Аманбеков
Тохтарбай
Шет тілдер және іскерлік карьера
университеті
Дінтану мамандығының 2 курс
магистранты. Казахстан, Алматы
ИСЛАМНАН
БҰРЫНҒЫ МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ӨРКЕНИЕТТЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР
ЖАЙЛЫ ТҮСІНІК
Адамзат дамуында, өркениеттер тарихындағы
әйел адамның рөлі қандай болды деген сауалға сан
түрлі жауаптар, әрқилы деректер алдымыздан шығары
белгілі. Тарихи мәліметтерді сараласақ, әйел адамның
қоғамдағы рөлін екі тарапқа бөліп
қарауға болады:
тарихқа әйелдердің ықпал етуі және
әйелдер беделінің төмен саналуы туралы.
Алғашқысында адамзат тарихында ең әуелгі
Құдай түсінігін әйелдермен байланыстырылуы,
әйелдерден шыққан билеушілер, матриархат мәселелерін
айтуға болады. Яғни ислам діні келгенге дейін әйелдер жайлы
өте төмен түсінік болғанымен, әр
қоғамда әрқалай жағдай қалыптасып,
әйелдер де өздерінің жаратылыс қабілеттерін
көрсетіп баққанын байқаймыз. Дегенмен ислам
дінінің келуімен әйелдердің дәрежесі нақтыланып,
адамзат дамуында, әлем тарихына орасан жаңалық әкелді.
Бұл қазақ даласын да айналып өткен жоқ.
Сондықтан осы ерекшеліктерге жан-жақты тоқталып
көрейік.
Біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда
өмір сүрген ежелгі гректің ақыны Гомер «Әйелден
асқан зиянкес жоқ» деген. Бұл сол дәуірдегі
әйелдерге қатысты көзқарасты білдіреді. Ежелгі
дәуірде әйел адамдар күйеуінің үйінде
ешқандай құқы жоқ, өз жеке мүлкіне де иелік ете
алмайтын күңнің
күйін кешкен. Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, әйел
«күйеуімен бір төсектес болса да
бірге табақтас бола алмайтын». Еркектердің алдында
әйелдер зат, жиһаз, тауар
секілді бағаланып, құрметтен жұрдай жаратылыс ретінде
есептелген.
Ал Ежелгі Грекияда сұлу әйелдің
бағасы бірнеше ірі қара малмен
бағаланған. Гомердің айтуынша, «бір әйелді
меншіктеуге қара жұмысқа жегілетін төрт
өгіз» жеткілікті болған.
Ежелгі гректер әйелдерге деген сезім құмарлығы –
бұл аурудың белгісі деп есептеген. Сократ «Әйелдерге махаббат
– апиын» десе, Эзоп «от, әйел және теңіз – үш апат»
деген сенімде болған [1].
Байқасақ, мәліметтерде әйел адам
бүкіл жаманшылықтың көзі. Сондықтан ол ешқандай
құқық, мәртебеге ие болмаған деген
қорытынды шығады. Ежелгі грек ойшылдарының өзі әйел
затын құқықсыз
жаратылыс иесі деп есептеп, әрі оларды құрметтеп,
бағалаудың жөнсіз екендігіне емеурін танытқан.
Әлбетте есімдері бүгінгі күнге дейін жеткен ойшылдардың пікірі жай айтыла
салған әңгіме емесі анық. Яғни олар сол
дәуірдегі қоғамның тыныс-тіршілігі, көзқарасымен қатар өз пікірлерін де
айқын білдіріп отырған. Бұл өз кезегінде кейінгі
қоғамдағы түсінік-нанымның мықтап
қалыптасуына негіз болғаны күмәнсіз.
Әйелдер жайлы мәліметтерді тарихшылар тек
ойшыл, фәлсафа, ақындардың қалдырған
мұрасынан ғана емес тарихи жәдігерлер мен жазба,
таңбалар арқылы да
айқындайды. Енді сол тарихи жәдігерлерді сөйлеткен
тарихшылардың дерегіне тоқталайық.
