А.А.Рахманбердиева
Б. Момышұлы атындағы
№ 45 қазақ классикалық гимназиясы, Тараз қ.
ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ПӘНІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Еліміздің дамуын,
болашақ ұрпақты ізгілікке бағыттайтын жаңа
қадамы - «Өзін-өзі
тану» жобасын дүниеге әкелуі, оны мектептерде «Өзін-өзі
тану» пәні арқылы жүзеге асыруы құнды да
қажетті іс. Бұл Сара Алпысқызының еліміздің
дамуын, болашақты ойлаған көрегендігінің белгісі.
Пәннің ерекшелігі – әр баланың өзін-өзі
танып, ішкі дүниесін, өзгені танып, білуі болып табылады. Аталмыш
пән оқушыны тек махаббатқа, шығармашылыққа,
адамгершілікке баулиды. Адамгершілік адам өмірінің рухани
негіздерін құрайды десек, адамгершілік мәселелеріне ойшылдар
өте ерте кезден-ақ назар аударған. Әл-Фараби,
Ж.Баласағұни, М.Қашқари, Асан Қайғылар
бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қайталанбас мол
мұра қалдырды. Қазіргі таңда оқу, білім алу
адамзатқа осы өмірде барлық жауапкершілікті сезінуге септігін
тигізіп отыр. Қоғам қарқынды дамыған сайын адам
баласына деген тәрбиенің мақсаты мен міндеті жаңаратыны
мәлім. Ғылым мен білімнің жаңалығын игертумен
қатар бала бойына рухани – адамгершілік құндылықтарды:
мейірімділікті, қайырымдылықты, адалдықты, әділдікті,
махаббатты, сұлулықты, бақытты бағалай білуді бойына
сіңіріп, тәрбиелеуді талап ету – қазіргі өмірде басты
мақсаттардың бірі. Осыған орай 2010 жылдың
қыркүйек айынан бастап жаппай білім ордалары мен мектепке дейінгі
білім беру мекемелерінде өз орнын ойып тұрып алып келе жатқан
«Өзін-өзі тану» пәні әр адамның
көңілінен шыққанына көзіміз жетіп отыр.
«Өзін – өзі тану»
пәнінің мұғалімі ретінде 2010 жылдың
қыркүйек айынан бастап Қазақстанның барлық
мектептерінің білім беру жүйесіне енген «Өзін – өзі
тану» пәнінің балалардың бойындағы рухани адамгершілік
құндылықтарды тәрбиелеуде өте құнды,
пайдалы екенін айтқым келеді.
«Өзін-өзі тану»
пәні – қазіргі қоғамда өте керекті пән.
Атынан көрініп тұрғандай, адам өзгені тану үшін
біріншіден өзін жақсы танып білу шарт. Біздің негізгі
бағытымыз осы болмақ.
«Өзін-өзі тану»
пәні баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін
сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде
және қоршаған өмір жағдайларында
өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше
шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері
үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелей отырып, осы
қоғамда өзіндік «менін» табуға жетелейтін пән.
Күн тәртібіне
қойылып отырған ұрпақ тәрбиесін жан-жақты
дамытып, баланың ішкі жан дүниесін тану арқылы
өмірдің маңызы мен мәнін пайымдауға,
өзіндік «менін» қалыптастыруға үйретуді мақсат
ететін «Өзін-өзі тану» қайнар бұлағы –
ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтардан
нәр алады. Құрылымымен дара «Тыныштық сәтімен» бастау
алып, «Соңғы тыныштық» кезеңімен аяқталатын
бұл пән қырық минут ішінде әр баланың
бойына жылылық, мейірімділік, сүйіспеншілік сынды асыл
қасиеттерді орната біледі. Сонымен қатар сабақтың
өзіндік ерекшелігін байқататын сабақ барысында кездесетін
әр айдар бала бойына жалпы адамзаттық
құндылықтардың дәнін себеді. Бұл
құндылықты қайдан аламыз деген
сұраққа халқымыздың аңыз –
әңгімесі, ертегісі, мақал-мәтелі, нақыл
сөздері, ұлылардың ұлағаты, ақын-жазушыларымыздың
шығармаларындағы тәрбие қаймағы еріксіз
қалқып шығады. Бұл пән адамды жеке
тұлға ретінде тәрбиелеуге бағыт ұстайды.
