Сұлтанәлі Балғабаев  -   драматург

 

Айтбаева Айман Ералықызы     

Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті

Опабекова Феруза Абдоллақызы

Жаңақорған ауданы, №195 мектеп-гимназия мұғалімі

 

Әр  дәуірдің тыныс –тіршілігі сол кезеңде өмірге келген көркем туындыларда бейнеленеді. Драмалық шығармалардың басты мақсаты –шындықты жариялау, өмірдегі келеңсіз нәрселерді әшкерелеу, заманымыздың ең өткір, көкейкесті мәселелеріне қозғау салу. Ұлттық драматургияның даму барысына тоқталар болсақ, драма  жанрының өрбуіне соңғы уақыттағы қоғамдық-саяси, тарихи-мәдени жағдайлардың игі ықпал еткенін аңғарамыз.  Тәуелсіздігімізбен бірге келген жариялылық, демократия сынды ілгерішіл ұғымдар өткен тарихымызды, бүгінгі өміріміз бен келешегімізді қайта сараптауға, ақиқат таразысына салуға жол ашты. Осы орайда қазақ драматургиясы тарих қойнауынан сыр шертетін, кешегі кеңестік кезеңнің көлеңкелі жақтарына үңілетін, бүгінгі ұлт өміріндегі өзекті мәселелерді қозғай отырып, ой толғайтын жаңа туындылармен тоғысты.  Қазіргі қазақ драматургиясы әлемдік классикалық дәстүрді шығармашылықпен қабылдай отырып, ұлттық топырақтағы осы өнердің өркендеуіне жаңашылдықпен үлес қосып келеді.   Олардың қатарында: Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Қ.Ысқақовтың  «Есеней – Ұлпан»,  «Қылкөпір», «Қазақтар», И.Оразбаевтың  «Естайдың Қорланы», «Қорқыттың көрі», «Махамбет»,«Шоқан», «Мен ішпеген у бар ма?..», Н. Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз», «Қара қазан ғасыры»,  Ш.Мұртазаның «Домалақ ана», С.Асылбекұлының «Желтоқсан түні», Т.Мәмесейітовтің «Бәкей қыз», Р.Мұқанованың «Қыз жылаған» ,С.Қасымбектің «Иасауи қасіреті» сияқты пьесалары  қазіргі драматургияғадағы үлкен жетістігіміз. Ұлттық драматургияда бүгінгі заман келбетін, қоғамдық санада қалыптаса бастаған жаңа көзқарастарды, өзгеше ойлайтын тұлға типтерін бейнелейтін туындылар да көптеп жазылды. Қаламгерлеріміз нарықтық экономиканың адамдар санасына, дүниетанымына әсері, ар-ұят ұғымының өз мәнін жоюы, жұмыссыздық, баспанасыздық, отан, ел, отбасы алдындағы жауапкершіліктен айырылу солардың салдарынан қылмыстың етек жаюы, жастарымыздың отбасы құндылықтарын сақтай алмауынан, өз махаббаттарына тұрақсыздықтарынан ажырасу сынды құбылыстардың белең алуын көрсете отырып, бүгінгі қоғам тіршілігінің шынайы бейнесін жасады. С.Жүнісовтің «Қылмыскерлер», Р.Мұқанованың «Шатыр астындағы Мен»(2008), И.Оразбаетың «Портмоне», Р.Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла», «Нұр жуған ғұмыр»,Т.Ахметжанның «Екі жүрек» ,Ә.Таразидің «Ақын, періште, махаббат», И.Сапарбайдың «Махаббат мейрамы», Н.Ораздың «Адасқан жұлдыз», Б.Тоғысбайұлының «Жансая», «Жұбай саудасы» және С.Балғабаевтың «Қазақша күрес» (Мәдениет министрлігінің жабық бәйгесінің жүлдесін алған), «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Біз де ғашық болғанбыз» т.б  пьесалары арқылы толықты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Тебегенов: «Жалпы замандас тақырыбынан ой қозғайтын пьесалардың сахнада өздерін көргісі келетін жас көрермендер психологиясына тигізер ықпалы зор. Драмалық шығармалардағы кейіпкерлер тұрмыс-тіршілігінің, мінез ерекшелігінің, өтіп жатқан оқиға құбылыстарының олардың санасына шынайы жетуінде қызмет атқаратын негізгі тұлға драматург десек, ұлттық драматургияда өзіндік қолтаңбасын анықтаған С. Балғабаев шығармалары театр репертуарларынан берік орын алып келеді. Оның қаламынан туған дүниелер романтикалық, лирикалық сипатымен, кейіпкерлері жан дүниесінің тазалығымен ерекше»[1],-дейді.

