Бекенова Ә.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті, Қазақстан

Жетекшісі Джумагалиева А.М.

Қазақ күйлерінің тәрбиелік мәні

 

Күй өнері - тәрбиенің басты құралы. Қазақ мінезі домбыра өнерімен шыңдалған. Өйткені, оның үні ізгі үйлестікке шақырады. Қазақ халқының менталитетін айтқанда, оның басты бір ерекшелігі - ол тәрбиелік қасиет. Қазақ халқының бүкіл салт-санасы, әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері, ертегі, жыр-термелері айналып келгенде тірелетіні - тәрбиелік мәселе. Олар адамгершілікке, көпшілікке, азаматтыққа баулыған.

Күй өнері - ұлт менталитетінің айнасы. Құрманғазы, Абай, Махамбеттерді мақтан етіп айтамыз. Осындай бабалардың ілімі, олардың айтқан өсиеті бүгінгі жастарды тәрбиелеуге әбден мүмкіндігі жетеді. Бүгінгі және ертеңгі Құрманғазы, Абай, Махамбеттерді тәрбиелеп шығару үшін алдымен домбыра үніне бөлеп, бойына сіңіру қажет.

Жастарымызды жігерлендіріп, өнерге деген қызбалығын арттырып, халық тәрбиесінде өзіндік орнын алатын құдіретті өнердің бірі - күй.

Күй халқымыздың рухани азығы, сонымен қатар идеологиялық тәрбиенің өткір құралы. Күй өнері арқылы жас ұрпақтың бойында адамгершіліктің асыл қасиеттері: ар-ұят, сыпайылықты, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуді, еңбекті қадірлеуді, рақымды болуды, елін, жерін, халқын сүюді, жолдастықты уағыздай отырып, осы тамаша қасиеттерге қарама-қарсы адамды аздыратын өтірік мақтаншақ тағы да басқа жаман әдет, жат мінездер сыналады. Яғни, тыңдаушы қоғамның рухани дүниесін байыту, ой-өрісін кеңейту, адамгершілік-эстетикалық көзқарасын, талғамын дұрыс қалыптастыруда күйдің маңызы өте зор.

Күйдің ұрпақ үшін берері көп. Осы өнерді түсінген жан күйді тыңдағанда рухани ләззәт алатыны белгілі. Тындаушы халық күйшілік дәстүр барда күй өнері жаңа кезеңде жаңа белеске көтеріліп дами беретіні сөзсіз. Өйткені, күй - тек қазаққа тән ұлттық өнер.

Сонау заманнан келе жатқан қазақтың қанына сінген әуендерімен жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында домбыраға баулып, сабақ беретін ұтаздардың еңбегі зор.

Қолына енді ғана домбыра алған бүлдіршінге, алғашқы қадамды қазақтың халық әндерінен бастап, содан кейін халық күйлеріне көшіп оқытса, оқушының ішкі интонациясының өзі халықтық тұрғыда қалыптасатыны анық. 
        Сонымен қатар халық күйлерінің ішінде де балаға орындатуыға болатыны, болмайтыны да бар. Оны да ескеру керек. Мысалға, халық күйлері «Кеңес», «Көк дөнен», «Сары өзен», «Келіншек», «Жастар биі» және т.б. халық күйлерін бастама ретінде оқушыға үйреткеннен кейін ғана, халық композиторларына көшу ең жақсы әдіс деп ойлаймын. Сонымен қатар осы халық күйлерінің аңыздарын қарапайым тілмен айта отырып орындатып көрсетсе, күйді түсінуге оқушының ынтасы да артады. Қазақта неше мың күй болса, оның қосарлана айтылатын сонша аңыз әңгімесі бар. Қобыз, домбыра, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай сияқты музыкалық аспаптарымызда тартылатын мың сан күйдің бірде-бірі себепсіз шықпаған. Бұл аңыз әңгімелер тартылатын күйдің музыкалық мән-мағынасын, әуендік ерекшелігін, иірім - қағыстарын дұрыс түсінуге себепші болуымен бірге, халқымыздың тарихи-әлеуметтік өмірінен мол мағлұмат береді. Күй аңыздары өзінің нақтылығымен, шынайы өмірді арқау етуімен халық тарихының ең бір жанды шежіресі болып табылады. Яғни, күй аңызы тарихнаманың құнарлы бір арнасы екеніне шек жоқ. Күй аңызы белгілі бір күйді тудырған орта мен жағдай туралы бағалы ақпарат беріп қана қоймайды. Байыптап ден қойғанда, күй аңызының ақпараттық ауқымы мен бітім - қасиеті «паспорттық» деректен әлдеқайда өрелі екенін айқын аңғартады. Қазақ күйлерінің еш уақытта себепсіз шықпайтыны-өзіндік дара сипаты. Мысалы, халық күйі «Тепең көк» күйінің аңызын келтірсек, ондағы аттың шабысы, желісі, ырғақтық көрінісі айқын болғандықтан оқушының сана­сына сіңіру де оңайға түседі. 

Осындай кішкене ғана халық күйлерінің аңыздарын келтіре отырып оны оқушыға үйрету, біріншіден, оқушының күйді орындаудағы түсінігі, сонымен қатар ырғақты бойына сіңіруі жақсы қалыптасады. Күйді оқушыға үйретіп болған соң, өзіне орындатар алдында бірінші аңызын айтқызып содан кейін тыңдауға кіріссек, оқушылар қазақ тілінің өркендеуіне де өз үлестерін қосатын болады. Осындай халық күйлерінің аңыздарын естіп оны домбырада орындап өскен жас шәкірт, теледидардан небір адам танымас көркемделген мультфильмдерді көріп жетілген басқа оқушыларға қарағанда саналары көш, ілгеі болары да сөзсіз. Міне, осы тұрғыда, халық күйлерінің аңыз әңгімелері музы­ка мектептерінде оқушыны тәрбиелеудегі ең бір керек әдістеме болып табылады. «Бозінген» туралы да жан-жақты сөз келтіріп оның аңызын айтып оқушыға жеткізу, «Кеңес» күйінің негізі, би шешендердің күй тартып кеңес, яғни ақылды шешім айтулары, болмаса «Сары өзен» күйінің атауы үлкен тарихты көрсетіп, сағынышқа толы екендігі жайлы жан-жақты информациямен қамтылған бүлдіршін шәкірттің болашағы да жарқын болары сөзсіз. 

Күй дегенде делебесі қозатын бәйге атындай тыпыршып тұра алмайтын нағыз күй сүйгіш қазақтың саны бүгінде көбейіп келе жатқаны қуантады. Себебі күйді өсіретін  - орта екені белгілі. Ендеше күйдің рухын көтеретін биік деңгей, ықыласты көпшілік, зиялы қауым керек. Жас жеткіншектерге жан-жақты дұрыс тәлім-тәрбие беріп, білікті азамат етіп өсіру үшін ұлттық тәлім-тәрбие мен мінез-құлық мәселерінен барынша қанық етіп тәрбиелеу керек. Ұлттық өнердің киелі жақтарын мектептермен оқу орындары кеңінен қолданса біз ұрпақ тәрбиелеуде жетістіктерге ғана жетеміз. Өйткені, осы өнер жас жеткіншектерді ой тартумен қатар білімділікке, адамгершілікке, отан сүйінуге тәрбиелейді. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дүниесін, эстетикалық сезімін байытады, әсемдік талғамын арттырады. Сондықтанда, халқымыздың маңдайына біткен киелі өнерін өшіріп алмай, келер ұрпаққа жеткізе білейік!