Мерзімді
баспасөздегі ұлттық рух,
патриотизм мәселелері
Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, филология
факультетінің 2 курс магистранты Л. Сәкен
Ғылыми жетекшісі: Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ ф.
ғ.д., профессоры
К.Д. Асанов
Өркениет дамуының
қай кезеңінде де болсын мемлекеттің
қоғамдық институттарына, соның бірі баспасөзге
саяси, тарихи міндеттер жүктеліп отырады. Олай болса, жаңа
жағдайда өзіне қоғамдық пікір
қалыптастырушы, халықты саяси ағартушы функциялары
жүктеліп отырған бұқаралық ақпарат
құралдары атқаратын ауқымды істер аясы уақыт
озған сайын ұлғаймаса, тарылмақ емес.
Сөйтіп, республиканың
ақпараттық кеңістігі жаңа мазмұнмен
толықты. Ал мұның өзі уақыттың өзі
талап етіп отырғанындай, қоғамдық сананы дамытуда ақпараттық
саясаттың алдыңғы орынға шығуына тікелей
әсер етті. Бұл мәселе туралы зиялы қауым
өкілдері, ақпараттық саясат мәселесімен
шұғылданып жүрген ғалымдар мен журналистер әркез
өз көзқарастарын билік органдары мен халыққа
жеткізіп отырды.
Мәселен, К. Смайылов
«Тәуелсіз қазақ мемлекеті жаңа ғасырда
өркениетті елдермен терезесі тең түсіп, өлкесі бай, елі
берекелі болса, оған да қазақ журналисінің қосар
үлесі, сіңірер еңбегі аз болмас. Елдің рухани
еркіндігін сезіндіру, оның орнығуын қамтамасыз ету
қолына қалам ұстаған әріптестеріміздің
міндеті болып қалмақ» [2] деп бұқаралық
ақпарат құралдарының өкілдері атқарар
міндетті нақтылай түседі. Ал саясаттанушы А. Сәрсенбаев
өтпелі кезең тұсындағы «төртінші биліктің»
ақпараттық кеңістіктегі алар орнына сипаттама береді.
Демократиялық қоғам құру жолындағы
күресте баспасөз өкілдерінің атқарар роліне назар
аударады [2, 8].
Жоғарыда аталған
жағдайлар түптеп келгенде, жаңа дәуір талабына сай
өз қызметін құрсам деген талпыныс
қазақстандық бұқаралық ақпарат
құралдарын тұтастай әлеуметтік, саяси институт ретінде
қалыптастыруға итермеледі. Міне, осындай алуан міндет
арқалаған республика бұқаралық ақпарат
құралдарының қазақстандық патриотизм
проблемасын көтеруде атқарған және оған
байланысты іс-әрекеті қандай? Бұл бағытта қандай
жетістіктерге қол жетті? Оңды тәжірибеміз қандай,
олқы тұсымыз бар ма?
Ендігі мәселелер
шоғыры, міне, осы хақында. Біздің ойымызша, осы
сауалдарға жауап іздеу үшін, әрине, патриотизм
тақырыбын жазуда қандай ізденістерге бару керек, бұл туралы
саясаттану ғылымында қандай пікірлер айтылған деген сауалға
жауап қарастыруымыз қажет.
Белгілі саясаттанушы ғалым Л.
Ахметова бұл мәселе жөнінде: «ХІХ және ХХ ғасырда
патриотизм көбінесе үстемдік құрушы билік иелеріне
қызмет етіп, бірте-бірте ол мемлекеттің бұқара
арасындағы тәрбие жұмысының құрамдас бір
бөлшегі болып келген еді. Қазір патриоттық тәрбие беру
барлық қоғамдық саяси құрылымда да бар. Ал
билік иелері елдің сыртқы және ішкі саясатының
маңызды мәселелерін шешуде осы патриотизмге сүйенеді» деп
жазады. Біздіңше, автордың бұл пікірі кеңес
қоғамындағы бұқаралық ақпарат
құралдарының қызметін зерттеуге арналған
еңбегіне негізделгеніне қарамастан қазіргі қоғам
үшін де құнды көзқарас.