Әрбір жеке тұлға, жеке адамзат өмірдің
мәнін түсініп, өзіндік орнын табуы үшін ішкі
мүмкіндіктерін аша білуі қажет. Осыған орай әрбір
сабақ баланы өзінше ойлауға, шешім шығаруға,
өз ісіне жауапты болуға баулиды.
Жас ұрпаққа
тәлім-тәрбие беруде, оларды адами ізгі қатынастарға
үйретуде «Өзін-өзі тану» пәні
мұғалімінің орны ерекше. Ғұлама ғалым
Әбу-Насыр әл-Фараби: «Ұстаздық мінез – құлық
нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс,
тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым
қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына
қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру
ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен
оның ғылымына, шәкірті селқос қарайтын болады.
Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет.
Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін
бейнебір су тәрізді»,-деп нағыз ұстаздың бейнесін
осылай береді.
«Өзін-өзі тану»
пәні жастардың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік
сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды
қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен
сусындатады. Өзін-өзі тану – адамның өзіне терең
мән берудің алғашқы қадамы. Ойшыл Сократ:
«Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген
болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі тану» пәні
Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы іспеттес.
Бұл пән жобасының
авторы Сара Алпысқызы атап өткендей, «Әр баланың
қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің
күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін
өте маңызды! Әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай
отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке
жетуі тиіс», яғни әрбір баланың, ата-ананың
жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда әрқайсымыздың
орнымыз ерекше.
Оқушының жас
ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тануға, өзін
дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес,
отбасында да ата-аналардың көмегімен жалғасын тауып,
өзара ықпалдастық бағытта жүргізілуі керек. «Өзін-өзі
тану пәні» жеткіншекті жарық дүниеде өмір сүріп,
Адам екенін терең сезінуге, адамдарға қуаныш сыйлай білуге
баулиды. Жанында жүрген аяулы адамдардың бар екенін
ұғынуға көмектеседі. Адамдардың сезіміне ие болу
және оны ақтай білуге үйретеді. Борыш пен парызға адал
болуға тәрбиелейді. Артыңда өшпейтін ізгілікті із
қалдыра білуге талпындырады. Қабілетіңді, бойындағы
дарынды, азаматтығыңды дәлелдеуге итермелейді.
«Рухани мұраға
сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды» демекші, заман ағымы
талап етіп отырған ата-бабаларымыздан қалған әдеби
мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін
дәріптеп, дәстүрін, таңғажайып
тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне
сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді бүгінгі
ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, келер
ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей ғасырлар
қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды рухани-адамгершілік білім
беруде тиімді қолдану – «Өзін-өзі тану» пәні бастауы
бұрыннан болған, біздің арғы ата-бабаларымыздан келе
жатқан жақсы дәстүрлеріміздің жалғасы
іспеттес деуге болады.
Қорыта айтқанда,
әр адам өзін-өзі, өзінің қажеттілігін,
өмірдегі және қоғамдағы рөлін толық
түсіну нәтижесінде өз мүмкіндіктерін таниды. Адам
өз бойындағы мүмкіндіктерін толық пайдаланғанда
алдына қойған мақсатына жете алады. Мақсатқа
апаратын ізгі жолдарды өздігінен іздестіру жақсы нәтижеге
жеткізеді. Адам жағымды қасиеттерін ізгі ниеттерін дамыту барысында
өзін – өзі тәрбиелейді. Өз бетімен танып білуге
құштарлану, талпыну, іздену адам керкі мен мінезін
шынықтырып, шыңдайды. Өмірдегі әртүрлі жағдайлардағы қиындықтарға қарамай мақсатқа жетуге ұмтылдырып, талпындырады. Сондықтан ізденіп, алдымызға қойған мақсатымызға жетейік.