Өскембаев Қанат Сәдуақасұлы
Академик Е.А.Бөкетов атындағы
ҚарМУ-дың тарих факультетінің доценті, т.ғ.к.
Бөдеев Қанат Тұрұмұлы
Академик Е.А.Бөкетов атындағы
ҚарМУ-дың тарих факультетінің аға оқытушысы
Смағұлов Баян Аманжолұлы
Академик
Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих
факультетінің І курс магистранты
Қазақ мерзімді
баспасөзінің қалыптасу тарихы
Қоғамда
болып жататын оқиғалар бойынша негізгі дерек көздерінің
бірі – мерзімді баспасөз. Қай кезеңде болмасын,
қоғамда болып жатқан жаңалықтар мен
қалыптасқан ахуалды баяндап, адамзатты белгілі бір ортақ
ұлттық мүдде жолында қызмет етуге үндейді.
Қазақстанда
мерзімді баспасөз ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары пайда болды. Ол
қоғамдық-мәдени өмірден маңызды орын алып,
үнемі даму жолында болды. Жұртшылыққа журналистика және
онан орын алған идеялар өзіне тән саясаттың аренасы
ретінде танылды.
Мерзімді
басылымға ең басты белгісі мерзімділігінен ерекшеленетін
әртүрлі басылымдар: газеттер, журналдар, белгілі бір уақытта
шығып тұратын жинақтар, ғылыми еңбектер
және жазбалар жатады. Олардың ішінде мерзімділік принциптеріне сай
екі негізгі түрін ерекше айтуға болады. Олар:
1. Газет –
жиі шығып тұратын (әдетте күнделікті) мерзімді басылым
түрі, оның басты міндеті – болып жатқан оқиғалар
ағымы туралы мәліметтер жеткізу және түрлі
ақпараттық мазмұнды материалдар жариялау.
2. Журнал –
жиілігі аптасына бір реттен аспайтын (әдетте ай сайын шығатын)
мерзімді басылым, ол кітап түрінде әр алуан саяси, ғылыми,
әдеби материалдармен жарық көреді [1; 195 б.].
Қарастырылып
отырған мәселе бойынша кезеңді 1870 - 1917 жыл деп алуды
жөн санадық. Алғаш Қазақстандық басылым
пайда болған мерзім, яғни патшалық Ресей кезеңі мен
1917 жылғы ақпан-қазан төңкерістері нәтижесінде
жүзеге асқан өзгерістер аралығын қамтиды.
Мерзімді
басылымдардың дамуы қазақ даласында кезеңге сай
өзгеріс болды. Қазақстанның Ресейге қосылу
үдерісі аяқталғаннан кейін, әлеуметтік
мәселелерді халықпен таныстыру мүмкіндігінің біріне
айналды. Ресей мұжықтарын орналастыру үдерісі, патшалық
әкімшіліктің отарлау саясатын бір қырынан танытып,
қазақ халқы да жер жетіспеушілігі салдарынан
отырықшылануға мәжбүр болды. Сонымен қатар,
алғашқыда әскери бекініс, сауда орталықтары ретінде
пайда болған қалалар мен ертеден қалыптасқан
кенттердің мүмкіндіктерін дамыта келіп, баспа ісін дамытты.
Әлеуметтік-саяси мәселелердің ушығуы, әлемде
болып жатқан мәдени өзгерістер ХІХ ғасырдың
соңы ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы
мерзімді баспасөздің дамуына ықпал етті.
Деректанушы
Қ.А. Есімов «Қазан төңкерісіне дейін
Қазақстанда 13 баспасөз басылымдары шықты.
Олардың ұзақ уақыт шығып тұрғандары
«Түркістан уалаяты» (1870-1882), «Дала уалаяты» (1888-1902) газеттері мен
«Айқап» (1911-1915) журналы болды. Қазақ
баспасөзінің тарихы осы екі газет пен журналдың
шығуынан басталды» [2; 154 б.] дейді.
Ал
ұзақ жылдар бойы қазан төңкерісіне дейінгі
ұлттық басылымдардың тарихын зерттеуші, олардың
мазмұндалған библиографиялық көрсеткішін жасап,
мәтіндерін қайта бастыру арқылы бүгінгі
оқырманға жеткізуші ғалым Ү.Субханбердина «Революциядан
бұрын қазақ тілінде 14 газет, бір журнал шыққан» [3;
124 б.] дейді.