Ең алғашқы адамдардың
ағаштан немесе батпақтан жасаған мүсіні еркек емес
әйел «құдай» болғандығы зерттеушілерді қайран қалдырған.
Бұл «жасыл дәуірдің»
алғашқы кезеңінде адамдардың өздері жерден
шығып, жерден қорек тауып және сол жерге қайтуды
мойындап, жаратылыстан тыс тылсым күштің иесі жер-ананың
бет-бейнесін білдірген. Ал, бұл «жасыл дәуір» қашан басталды деген сауалға 1948
бен 1955 жылдары Чикаго шығыс институтындағы американдық
археолог Р.Брейдвуд қазба
жұмыстарын салыстыра отырып жауап беруге тырысқан. Ирактың таулы аймақтарынан б.д.д.
34000 және 30000 жылдардағы мұз дәуірінің
соңғы кезеңдеріне тән Шанидра үңгірін
және б.д.д. 9000 және 6500 жылдарға тиесі ежелгі жер шаруашылығы жайлы
қазбалар табылған Джармо мекендері. Яғни үңгір орта палеолит (ежелгі тас
ғасыры) дәуіріне, ал ежелгі
Джармо қонысы – неолит
дәуіріне (жаңатас ғасырына) тән.
Егер мұз дәуіріне жақын өмір сүрген аңшы-тайпалар
үңгірлердің қабырғаларына аң, хайуанаттардың, оларды аулау
барысымен суреттейтін таңбалар қалдырса, жер шаруашылығы дамыған
«неолит төңкерісінен»
кейін көптеген шағын
пұт тәрізді мүсіншелер пайда болған. Ол барлығын
жасап, сусындатып, тамақтандыратын жер-ана, жер-құдайы,
ана-құдай бейнесін білдіретін
мүсіншелер [2; 14-15-б].
Пұтқа табынудың алғашқы көрінісі
болған бұл кезеңде неге мүсіншелер әйел
бейнесінде болған деген сауалға зерттеушілердің бірі Дж. Меллаарт
жер шаруашылығындағы еңбекқорлығы мен
талғампаздығы нәтижесіндегі жетістіктеріне орай алға
шыққан
әйелдердің еңбегі жанып, қоғамда өз
орнын ала бастады. Бұл
жағдайға Чатал-Хююктегі әйелдердің жерленген жері
дәлел бола алатыны айтқан
Дж. Меллаарт : «Тек әйелдер ғана құрметті
жерлеуге ие болды, ал еркектер ешқашан», -деген [2;17-б].
Яғни
алғашқы қауымдық кезеңдерде
құқықтық мәселелер бой көтермей
тұрып, адамзат баласы табиғаттың тылсым күштеріне
бағынышты тіршілік еткен кезеңдерде әйел мен еркектің
қоғамдағы орнын
еңбек пен ептілік мәселесі айқындап отырғанын
көреміз. Өйткені егін шаруашылығы қолға
алынбаған сонау мұз
дәуіріне жақын ежелгі тас ғасырында аңшылық
кәсіп даму барысында ер
азаматтардың белсенділігі артқан. Ол кезеңде аң
аулайтын құрал-саймандардың да жоқтығын ескерсек,
жан-жануарлармен бетпе-бет келіп, ер азаматтар отбасын асырап отырған. Ал
жер шаруашылығы алға шығып, егін өсіру
мәселесінде қай егіннен қандай өнім алудың
құпиясына әйелдер қауымы жақын
болғандықтан, олардың біліктілігі көп өнім
алуға негіз болып, әйелдердің қоғамдағы
мәртебесін өсіріп, тіпті оларды құдай бейнесіне
телігенін байқаймыз. Бұл өз кезегінде матриархаттың
дамуына негіз болады.
Ал матриархат дегеніміз не? Бұл қай
өркениетке тән құбылыс? Осы сауалдарға жауап
іздесек, әуелі матриархат түсінігіне тоқталып өтейік.
