Батаева Мөлдір және Рахманова Шырайлым 

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенттері

Ғылыми жетекшісі: Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

АМА қауымдастырылған профессоры

Қазақстан республикасы

С.Мұқановтың “Мөлдір махаббат” романындағы мақал-мәтелдердің стильдік  қолданысы

 

            Ғалым Ә.Қайдар «Халық даналығы» атты еңбегінде: «Мақал-мәтелдер - әрбір халықтың көне де байырғы рухани қазынасы.Мақал-мәтелдердің пайда болып, қалыптасуы үлкен екі түрлі объективті факторға байланысты. Оның біреуі және негізгісі - ішкі фактор да, екіншісі - сыртқы фактор. Мақал-мәтелдердің ішкі  факторға  байланысты пайда болып, қалыптасуы әрбір этностық қауымның халық болып қалыптасуының ұзақ тарихи процесіне, рухани өмірі мен мәдени-әлеуметтік жағдаятына, тіршілік-тірлігі мен күн көріс тәсілдеріне, өзіндік дүниетанымы мен болмыстағы құндылықтарды бағалай білуіне байланысты деп білсек, сыртқы факторын сол этникалық қауымның бір табиғи ортада, географиялық аумақта (уақытша, не тұрақты) бірге жасап, біте кайнасып кеткен басқа халықтармен араласуының, бір-біріне тигізген рухани-мәдени әсеріне байланысты деп қараған жөн. Көрші отырған халықтардың өзара жан-дүниесімен де, салт-дәстүрімен де араласуын қазақ атам «Aқыл ауысады, ырыс жұғысады» деп бекер айтпаса керек.Мақал-мәтелдердің ішкі факторларға байланысты пайда болуы мен қалыптасуының ең алғашқы себептері мен тәсілдері әр алуан. Солардың ең бастысы: біріншіден, саналы қауымның өзі өмір сүрген табиғи ортаны, табиғат құбылыстарын танып-білуіне, екіншіден, тіршілік көзі - еңбек процестерін, кәсіпшілікті меңгеруге, үшіншіден, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың қыр-сырын терең ұғынуға байланысты болса керек». Ғалым өзінің «Халық даналығы» атты оқулығында қазақ тіліндегі барлық мақал – мәтелдерді төмендегідей топтастырады:

 

ü  Адамға қатысты мақал-мәтелдер;

ü  Табиғатқа қатысты мақал-мәтелдер;

ü  Қоғамға қатысты мақал-мәтелдер ;

Адамға қатысты мақал-мәтелдер:

1.    «Сүтпен кірген, сүйекпен шығады» дейді қазақ («Мөлдір махаббат»,432 бет).

Адамның бойына ананың ақ сүтімен бірге сіңіп, біте қалыптасып кететін     жақсы-жаман қасиет, мінез-құлық өле-өлгенше сол адамның өзімен бірге болып, өлгенде сүйегімен бірге кетеді дегенді аңғартады [«Халық даналығы, 482 бет»].

2.      «Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген («Мөлдір махаббат»,133 бет).

<ауыс.сабырлылық, парасаттылық көрсету әрқашанда сап алтынның өзіне де, сарғая істеген ісіңнің алтынға бергісіз бағалы да игілікті нәтежесіне де қолыңды жеткізеді демекші>[«Халық даналығы, 464 бет»].

                             Табиғатқа қатысты мақал-мәтелдер:

1.      «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, шаңдатқан қалың дүсір жақындап қалған шақта, сүйемек болған әжемді тастай беріп, шешем үйге кіріп кетті («Мөлдір махаббат»,28 бет).

<ауыс.істеген ісіңнің, ойлаған ойының бұрыстығын кеш болса да түсінген адамның дереу сол бастаған ісі мен ойын бірден бұзып, кері әрекет жасауы; әрекеттің өзі де өте асып-сасып істегендіктен орынды болуы да мүмкін дегенді аңғартады>[«Халық даналығы, 467 бет»].

2.      «Жақсы ит те өлімтігін көрсетпейді» депті аталарымыз («Мөлдір махаббат»,275  бет).

<1. ауыс Халықтың ұғымында: жақсы ит жазатайым қақпанға түсіп, аяғынан кіріптар болса, қасқыр мен аюға таланып мертіксе, жасы келіп қартайса, кінаратқа ұшырап, ауырса, ең алдымен өз дертіне ем болатын шөп іздеп, арық пен өзен-көл жағаларын кезіп кетеді, іздеген ем шөбін тауып жемесе, ол өзінен-өзі ұшты- күйлі жоғалып кетіп, ауылдан алысқа барып, айдалада өледі. Итін жақсы көргендер оның айдаладан өлігін іздеп жүріп тауып алып, жер қазып көметіндері де бар. 2.ауыс. бұл мақал кейде ешкімге ауыртпалығын салмай, өзімен-өзі болатын, барлық бейнетті өз басымен көріп, тіпті өлігінің қамын да өз жасап қоятын адамдар жайында да айтылады>[«Халық даналығы, 324 бет»].

                        Қоғамға қатысты мақал-мәтелдер:

1.      «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» демей ме аталарың? («Мөлдір махаббат»,443 бет).

Бір киер сырт киім – тонның жағасыз болмайтынындай, өз алдына ел болып, елдігін танытып отыратын халықтың өз ішінде сол ер- жұртты басқаратын, ата- баба салт-дәстүрін сақтауды талап етіп, ақыл-кеңес беретін, жақсысын танып, тентек- телісін тәртіпке шақыратын елдің парасатты ақсақалы, билік айтар ағасы болуы қажет деген сөз[«Халық даналығы, 279 бет»].