Театр сыншысы А.Қалиеваның : «С.Балғабаевтың барлық драмасынан, мейлі ол 80-90 жылдардағы жазылған пьеса болсын, тіпті тәуелсіздік алғаннан кейінгі бүгінгі қоғамда жазылған пьеса болсын, одан әрдайым заман бейнесі, заман адамы бейнесі сезіліп тұрады. Драматургтың өзіндік ерекшелігі деп те осы қырын айтуға болады. Драматургия алдымен, көрермен көңіліне ой тастайтын, терең де, байсалды толаныстарға бастайтын салмақты міндетті атқаруға тиіс. Драматургияның ежелден қалыптасқан идеялық бағыты мен мақсаты тек жиылған қауымды қызыққа батырып, сауық құру емес, ең әуелі көрерменіне рухани азық беру, ойға ой-сезім қосу арқылы олардың ақыл-парасат деңгейін өсіру екені сөзсіз. Яғни, әрбір туындыда көрермен ғибрат алатындай , белгілі дәрежеде театр талаптары сақталуға тиіс»[2.,205],-деген пікірімен санар болсақ, бұл тұрғыдан алғанда С.Балғабаев пьесалары -аз сөзге көп мағына сыйдырып, салмақты ойларға, ұлттық таным аясынан ары аттап кетпейтін идеялық-көркемдік тұрғыда тартымды, мазмұнды шығармалар.  Пьесаларының тақырыптық, жанрлық ауқымы сан қилы. Туындыларында қазіргі заманғы отбасылық-тұрмыстық өзекті мәселелер драмалық, трагедиялық, комедиялық сипаттар тұтастығымен бейнеленген.

Мысалы, «Ең әдемі келіншек» пьесасындағы кейіпкерлер тағдыры қайшылықты тіршілік келбетін, әралуан адамдар тағдырларын романтикалық және реалистік болмысымен көз алдымызға әкеледі. Пьесаның басты кейіпкері – Гүлбаршын. Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргендер сол айтулы күнді атап өту үшін жиналып, тойлап жатқан қауышулар сәттеріндегі сезім өрнектері, тағдырлар тоғысуы – сахналық койылым жағдайына орайластырыла берілген. Басты кейіпкер Гүлбаршын мен жанама кейіпкерлердің (Абдолла, Алтай, Жиенбай, Мадина, Зухра) монологтары мен диалогтары арқылы – әйелдер мен еркектер арасындағы шынайы махаббат пен тағдыр ықпалындағы қарапайым жұбайлық ғұмырға көнетін тұрмыстық психология қайшылығы көрсетілген.  Пьесаның сюжеттік-композициялық құрылысындағы Гүлбаршынның сырт сұлулығына, мінез тартымдылығы нанымды шынайы берілген. Гүлбаршын жеңіл ойдың жетегінде кетпейді. Бәріне де жауаптылықпен қарайды. Дегенмен адамның мына дүниеден безгісі келіп, өмір сүруден қашқысы келген сәттерде Абдолла сияқты жаны сұлу адамдардың құтқара алуы өмір заңдылығы. Пьесаның соңындағы Гулбаршын мен Абдолланың диалогы арқылы драматург біраз нәрсені аңғартады. Пьесаның көркемдік_түйіні – ғұмырдың сұлулығы өзіңді жақсы көретін адамның сезімі екендігін бағалау.

Пьесаның көркемдік шешімін танытатын кейіпкер Жиенбайдың диалогтары мен монологтары әйелді жан-тәнімен сүйген еркектердің орынсыз қызғанышқа ерік беретініне де, маскүнемдікке салынатынына да, қызғанған адамдарымен төбелесетініне де, содан сотталатынына да кейіпкер тағдыры сендіреді. Бірақ, өзі ғашық болып қосылған әйелден ешқашан ажырағысы келмейтін, жылдар өтсе де қайта қосылудан күдер үзбейтін еркек махаббаты Жиенбай тағдыры арқылы жинақталып берілген .