Матриархат, аналық ру (лат. матріс — ана және грек. арцһе
— билік, үстемдік) – алғашқы қауымдық
құрылыстағы қоғамдық
құрылымның бірі. Кейінгі палеолит дәуірінде (б.д.д.
40-10-мыңжылдық аралығы) қалыптаса бастаған.
Матриархаттың дамуы қазіргі адамдардың (homo sapiens– лат: саналы адам)
қалыптасу кезеңімен сәйкес келеді және ол рулық
қауымдардың пайда болуына жағдай туғызды. Ру – қоғамдық
ұйымның бір түрі ретінде қалыптасып, онда әйелдер
үстемдік жүргізе бастады.
Қоғам өмірінде әйел үстемдігінің
орнауы олардың дүниеге ұрпақ әкелудегі
табиғи қызметіне, полигам (көп некелік)
қатынастарға және тұрмыс-тіршілік пен үй
шаруасының ұйтқысы ретіндегі рөліне тікелей байланысты
болды.
Матриархаттың негізгі белгілері:
ұпақтың тегі мен бастауы анадан есептеліп таратылды,
тұрмыста және қоғамдық өмірде әйелдер
шешуші рөл атқарды, мүлікке мұрагер болды [2].
Әрине матриархат мәселесі алғашқы
қауымдық құрылысқа тән дегенімен оның
көріністері бүгінгі заманымызға дейін жеткені рас. Әйел мәселесі, оның
қоғамдағы рөлі қашанда өзекті сауал
болғанын осы матриархат тақырыбының зертелуінен де аңғаруға
болады. Ең алғаш бұл тақырыппен XIX ғасырда бір мезгілде әр елде тұратын үш ғалым: американдық
этнолог Л. Г. Морган (1818-1881), шотландиялық
құқық зерттеушісі Дж. Ф. Мак-Леннан (1827-1881)
және швейцариялық құқық тарихшысы И. Я. Бахофен (1815-1887) айналыса
бастаған.
Дж. Ф. Мак-Леннан зерттеуі бойынша әйелдер
үстемдігі әсіресе жер, егін
шаруашылығымен айналысқан қоғамда анық
көрініс тапқан. Егінді баптап өсіру, өнім жинау
әйелдердің қолында болуы Солтүстік Америкадағы
ирокездерде, Африкадағы
Меланезияда қарапайым егін шаруашылығымен айналысушы тайпаларда, сондай-ақ
қазіргі уақытта Суматра аралығының
тұрғындарында кездеседі. Суматра аралындағы 20 млн.
халықтың мұсылман болғанына қарамастан,
аналық құқық үстемдік етіп, кімге
тұрмысқа шығатынын әйелдер жағы өздері
таңдау жасайды. Австралиялық аңшылар мен тамыр жинаушыларда,
Африкадағы кейбір
көшпелі-бақташы тайпаларда
кездеседі. Полиандрия (көп
күйеулік) белгілерін, яғни бір әйелдің бірнеше
еркекпен, ағайындылармен некеде
болуы бүгінде Тибет пен
Үндістанның кейбір аудандарынан да кездестіруге болады [2; 11-б].
Полиандрияның “ағайындық” (Тибетте)
және “жаттық” (Үндістанда)
түрлері кездеседі [3].
Ежелгі грек қоғамында әйелдерге
қатысты көзқарасты жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Дегенмен ежелгі грек
аңыздарындағы амазонка туралы әлқиссаларды да
жоққа шығара алмаймыз. Өйткені соңғы
кездерге дейін амазонка туралы аңыздар, қыз балаларды
қатаң тәртіп пен жауынгерлік талапқа бағынатын
әскери рухпен тәрбиелейтін ер азаматтарсыз қауымдасқан
жаужүрек әйелдер
қоғамы туралы әңгімелер антикалық
авторлардың қиялы деп есептеліп келген-ді. Осы аңызды Ресейдің оңтүстігінде
жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі
аңыздың астарында ақиқат бар деген болжамға
итермеледі. Ақсүйек әйелдер жерленген қорғанда
қорымның ішінде қымбат әбзелді
қару-жарақтар, қылыш, садақтар мен оқтары
табылған. Бұл ол әйелдердің тіршілігінде әскери іс-амалдармен айналысқанын айғақтайды [4].
