Оарзбакова Г.Б, Ибрагимова Ж.А.

 магистрант АИУ,  ОҚМПИ, Қазақстан,Шымкент

 Ішкі монологтың автор бейнесін жасаудағы рөлі

 «Әдеби шығармадағы негізгі қаһарманмен, екінші қатардағы кейіпкерлермен бірге, шығарманың өн бойында үздіксіз бой көрсетіп отыратын, баяндауға ерекше тереңдік сипат беретін, оқушыға ой туғызып, шығарма идеясын оның түсінуіне көмектесетін тағы бір образ бар. Ол – автор образы. Оның әр түрлі формада болуы, алуан түрлі тілдік амалдар арқылы көрінуі мүмкін. Шығарманы тіпті түгелімен үшінші жақта (обьективті түрде) баяндап, болып жатқанға өзінің қатысын, көзқарасын ашық байқатпауға тырысқанның өзінде де, автор, әдетте, суреттеп отырған адамдары мен оқиғаларынан қағыс қала алмайды» /1/.

Жазушы автор – баяндаушы, кейіпкер сөзінің құрылысы туралы айтқанда, өзінің бірінші жақта көбірек жазатындығын, бірақ әңгіме, романдардың авторы ретінде сөйлегенін, осы ретте белгілі бір дәрежеде өзін төл шығарманың кейіпкері ретінде сезінетінін де жасырмайды.

Соңғы жылдары көркем шығармадағы автор проблемалары В.В. Виноградов, М.М. Бахтин, Д.С. Лихачев, Б.Шалабай және тағы басқа ғалымдар ерекше көңіл аударған.

Академик В.В. Виноградовтың зерттеулерінде  автор мәселесі  арнайы қаралып, оған «автор бейнесі» деп айдар тағылып, бұл мәселе көркем әдебиеттің стилі, түрі тұғысынан талданады.

Бір жағынан «автор бейнесін», екінші жағынан, кейіпкердің ішкі жан дүниесін өзара диалектикалық бірлікте қарастыра отырып, ғалым бұл мәселелерді  Пушкин, Достоевский шығармалары арқылы сөз етеді. Ғалым А.С. Пушкиннің баяндау стилін қарастырғанда, ол кең әлемдегі өз түйсігін, өз көзқарасын әлеуметтік тұрғыда қарап, кейіпкерлерімен емін – еркін араласып, етене жақындасатынын айтады. Ғалымның түсінігі бойынша мұндай көркем шығармадағы баяндаудың құрылысы субьективті көп қабатты болып, кейіпкерлерді суреттегенде қолданылатын тәсіл деп береді. В.В. Виноградов «автор образына» мынадай түсініктеме береді. Ол – заманның идеологиялық, эстетикалық талаптарына сай қалыптасып, ілгері дамитын жазушының жеке – дара стилі. Егер жазушы стилі жеткілікті дәрежеде қалыптасса, әрбір шығарма автордың көзқарасын айқындайды; ол шығармада «автор образы» арқылы көрініс берді. Ғалымның пікірінше, «автор образы» қаламгердің дербес стиліндегі тілдік, идеологиялық құбылыстардың басын қосып, ұйымдастыратын негізгі күш болып табылады. «Автор образын» сөз құрылысының категориясы ретінде қарастыра отырып, ғалым бұл мәселеге басқа қырынан келуді жоққа шығармайды.

Қазіргі қазақ прозасында кездесетін баяндау тәсілдері: бірінші, үшінші жақтан баяндау, ішкі монолог, диалогтан мынадай түйін жасауға болады: автор көзқарасына қарай өзгеріп, құбылып отырады /2/.

         Болмысты әр жазушы өзінің адамгершілік, идеялық ұстанымы тұрғысынан – көріп, соны туындысында әр түрлі жағдайлардағы тоғысулар, қарама – қарсы қоюлар арқылы бейнелеп шығады. Оның шығармада «көрінуі» шығарманың көркем – тілдік құрылымы арқылы жүзеге асады. Сондықтан «автор бейнесі» шығарманың өзі көрініс табатын көркем – тілдік құрылымынан тыс қаралмайды, онымен тығыз байланысты болады. .

Әдебиетте жаңа сөз айту екiнiң бiрiне бұйырмаған. Ал бұйрығы жетiп, дүниеге келген жаңа сөз, шын мәнiндегi жаңа сөз - әдебиеттiң ортақ абыройы, ұлттық көркем ойдың мерейi” – деп, Әбiш Кекiлбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” романдары оқырман қауымға ұсынылған уақытта көптеген әдебиетшiлерiмiз пiкiр айтқан болатын. Сол пiкiрлердiң нақты, дәл айтылған сөз екендiгiне романдарды оқып отырып көз жеткiзе аласыз.

