Түгел Айдана Мейрамқызы, Ғабдрахман
Көркем Маратқызы
Қостанай
мемлекеттік педагогикалық институты
Қазақ
тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенттері
Ғылыми жетекшісі: Қанапина Сәуле
Ғалымбекқызы
Филология
ғылымдарының кандидаты, доцент
АМА қауымдастырылған
профессоры
Қазақстан
республикасы
Жазушы М.Мағауиннің
«Көк мұнар» шығармасындағы теңеудің қолданыс ерекшелігі
Ғалым Зейнолла Қабдолов«Сөз
өнері» еңбегінде
теңеулерге тоқталып өтеді: «Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның
көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби
шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін
ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу
(орысша сравнение).
Мұнда суреткер
заттың, құбылыстың ерекше белгілерін
көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен
салыстыра суреттейді. Сонда бұлар туралы
оқырман түсінігі айқындалу үстіне
тереңдейді де, өнер туындысының эстетикалық әсері
күшейе түседі.
Қай теңеуді алмайық,
суреттеліп отырған нәрсені не құбылысты тура
біздің көз алдымызға әкеліп, олар туралы дәл,
нақты ұғым қалыптастырады. Бұл ретте теңеу
белгісіз затты белгілі затқа айналдырып, шығармадағы
авторлық идеяға қолма-қол көркемдік шешім тауып
тұрғандай » дейді[1,217-218
бет].
Зерттеуші-ғалым
А.Х.Бекбосынова өзінің «С.Мәуленов өлеңдеріндегі
теңеу» атты кандидаттық диссертациясында қазақ теңеулерін
этномаркерлі, прецеденттік, сентенция, сенсорлық - перцептивтік,
тұрақты, семантика - стилистикалық, метафоралық
және эпитеттік, метонимиялық және синекдохалық,
гиперболалық және литоталық, градациялық, синонимдік
және антонимдік теңеулерге бөліп қарастырған. Этномаркерлі
сипаты бар теңеулерге ұлттық тілдің белгісін,
таңбасын білдіретін ұлт тіліне ғана тән
теңеулерді тідік - танымдық тұрғыдан зерттеп былай
дейді: «Тілдегі таңбалар - ұлттың сөз қоймасы
іспетті, себебі таңбаларда ұлттың өмірінен
мәлімет беретін мол ақпарат жатады. Ұлттық
атаулардың жасалуының бір жолы, ұғымды берудің
көркемдік тәсіліне теңеулерді жатқыздық. Себебі теңеулерде
ұлт тілінің өзіне ғана тән ерекшелігін
көрсететін белгілер барынша ашық әрі айқын
көрініп тұрады» дейді [2,18 бет].
Теңеуге толық
талдау жасаған ғалым –
Т.Қоңыров.‟Қазақ теңеулері” атты
ғылыми монографиясында теңеуге мынадай анықтама береді: «Теңеу дегеніміз –
ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші
затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік,
көркемдік, эмоционалды – экспресссивтік сапасын күшейтетін, сол
нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан
танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы»
деп анықтама берген[3,7 бет].
Шығармадағы
теңеуге тоқталар болсақ:
Зооморфтық
теңеулер
Қазақ
халқының тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малға
байланысты болғандықтан, тіліміздегі көптеген
ұғым-түсініктерді білдіретін бұл атауларды ауыспалы
мағынада қолдану өте жиі кездеседі. Төрт түлік
малдың қатысуымен жасалған теңеулер – тілдің
мазмұндық жағынан санғасырлық дамуының
нәтижесі деуге болады. Олар бізді қоршаған табиғатты
әртүрлі жағдайларды бейнелі және эмоционалды
түрде бейнелеу қабілетіне ие. Қазақ халқы малды
ертеден кешке дейін бағып қана қойған жоқ,
бағып жүрген малдың мінез-құлқына,
қимыл-жүрісіне қарап неше алуан ерекшеліктерін байқап,
адамдардың бет-пішінін, мінез-құлқын, іс-әрекетін
сипаттау кезінде ұтымды пайдалана білді. Қазақ
халқының негізгі өмір сүру тәсілі – малды
бағу болғандықтан, теңеулердің жалпы
мазмұнында адамдардың мінезі, болмысы, қимылы төрт
түліктің мінезі, жүріс-тұрысы мен
қимыл-қылығымен салыстырылады
1.Мешіттерін
қиратты, сарайларын құлатты, Мұхамедтің ақ
сәлделі үмбеттерін қойдай
бауыздады. (М.Мағауин. «Көк мұнар», 156 бет)
Қазақ – қой мінезді,
айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін жуас
халық. Соған орай тілімізде, «қойдай жуас», «қойдай
момақан», «қойдай иіру» сынды тілдік бірліктер
қалыптасқан. Сөйлемде берілген Мұхамед үмбеттері
– қазақ ұрпағы. Қойдай бауыздау теңеуі де
осыны танытады.
