелігі, авторлық ізденіс қырларын
сөз еткенде I.Есенберлин сол кезеңдегі тарихи деректермен жете
таныса келіп, даңқты кайраткер Абылай туралы халық зердесінде
сақталған, бірден-бірге таралып жеткен
аңыз-әңгімелер мен өлең-толғаулар,
тарихи-жырлар, дастандарды жинап, жүйелеп үлкен тарихи
шығарма жазды. Бұқар жыраудың Абылайды алғаш
Төле бидің түйешісі ретінде тануы да сол заманның шындығына
сәйкеседі. "Мен сені көргенде" деп келетін әйгілі
толғауларына, ел ішіндегі аңыз-әңгімелер мен би-шешен
сөздеріне де зер салған. Мәселен, Шоң Едіге бидің
Абылайдың ұлы Уәли ханға бір дауды шешуде айтқан
сөзінде Бұкар жырау мен Абылай ханның арасындағы
ағалы-інілідей сыйластық сабақтастығының тамыры
тереңде жатқаны сезіледі.
Аңыз,
жырлардағы Әбілмансұрдың жас кезінен болмыс-бітіміндегі
ерекшеліктерімен, қасиеттерімен көпшілік көзіне түсуі,
абыз жыраудың ойымен ұтымды жеткен.
Аңыз-әңгімелерде, Бұкар, Үмбетей, басқа да
жыраулар өлең-толғауларындағы
жоңғардың әйгілі батыры Шарышты өлтіріп,
ұрыста "Абылайлап" ұран салып, жауға шапқан
Абылайдың алғашқы ерлігі ромаңда көрініс
таппаған. Керісінше, оны қатыгездік қырынан көрсету
белең алған. Бұкар мен Әбілмансұр
арасындағы диалог мұны айқындай түседі.
Аңыз-әңгіменің
түп негізіне үңілсек, жорық кезінде қолға
түскен Құралай атты он жеті жасар қалмақ
қызының сұлулығына, ақылдылығана батырлары
қанша қызығып, иеленгісі келсе де Абылай ару тағдырын
өз жүрек калауына берген. Ақын мұны:
Бәрінің
жомарттығы сүйсінерлік,
Әр елге
осындай-ақ тисін ерлік — деп жырлайды.
Дастанға Еспенбеттің Адақ
аталуы және Маржан қыз оқиғасы жайындағы
аңыз өзек болған. Тұтқынға тұскен
қалмаққызын қайтару арқылы Абылай болашақ
келісімге негіз жасаған.
Мағжан Жұмабаев
"Батыр Баян" дастанында алдымен Абылай заманының
қазақ тарихындағы алатын орнына, халық басына
төнген касіретті кезеңге тоқталады. Абылайдың жауды
шабуы — қолбасшылығымен іске асқан жорықтар,
сәтті соғыстар. Ал, арбауы — ел мүддесіне орай
жүргізген, амал-айлаға негізделген ішкі, сыртқы саяси
қызметі. Бұдан алмағайып, аласапыран заманда
ақыл-айласымен де, тапқыр ой, көреген саясатымен де ел
қорғаны болған Абылайдың қайраткерлік өмір
жолы көрінеді. Абылай - дүрбелең дәуірде ел тағдырын
шешкен, заман шыңдаған ер. Жорыққа аттанар
алдындағы батырларды бұғаудағы арыстанға
теңеу де — Абылай қолының қандай қайсар, куатты,
намысты, ержүрек жігіттерден құралғанын
айғақтайды.
