Музыка
И жизнь /4.Эпохи, стили, жанры.
Әбдуахап С.
Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясының 3
курс студенті, Қазақстан
Жетекшісі профессор Сахарбаева К.
Сыр бойының
жыр күйлері
Күй бабасы Қорқыттан бастау алып, жалғасын
тапқан жыраулық дәстүрдің отаны – Сыр бойы десек,
артық айтқандық болмас. Жыраулар мекені атанған Сыр
бойының сиқырлы саздарының сыры көмеймен жырлау болса
керек. Жыраулар аспапты (қобыз, домбыра) өте жақсы
меңгерген виртуоз музыканттар болған. Сыр бойының жырау-жыршылары
да домбыраны қайыстай илеп, иін қандыра тілін шығара
тартқан. Бұған Жаңаберген жыраудың «Кекілік
тауынан асу» күйі, Төремұрат жыраудың сыбызғы
күйі, Мұзараптың күйлері дәлел бола алады.
Сыр бойының мақам-сазы еуропалықтарға, жалпы орыс
тілді қазақтарға тыңдауға қиын, тіпті
арнайы музыкалық білімі бар сауатты музыканттарға да мақам-сазды
түсіну, оған сіңу қиынға соғары анық.
Сырдың мақам-сазы еуропалықтарға таңсық
екенін көптеген ғалымдар жазып қалдырған. Сондықтан
Сыр аймағының мақам-сазын сипаттап, суреттеп жазғаннан,
оны зерттеушілерге мақам-саздың өшпеген тірі күйінде
тыңдағаны дұрыс болады. Мақам-сазды қаншама жазып
қандай дәлдікпен сипаттағанымен оны түсіну, елестету
қиын, демек мақам-саз нотаға қандай таза күйінде
түссе де оны орындаушының
жырау – жыршының өз аузынан естігенге ештеңе жетпейді.
Бұл эпикалық жырлардың тартымды болуы аспап
сүйемелдеуіне байланысты. Жырау неғұрлым аспапты жақсы
игерсе, орындаушылық шеберлігі жоғары болса мақам-сазда
соғұрлым сұлулана береді. Осығанда байланысты жыр-дастандардың
мақамы күрделі, әрі иірім қайырымдары
аяқталған. Егер белгілі бір термені алып оның сөзін
айтпай тек музыкасын орындасақ кіріспе (жыр бастау) әрі қарай
тақырыбы, шумақпен қайырмасы, тағы аяғы кода
(қайыру) белгілі бір музыкалық нысанға ұласады. Күйдің
аяқталған екендігін жырау жыршылар да білген. Таңды-таңға
асыра жырлайтын жырау-жыршылар өзінің қасиетті өнеріне
құрметпен қарап жыр-дастандардың музыкасын ән,
әуен, мақам, саз демей бұл «жырдың күйі»
ғой деп дәріптеп отырған. Шынында да Сыр өңірінің
жыр-дастандарының музыкасы яғни мақамы күрделі,
әрі күйге ұқсайтындығы да рас, және
бұл негізсіз емес. Ұлы Қорқыт бабамыздың
қобыз сарындары Сыр бойында сұлу сазға айналып, жыраулық
дәстүрге негіз болған сияқты. Бұл орайда
аспаптағы қостау мақамымен жырдың мазмұны,
күй келеді деген тұжырымда айтылып отыр. Өйткені бүгінгі күнгі Сыр
бойының жыр мақам-саздарында Қорқыт бабамыздың
қобыз сарындарының сарқыншақтары «бой көрсетіп»
қайталанып кездесіп тұрады. Қасиетті Қорқыт
күйлері Сыр елінің жыраулық дәстүріне, ал
жыраулық дәстүр Сыр бойының күйшілік
өнеріне негіз болғанға ұқсайды. Сыр бойының
күй мектептерін қалыптастырған Мырза, Жалдыбайдың
күйлері Қазақстанның өзге
өңірлерінің күйлеріне мүлде
ұқсамайтындығы сондықтан. Жыр күйлерін зерттеу –
бүгінде кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Осы
бағытта азды-көпті еңбектеніп жүргендердің бірі
А.Сарымсақованы атап өткен жөн. ХХ ғасырдың
басында, жыраулық өнердің өркен жая өрістеген
тұсында жыр күйлері тасада қалып, дамымай
қалғанға ұқсайды. Бағымызға
қарай бүгінгі таңда жыр күйлерін тартатын бірнеше
көне құлақ қарияларға жолығып,
олардың білетін шығармаларын жазып алдық. Әр
орындаушының өзіне ғана тән құлақ
келтіруі, шабыт шақыруы, жыр бастауы болған. Жиын тойда,
алқалы топта хабарлаушы жоқ заманда өзін қоршаған
ортаны өзіне қаратып алу, тыңдаушысын дайындап алу үшін
де осы жыр бастаулар, құлақ күйлері орындалған.
