экономика магистрі Абжанова Жаухазын

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Қазақстан Республикасы, Қызылорда қаласы

Қазақстан Республикасындағы кластерлік жүйенің даму тенденциясы мен перспективасы

 

Бүгінгі таңда Қазақстан үшін ең бір артықшылықты міндеттердің бірі – өзіміздің ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Бұл шын мәнінде тек артықшылықты міндет қана емес, сонымен қатар нағыз ұлттық масштабты жоғарғы деңгейлі маңыздылық. Бұл дегеніміз, қазіргі кезде біздің өндіріп және тұтынып отырғанымыз да ішкі және сыртқы рыноктарда бәсекеге қабілетті болуы керек.

Экономиканың негізгі секторының даму жағдайы қазіргі үлкен алаңдатушылық туғызуда, себебі мұнай мен металдың бағасы жоғары болғанымен, өндірістің даму қарқыны бәсеңдеді. Бұл «қара алтын» мен металды өндіру үдерісінің баяулуымен байланысты болып отыр. Осы жағдай экономика тек шикізатты экспорттауға бағытталса, дағдарысқа ұшырататына мысал бола алады [1]. Жүйелі мәселелерге: ұлттық бәсеке қабілеттілігін арттыру, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, ЖІӨ-ді ұлғайту және тағы басқалары жатады.Экономиканы толық қамтитын жеке салалар мен компаниялардың бәсекеге қабілетінің төмен болуы отандық экономикада құрылымдық дисбаланстың пайда болуына әсер ететін бірден – бір фактор, ал ЖІӨ – нің ұлғаюын және оның тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті салалар болуы қажет. Рыноктық жағдайда экономиканың салалық құрылымдары:

а) жергілікті және әлемдік рыноктарда бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтер өндіруді;

ә) қоғамдық ресурстарды тиімді пайдалануды;

б) өндіріс факторларының меншік иесінің кірісін ұлғайтуды қамтамасыз етуі шарт.

Шикізаттық салаға  сүйеніп, экономиканы дамыту тұрақты және ұзақ мерзімді өсуді қамтамасыз етуде сенімді тірек бола алмайтыны бәріне белгілі. Қазіргі уақытта экономиканың сыртқы факторларға тәуелділігі күшеюде, ол төмендесе өндірістің құлдырау ықтималдылығы жоғары. Экономиканы мұндай бағытпен дамытудың келешегі жоқ екендігі белгілі, осы себепті Үкімет осыдан бірнеше жыл бұрын экономиканы әртараптандыруда негізгі мәселелерді шешу үшін ұзақ мерзімді болашаққа негізделген индустриялық - инновациялық дамудың стратегиясын өңдеді. Осы уақыт ішінде жарғылық қоры 1 млрд. АҚШ доллардан асатын дамудың қаржы институттары құрылды. Стратегияда экономиканы тығырықтан алып шығу және елдің бәсекеге қабілеттілігін көтеру мақсатында жетекші салаларды кластерлік үлгімен дамыту қарастырылған. Қазіргі таңда осы бағытта әр түрлі жұмыстар атқарылып жатыр.

Кластерлердің негізгі ерекшеліктеріне мыналар жатады:

1)     Заңды тұлғалардың кластерді құру қажеттілігін сезіну.

2)     Кластерге қатысушылардың қаржылық тәуелсіздігі.

3)     Жаңа қосылған құнды құрудың біріңғай түйінінде әрбір қатысушының мүддесіне жету.

4)     Нарық қатынасына негізделген қатысушылар арасында формалды және формалды емес байланыстар торабының кластерде болуы.

5)     Дайын өнімді өндіру мен сату үшін қажетті факторлар мен жағдайлардың болуы, яғни тауардың өміршеңдік кезеңін қамтамасыз ету.

Кластерлік бағыттың енгізілуі экономикалық өсудің қысқа және орта болашақтағы «локомотиві», экономиканың шикізаттық ұйтқысы болса, сондай–ақ шикізаттық емес сектордың негізі, отандық экономиканы диверсификациялау мен жаңартудың маңызды құралы болмақ. Ұсынылып отырған кластерлеудің бағыттары экспортқа бағдарланған. Мұның өзі нарықтың кеңеюіне, алдыңғы қатарлы технологиялардың енгізілуіне, өндірілген өнім мен қызметтердің әлемдік стандарттарға лайық болуына және түпкілікті түрде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Сондықтан экспортты дамыту экономикалық өсудің бірден – бір өлшемі болмақ [2]. 

Кластерлер тұжырымдамасының негізгі қағидаларын ескере отырып, республика үшін кластерлеудің басты мәселесі мынада, біріншіден ресурстарды өндіретін салалардан өндірмейтін салаларға бағытты қайта құру, екіншіден, өндірмейтін салаларда өнімділікті арттыру, үшіншіден, қосылған құн бөлігі бар өнімдерді өндіру мен экспорттауды өсіру.

Сонымен қатар кластерлер үш бағытта бәсекеге қабілеттілікке ықпал етеді:

·        Фирмалар мен салардың өндірісін ұлғайтады.

·        Технологиялық үрдістерді анықтайды және алдын ала болжайды.

·        Кластердің кеңеюін және инновацияны қолдайтын бизнестің жаңа түрінің қалыптасуын жеңілдетеді және ынталандырады.

Уақыт өте келе тиімді дамып келе жатқан кластерлер үкіметтің бақылауында болып, үлкен көлемде капитал жұмсауға тартымды болса, кластер ұлғая береді. Кластер ядросы болып бірнеше қуатты компаниялар саналады, бірақ олар арасында бәсекелік қатынастар сақталады. Осы арқылы кластердің картель немесе қаржы топтарынан айырмашылығы болады. Кластерді дамытуда кәсіпкерлердің рөлі үлкен, яғни олар өз тарапынан кластерге қатысуға ынта білдірулері керек [3]. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.           Айтжанова Д., Дүйсен Ү. Қазақстандағы кластерлік сызбалардың даму факторлары мен мүмкіндіктері // Саясат - №9 – 2006 – 56-59 бет

2.           Садуақасов А. Кластерлік бастамалар басты назарда // Нұр-Астана. 2006. -15 наурыз. -4 бет

3.           Тұрсымбаева М.Ж. Экономиканың шикізаттық құрылымын өзгертуде кластердің рөлі // АльПари – 2005 - №4 – 42-44 бет