Шын мәнінде өткен
тарихқа көз салсақ, патриотизм мен интернационализм
ұғымдары бүтіндей кеңестік идеологияның іргетасы
саналды да ол шектен асып ұраншылдық, науқаншылдық
сипаты алған еді. Ал, сол идеологиялық құралдың
үлкен бір механизмі саналған бұқаралық
ақпарат құралдары бүтіндей билік иелерінің
құзырына еніп, даурықпашылдық, көзбояушылық
сарынға бой алдырғаны анық. Қоғамның
кемшілігін дәл басып ашып жазудан гөрі, нақты жағдайды
бұрмалап, боямаламай көрсету, әсірелеп жазу сол жылдар
басылымдарына тән болды.
Ұлттық рухты
жандандырсақ, халықтық құндылықтарды
дамытсақ деген көзқарастар билік басындағыларды
ойландырмай қоймады. Ақпараттық қауіпсіздікке
төнген қатер қоғамдық пікір байламымен осылайша
тойтарылды. Ал, оның нәтижесі 1999 жылы 6 тамызда дүниеге
келген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы»
Қазақстан Республикасының заңы. Демек, осының
өзі қоғамды өз сұранымына сай ақпаратпен
қамтамасыз ету мәселесінде тәуелсіздік жылдарында да тиімді
жолдың болмағандығының анық дәлелі.
Профессор Я. Засурский өз еңбегінде тереңдете түседі. Публицистикалық
шығармалар журналист қаламынан
туатын болса, ал оған мынадай талап қойылатынын еске салады. Баспасөз
өкілдері «... адам жанын баурайтын, оқырманын әрдайым толғандырар тақырыптар
тауып, сөз бен істің үйлесіміне жетер жағдайдан көрінуі керек» [3, 227] деп жазады ол.
Олай болса, біздің көзқарасымызша, қоғам
өміріндегі ізгілікті атаулыны көре біліп оны көпшіліктің
ортақ игілігіне айналдыруға мұрындық
болу, соған атсалысу ақпарат құралдарының
айбынды міндеті болуы шарт. Оқырман
бойында патриоттық рух қалыптастыру үшін баспасөз қандай принциптерді басшылыққа алуы керек? Ең алдымен, оның бүкіл жұмысы халықтық, жариялылық,
шыншылдық, нақтылық
принциптеріне сай құрылуы тиіс, сонда ғана ол басылым шын
мәнінде қалың
әлеуметтің арқа
сүйер басылымына айналмақ. Баспасөз жарияланымдарына қойылып отырған осы өлшемдер шын мәнінде тәуелсіздік жылдарындағы
Қазақстан бұқаралық
ақпарат құралдарының
қызмет процесіне аса қажет болып келеді. Себебі, жариялылықтың, демократияның
реті осы екен деп кейбір ақпарат
құралдары ауа жайылушылыққа жол бергені мәлім. Демек, осыған орай журналистердің қоғам алдындағы
жауапкершілігі деген мәселе өзінен өзі туындайтыны сөзсіз.
Бұқаралық
ақпарат құралдарындағы патриотизм тақырыбына
қатысты осы екі арнаның алғашқысы туралы
әңгіме қозғағанда, Ә.
Қалмырзаевтың, Т. Омарбековтың, Л. Ахметованың, Ж.
Кейкиннің, Н. Бектұрғановтың, Ғ.
Телебаевтың, Ғ. Аймаханның, Б. Берлібаевтың, Х.
Әбжановтың, Д. Раевтың, Ғ. Меңлібаевтың, А.
Ғасимовтың, Р. Исмаиловтың мақалалары мен ой толғамдарын
тілге тиек етеміз [4].
Бұл авторлардың дені
қазақстандық патриотизм қоғам
өмірінің қозғаушы күші бола алды ма, ол
үшін не істеу керек деген сауалға жауап іздейді. Біздіңше,
әсіресе, ғалымдар Ә. Қалмырзаев пен Т.
Омарбековтың мақалаларынан осы сауалдар төңірегінен
біраз пікір түюге болады. Мәселен, Ә. Қалмырзаев
халықтың патриоттық сезімін қалыптастыру үшін
алғышарттар пісіп-жетілуі керек дей келіп, сол алғышарттарды атап
көрсетеді.