Көптеген жырауларымыздың жыр бастауларын қазіргі
таңда домбырашыларымыз жыр күйі деп тартып жүргенін естіп
жүрміз. Таңды таңға асырып, қисса-дастан айтатын
арқалы жырауларымыз жыр арасында дауысын демалту үшін де
саусақ пен аспапқа ерік беріп «төгіп-төгіп» алып
отырған. Осы шағын импровизацияны құйма
құлақ күйшілер қағып алып,
көкірегінде пісіріп, жетілдіріп, толықтырып, жеке шығарма
ретінде, яғни күй қылып тартатын болған. Міне, осыны да
жыр күйлері деп атаймыз. Жырдың мақам-сазы әнге
қарағанда әлдеқайда күрделі. Әнде
көбінесе 1-ші шумақ, одан кейін қайырмасы. 2-ші,
3-ші шумақ дәл 1-ші шумақтай еш өзгеріссіз, тек
сөздері ғана өзгеріп отырады. Ал жырдың 1-ші
қайыруына (шартты түрде бірінші шумақ және
қайырма деп алсақ) 2-ші қайыру ұқсай бермейді,
яғни аз ғана өзгерістермен айтылады. Және әр орындаушы
өзінше өзгертіп, құбылтып орындайды. Демек, мақам-саз
импровизацияға көнетін, жанды музыка. Жыр күйлері –
қазақтың аспаптың музыкасы, оның ішінде белгілі
бір қалыпқа, формаға көне бермейтін шертпе күйлер
секілді қозғалыста, яғни ылғи даму үстінде
жүретін, импровизацияға көнетін жанр. Қолымызда бар жыр
күйлерін тыңдап, нотаға түсіргенде олардың
формасы жағынан күйге ұқсай бермейтінін байқадым.
Жыр күйлері жырдың мақам сазына ұқсайды.
Мақамға қарағанда бір ырғаққа
келтірілген және жырдың сөз буындары толық
сақталмай қағыс ерекшеліктерімен әшекейленген. Ал,
күймен салыстарғанда ықшам. Жыр күйлері жырдың мақам-сазымен
күйлердің арасындағы байланысы сияқты шағын
шығарма. Қобызбен жырланған мақам-әндер домбырада
күй болып тартылып, күй қайтадан терме-толғаудың
мақамына айналып жатқан шығармалар да аз емес. Ел аралап, жыр
күйлерін жинап жүріп, көне құлақ
қариялардан жыр күйлері жайында сұрағанымда
көбісінің айтары мынаған саяды: жырдың сөзін
айтпай, мақам сазын аспапта орындау жыр күйлері болып табылады. Жыр күйлері
жайында мәліметтер өте аз. 2002 жылы шыққан
Т.Тоқжановтың «Сырлы сарын» еңбегінде Сыр бойында орындалатын
он шақты жыр күйлер берілген. 2005 жылы
жарық көрген «Қазақ музыкасы» антологиясына Маңғыстау, Атырау бойы жыр
күйлерінен аз ғана тобы енген. Мұның тағы бір
себебі бұрынғы үн таспадағы күйлер әлі
заманауи техника құралдарына салынбаған. Осы орайда
құнды жәдігерлерді инновациялық технологиямен
қайта жаңғыртып, домбырашылар репертуарына енгізу,
тыңдарманға қол жетімді жасау, оны ғылыми салаға
енгізу, біздің міндетіміз екенін тереңнен түсінгендіктен осы
жұмыс қолға алынды.