Педагогика магистрі А.Д.Жомартова, магистрант Армия Мурагер

 

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

 

Қазақстан спортындағы гендерлік стериотиптер мәселелері

 

Тақырыптың нақты мәселесін ашпас бұрын жалпы қазақ спорты  жайлы, елімізде спорттың даму деңгейі туралы тоқталып кеткіміз келеді. Қазіргі танда спорт қарқынды түрде даму жолында. Әлем додаларында, олимпиада ойындарында отандық спортшылар көптеген жеңістерге жетіп жатыр, ол әрине қуанышты жағдай болмақ. Елбасының қолдауымен, қазіргі таңда, спорт мәселесіне қатысты басшылардың қызығушылығы артуда. Спорт басқа салалар секілді көптеген қаражатты керек етеді, сол себепті мүмкіндігінше өңірлерімізде спортқа қаражат бөлінуде. Елімізде олимпиадалық спорт түрлерімен бірге олимпиада ойынына кірмейтін ұлттық спорт түрлері де қарқынды даму жолында.  Тәуелсіздігіміздің таңы атқан жиырма жылдан бергі уақыт ішінде біздің елімізде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту жолында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қыруар жұмыстар атқарылды. Елбасы спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында Н.Назарбаев 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеген болатын.[1]

Сондықтан, салауатты өмір салтын мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде жаппай насихаттау алға қойған стратегиялық мақсаттарымызға жету жолындағы басым бағыттардың бірі болып саналуы тиіс.

Елбасы Туризм және спорт министрлігі мен барлық деңгейдегі әкімдерге бұқаралық спорт пен дене шынықтыру ісін дамытуға бағытталған ортақ шараларды белгілеу туралы нақты тапсырма берген еді және ұлт денсаулығының келешегі үшін, үлкен спортта үміт артатын болашағымыз үшін бұл міндеттерді бірлесе атқаруымыз керек.

Алғашқы мемлекеттік бағдарлама 2001 – 2005 жылдар аралығын қамтыса, екінші бағдарлама 2007 – 2011 жылдар аралығына арналды.Екінші бағдарлама бойынша елімізде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, дарынды балаларға арналған өңірлік спорт мектеп-интернаттары, дыңолимпиадалық ізбасарлар даярлау орталықтары көбейіп, жекелеген спорт түрлері бойынша республикалық, өңірлік мамандандырылған спорт орталықтары құрылды.Қазіргі танда мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі балалар және жасөспірімдерге арналған мектеп пен мекемелерді дамыту болып табылады. Осы мәселемен айналысатын жалпы білім беретін мектептен тыс мекемелерге: балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектептері, спорттық шеберлік мектері, балалар мен жасөспірімдер мектептері және спорттық үйірмелер жатады. Жыл сайын аты аталған мекемелерде жоғары санатты спортшыларды, чемпиондарды  дайындап шығарады соның ішінде әжептеуір бөлігін біздің нәзік жанды ару қыздарымыз алып жатыр.

Қазіргі таңдағы спорт-әлеуметтік өмірде және адамның өміріндегі бірегей құбылыстардың бірі болып табылады. Ол әдемі, тартымды, адамдарға дене сапалары мен ішкі жан дүниесінің мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндік береді, сондықтан да аруларымыздың спортқа деген құлшынысы осы мәселемен анықталады. Олар тек қана әйел адамдарға сай спорт түрлерімен ғана айналыспай жаңа-жаңа олимпиада ойындарының бағдарламасына кіріп жатқан спорт түрлерін менгеріп қана қоймай, сол спорт түрлерінде ер адамдардың биік нәтижелеріне біршама қадам басу жолында.

Біршама зерттеушілердің пайымдауы бойынша ер адамдарға сай спорт түрлерімен айналысып жүрген әйел адамдардың бойында маскулиндік қасиет басым болады. Бірақ бұл мәселе қыз балалардың түр-келбетіне, ішкі жан дүниесіне кері әсерін барлық жағдайда тигізе бермеуі мүмкін. Дәл сол жағдайды біз  феминдік спорт түрімен айналысатын ер адамдарда байқауымыз мүмкін.

