ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ БІЛІМ БЕРУ ФИЛОСОФИЯСЫ: МАҚСАТТАРЫ,
МІНДЕТТЕРІ, ФУНКЦИЯЛАРЫ
Мадалиева Ж.Қ.- философия ғылымдарының
кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ жалпыуниверситеттік
саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер
кафедрасының доценті
ХХ ғасырдың
екінші жартысында жеке пән ретінде қалыптасқан білім беру
философиясы философия мен білім беру
тәжірибесінің ортақ өнімі болып табылады. Ол әртүрлі
философиялық жүйелер мен білім беру
үдерісінің өзара тығыз байланысы негізінде,
яғни білім беру тәжірибесі
мен оның мәні мен мазмұны туралы ойлау негізінде
қалыптасты.
Білім беру философиясының философия ғылымының жеке
зерттеу саласы болып бөлінуі бірнеше себептерге байланысты жүзеге
асқан болатын:
1) білім беру
үдерісінің қоғамдық өмірдің жеке,
дербес саласына айналуы;
2) білім беру институттарының көптүрлі
болуы, көбеюі (мысалы, қазақ даласындағы білім беру
институттарын, яғни мекемелерін қарасақ, Октябрь
революциясына дейін тек ауыл молдасының мектебі, медреселер және
біраз ғана орыс тілінде білім беретін мектептер болғанын білеміз.
Ал Кеңестер Одағы кезінде қазақ, орыс тілдерінде білім
беретін мектептер жаппай ашылып, сонымен қатар ущилищелер, техникумдар,
жоғары оқу орындары –институттар мен университеттер ашылған
болатын. Олардың барлығы мемлекеттік еді. Ал енді тәуелсіздік
алғалы жеке меншік білім беру ошақтары пайда бола бастады. Олар
мектептер, колледждер, университеттер);
3) білім
берудің мақсаттары мен
идеалдарын әртүрлі түсіндіру. Ол педагогикалық
білімнің көп парадигмалы болуымен байланысты;
4) адамзат
қоғамының постиндустриалды, ақпараттық
қоғамға өтуіне байланысты білім беру жүйесіне
жаңа талаптардың
қойылуы. Осылардың
барлығы білім беру философиясының жеке сала болып бөлінуіне
ықпал етті.
Білім беру философиясы
адамның мәдени ортада жан-жақты, рухани дамуы қалай жүзеге асады және
бұл үдеріске білім беру жүйесі қалай ықпал етеді
және қайтіп әсер ету керек деген мәселелерді
қарастырады. Басқаша айтсақ, білім беру философиясы білім
беру үдерісіндегі барлық құбылыстардың мәні
мен табиғатын қарастырады. Мысалы, білім беру үдерісі
қалай жүзеге асады, неден басталады, қандай кезеңдерден
тұрады, олардың арасындағы өзара байланыс қандай,
яғни білім беру логикасы неде
деген сұраққа жауап береді. Сонымен қатар, білім беру
үдерісіне қатысушылардың тәлім-тәртібі
қандай немесе қандай болуы керек деген мәселені білім беру
этикасы шеңберінде қарастыратынын көруге болады. Білім алушы
мен білім берушінің, мектепте оқушы мен
мұғалімнің, жоғары оқу орнындағы студент
пен оқытушының міндеттері,
еркіндіктері, жауапкершіліктері мәселелері де білім беру
философиясының назарындағы мәселелер жиынтығы болып
табылады. Сонымен бірге, білім беру аксиологиясы, білім беру әдіснамасы,
білім беру идеологиясы да білім беру
философиясы қарастыратын мәселелер қатарына жатады.