2.      «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп, өзге тамақ алмайды(«Мөлдір махаббат»,  52 бет).

Қазақтың ұлттық танымында бөрі-сәтті сапарға, жеңістерге бастап апарушы, ұлы айқастарда  қолдап жебеуші ата-баба  аруағының киелі аң түрінде көрінген рухы , жеңімпаздық символы. Қазақта: «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» деген мақалы бар.

      Зерттеуші -ғалым Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы  «Қазақ тіліндегі мақал – мәтелдердің танымдық бейнелігі» (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде) атты еңбегінде «Тілдегі мақал- мәтелдерді – мәдениетті тану кілті, рухани және материалдық мәдениеттің қалыптасуына қатысатын үлкен күш, мәдени ескерткіші, ұлт өмірінің айнасы деп баға береді. Ол мәдениеттің жалпы сипатын анықтайды, негізгі ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді. Осыған сай тіл әрбір этнос мәдениетінің өзгешелігін, екінші жағынан, тіл шеңберінде мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Тіл, соның ішінде мақал-мәтелдер, қазіргі, келер ұрпақты үлкен бір тарихи арнаға, бүтіндікке байланыстырады»дейді [2, 4 бет].

         Ғалым Кенжемұратова Сәлима Кенжемұратқызы өзінің 2002 жылы қорғаған «Мақал- мәтелдердің синтаксисі» атты кандидаттық диссертациясында «...мақал- мәтелдердің идеялық-эстетикалық  мән-мағынасы, мазмұны жағынан қарастыра отырып, оқырманға сөз құдіреті, сөз қуаты арқылы жетеді, оны ойландырады, иландырады деп жазады. Ұлттық мәдениет, болмыс, діл сияқты ұғымдарды тоғыстыратын ана тілі байлығынан мақал-мәтел адамзатқа ой-өрісін, пікір-көзқарасын, әлемді түсініп-түйсінуін мейлінше толық, барынша ұғынықты, әсерлі жеткізіп, қажетті сөздерді сұрыптап, таңдап көрсетеді» дейді [3,11 бет].           

Зертттеуші-ғалым Ж.И.Исаева «Дүниенің паремиологиялық бейнесі (лингвомәдениеттанымдық аспект)» атты кандидаттық диссертациясының авторефератында былай деп жазады: «Қазақ паремиологиясының қалыптасу тарихын  3 кезеңге бөліп қарастыруға болады:

 1)ХIХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 40-60 жылдарына дейінгі кезең.Бұл кезең қазақ мақал-мәтелдерін халық аузынан жинақтау,қағаз бетіне түсіру,жеке басылым ретінде шығару жұмыстарының жүргізілуімен сипатталады(Ы.Алтынсарин,Ә.Диваев,В.Радлов,Ш.Ибрагимов,М.Терентьев,Ф.Катанов,В.Катаринский,П.М.Мелиоранский,Н.Пантусов,А.Байтұрсынов,Ө.Тұрманжанов,М.Ақхожин,Б.Ақмұқанова т.б.).

2)Мақал-мәтелдердің ғылыми айналымға түскен кезеңі. М.Әуезов,Қ.Жұмалиев,М.Ғабдуллин,Ғ.Мүсірепов,С.Мұқанов,Б.Адамбаев,

М.Әлімбаев,Н.Төреқұл,Т.Кәкішев,З.Қабдолов,М.Базарбаев,С.Қасқабасов,

С.Нұрышев  т.б әдебиетші ғалымдар зерттеулерінде қазақ мақал-мәтелдерінің табиғаты,Р.Сәрсенбаев,Ә.Қайдар,Б.Шалбаев,Ө.Айтбаев,М.Мұқанов,

З.Ерназарова,Қ.Бейсенов,Ғ.Тұрабаева,С.Қанапина,А.Нұрмаханов,С.Сәтенова,

Д.Бегалықызы т.б тілші-мамандар зерттеулерінде тілдік ерекшеліктері сөз болады.

3)ХХ ғасыр тіл білімінде мақал-мәтелдер паремиологияның зерттеу нысанына айналып,антропоцентристік бағытта қарастырылуда. [4,7 бет].           

    Қорыта келгенде жазушы С.Мұқановтың “Мөлдір махаббат” шығармасы мақал-мәтелдердің көптігімен ерекшеленеді (жалпы саны 87 ММ). Мақал – мәтелдерді көп қолданғанымен өз мәнінде, өз қалпында жұмсаумен қатар, бастапқы мәніне қосымша рең кіргізіп түрлендіреді де, өзінің мақсатты ойына лайықтап қолданады.

 

 

 

 

 

 

 

 Пайдаланылған әдебиетте тізімі:

1.      Қайдар  Ә. Халық даналығы. – Алматы: ‟Тоғанай Т” баспасы, 2004. – 560 бет.

2.      Қанапина С. Ғ. «Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық бейнелілігі» (Ғ.Мұстафин,С.Мұқанов шығармалары негізінде) Қостанай.ТОО Центрум,2010.-180 бет

3.      Кенжемұратова С.К. «Мақал-мәтелдердің синтаксисі». Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты,  Астана – 2002. – 29 бет.

4.      Исаева Ж.И «Дүниенің паремиологиялық бейнесі(лингвомәдениеттанымдық аспект)».Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты.-Алматы,2007 .-29 бет.

5.      Мұқанов С. «Мөлдір махаббат»-Алматы:-Атамұра,-2006.-520 бет.