Елубай Асем Мамешовна

Филология ғылымдарының магистрі, Алматы қаласы.

Азаматтық авиация академиясы

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТӨРТ ТҮЛІК МАЛМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

 

«Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес,бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры,  тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады»

Мағжан Жұмабаев

       Қазақ тілі –әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Тіл халықтың рухани байлығы. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалып отырған байлығымыз. Яғни, тіл адам баласымен бірге дамып, өсіп, өркендеп, кеңейіп келеді. Қазақ халқының негізгі күн көріс тіршілігі болған. Қазақтардың дәстүрлі идеологиялық таным-түсінігінде төрт түлік маңызды орын алады. Қазақ халқы балаларын жүрегінен шыққан «Айналайын» деген сөзімен қоса, төрт түліктің төлдерінің атауымен «Ботам, құлыным,қозым, қошақаным» деп сүйсінуде философиялық терең мән жатыр. Төрт түлікке қатысты қолданылатын тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаттамаларына тоқталсақ. Қазақ тілі этнолингвистикасы жайында А.Т.Қайдар: «Этнолингвистика»- этностың инсандық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің күрделі де құнарлы саласы[1,15б],- деп нақты, әрі тұжырымды анықтама береді. Бұған кейбір мысалдарды келтіруге болады: қаз. ат жалын тартып міну // қырғ. ат жалын тартып минүү (сөзбе-сөз «жалынан ұстап атқа міну») ержету, шешім қабылдай алатын жігіт болу; қаз. ат басындай // өзб. отнинг калласиндай – қандай да бір заттың көлемін анықтау кезінде қолданылады; қаз. жақсы атқа бір қамшы, жаман атқа мың қамшы // қырғ. жакшы атка бир камчы, жаман атка миң камчы // өзб. яхши отга бир қамчи, ямон отга минг қамчи // ұйғ. яхши атқа бир қамча, яман атқа миң қамча // түрікм. ягшы ата бир гамчы, яман ата мүң гамчы; қаз. атының сыры иесіне мәлім // өзб. аттын сыры ээсине маалым, кыздын сыры төркүнүнө маалым [2, 4 б.]. Малдың күші, сүті, жүні, қылы, еті, терісі – халықтың тағамы, киімі, баспанасы, үй жиһазы – өмірінің, тіршілігінің негізі. Төрт түлік малдың болмысын табиғаттан бөлмей, жаратылыс заңдылықтарымен сабақтастыра бақылап, терең таныған бабаларымыз өз санасында соларға қатысты мифті, философиялық, мәдени танымдар мен ұғымдар қалыптастырған.

 

        Маубас, момындық – үстінен түйе жүріп өтсе де, т.б.
Адамның қасиеттері көбінесе малға байланысты, мал бойында кездесетін қасиеттерге ұқсатылған.
Бұған қарағанда төрт түлік мал әсіресе адамның ішкі жан-дүниесі, бір-біріне деген көзқарасы сияқты адамдық қасиет мінез-құлық, жүріс-тұрыс ертеңнен қара кешке дейін малмен көз ашқан ұлттың мәдени элементтер мен оның семантикалық қырларынан көрінуі заңды. Көшпелілердің бүкіл болмыс-тіршілігі төрт түлік малмен тығыз байланысты болғандықтан, қазақ фразеологизмдерінің ішінде тілге жиі оралатыны, күнделікті өмірде жиі қолданылатыны және ең көп кездесетіні де осы төрт түлік малға қатысты тұрақты тіркестер. Сол төрт түлік мал ішінде ерекше құрмет тұтқаны – жылқы малы. Мінсе – көлік, сауса – сүт, жесе – ет, кисе – киім болған жылқының күнделікті тұрмыста орны маңызды еді. Сондықтан қазақтың «жылқының сүті – шекер, еті – бал», «жақсы ат – жанға серік», «Ат – адамның қанаты», «Тұяқ тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, Ат мұратқа жеткізер» секілді мақал-мәтелдер саны ұзын сонар.   Жылқы, әсіресе, жаугершілік көне заманның талабына сай өте құнды мал ретінде саналады. Себебі, ол кезде жауды қуып жетуге немесе одан қашып құтылуға жылқыдан қолайлы мал болмаған. Бұл жерде ескерте кететін бір жай, отырықшылар атқа оң жағынан, көшпелілер сол жағынан мінеді. Бұл – жаугершіліктен қалған салт. Ол кезде атқа қонған адамның қолы бос болу керек. Себебі, ол барлық қаруды осы қолымен ұстайды. Ал, сол жақтан мінгенде, оң қол бос қалады. Қазақ халқының жылқы малына деген ықыласын ауыз әдебиеті үлгілері, ертегі, аңыз, жырлардағы жылқы бейнелері-ақ дәлелдеп тұрғандай. Сондықтан халық аузында қалыптасқан жылқы малына байланысты тұрақты тіркестерде оған деген ерекше ықыластың айқын көрінісі. Мыңдаған жылдар бойы жылқы баққан көшпелі халықтарда оны өсіру, баптау, сұрыптаудың өзіндік дәстүрі мол тәжірибесі ерекше сөз айшықтарының қалыптасуына негіз болды. Мысалы: ат жалын тартып міну; ат кекілін кесісу; ат бауырына алу; ат төбеліндей; ат үсті, ат шаптырым; ат құлағында ойнау; ат құйрығын шарт түю; құлындай даусы шығу; бесті айғырдай азынау; ат басын тіркеу; ат сабылту; ат құрғатпау, т.с.с. тұрақты тіркестер осының айғағы болмақ (Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде ат / жылқы сөзінің жүз шақтысы тұрақты тіркес жасауға негіз болған).
        Қазіргі қолданыста «ат арылту /сабылту/» түрінде де айтылып жүрген «ат сабылту» тұрақты тіркесінің беретін мағынасы – әуреге түсу. Мысалы: Бір айғыр үйірімен ықтап кетіп, соны іздеп, ат сабылтып келе жатқан бетім еді[3]. .                                                                                                                  