1998 жылы Воронеж
облысындағы Острогож ауданында амазонкалардың алты
қорымы табылған. Зерттеу
институты мамандарының анықтағандай, бұл 20-25 жас
аралығындағы дене бітімі қазіргі адамдар шамалас орта бойлы
әйелдер болған (Ол кезде адамдардың орташа өмір сүру
ұзақтығы шамамен 30-40 жасты құраған).
Мүрделерде қару-жарақпен қатар алтын сырға,
ұршықтың бөлшектері, қабыланның суреті бар
сүйектен жасалған тарақ
және әрбір мүрдеде қола немесе күміспен
қапталған айна табылған [5].
Ғалымдар
әйелдердің бөксе сүйектерінің
өзгерістеріне қарап, олардың үнемі ат үстінде
болғанын айтуда. Өзге де қорымдарда ерлердің
сүйектері табылса, әйелдер жерленген мүрделерде бағалы
жерлеу бұйымдары мен қымбат қару-жарақтар
табылған. Бұл қорғандар амазонка туралы
аңыздарға қатысты
дәуірлерге тиесілі екендігі
анықталған.
Волга
жағалауындағы
қорғандардан табылған
мүрделердегі сүйектерге
генетикалық зерттеу
жасаған ғалымдар
көшпенділердің қандай жыныс екендігін анықтаған.
Бір қазбадан 110 садақ оғының ұшы
табылғанына қарап, зерттеушілер онда айтулы әйел
тұлғасының жерленгенін айтады. Яғни бұл
тайпадағы әйелдер
соғысқа ер азаматтармен бірдей ат салысқан. Тіпті оның
әскербасы немесе патшайым болуы
әбден мүмкін дейді ғалымдар [5].
Ал өз дәуірінде толыққанды
мойындалмай әрі бағаланбаған
базельдік ғалым Иоганн Якоб
Бахофен 1859 жылы жарық көрген «Матриархат» атты
еңбегінде: «Көптеген құпияларды ашатын кілт табылды»
деп жарияға жар салды. Расымен «Құпиялардың
ашылуы» ницшеанстармен қатар (демократия мен социализмге
қарсы философияның бір бағыты. Фашистік идеологияның
негізгі қайнар көздерінің бірі. Негізін қалаушы 19
ғасырдағы неміс жазушысы Фридрих Ницше (6)) діндарлардың
қатты наразылығын тудырды. И. Я. Бахофен қарсыластары әйелдердің
еркектерге үстемдік етуі
ешқашан болған емес, амазонка туралы аңыздар тек
қиял-ғажайыптан туған деп жарияға жар салып жатты. Олар
И. Я. Бахофенді «аналар құқығын уағыздаушы
жексұрын... аңызға арқа сүйеуші...діни
мәселеде дамымай
қалған шығысқа сүйенуші» деп айыптаған.
Ал грек тарихшылары мен жазушылары гинекократия, матриархаттың «таза түсінігінде»
нубий, ликий, мандеев, насамон, массагетт тайпаларындағы
әйелдердің еркектерге үстемдік етіп, билік жасауын
асқан наразылықпен сынап, шектен шыққан
«жабайылық» деп айыптаған. Ал Геродот, Страбондар
полиандриялық (топтық неке) көрініс ежелден грек тайпаларына
да тән екендігі жайлы жақ ашпаған. Ал қазіргі
уақытта Моноклиссия деп аталатын гректік таулы аймақта матриархат
дәуіріндегі дәстүрге сай
«амазонка күні» аталып
өтеді. Бұл күні әйелдер думандатып, өздеріне
демалыс жарияласа, еркетер әйелдердің мойнындағы бүкіл
шаруаны атқаруы тиіс [4;11-12-б].