Пьеса сюжетінің шешімінде адамдардың алып-ұшқан асау сезім құрсауына қанша түссе де, бәрібір тұрмыс заңдылығына бағынатындығы дәлелденеді. Қазақ деп аталатын халықтың ибалы келіні ар-ұяттан аттамай, өзіне өліп-өше ұмтылған Абдоллаға да, бір сәттік қайта оянған сезімін білдірген алдамшы Алтайға да берілмей, қанша алабұртып толқыса да, өзіндік өмірлік тұрағына қайта оралған Гүлбаршын тұлғасы бүгінгі келіндер үшін үлгі-өнеге болмақ. Махаббат гүл сияқты, аялауды,мәпелеуді керек етеді. Ұлы Абай: «Адамшылықтың алды-махаббат, ғаделет сезім» десе, Гүлбаршынды ләззатқа бөлеген Абдолланың ғаделет сезімі болатын. Бірақ оған ақыл, естілік әмірші болуға тиіс. Гүлбаршында бұл қасиеттер жеткілікті.  Драматургтың негізгі мақсаты – Гүлбаршын бейнесі арқылы оның ішкі әлемін айқара ашып, оның жан сұлулығын нәзіктігі мен адамгершілігін паш ету.

«Біз де ғашық болғанбыз» пьесасының сюжеттік-композициялық желісінде заманымыздың ең өзекті мәселесі – махаббат,отбасы, бала тағдыры  нысанға алынған. Қыз бен жігіт кезінде бірін-бірі ұнатып қосылған көп жұбайлардың отбасын құрып бірге тұру сынағына төтеп бере алмай, о бастағы тұтанған, шын сүю сезімін, махаббатты қорғай алмай ажырасып кететінін, бірақ екеуі де тап сондай кайталанбас ғажайып шынайы сезімді өмір бойы аңсап өтетінін, ажырасқандарына өкінетіндерін автор пьеса кейіпкерлері Дәукен (Дәуітрахымбай) мен Зияда тағдырлары арқылы дәлелдеген.  Оқиға күтпеген кездесулерден басталып, Дәукен (Дәуітрахымбай), Зияда, Сарман, Айжан арасында өрбиді. Басты кейіпкеріміз Дәукеннің үш ұйықтаса
алғашқы жары Зияда мен жеті жыл хабар-ошарсыз кеткен қызы Күнсұлумен көрші боламын деген ойында жоқ. Құдіреті күшті құдай оларды қабырғалас көрші етті. Түсініспеушіліктен бір отбасы құрдымға кетті. Ал Күнсұлу тағыдыры ше?
Менің ойымша, Зияда сияқтылар да ер адамды жеңем деп жүріп, басындағы бақытынан, қасындағы жарынан айрылып қалуы өмірде көбірек ұшырасатын жағдай. 
Пьеса философиялық иірімдерге, ойлы оралымдарға бай, ірі тартыстар мен шамырқанған шарпысуларға толы мегзеулерге жетелейді. Ерлі-зайыптылардың ажырасуынан азапты өздері ғана шекпейді, бейкүнә балалардың жүрегіне қаншалықты сызат түсетінін ата-аналар ойлануы керек екендігін жазушы-драматург шеберлікпен тартыс үстінде, психологиялық көркемдік құралдар арқылы көрсетеді. Дәукенге Сарманның өгей қызы  Дәукеннің бауыр еті баласына өлім тілеуі көп ой салады, жанын қоярға жер таппай қиналады. Психотрагизм дәл осы жерден басталады.

Сарман: Өгей қызым бар... Екеуі ойнап жүргенде машина қағып кетті. Бәріне өзім кінәлімін. Ой, әттеген-ай. Ішім пысқасын магазинге шығып кете қойып едім. Екеуі көшеге ойнап кетіпті. Құдай-ай Сонда ұлым емес, өгей қызым неге өлмеді екен?

Дәукен: Қой, ол не дегеніңіз?

Сарман: Рас айтам. Екеуінің бірі екеуінің бірі қалайда өлуге тиіс болса ... Онда... онда. Өзіңіз-ақ айтыңызшы, ақыры өлетін болған соң қайғыратын, жылайтын ешкімі жоқ іздеусіз адамның өлгені дұрыс емес  пе? [3.,16].