Ақын
халықтық психологизм иірімдерімен Абылай тұлғасын
өмір шындығына сай үйлестіре сомдайды. Ш. Елеукеков:
"Баян - реалистік арңада жазылған шығарма" десе,
Б.Майтанов пікірінше: "Мағжан поэмасы психологиялық
терендігімен, романтикалық лебімен" ерекшеленеді". Дегенімен,
"Батыр Баянда" Абылай бейнесі - көркемдік-эстетикалық
мұрат тұрғысында, әрі реалистік сарында,
мадақтала жырланады. Бірде: "Абылай — артықтуған
хан" — деп дәріптелсе, бірде арғымаққа,
қыранға, "құс төресі -
аққуға" баланады, қасиетті, киелі
тұлға саналады. Ақын ұғымында: Абылай — ер,
ардагер, ел ағасы, дана, қамқор, кемеңгер
тұлға. Екі тарихи дастандағы Абылай бейнесін жырлаудағы
ақындар көзкарасындағы кереғарлық
композициялық құрылымнан бастап, сюжеттік желілерден,
оқиғаны суреттеуден танылады.(1)
Романда жоңғар
жағының да құру мықтылығына сеніп
қоймай, Абылайдың амал – айласын сезіп, он бес мың
әскерімен қарсы Қалден Церен бастап шабуылға
шығатын эпизол оқиға тартысын өткірлейді. Бұл –
Абылай қолбашысының іс-әрекеттегі көрінісі. Осы бір
батальдық эпизодта қиын шақта жол таба білген өр де
өжет Абылай бейнесі сипатталады.
Абылайдың қолбасшылық
қыры қытайдың қаптаған қалың
әскерімен соғыста көрінеді. Қытайдың жаяу
әскерін үш рет шабуылдап тойтарған Абылай Чжао Хойдың
атты әскерімен соғысуға төртінші шабуылға
дайындалады. Алайда, Бұл соғыс көрінісіне автор қайта
оралмаған. Шығарма компазициясын киелі ақ түйеге
байланысты сюжет ширата түседі. «Жоқ, бұл жолы Абылай жауын
жеңе алмайды. Өйткені ақ түйенің бүгінгі
жатысы оған ұнамады» деген түйіндеу жасалады. Абылайдың
алдыңғы жорықтары мен соғыстары ақ түйемен
сабақтастырыла бейнеленеді. Ақ түйенің пайда болу
тарихы, жұрттың бұл түйені Абылайдың ырысы, киесі
деп жорығаны, ғажап қасиеті, ерекшелігі сипатталады. Жазушы
сюжетке «Абылай хан... Ақ атан» жыры мен Мәшһүр
Көпейұлы жинаған Сары бура жайлы аңыз-әңгімені
пайдаланған.
«Жанталаста» диалог, ішкі монолог,
портреттік суреттеме, авторлық баяндау, қосалқы сюжет Абылай
бейнесін жасауда өзіндік ерекшелігімен шығарманың
компазициялық құрылымын ширатады. Тарихи
тұлғаның қайраткерлік болмыс-бітімінің қалыптасуын
көрсетудегі авторлық шешімнің орны ерекше. Кейіпкер характері
тарихи оқиғалармен тікелей қатынаста ашылады.
Арғынның Қаракесек
елінде Шаншар елінің қулары теңге алуды тамашалап
тұрған ханның қалпағын қағып
түсіргенде, ашуланған Абылай Жанай, Ботақан деген тентектерін
ұстап алып, тірідей көрге көмгенде, ызаланып,
өзін-өзі жарған Ботақан өлімі қалың
ел наразылығын туғызады. Алдымен Қазбек бидің баласы
Бекболат би хан ордасын шабуға аттанады. Осы топқа Абылайдың
қарулас, жорықтас бейнесін оқиғалар шиеленісінде,
характерлер тартысында көрсету мақсатындағы
психологиялық, портреттік анықтамалар сәтті жасалынды.
Бұл – Абылайдың қытай
әскерінің көптігінен үздіксіз болатын
ұрысқа төтеп беру қиындығына байланысты бейбіт
бітімге келу ұйғарымы. Әрі батырлар ерлігіне деген ризашылық
сезімі. Абылайдың осылайша батырларына сүйсініс білдіруі – дәуір
шындығымен өзектес. Қолбасшы ретінде Абылайдың алдымен,
жасақтарды «идеялық» белгілері – берілгендігі, адалдығы,
жеңіс үшін өзін-өзі құрбан етуге
әзірлігі, содан кейін батылдығы, күштілігі және
басқа да батырлық қасиеттері бойынша іріктейтіндігі, жорыққа
шыққанда Абылайдың сан жағынан қарсыласынан басым
болуға ұмтылатындығы, бірақ аз күшпен-ақ
жеңіске жетіп жүретіндігі – тарихи дерек негізі .