Білім беру философиясы
саласы мамандарының еңбектерінен біз білім беру
философиясының мақсаттарының мағынасы жағынан
жақын, ал тұжырымдалуы
әртүрлі анықтамаларын кездестіреміз. Мысалы, ресейлік
зерттеушілер Э.Гусинский, Ю.Турчанинова «мәдени ортада адамның
ақыл-ойлық және өнегелік дамуы қалай жүзеге
асады және білім беру жүйесі бұл үдеріске қалай
әсер ете алады (ету тиіс)» [1] екенін қарастырды білім беру
философиясының мақсаты ретінде айқындайды. С.Шитовтың пікірінше, білім беру
философиясының мақсаты – «білім беру мәселелерін жете
түсіну» [2]. Ал В.Розиннің ойынша, білім беру философиясының
мақсаты: «педагогикалық іс-әрекет пен тәжірибенің
ең шеткі негіздерін талқылау және педагогиканың
жаңа ғимаратын тұрғызу жолдарын жобалау» [3] болып
табылады. О.Крашнева болса, білім беру философиясының мақсатын
барынша нақтырақ анықтауға тырысады: «1. Білім
берудің дағдарысын, оның дәстүрлі
формаларының дағдарысын, негізгі педагогикалық
парадигманың таусылғандығын жете түсіну; 2. Аталмыш
дағдарысты шешу жолдары мен тәсілдерін жете түсіну; 3. Білім
беру философиясы білім беру мен
педагогиканың ең шеткі негіздерін: білім берудің
мәдениеттегі орны мен мәнін, адам мен білімділік идеалын түсінуді,
педагогикалық іс-әрекеттің мәні мен ерекшеліктері
талдайды» [4]. Осы
қарастырылған тұжырымдар негізінде білім беру
философиясының мақсаты жалпы
мәдениеттегі білім беру үдерісінің орны мен мәнін, білім
берудің негізі болып табылатын педагогикалық
іс-әрекеттің мәні мен мазмұнын, өзіндік ерекшеліктерін айқындау және білімділік идеалын түсіну болып
табылады деп қорытындылауға
болады.
Білім беру
үдерісінің философиялық мәселелерін қарастыратын
көптеген зерттеушілер дербес
ғылыми бағыт ретінде
оның мақсаттарын айқындай отырып, бірқатар міндеттерді анықтайды. Білім
беру философиясының міндеттері де қазіргі кездегі, яғни ХХІ ғасырдың
басындағы білім беру саласына қатысты мәселелер кешенімен
тікелей байланысты. Мысалы, қазіргі кездегі рухани
жағдайдың дағдарысқа түсуінің бір
көрінісі болып табылатын білім беру жүйесі мен педагогикалық
ойдың дағдарысын жете түсіну және ғылыми-техникалық
өркениет пен
ақпараттық қоғамның жаңа талаптарына
сәйкес білім берудің идеалдары мен мақсаттарын айқындау
бүгінгі күнгі білім беру жүйесіне тән өзекті мәселелердің бірі
болып табылады. Сондықтан, қазіргі заманғы білім беру жүйесін және
педагогикалық теория мен практиканы негіздеуге мүмкіндік беретін
жаңа философиялық тұжырымдамаларды іздестіру білім беру
философиясының басты міндетін құрайды. Бұл міндетті
жүзеге асыру білім беру
философиясының әртүрлі бағыттарының өзара
жақындасуы мен бірлесе әрекет етуінсіз мүмкін емес.
Ал
білім беру философиясының міндеттерін нақтылайтын
болсақ, жаңа және баламалы педагогикалық тәжірибені
қарастыру, жаңа мектептің келбетін талқылау, білім беру
саласындағы мемлекеттік және аймақтық саясатты
негіздеу, білім берудің мақсаттарын тұжырымдау, білім беру жүйелерін жобалау, білім
беру үдерісінің келешегін
болжау оның әрекет ету алаңын дамыта түседі.
Сонымен қатар, қазіргі кездегі қоғамда
тұлғаға қойылатын талаптарға сәйкес білім
беру мен тәрбиелеудің бастапқы мәдени
құндылықтары мен дүниетанымдық түсініктерін
айқындау, жалпы алғанда
педагогика мен психологиядағы мәселелер, білім беру
жүйесіндегі дайындалатын және жүзеге асырылатын
бағдарламалар мен жобалар білім беру философиясының дамуына негіз
болады.
Білім беру философиясының міндеттерін анықтауда О. Крашневаның білім беру философиясының
мәртебесі мен міндеттері туралы пайымдауын қарастыру
қызығушылық тудырады. Зерттеушінің ойынша, білім беру
философиясының төмендегі сипаттамалары оның мәнін
айқындауға мүмкіндік береді:
1. Білім беру философиясы философиялық білім саласы
ретінде білім берудің рөлі мен дамуының негізгі
заңдылықтарын талдауға жалпы философиялық тәсілдемелер
мен идеяларды қолданады.