Осы диалог арқылы –ақ отбасылық өмірде ата-аналардың ажырасуынан олардың өгейлік көруі, азап шегуі шынайы көрсетілген. Отбасылық өмірде тек ер адам не әйел адам жауапты деу қателік. Есепке, ерегіске, жалған намыс қуу бұның бәрі –адамның өз соры екендігін Зияда мен Дәукен арасындағы диалог арқылы береді:

Зияда:Айтқаныма көнбейтін болсаң о баста маған неге үйлендің? Сенсіз өмір жоқ деп жылағаның қайда?Дәукен:Солай дегенім рас-бірақ бұл еркектік намысымды аяқ асты етем деген сөз емес еді ғой... Зияда:Ал менің әйелдік намысым ше?Дәукен: Міне, бізді құртқан осы. Сенің әйелдік намысың. Сен өз намысыңды қорғадың, мен өз намысымды қорғадым.Соның нәтижесінде шаңырағымыз шайқалды. Біз қарақан басымыздың емес, отбасымыздың, шаңырағымыздың, махаббатымыздың намысын қорғауымыз керек еді.Зияда: Оны кім үйретеді?Дәукен: Ата-ана, туған-туысқан. Дәукен:Бәрін Үй болудың, әйел болудың қаншалықты қиын екенін... Төзбесе, шыдамаса, реті келгенде жеңіле салмаса семья болып, ерлі-зайыпты боп өмір-сүруді мүмкін еместігін...Зияда: Сонда не болар еді?Дәукен: Мен ашуымды басар едім, сенен кешірім сұрар едім... Сосын татуласар едік... Адамды жер қылуға бір-ақ сөз жетеді. Әсіресе, қаңғыбас дегені...Оны кешіру мүмкін емес еді....Зияда:Ал сәбидің туған қызыңның көз жасы ше? Оны кім кешіреді?Дәукен: Мен оны Күнсұлуды жеті жыл көргенім жоқ. Бұл жеті жыл түрмеде отырғанмен бірдей еді.Қалай деген де де мен өзіме тиісті жазаны түгел өтеген адаммын. Ендігі жерде мені ешкім кіналай алмайды... Ең алдымен Күнсұлудың болашағын ойлауымыз керек... Емдету керек... Сосын андасанда қыдыртып тұруыма рұқсат ет.... [3.,5].

Қолда бар алтынның қадіріне жете алмаған  Зияда  бейнесі арқылы қазіргі қазақ қыздарының, Сарман сияқты қайырымсыз әкелер тағдыры бейнеленеді. 
Сырт қарағанда төрт құбыласы түгел жандар кездеседі, басында-үйі, бауырында-қазаны, алдында-малы, аясында-отбасы, жұмыр басты пенде осыдан өзге не тілейді деп ойлайсың. Дегенмен, сырт көзге ғана осылай  көрінгенмен өз басына жетерлік жанұя жағдайы, өткен өміріндегі келеңсіз жәйттардың елесі немесе қазіргі тағдырындағы тап болған  мәселелері оны адам төзгісіз күйге түсіреді. Қоғамымызда қанша жастар драматург кейіпкерлеріндегідей күйге түсіп, жас өміріне  балта шапты. Зияда секілді қаншама қаракөздеріміз өмірден опық жеді. Бір сөзбен айтқанда, «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы қоғамда болып жатқан күрт өзгерістерге ілесе алмай, заманның сан қилы қысымына түсіп, өмірі өксікке толып, көз жастары көл болған жастардың тағдыры боямасыз көрсетіледі.