«Түркістан
уалаяты газеті» 1870 жылы сәуірдің 28-інде (ескі стиль бойынша)
Ташкент қаласында жарық көрген бұл газет, тек
қана қазақ тілінде емес, жалпы Ресей қол
астындағы барша түркі халықтары тілінде шыққан
алғашқы басылым болды [3; 71 б.]. «Түркістан уалаяты» газеті
әуел баста «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде
шыға бастады. Алғашқыда ол айына төрт рет, оның
екі нөмірі өзбек тілінде және екі нөмірі
қазақ тілінде шықса, кейін келе орыс тіліндегі газеттен
бөлініп шығып, қазақ және өзбек тілдерінде
шығарылды [2; 154 б.].
Патша
өкіметі тарапынан қазақ тілінде шығарылған келесі
және соңғы ресми газет «Дала уалаяты газеті» болды. Ол Омбы
қаласында, 1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 1902
жылдың 12 сәуіріне дейін шығып тұрды. «Дала уалаяты
газетінің» дүниеге келуі 1882 жылы құрамына
Ақмола, Семей және Жетісу облыстары кірген, Дала
генерал-губарнаторлығының құрылуымен байланысты.
Өйткені, баспасөз жөніндегі басқарма «Дала уалаяты
газетін» жергілікті халықты үкімет бұйрықтарымен
таныстырып отыру үшін шығарылып тұруға
рұқсат етті [3; 86 б.].
Аталмыш екі
газет патша әкімшілігінің Қазақстандағы ресми
басылымы болып, өлкедегі халықты орталықтың
бұйрықтарымен таныстырып тұруға міндеттеді. Дегенмен,
олар ХІХ ғасырдың соңына қарай қазақ
даласында болып өткен сан-алуан қоғамдық
құбылыстарды бейнеледі.
ХХ
ғасырдың басында түрлі бағыттағы басылымдар пайда
болды. Деректанушы Қ.Атабаев ресми газеттермен қатар
««Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» сияқты
ұлттық бағыттағы бейресми басылымдар. «Тіршілік»
сияқты таптық позициядағы газет қазақ тілінде
жарық көрген» [3; 38 б.] дейді. Ү. Субханбердина
жоғарыда аталған газет-журналдардың ретін айта келіп, «Дала»
(жылы белгісіз), «Қазақстан» (1911-1913), «Ешім даласы», «Бірлік
туы» (1917), «Сарыарқа» (1917), «Ұран» (1917), «Үш жүз»
(1917) «Тіршілік» (1917) [5; 6 б.] мерзімді баспасөздерімен
толықтырады.
ХІХ
ғ.соңы мен ХХ ғ. басындағы басылымдар қатарында
1907 ж. бастап «Ульфат» газетіне қосымша ретінде шыға
бастаған «Серке» газеті, 1911 ж. наурыздан – «Қазақстан»,
1911-1915 жж. шығып тұрған «Айқап» журналы, 1913-1918
жж. – «Қазақ», 1913 ж.
қыркүйек-желтоқсандағы – «Ешім даласы» газеттері
жатады. Сондықтан да болар: «Жұртқа жол көрсететін,
жұртты қайғыртатын, болашақ күнін болжауға
тырыстыратын һәм басқа да істерді тексеретін баспасөз,
яғни басылып шыққан газеттер, журналдар, мен кітаптар.
Білімпаз, жұрттан асып кеткен... жұртқа білімімен
қарасатын, олардың білімін жұртқа шашып, таныс
қылатын баспасөз» – деп, «Айқап» баспасөз
құру, ұлт баспасөзінің алдына қойылатын
міндеттері мен жалпы қазақ қоғамы алдындағы
маңызы туралы ашық жазады [6; 4 б.].
Жоғарыда
аталған басылымдар қатарында «Айқап» журналы мен
«Қазақ» газетінің маңызы зор. Қазақ
зиялыларының басын қосып, пікір-талас алаңына айналған
екі басылым, өзекті мәселелерді көтерді.
ХХ
ғасырдың бас кезінде болған елеулі
оқиғалардың – «Айқап» журналының баспадан
шығуы. Ол қазақтың тұңғыш
қоғамдық-саяси және әдеби журналы болды.
«Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық
болғанымен, іс жүзінде Шоқанның, Ыбырайдың,
Абайдың ағартушылық идеясы негізінде дамып келе жатқан
қазақтың қоғамдық ой-пікірінің,
әдебиетінің, публицистикасының прогресшілдік және
демократиялық дәстүрлерін жалғастырып, ілгері
дамытқан журнал болды. Оның редакторы демократ-жазушы
Мұхаметжан Сералин (1872-1929) болды. Журнал 1911 жылдың
қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйек айына дейін
Орынбор губерниясының Троицк қаласында ай сайын шығып
тұрды [2; 155-156 бб.]. Барлығы 88 саны жарық көрген. «Айқап»
журналының дерек көзі ретіндегі ерекшелігі, қазақ
даласында дістүрлі рухани жақындыққа негізделген,
түземдік-далалық басылымның бір түрі болуында.
