Биологические науки/8. Физиология человека и животных

 

магистрант Шоенбаева М., б.ғ.к. Садыканова Г.Е.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті

 

Гипоксиялық-гиперкапниялық газдық қоспаларды пайдалану – ағзаның бейімделушілік мүмкіндіктерін арттыру тәсілі

 

Денсаулықты сақтау, ағзаның стресстік жүктемелер мен сыртқы ортаның қолайсыз өзгерістеріне қарсы тұра алу мүмкіндіктерін арттыру мәселелері физиология ғылымының өзекті бағыттарының бірі болып табылады. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін аталмыш мәселе өте өзекті. Өскемен қаласы еліміздің ірі өндіріс орталықтарының бірі: аймақта қуатты металлургиялық және тау-кен кәсіпорындары мен түсті және сирек кездесетін металлдарды өндіретін ірі зауыттар жұмыс істейді. Зиянды заттар шығарындыларының құрамы мен атмосфераның ластануы бойынша Өскемен қаласы республикада ғана емес, сонымен қатар әлемде  жетекші орындардың бірінде. Осыған байланысты қала тұрғындарының сырқаттанушылық статистикасында тыныс алу және қан айналу жүйелерінің аурулары көп кездеседі. Аурулардың алдын алу, емдеу, ағзаның сыртқы ортаның келеңсіз өзгерістеріне қарсы тұра алу қабілетін арттыру көптеген экологиялық қолайсыз өндірістік аймақтар үшін көкейкесті мәселе болып табылады.

Адам ағзасы қоршаған ортаның келеңсіз жағдайларына, соның ішінде қарқынды дене жүктемелеріне, биік таудың экстремалды факторларының кешеніне, тыныс алуға жоғары қарсылықтың болуы және т.б. бейімделу мүмкіншіліктері өте зор. Тіршілік барысында және машықтану кезінде бейімделу ағзаның физиологиялық қорларының есебінен жүзеге асады. Ағзаның сыртқы қолайсыз әсерлерге қарсы тұра алу қабілеті оның белгілі бір физиологиялық мүмкіншіліктеріне негізделген. Физиологиялық мүмкіншіліктерді жұмылдыру мен басқаруда негізгі және жетекші рольді орталық жүйке жүйесі атқарады. Өзгерген сыртқы орта жағдайларындағы ағза қызметіне бір мүшелер жүйесінің функционалдық қорлары жұмылдырылса, ал бейімделу үшін маңызы аз кейбіреулері қызметінің тежелуі тән.

Гипоксиялық-гиперкапниялық газдық қоспалардың функционалдық мүмкіндіктерді кеңейту үшін пайдалану соңғы жылдардағы көптеген жұмыстарда көрсетілген. Дем алатын ауаға көмірқышқыл газын қосу  газ алмасуды  жақсартып, резервтегі қылтамырлардың ашылуы есебінен мүшелер мен ұлпалардың оттегіге деген сұранысы артып, оксигемоглобин диссоциациясы қисығы оңға қарай ығысады. Ауа құрамындағы аз мөлшердегі көмірқышқыл газы тыныс алуға жақсы әсер береді, өйткені оның молекулалары үлкен мидың тыныс алу ортасын жүйеге келтіреді.

Гипоксиялық-гиперкапниялық жаттығулар тыныс алудың минуттық көлемін, тыныс көлемін арттырып, тыныс жиілігі төмендеп, ауаның желденуіне кететін энергия шығындары кеміп, тынысты тоқтату уақытын ұлғайтады. Қан айналу жүйесінде қанның минуттық көлемі, жүрек индексі, систолалық көлем жүректің жиырылу жиілігінің өзгерісінсіз артады, бұл – қан айналу жүйесінде тиімді өзгерістердің жүретіндігіне дәлел.

Тыныс алу және қан айналу жүйелерінде гипоксиялық-гиперкапниялық жаттығу жұмыстары аяқталғаннан кейінгі 20-25 күннен соң да сақталғаны байқалады. Гипоксиялық-гиперкапниялық  дем алу жаттығуларын жасаудың ең маңызды нәтижесі, ол – дене жүктемесінің машықтанудан кейінгі кезеңінің жеңіл өтуінде, энергия шығыны аз, қайта қалпына келу кезеңі қысқа әрі тиімді.

Сенсомоторлық сала операторлары тренажер арқылы дем алу жаттығуларын жасағаннан кейін оларда тыныс алу және қан айналу жүйелерінің функционалдық мүмкіншіліктері артып, ыстық климатқа тез бейімделіп, ес пен зейін көлемінің жақсарғаны көрінді.

Ақыл-ой еңбегінің көлемі 16,6%), өнімділігі 18,3%, көру ақпаратын өңдеу жылдамдығы 18,4% артып, қателер саны 3,3%, тапсырманы орындау уақыты 23,3% қысқарып, қысқа мерзімдік ес 7,4% жақсарған. Зерттелушілердің көңіл-күйлерін, белсенділіктерін және өзін-өздері сезінулерін көрсететін субъективті күй көрсеткіштері де жақсарған.

Гипоксиялық-гиперкапниялық талаптарда жаттыққан жануарлар жедел гипоксияға жоғары төзімділік көрсеткен. Биіктікке жоғары тұрақтылық жаттығулар аяқталғаннан кейінгі 60 тәулік бойы сақталған. Жануарларда жоғары стресске тұрақтылық пен жалпы спецификалық емес төзімділік тіркелген.

Жоғарыда айтылғандардан гипоксиялық-гиперкапниялық жаттығулар тыныс алу, қан айналу жүйелеріне тімді әсер етіп, ағзаның стресске тұрақтылығын жоғарылатып, жалпы спецификалық емес төзімділікті арттырады, есті, зейінді жақсартып, ақыл-ой еңбегінің өнімділігін көтереді. Астма мен созылмалы өкпе ауруларымен сырқат дімкәстердің жағдайын жеңілдетеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                 Агаджанян Н.А.:  Человек в условиях гипоксии и гиперкапнии / Н.А.Агаджанян, И.Н.Полунин, В.К. Степанов– Астрахань-Москва, 2001 – с.340.

2.                 Никитин Б.Н, Олейникова Е.В., Пак Г.Д., Бондарева Т.Г. Влияние гипоксически-гиперкапнических тренировок на адаптивные возможности организма //Тезисы международной научно-практической конференции -Алматы, 2005-с.127.

3.                 Садыканова Г.Е., Икамбаева Г., Бондарева Т.Г.  Влияние гипоксических-гиперкапнических воздействий на функциональное состояние организма детей и подростков // Материалы научно-практической конференции «Наука, образование, общество: модернизация и инновации». - Барнаул, 2014. – С.7-10

4.                     Икамбаева Г., Садыканова Г.Е. Влияние гипоксических воздействий на функциональные резервы и физическую работоспособность организма // «Мәңгілік ел» - Қазақстан білімі мен ғылымын жаңғыртудың уәждемесі» атты «Аманжолов оқулары-2014» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдары - Өскемен, 2014. – 32-35б.