Тағы
бір айта кетерлігі, патша әулетіне жататын билік белгісімен Есікте
табылған әйгілі «алтын адам» мен «Үржар ханшайымы» өте
ұқсас. Ал, Үржар ханшайымының заманы Тұмар
патшайымның уақытынан кейінге жатады. Ханшайым жерленген жерде
ағаштан жасалған ыдыс және табақ сақталған.
Бұл – радиокөміртегі әдісімен ханшайымның өмір
сүрген уақытын нақты анықтауға мүмкіндік
береді.
Қазақ
даласындағы қазбалар меен тарихи қорымдардан табылған
жәдігерлерге қарап мұндағы тайпалардың
тіршілігінен тектілік пен жауынгерлік
рух есіп тұрғанын аңғару қиын емес.
Мәселен,
Марқакөлден «Ай елик юрты» деген көне түрік сөзі
табылыпты. Алтай Аманжоловтың оқыған сөздеріне келсек,
«Елик» – хан немесе билеуші деген мағынаны береді. Бұл XI ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұнның
еңбектерінде де жиі кездесетін сөз. Ал «юрты» – тұрағы,
жұрты дегенге келеді. Көне түрік сөзінен
қазақшаға аударғанда «Ай билеушінің жұрты»
деген мағынаны білдіреді.
Ертіс
өзені бойынан да осы сияқты бірнеше көне жазу кезіккен екен.
1969 жылы археолог Ф.Арсланова Шемонайха ауданындағы
қорымдардың бірінен қытайдың қола айнасын
тапқан болатын. Қазіргі кезде Өскемендегі мұражайда
сақтаулы тұрған айнада көне түркі жазуы
жазылған. Мұны Алтай Аманжоловтың алдында екі-үш
ғалым оқыған екен. Ғалым сәл түзетулер
енгізіпті. Айнаның ішкі жиегінде «йебчі йегрен арлу» деп жазылған,
мұны аударғанда «жебеуші жирен қызыл күрең
айдаһар» деген сөз шығады. Бұл сол замандағы
іргелес отырған түркілер мен қытай ұлысының
қоян-қолтық қарым-қатынасынан хабар беретін
сияқты. Өйткені, қытай жұрты айдаһарды
қастерлейтіні белгілі. Ал айнаның сыртқы жиегінде «іші
күнісін есер, құты басар» делінген. Бұл – «әйел
күншілдігін азайтса, құты қонады» деген мағынаны
береді. Бүгінгі «әйел – үйдің құты» деген
қазақ мақалымен үндес [6].
Мінеки,
бұл деректердің барлығы жер бетіндегі ежелгі
мәдениеттер мен өркениеттерде әйелдердің рөлі
әрқалай болғанын көрсетеді. Кей елдер мәдениеті
мен діни нанымы бойынша әйелден асқан төмен жаратылыс иесі
жоқ болса, енді бір өркенеиттерде
ел басқарып, патшайымдық деңгейге дейін жеткен.
Бәлкім табиғи жағдай, саяси ахуал,
тұрмыс-тіршіліктің ықпалы болар. Ал қазақ
даласындағы ежелгі тайпалардағы әйел заты өздеріне
тән ержүректілі
арқылы тарихтағы
құрметті орнын сақтап қалғандай. Енді сол
дәуірлерде өзге өркениеттердегі әйелдердің
жағдайы тіпті салыстыруға келмейтініне тоқталып өтейік.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
Ясин Расулов «Женщина в истории
человечества» http://www.gumer.info/bogoslov_Buks/Islam/women_history.php
2. Е. Вардиман «Женщина в древнем мире». Москва, «НАУКА»
Главная редакция восточной литературы 1990.
3. «Қазақстан»: Ұлттық
энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ
энциклопедиясы» Бас
редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII
том.
4. Нұргелді
Уәли. Орфографиялық
Сөздік. - Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. - 720 бет.
5. Газета МК от 11.11.1998 г.
6. Думан анаш. «Үшжар
ханшайымы». Мәдени мұра. 21.06.13. Мақала.