Тұңғыш
журналдың неліктен «Айқап» атануы туралы М.Сералин: «Біздің
қазақтың неше жерде «қап» деп қапы
қалған істері көп. «Қап» дегізген қапияда
өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге
ылайықтап «Айқап» болды» дейді [3; 166 б.]. Қазақ
зиялылараның сол уақыттағы мақсаттарының бірі,
қазақты көшке ілестіру еді. Мақалалар,
өлеңдер арқылы білім алуға, ғылыммен
танысуға шақырды. М.Сералиннің журналды «Айқап» атауы
да осы себептен.
«Қазақ»
газеті 1913-1918 жылдар аралығында шығып, 265 саны жарық
көрді. «Қазақты» дүниеге келтірген және
оның тұрақты авторларының қатарында Алаш
қозғалысының халық таныған жетекшілері
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов
сияқты қайраткерлер болды. Осы азаматтар мен олардың сенімді
серіктері «Қазақ» газетін жалпыұлттық басылым
дәрежесіне көтерді [7; 26 б.]. Газеттің редакторы
болған – Ахмет Байтұрсынов.
Газеттің
неліктен басқа емес, Орынбор қаласында шығармақ
болғандығын зерттеушілер мынадай факторлармен түсіндіреді:
біріншіден, Орынбор шығыс пен батысты жалғастырып
тұрған ірі мәдени-сауда орталығы, екіншіден, онда араб
графикалы, қазақ тілінде газет шығару қолайлы бірнеше
татар баспаханалары бар. Көп ұзамай Орынбор қазақ
зиялаларының бас қосатын ордасына айналды.
«Қазақ»
газеті өзінің алғашқы адымын, саналы да мақсатты
күрес жолын, өзі дүниеге келген уақыты мен
қоршаған қоғамдық ортаның ерекшелігін
және ұлтының жағдайын анықтаудан бастады.
Газеттің бірінші нөмірінің бірінші жолдары «Заманына қарай
адамы» деген сөздермен басталды [3; 191 б.]. Мұның
мағынасы заманға сай болу, заманға бейімделу деген
мағынада болатын.
Жалпы
мерзімді басылымдар, қазақтардың сол уақыт
аралығындағы өмірінің барлық салаларынан
ақпар береді. Экономикалық-саяси, қоғамдық
ахуалдың өзгерістерін баяндайды.
Аталған
мерзімді басылымдар, қоғамдық сұранысқа сай пайда
болды және сол талаптарға толықтай жауап берді. Жағдайы
нашарлаған қазақ қауымының мүддесін
қорғап, келешегі үшін алаңдаған зиялылар,
күресудің осы жолын таңдап алды.
Патша
әкімшілігінің бұрмалау саясатын, қазақ
ауылдарында қалыптасып жатқан келеңсіз жағдайларды
ашық айта бастаған басылымдар заңсыз деп танылып,
қуғындала бастады. Патшалық ресейдің орнына келген
кеңестер билігі оппозиционер бола аларлық күштерді жою
мақсатында Қазақстанда шығып тұрған
көптеген басылымдарға шек қойды. Соған қарамастан,
қазақ зиялылары 30 жылдардың репрессиясына
ұшырағанша еңбек етті.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Атабаев Қ.
Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. Оқу
құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 302 б.
2. Есімов Қ.А.
Қазақстан тарихы деректануы. – Қарағанды, 1999. – 188 бет.
3. Атабаев Қ.
Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек
көзі (1870-1918). Ғылыми монография. – Алматы: Қазақ
университеті, 2000. – 358 бет.
4. Атабаев Қ. Мерзімді
басылым – ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың
басындағы Қазақстан тарихының дерегі ретінде:
Монография. – Алматы: Қазақ университеті, 1998. – 192 бет.
5. Субханбердина Ү.
Қазақ баспасөзі тарихынан. // «Айқап». Жинақ. –
Алматы, 1995.
6. Бимақанова З.Ш.
Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы (ХХ
ғасырдың басы – 1940 жж.). Тарих ғыл. канд. ғылыми
дәр. үшiн дайындалған дисс. авторефераты. – Алматы, 2010. –
32 бет.
7. Нұрпейісов К. Алаш
һәм Алашорда. - Алматы: «Ататек»,1995.– 256 б.