          Шабытына мінген жырау, ат сабылтып келе жатқан аңшы тәрізді, бекер тоқтаттың, хан ием, – деді Асан қалың қабағын түйіп (І.Есен­берлин). Бұл фразеологизмнің қалыптасуы туралы Ә. Ха­зимова: «Жілік майы таусылу» немесе «жілігі татымау» тұрақты тіркесі жіліншік майының толуына байланысты қалыптасса керек. Жіліншік – аяқтың тізеден төменгі жіңішке сүйегі, уақыт өте келе оның бұл мағынасы көмескіленіп, жалпы жілік атауы орын алып, тұрақталып кетсе керек» [4, 17 б.], – дейді.
          Қазақта үйірімен үш тоғыз «олжа көбейсін» деген тілек мағынасында қолданылатын тұрақты тіркес бар. Бұл фразеологизмде халықтық малға қатысты күн кешкен тұрмыс-тіршілігіне қатысты жасалған. Әсіресе, көшпелі мал шаруашылығының өзіндік дәстүрінен туатын тәжірибелік іс екені байқалады. Төрт түлік малдың басын көбейту үшін үйірге еркек малдардан бура, айғыр, қошқар салғанда олардың арасында тоғыз ұрғашыдан бөліп отырған бұл тәжірибе үйір-келе салу деп аталады. Мал ішінен тұқым сұрыптау түрі осылай жүзеге асырылатын болған. Мәселен, бірыңғай күрең немесе мақпал қара, ақ боз сияқты болып келуі үшін жылқы малының сырт түсінің де дұрыс сұрыпталуын қадағалаған. Көшпелі қазақтардың осындай тәжірибелік дәстүрі қытайдың бұрынғы жазбаларында кездесетіндігі туралы мәлімет бар [5, 12 б.]. 
Момын, жуас деген мағынада көптеп жұмсалатын тұрақты тіркесіміздің бірі- қой аузынан шөп алмас. Түнде қойға шапқан қасқырдай ол әдетте Орта Азия хандарының бөтен елге жорыққа кеткен кезін аңдып тұратын (І.Есенберлин). Осы сөйлемдегі тұрақты тіркесіміз: қойға шапқан қасқырдай- қырып жою, тас-талқан қылу турасында айтылып тұр. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалады» фразеологизмі- тыныштық, бейбіт заман орнады мағынасында. Мәселен: Асан қайғы желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жер ұйық» дейтін ну орманды, көкорай шалғынды сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді (Қазақ ертегілері). «Сенген қойым, сен болсаң»- үміт етіп, сенген адамы ойлаған жерінен шықпай, көңілі қалғанда айтылатын тұрақты тіркес. Мысалға, Сенген қойым сен болсаң, күйсегенің құрысын! Ақмоладан оқып келгенде, одан «қосшы болыс» атағанда жылпос Жақыпқа бір ауыз сөз айта алмадың,- деді Тәуке Әлжанға (Ғ.Мұстафин). «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деген тұрақты тіркесіміз мезгілінен кешеуілдеу, ерте туып, кеш қалу деген мағынаны білдіреді.  Төрт түлікке қоймен қосылып айтылатын мал- ешкі. Мал баққан жұрт ешкінің серкесін қатты құрметтейді. «Серкесіз қой болмайды» деп қоралы қойға басшы ретінде серке қояды да, оны көсем серке дейді. Қолданыстағы «тоқал ешкідей қылды» деген фразеологизм – жатсынды, жатырқады мағынасында жұмсалады. «Ешкі көзденді» – бақырайды, аларды деген мағынаны береді.Мысал келтірер болсақ, Ит көрген ешкі көзденіп, елерме жынды сөзденіп (Абай).

Әдебиеттер:

1. Ә.Қайдаров «Этнолингвистика негізі» А.,1998ж.

2Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.

3. «Қазақ ертегілері», Жазушы, А.,2002ж.

4. Хазимова Ә. Қазақ фразеологизмдерінің ұлттық-мәдени деректері //Түркітану мәселелері: бүгіні мен болашағы. Алматы: 2001. – 209 бет.               5. Кюнер Н.В. Китайские известия о народах Южной Сибири, Центральной Азии и дального Востока. – Москва, 1961. – 189 стр.                              

6. І.Кеңесбаев «Фразеологиялық сөздік», Ғылым А.,1977