«Қыз жиырмаға толғанда» пьесасы адамгершілік ар алдындағы жауапкершілік мәселесіне арналған. Драматург Жібек, Ғайыпберген, Гауһар, Есімсейіт, Ғайни, Тәукен арасындағы шиеленіскен тартыстар арқылы ұлттық салт-сана, қалыптасқан дәстүріміздің тым жұқалаң тартып бара жатқанына көрермен назарын аударады. Рухани азып тозған Ғайыпбергеннің атына заты сай, қиындық кезіге қалса ғайып болатын, ар-ұждан алдында жауапкершілік дегеннен жұрдай  бет-пердесін нанымды көрсетеді. Сонымен бірге өмірде қаншама тірішілік тауқыметін көрсе де, біздің ата-бабаларымыздың азып-тозбағанын, махаббаттарына адал болғандығын Ғайни ана бейнесі арқылы береді. Басты кейіпкерлердің бірі Ғайыпберген –адамдарда шынайы махаббат, шын беріле сүю сезімінің болуын мойындамайтын адамдардың жинақталған бейнесі. Ғайыпберген тектес адамдардың бет-пердесі Тәукенмен диалогы арқылы беріледі:
«Әй, жігіт! Білесің бе, дүниенің бәрін бүлдіретін, болмайтын нәрсені ойлап тауып жұрттың басын қатыратын мына сендер сияқты адамдар! Әр нәрсенің шегі болуға тиіс. Ғашықтық та, махаббат та солай! Біреуді сүй, ұнат, бірақ соншалықты фанатик болуға бола ма екен?! Өмірдің қарапайым логикасы бар емес пе?! Екеуі де бірін-бірі жақсы көретін және екеуінің де тал бойына бір міні жоқ керемет адамдардың қосылуы неғайбыл. Және қосылған күнде де өмір бойы махаббаттары жалындап, бір-бірінің бетіне карап, Қозы Көрпеш-Баяндай болып өтеді деп пе едін?!» [2.,190].
Жазушы Ғайыпберген сияқтыларды тани білу керектігін ұғындырғысы келген.
Пьесада Тәукен бейнесі арқылы Жібекті шын сүйетін, ғашығы өзіне бұйырмаса да тек оған жақсылық тілеумен ғана өмірін өткізуге пейілді, адал махаббаттың иесін көреміз. Бірақ, Дәукен айтқандай бәріміз бірдей қиялдағы жігітті іздеп сарсаңға түсетеніміз де анық.
Шығарманың алтын желісі – адамгершілік-имандылық қасиеттерінің мәңгілік үзілмейтін ұстанымының беріктігін, қуаттылығын таныту көзқарасы. Пьесаның композициясындағы идеялық желіні адамдарды өмір бойы ар, адамгершілік сотының алдында жауап беріп жүргендей мағынада алуы да дәйекті. Ал, пьесадағы бұрынғы ата-бабалардың алдыңғы буын өкілдерінің отбасылық ұйытқыны, ерлі-зайыптылар татулығын, еркек пен әйел махаббатының беріктігін кіршіксіз сақтаған касиетті дәстүрін бүгінгі ұрпаққа жеткізушілер, болашаққа ұластырушылар тұрпатын Жібектің анасы Ғайни бейнесі айқын елестетеді. Пьесаның сонында өзі ұнатқан адамның сұрықсыз, мағынасыз болып шыққан сықпытынан түңілген Жібектің өкінішті сөздеріне анасы Ғайнидың айтқан жауабы рухани қуат беретіндей сенімді естіледі.
Ғайни анасы: «Білесің бе, бір кезде біз де осылай болғанбыз. Бізге де бәрі біткен, күйреген сияқты еді. Соғыста өлген жігіттермен бірге біздің махаббатымыз да соғыста өлген,сөнген сияқты еді.Жүрегіміздегі аяулы сезим оянбай жатып, біржола өшкен сияқты болатын. Сөйтсек біз қателескен екенбіз. Ешқандай апат та, қырғын соғыс та, өрт те, опасыздық пен сатқындық та махаббатты жеңе алмайды екен?! Өлтіре алмайды екен. Өйткені ол бір адамның жүрегінде ғана емес, бар адамзаттың жүрегінде болады екен!Өмірде таңғажайып әділдік бар. Адам түсінбейтін керемет заңдылық бар. Біреуге жамандық жасасаң, опасыздық, сатқындық, арамдық етсең күндердің күнінде қайтсеңде алдыңнан шығады. Сен сөз жоқ, бақытты боласың, күнім!» [3.,190].
Қорыта келгенде, С.Балғабаев пьесаларының такырыбы – отбасылық құндылықтарды сақтау, ерлі-зайыптылық тұрмыс мәселесіне жауапкершілікпен қарау, идеясы – тіршілік қақтығыстарына төтеп бере алатын еркек пен әйел арасындағы шынайы махаббат сезімінің қуаттылығын таныту.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Тебегенов Т.Қазіргі қазақ  әдебиетіндегі драматургия // («Қазақ әдебиеті», 05.12.2008 )

2.Қалиева А. Жаңа ғасыр және қазақ драматургиясы. Бүгінгі драма және заман.Алматы:Арда, 2011.-205б

3.Балғабаев С. Ең әдемі  келіншек. Әңгімелер мен пьесалар.–Алматы:Ана тілі ,2006..-280 б