2. Қоғамды қалыптастырудың
(әлеуметтілікті, әлеуметтік құрылымды, әлеуметтік
өзара әрекет ету жүйесін және т.б.) матрицасы ретінде
қабылданатын білім беруді философиялық талдауды жүзеге
асырады.
3. Білім беру философиясы философиялық метафизика
ретінде әлеуметтік философия мен философиялық антропологиямен
салыстырғанда философиялық білімнің ауқымды саласы
болып табылады.
4. Педагогикалық теорияның
құрылымы мен мәртебесін, құндылықты
және дескриптивті педагогиканың арақатынасын, оның
міндеттерін, әдістері және әлеуметтік нәтижелерін
зерттеуге бағдарланған қолданбалы білім саласы ретінде білім
беру философиясының рөлі туралы позитивистік түсінікті
қалыптастырады.
5. Білім беру философиясы – философия емес, ғылым
емес, педагогикалық іс-әрекеттің ең шеткі негіздерін талдаудың,
педагогикалық тәжірибенің және педагогиканың жаңа
ғимаратын салу жолдарын жобалауды
талдаудың ерекше формасы [5].
Қазіргі кезде әлемдік
деңгейде негізгі білім беру парадигмасының өзгеруіне
бетбұрыс жасалғанын көруге болады. Отандық білім беру
жүйесіне келетін болсақ,
соңғы 20-25 жыл ішінде оның әлемдік білім беру
тәжірибесін басшылыққа алу, әлемдік білім беру
жүйесімен бірігуге ұмтылуды атап өтуге болады. Жалпы
алғанда білім беру ошақтарын демократияландыру, үздіксіз
білім беру жүйесін қалыптастыру, оны гумандандыру, білім беруді
компьютерлендіру, білім алу және
оқу бағдарламаларын еркін таңдау және т.б.
өзгерістер орын алған болатын. Сонымен қатар, білім беру саласындағы қайшылықтарды
жете түсініп, белгілі бір қағидалар мен ұстанымдарды
тұжырымдап, гипотезалар, идеялар
мен теорияларды ұсына отырып,
білім беру философиясы бірқатар функцияларды атқарады.
Солардың негізгілері ретінде онтологиялық, гносеологиялық,
аксиологиялық, регулятивтік, праксиологиялық, дүниетанымдық,
қайта құру, реттеу, болжамдау
функцияларын атап өтуге болады. Олардың барлығы өзара
байланысты және білім беру
философиясының қолдану аясына сәйкес олардың мәні
айқындалынады. Қазіргі кезде білім беру философиясының
мазмұны толығу, өзегеру үстінде
болғандықтан, оның жеке функцияларының мазмұны
туралы түсінік те толықтырылып отырады [6].
1. Онтологиялық
функция (грек тілінде ontos – болмыс, logos - ілім) әлеуметтік болмыс тұрғысында
білім беру үдерісінің мәні мен мазмұнын
қарастыруды ұйғарады.
Білім беру философиясының онтологиялық функциясы
адамның білім алуы барысында білім
берудің тек үстірт құныдылықтарын (диплом алу,
еңбек ақысы жоғары маман болу) ғана емес, сонымен
қатар оның маңызды
мәнін (адамның интеллектуалды, шығармашыл, жасампаз
тұлға ретінде дамуы) түсінуіне мүмкіндік береді.
2. Гносеологиялық
функция (грек тілінде gnosis – білім
және logos – ілім) білім беру жүйесінің қазіргі
заманғы білім беру теориясында рационалды түрде көрініс табуы
болып табылады. Білім беру
философиясының бұл функциясы әлем және ондағы
адамның орны туралы жаңа білімдерге қол жеткізуге
мүмкіндік береді. Білім беру дегеніміз болмыс туралы жаңа
білімдер алу үдерісі. Кез келеген нәрсе,
құбылыстың жаңа
қырларын іздестіру білім берудің танымдық-эвристикалық
функциясы болып табылады. Бұл функция білім беру саласының
әлемнің өзіндік бейнесін жасауға деген
қажеттілігінен туындайды.