Осы алғышарттардың
әрқайсысын жеке-жеке талдай келіп автор мұның
бәрі сайып келгенде ұлттық қауіпсіздікке маңдай
тірейтінін еске салады. Шынында да Ә. Қалмырзаевтың бұлайша
тұжырымдауының негізі бар. Бұл ретте ол өз ойын
Елбасының жылма-жыл халыққа арнайтын Жолдауларымен
өзектестіреді.
Патриоттық сезім ұлт
рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. Сол себептен де
Елбасы өзінің халыққа Жолдауында азаматтардың
отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды
ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі
элементтерінің бірі ретінде таниды» деп түйіндейді пікірін.
Белгілі ғалым Т. Омарбеков
болса, ілгерідегі Ә. Қалмырзаевтың ой толғамын
сабақтастыра отырып, қазақстандық патриотизмді
қалыптастырудың негізгі ерекшеліктеріне тоқталады. Демек,
Ә. Қалмырзаев ұсынған патриотизмді
қалыптастырудың алғышарттары Т. Омарбеков атап
көрсеткен ерекліктерімен дәйектеле түседі.
Осы хақында «Егемен
Қазақстан» газетінде Ж. Кейкіннің мақаласы жарияланды.
«Отаншылдық – қоғамдық үздік сана» деп аталатын
ой-толғамда билік орындарында жүрген азаматтардың,
көңілі ояу кісілердің құлағында
жүретін едәуір мәселелер қозғалған. Автор
мақаласында Тәуелсіздікке қол жетісуімен бірге
отаншылдық үрдістің жаңа өрлеу кезеңі
басталды, бірақ тақтайдай жолмен жүріп өтпек емес дей
келіп алда тұрған нақты міндеттерге тоқталады.
Л. Ахметова қазіргі, егеменді
еліміздің жетекші тұлғалары қандай болуы керек,
оның отаншылдық рухы неден байқалмақ деген
сауалдарға былайша жауап берді. «Еліміздің бүкіл халық
болып бірауыздан сайлаған тұңғыш Президенті Н.Ә.
Назарбаевтың жалпы жұрт түгел таныған жетекші
тұлға ретіндегі жеке басына тән бірнеше қасиетін атап
өтуге болады. Ол өзінің осындай қасиеттерінің
арқасында елімізде тұратын адамдардың барлығының
да сый-құрметіне орынды бөленіп келеді,- деп жазады ол. -
Президент өзінің «Қазақстанның егеменді ел
ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы»,
«Қазақстанның болашағы – қоғамның
идеялық бірлігінде, «Тәуелсіздігіміздің бес жылы»,
«Ғасырлар тоғысында», Қазақстан халқына
арнаған «Қазақстан – 2030».Барлық
қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі,
қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты
Жолдауында, халықтың әртүрлі топтарының алдында,
сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ бұқаралық
ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары мен сұхбаттарында
аса маңызды идеологиялық міндеттердің бірі ретінде
азаматтарымыздың бойында қазақстандық отаншылдық
сезімін күшейтуді, әр азаматтың өзін-өзі
айқын қалыптастыруға тәрбиелеуді әрқашан
айрықша атап көрсетеді» [4].
Журналистер
қоғамдық саяси өмірдегі белгілі бір мәселелер
төңірегіндегі жұртшылық пікірін қалыптауға,
сол қоғамдық қозғалыстардың ең
ортасында болуға тырысты. Қай түйінді проблеманы қарастырса
да мемелекеттік көзқарас тұрғысынан келді.
Өйткені, олардың дүниетанымында ата-бабаларымыз ғасырлар
бойы армандаған Тәуелсіздік пен Еркіндікті, отансүйгіштік пен
ұлтжандылықты баянды ете алсақ деген ой жатты. Ал
мемелекетшіл патриот қаламгердің мақсат-мұраты
қашан да биік екендігін өтпелі кезең тәжірибесі
дәлелдеп отыр.
Пайдаланған әдебиеттер
тізімі
1.
Сақ
Қ. Ұлттық сана ұйытқысы. Алматы, 2001, - 53 б.
2.
Бекхожин
Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. Алматы, 1964, 250
б.
3.
Жұмағалиев
Қ. Кемедегінің жаны бар // Егемен Қазақстан. 2002 жыл
27 қараша.
4.
Кенжалин Ж.
Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз. – Алматы:
«Өлке» баспасы, 2005. – 160 б.