2.Осы көгілдір
тұман, сағымды мұнар ішінде үкінің мамық қауырсынындай
қалқыған рахат күйдің қаншаға
созылғанын екеуі де білмеді. (М.Мағауин. «Көк мұнар»,
210 бет)
Үкі – мамық жүнді
құс болғандықтан, автор бұл тіркесті орынды
қолданған. Үкінің мамық қауырсынын
көгілдір тұман ішіндегі қалқыған рахат
күйге теңеп тұр.
3.Жігіттің суық жыландай жылжып, төмен
бойлап түскен қолын қағып алды. (М.Мағауин.
«Көк мұнар», 220 бет)
Қазақ халқы әр
сөздің орнын білетін, әр сөзді жүйелі, орынды
қолдана білетін дана халық. Сөйлемде берілген суық
жыландай теңеуі де осыны танытады. Жылан – зымияндықты,
қастандықты білдіретін жануар болғандықтан, оны арам
адамдардың жағымсыз іс-әрекетін сипаттауда қолданады.
Өсімдікке
байланысты теңеулер
Халқымыздың ерте
кездерден бастап-ақ ерекше қастерлеп, қамқорлық
жасап келген табиғи байлықтарының бір тобы – өсімдіктер
әлемі. Өсімдік атауларымен келген теңеулер адам табиғаты
мен өсімдіктер табиғаты арасындағы тығыз
байланыстылықты көрсетіп, адам мінезіндегі күрделі
құбылыстарды өсімдік дүниесімен салыстыра бейнеленеді.
1.Әбден пісіп,
енді-енді үзіліп түскелі, немесе жарылып кеткелі тұрған
шиедей нәрлі, әсем
еріннен сүймек болды. (М.Мағауин. «Көк мұнар», 211 бет).
Сөйлемдегі шиедей
нәрлі, әсем ерін қыз сұлулығын сипаттауда
жұмсалған. Шиедей теңеуі тек қана қыз келбетін
жасауда ғана қолданылады.
Ұлттық танымды білдіретін
теңеулер
1.Ақыры, бойын кернеп
тұрған бұл реткі барлық ойы болат қаламның
ұшынан көк сия арқылы сыздықталып, ақ
қағаз етіне таңбалана, таңбалана келе, серпіні
әлсіреп, түгесілген шақта, көкірегі де, ішіндегі бар қымызы сарқылып алынған
күбідей қаңырап қалып еді (М.Мағауин.
«Көк мұнар», 155 бет).
Шығарма тілінде
авторлық теңеулер өте жиі ұшырасып отырады. Соның бірі қымызы сарқылып
алынған күбідей теңеуі. Күбі – қымызды
сақтауға арналған ыдыс. Ал сөйлемде көкірегінде
ештеңесі жоқ, ақылсыз адамды қаңыраған бос
күбіге теңеп қолданған.
Қосымша
теңеулер
Үйткені талант – табиғат сыйы, бойына талант
дарыған жан – пайғамбар
іспеттес, оған ерекше миссия жүктелген; оның өмірі
өзінікі емес, елінікі, сондықтан күйкі тірлікпен күн
өткізбей, бойындағы бар күшін ретімен, қажетті істерге
ғана жұмсап, ақылы мен білімін, талантын бір-ақ мақсатқа –
халқына қызмет ету жолына ғана бағыштауы тиіс.
(М.Мағауин. «Көк мұнар», 147 бет)
Іспеттес сөзі
арқылы жасалған теңеулер көркем шығарма тілінде
жиі ұшыраса бермейді.
Қорыта
келе айтарымыз М.Мағуин тілінің ерекше көркемдігін шығарма
тілінде қолданыс тапқан сан
алуан теңеу түрлерінен байқауға болады.
Аталған шығармада
80-нен астам теңеу қолданылып,оның ішінде зооморфтық
теңеулер, өсімдікке байланысты теңеулер, ұлттық
танымды білдіретін теңеулерді анықтадық.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.
З.Қабдолов «Сөз өнері» Алматы,
TST-Company, 2006 -360 бет
2. Қоңыров Т.
«Қазақ теңеулері» - Алматы «Мектеп» баспасы, 1978-192бет
3.
Бекбосынова А.Х. «С.Мәуленов
өлеңдеріндегі теңеу» Астана,2012,24 бет.
4.
Мұхтар
Мағауин, «Көк мұнар», «Жазушы» баспасы, Алматы 1980.