3. Аксиологиялық
функция. Білім беру үдерісінің адам мен қоғам
өміріндегі мәні туралы мәселені көтере отырып, адамды
білім берудің идеалы тұрғысынан бағалап, білім берудің
мақсаттарын нақты нәтижелермен салыстыра отырып, білім беру
философиясы өзінің тағы бір функциясы – аксиологиялық
функцияны (грек тілінде axios –
құндылық және logos - ілім) алға тартады. Білім берудің аксиологиялық
функциясы білім беру қызметінің басым
құндылықтары мен мақсатты бағдарларын негіздейді,
адамға білім беру және кәсіби салаларда өзін өзі
айқындауға мүмкіндік береді. Білім берудің
құндылықтарына мән бермеу және стихиялы түрде қалыптасқан
дәстүрлер мен басымдылықтарды басшылыққа алу
білім беруді дамытудағы кедергілердің бірі болып табылады.
Қазіргі кезде білім берудің құндылығына
байланысты екі үрдіс байқалады:
1. Құндылықтық
мәнінің өзгеруі – білім берудің
құндылығы оның тауар ретінде қабылдануымен
және оның пайдалылығымен байланысты болуында.
2. Білім берудің
«сәнді көрсетілім» ретінде қабылдануы. Абитуриенттің мамандық
таңдағанда немесе жоғары оқу орнына түскенде
өзінің болашақта жұмысқа орналасуын немесе жеке қалауын
емес, қазір қандай мамандық
«модный», немесе қандай ЖОО ең танымал дегенге сүйенуі
осыған мысал болады. Білім беру
философиясының аксиологиялық аспектісі қазіргі кездегі білім
беру жүйесінің басты – басым, нормативті, ынталандыратын,
қоса жүретін, гуманистік, дүниетанымдық,
экономикалық құндылықтарын айқындауға
мүмкіндік береді. Бұл құндылықтар қазіргі
заманғы қоғамның аксиологиялық
мазмұнының негізін қалайды және
қоғамның, мемлекеттің және жеке адамның
дамуына ықпал ететін шығармашылық, жасампаз іс-әрекетті
қалыптастыруға бағытталған.
4. Праксиологиялық
функция (грек тілінде praxis –
іс-әрекет, қызмет және logos – ілім) адамның
рационалды, мақсатты бағытталған, өзгертуге
бағдарланған белсенділігінің арқасында
еңбегінің оң нәтижесіне қол жеткізуі мүмкін
болатын оның ғылыми-білім беру қызметінің
заңдылықтары мен жағдайларын нақтылайды. Білім беру
философиясының праксиологиялық функциясы білім беру жүйесін
қайта құру және оңтайландыру жолдарын
іздестіруге, қазіргі заманғы қоғамда адамды оқыту
және тәрбиелеу үдерісін жетілдіруге бағытталған.
Өзінің праксиологиялық функциясын жүзеге асыру
арқылы білім беру философиясы білім беру саласын жаңғырту
жағдайында адамның кәсіби қызметінің сапасын
көтеруге, оның
мазмұнын жаңартуға, жаңа білім беру стандарттарына сай
оның мақсаттарын қайта қарастыруға ықпал етеді.
5.
Дүниетанымдық функция. Білім беру философиясы дүниетаным,
тәрбие, ұстаздықтан тыс білім берудің мүмкін емес
екенін еске салады. Бұл тұрғыда қазіргі кездегі танымал
ақпараттық инновацияларға – жаңашылдықтарға
қарамастан ұстаз, оқытушы тұлғасы өзіндік
құндылық екені өзекті болып табылады. Білім беру
үдерісінде ұстаз айқын немесе жасырын түрде
өзінің дүниетанымдық ұстанымдарын, өмірлік
тәжірибесін, өзінің көзқарастары мен не
қалайтынын көрсетеді. Білім беру философиясының
дүниетанымдық функциясы сонау Сократ заманынан келе жатқан
ұстаз-шәкірт арасындағы дәстүрлі диалогтың
маңызды және өзгермейтін, қажетті екенін білдіреді. Әлем
туралы жалпылама түсініктер кез келген дүниетанымның негізін
құрайды. Бұл түсініктерді адам өзінің
өмірлік іс-әрекеті барысында игереді немесе өз бетімен
қалыптастырады. Білім беру философиясының дүниетанымдық
функциясы қазіргі педагогтарға көмектесуге ұмтылады.