Әбiш Кекiлбаевтың екi романында да тарихилық сипат басым. Ол халықтар тарихының даму бағытына әлеуметтiк өзгерiстер негiзiнде қарайды. Көршi елдердiң қыспағына түсiп, көшпелi өмiр сүрген қазақ халқының ендiгi жерде оқшау өмiр сүре алмайтынын түсiнген Әбiлқайыр, ендiгi жерде орыс халқымен бiрлесуге үлкен мән берген осы үлкен ойды жан-жақты барлай отырып,  автор  «Үркерде» ханның толғаныс ойын саралап шыққан. «Үркер» романынның бiрiншi бөлiмi «Тығырықта» ханның елшi жiберiп, айлар бойы күтумен өткiзген психологиялық мiнезiн автор орасан зор шеберлiкпен суреттейдi. Екiншi «Елшiлiк» атты бөлiмде Петербургтен елшi Мәмбет Тевкелевтiң келу тарихы көрсетiледi. Ал, үшiншi «Арбасу» бөлiмiнде елшiмен жүргiзiлген келiсiмнiң қиын арбасу-арпалыстары бейнеленедi, төртiншi «Айқас» атты бөлiмде елшiлiкпен ел басқарушыларының арасындағы қиян-кескi тартыстардың бiр жүйеге – дұрыс шешiмге сайып, олардың соған жүгiнулерi баяндалады. Бұл бөлiмдердiң қай-қайсысында да қысқа ғана баяндала салатын осынау нұсқа сәттер айналысында бүкiл қазақ өмiрi қамтылады. Бөлiмдердегi сюжеттiк желiнiң ұзын-ырғасындағы суреттеулер, диалог, монолог, бедерлi көрiнiстер, тiлдiк құралдардың стилистикалық сапа-қасиеттерiн нақты қолдану жағдайы көрiнiс табады. Сол әдiс-тәсiлдiң бiрi «автор бейнесi».

Шығармадағы «автор бейнесi» дегенде жазушының жеке басын түсiнбеймiз. Әрине, көркем шығарманы оны тудырушыдан бөлiп алып тастауға болмайды. Өйткенi жазушының жеке басының ерекшелiктерi; өмiрi, дүниеге көзқарасы, оқиға, құбылыстарға шығармашылық қатынасы шығармаларда iз қалдырып отырады. Дегенмен, көркем шығармада жазушының жеке басы тасаланып, оның орнына шығармадағы «автор бейнесi» шығады.

Шығармада Әбiлқайырды бiр жақты бейнелеп қоймай, халықпен етене байланыста  отырады. Ханның жiберген емшiлiгiн күтiп отырған бiр күнiнде ұлы дүрмек саятшылыққа шығып, дала тағытардының ортасында көрсетедi. Сол саятшылық уақытында жазушы көркем шығармаға тағы бiр тұлға Итжеместi әкеледi. Бiрақ Итжемес шығармада ұлы тұлға емес, Әбiлқайырдың жаңа бiр қыры саятшылық құру қабiлетiн ашу үшiн алынға кейiпкер секiлдi. Шығармада Итжеместiң iшкi ойы мен сезiмi былай берiледi: “.... Мұны естiгенде Итжемес түйiлiп қала жаздады. Ол бiлетiн қазақта не көп-сұлтан көп, би көп, батыр көп, - әйтеуiр ел үстiндегiұлық көп. Бұрын-соңды ондайлармен табақтас болмақ түгiлi, ондай дәурен ойына кiрiп көрмеген Итжемес ханның қосынан бiр-ақ шыққанын бiлгенде қақалмағанда қайтсiн! Қолындағы кәрi жiлiктi ауызына апара алмай бiраз отырды. Тек құрсағына кiрiп алған әлдебiр аш тышқан: “Ау, неге кiдiрдiң?” – дегендей, тағы да шиық ете қалғанда барып, жалма-жан апыл-құпыл асай бастады. Асаған сайын қарыны ғана емес, көңiлi де тоғая түстi” Хан ордағы қаңқасапқа тап болып жатқан қазақ көп қой дейсiң бе?... ”

Осы Итжеместiң iшкi ойы, сезiмi бiр қарағанда авторлық баяндау болып табылады. Өйткенi келтiрiп отырған үзiндi түгелемен автор  атынан   III жақта баяндалған. Ал осының мазмұны мен стильдiк құрылымдарына қарасақ таза авторлық баяндау емес, себебi оған шығарма кейiпкерi Итжеместiң де қатысы бар.

Ал, Әбiш Кекiлбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” шығармаларында осындай стильдiк құрылымдар көптеп кездеседi. Ондағы “автор бейнесiнiң” құрылымын түсiнбейiнше, шығарма стилiнiң жалпы сипатын да, жекелеген ерекшелiктерiн де түсiну мумкiн емес.

Көркем шығарманы құру, ондағы суреттеулер күрделi болу үшiн автор өз қаламындағы барлық бояуды сарп ететiндiгi белгiлi. Сол бояулардың iске асу жолдары тәсiлдерi автор бейнесiн жасайды. Осы көркем әдебиеттегi стильдік құрылымдардың барлығы Әбiш Кекiлбаевтың  романдарынан кездесiп отыратыны хақ. Романдарды оқи отырып, бiр ойдан екiншi бiр ойға қалай түсiп кеткендiгiңiздi байқамай қаласыз.

Жазушы тiлi бай, образды, ойлы. Суреттерi де жарқын, нақты. Ол құбылысты образмен танып, шешен тiлмен суреттейдi.

Әдебиеттер :

1.Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Қазақ университеті, 1992 -350 бет.

2.Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы: Санат, 1996 -333 бет.

3.Тимофеев Л.И. Основы теории литературы. – М: Просвещение, 1971.

5. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы  психологизмнің кейбір мәселелері. Алматы: Алаш, 2003