І.Есенберлиннің «Жанталас» романында
Абылай «Жайыл қырғынында» бейбіт халықты қырып-жоюшы
басқыншы бейнесінде сомдалса, Қ.Жұмаділов Абылайдың
көрші елге жорығы қырғыз манаптарының
өңтүстік өңіріндегі қазақтарға
көрсеткен қиянат-қорлығымен сабақтастырылады,
қазақ-қырғыз қарым-қатынасына қатысты
құжаттарды саралап, тарихи шындық көзін ашқан.
Абылайдың қаталдық
әрекеттері елге, билік ықпалын күшейтуден басқа,
қарсыластарын өзінің хандық дәрежесімен
санасуға шақыру мақсатында бағытталған. Романда
өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың бірлігі
сақталады. Диалогтарда Абылайды даралайтын терең ой, шебер саясат,
сөз, маңызды тактикалық шешім, алғырлық
және де басқа қасиеттері қайраткерлік келбетін
толықтырады.
Романда тарихи тартыстар шынайы тарихи
дерек көздерінің негізінде өрбиді. Егер де
кейіпкерлердің ішкі психологиялық тартыстары диалогта, монологта,
портреттік анықтауларда, эпизодтық суреттемелерде ашылса,
сыртқы оқиғалық тартыстар маңызды тарихи
жағдайлардың ұрымтал сәттерінде Абылайдың батыл
араласуында, іс-әрекеттегі белсенділігінде айқындалады.
«Алмас қылыш» пен «Жанталас» романында
жарық көрген кезде ғалымдар, сыншылар Р.Бердібай, (2)
М.Әуезов, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғалиев және басқалар
тарихи туындыға өз ойларын білдірген. Қазақ тарихи
романдарын жүйелі зерттеген Р.Бердібай: «...Жазушы Абылай бейнесін тарихи
шындыққа орайлас жасауға ыждаһат, ілтипатын
төккені байқалады» деп романдағы Абылай хан
тұласының сомдалу ерекшелігіне тұжырымды бағасын
берді.(10)
«Жанталас» романы «Көшпенділер»
шоғырында ұлттық тарихи сананы оятуға ықпалын
тигізді. Ең бастысы, идеологияландырылған саясатының
Абылайдың ұланғайыр істерін бүркемелеген кезде, тарихи
бейнесін дәуір болмысында сомдаған І.Есенберлиннің
суреткерлік қайсарлығына, батылдығына сүйсінеміз.
Кеңестік идеологияландырылған тарихтың ұлттық
қайраткерлерізді әлеуметтік таптық тұрғыда
жіктеуі немесе Ресей бодандығына қызметі жағынан
бағалауы тарихи романда Абылайдың қайшылықты
қырынан сомдалуына мәжбүр етті. Профессор Қ.Алпысбаев:
«І.Есенберлин «...жаңа идеялық мақсаттар шеңберінде
Абылайдың көп қырлы күрделі тұлғасын ашып
берген» деп бағалайды.(11)
І.Есенберлин – қатал идеологиялық
жүйесін өзіңде халықтың бірнеше
ғасырлық тарихын көркем туындыда батыл суреттеген
күрескер рухты қаламгер. Абылай, Кенесары заманынан
бұрынғы әлденеше дәуірлерге қалам сілтеу,
өткеннің ақиқатын ашуға ұмтылу – ірі талант
табандылығы.
Әдебиеттер
1. Есенберлин І. Махаббат мейрамы. А.: Көшпенділер, 2002. -232
б.
2. Есенберлин І. Жанталас –Алматы Жазушы 1973-320 бет
3. Есенберлин І. Он томдық
шығармалар жинағы. –Алматы Жазушы 1973-80.
4. Майтанов Б. Қазақ
романындағы психологизм. Алматы Жазушы 1979.
5. Бердібаев Р. Қазақ
тарихи романы. А.: Ғылым, 1979.