Өйткені ол мұғалімнің, оқытушының
оқытатын пәнінің тек ғылым тарихы мен теориясында
ғана емес, сонымен қатар қазіргі әлемде алатын орны мен
маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл
тұрғыда «әлем-адам» қатынастар жүйесі
«әлем- кәсіби қызмет -адам» қатынастар жүйесімен
ауысуы мүмкін. Олай болса біз кез келген мамандық иесі болатын
адамның өміріндегі білім философиясының рөлі туралы
айта аламыз. Мысалы, қазіргі кезде көп адам өз жұмысмен
толық қанағаттанбайды. Ол қаржылай, моральдық
немесе басқа да қанағаттанбау болуы мүмкін. Осы
тығырықтан шығудың бір жолы ретінде білім беру
философиясының дүниетанымдық функциясы адамға
оның білім алу, маман ретінде қалыптасу және даму
қажеттілігін жете түсінуге мүмкіндік береді.
6. Білім беру
философиясының қайта құру функциясы
праксиологиялық функциямен ұқсас келеді, өйткені ол
білім беру саласын өзгертуді, дәстүрлі жүйені
жақсартуды және білім беру
қызметіне инновацияларды енгізуді ұйғарады. Білім беру
философиясының қайта құру функциясы «Қазіргі
заман адамына білім беру дегеніміз не?», «Қазіргі заман университеті
қандай болуы керек?», «Нағыз студенттің келбеті
қандай?», «ЖОО боалашақ түлегінің
құзіреттілігі қандай?», «Білім беру арқылы
қоғамды қалай өзгертуге болады?» деген маңызды
сұрақтарға жауап беруге тырысады.
7. Реттеу функциясы. Білім
беру үдерісінің мәселелері мен жеке аспектілерін зерттейтін
педагогика, философия, әлеуметтану, психология, антропология, статистика,
тарих және т.б. ғылымдардың арасында оң, позитивті
қарым-қатынас орнату реттеу функциясының басты ерекшелігі
болып табылады. Білім беру үдерісі
туралы әртүрлі
ғылымдар қол жеткізген жаңа білімдерді байланыстыру, реттеу
білім беру саласындағы қайшылықтарын айқындауға,
түсінуге, оларды шешуге мүмкіндік береді.
8. Болжамдау функциясы. Білім
беру философиясы білім беру үдерісінің мәні мен
мазмұнын, мақсатын, қазіргі кездегі жағдайын ғана
қарастырып қоймайды, сонымен қатар заман талабының
өзгеруіне, мәдени жағдайдың бет алысына байланысты білім берудің даму
бағытын, күтілетін
өзгерістерді айқындауға тырысады. Білім беру философиясының болжамдау
функциясы білім беру үдерісінің болашақта болуы мүмкін
даму сценарийлерін баяндап, адамның «білімділігінің»
көрсеткіштерін айқындайды,
бүгінгі таңда қандай қоғамды білімді қоғам деп атауға
болатынын анықтайды. Білім беру философиясының болжамдау функциясы көптеген
елдерде жүзеге асырылып отырған білім беру саласындағы
реформалардың логикасы мен әлеуметтік бағыты қандай
екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен, білім беру
философиясының қарастырылып өткен мақсаттары мен
міндеттері, функциялары білім беру саласындағы барлық
құбылыстарды толық қамтуға, олардың
мәні мен табиғатын қарастыруға ұмтылады. Олар
өзара байланысты және білімнің жаңа саласын
жүйелендіруде маңызды рөл атқарады.
1
Гусинский Э. Н., Турчанинова Ю. И.
Введение в философию образования. – М.: Издательская корпорация «Логос», 2000.
– С.3.
2 Шитов С. Б. «Философия образования». Учебник. [Електронний ресурс]. – Режим доступу: http://www.bazaluk.com/scientific-library.html
3
Розин В.М. Философия образования: Этюды-исследования. -М: Издательство
Московского психолого-социального института; Воронеж: Издательство НПО «МОДЭК»,
2007.-С.56.
4 Крашнева О. Е.. Философия образования: Социально-философский анализ
предметной области / диссертация ... кандидата философских наук: 09.00.11.-Ростов-на-Дону,
2005-С.78.
5 Бұл да сонда.
6 Лапшина В.С. Функции современной философии образования // «Вестник Северо-Кавказского гуманитарного института».
2013.- №1(5).- С.79-87.