Спорт гендерлік стериотиптерге байланысты топтарға бөлінеді. Бірінші топ-тұлғаның сапасына байланысты маскулиндік-феминдік стериотип болып есептеледі.[2]

Сонымен, гендер дегеніміз не? Ол нені  нақты зерттейді? Қандай нақты  терминдер қолданылады деген сауалдарға тоқталып кеткіміз  келеді. Жалпы педагогикалық-психологиялық әдебиеттерді сараптай келе «гендер» – [gender] – жыныстың әлеуметтік және мәдени аспектілері деген мағына беретінін аңғарамыз. Әлеуметтік және қоғамдық ғылымдарда  «жыныс» (sex) және «гендер» (gender) ұғымдарының ара – жігін ажыратып қарастырады. Дәстүрлі түрде олардың алғашқысы адамдардың биологиялық жынысын анықтау үшін, анатомиялық – физиологиялық ерекшеліктерін белгілеу үшін қолданылды. ХХ ғасырдың 60 – шы жылдарына дейін адамдардың жыныстық айырмашылықтары олардың психикалық сипатының, темпераментінің, ерекшеліктерінің, ақыр соңында әлеуметтік рөлдері мен экономикалық дәрежесін, тіпті, азаматтық және саяси құқықтарын анықтайтын жіктеме ретінде қарастырылады. Осыған сәйкес бізді қызықтыратын негізгі мәселе—спорттағы гендерлік стериотиптерді талқылап қыз балалар мен ұл балалардың спорт түрлерін таңдау жолында өздерінің таңдауларына қатысты спорт түрлерінің, ағзаларына қаншалықты әсер тизізетінін анықтау мәселелесін шешудің дұрыс жолдарын табу болып табылады.[3]

Р. Мартенс тұлғаның әлеуметтік мәселелеріне байланысты «Әлеуметтік психология және спорт» (1975) атты кітабының авторы ретінде тұлғаның спорттағы әлеуметтік мәселелеріне қатысты сұрақтарды қарастырған.         Р.Мартенс мәдениет, отбасы, құрдастық, мектеп, қоғамдық мәртебе жайлы факторларға ерекше көңіл бөлген, бірақ спорттағы гендерлік әлеуметтік жағдай жайлы айтылмаған. Себебі, спорттық ғылыми зерттеулерге әйел адамдарға қарағанда, ер адамдарға қатысты қаражат көп бөлінген болатын. Әйел адамдар арасындағы спорт ұзаққа дейін танылмады. Өткен жүз жылдықтың 70-80- жылдарында   «ерлер айналысатын»  спорт түрлеріне әйел адамдардың қатысуы еке есеге көбейді, оларға дзюдо, ауыр атлетика және т.б. спорт түрлері жатады.[4]

Н.Б. Стамбулова (1999), спортпен айналысатын ер және әйел адамдар арасындағы айырмашылықты ажырата отырып, ер адамдарға қарағанда ерте спортпен шұғылдана бастаған және ұдайы спортпен айналысатын әйел адамдар үлкен жетістіктерге жетеді деп көрсеткен. Бірақ, ер адамдарға қарағанда, әйел адамдардың спорттық мәнсабы қысқа. Осыған дәлел ретінде, спортшылардан алынған сауал бойынша әйел адамдардың  60%-ы   10 жасқа дейін спортпен шұғылдана бастаған, ал  3,5%-ы  ғана спортқа15 жасынан бастап келген. Басым бөлігі спорттық мәнсабын 20 жасында аяқтаған.[5]

Әйел заты спорт  түрлерінде жоғары жетістіктерге жетуге ертерек тырысып бағады. Жарыстардағы сәтсіздіктеріне, жылдық кезеңде күштің дұрыс бөлінуіне, додалардың алдыңдағы психологиялық дайындығына көп көңіл бөліп, оның сәтсіз болуын күйзеліспен сезінеді. Командадағы құрбыларына қарағанда команда жаттықтырушысымен арақатынастарын  жақынырақ құруға тырысады. Әйел адамдар спортпен қатар басқа да салаларды алып жүре алады, әсіресе оқу-ағарту ісі де және де жаңа өмірді бастауға, спорттан кейінгі өмірге тез бейімделе алады. Ал ер балаларға келетін болсақ  қыздарға қарағанда спортқа кешірек келеді, спорт түрін айналысудың бірінші кезеңінде ойын, хобби ретінде қарастырады. Олар өз мүмкіндіктерін бірнеше спорт түрінде танып білгісі келеді, ақыры нақты бір спорт түрін тандамағанша. Ер балалар жаттықтырушыларымен жақсы қарым-қатынаста болады, бірақ та өз командаластарымен қарым-қатынас олар үшін алдыңғы орынға шығады. Сонымен қатар жоғарғы жетістіктерге жету үшін ер балалар басқа саладағы істеріне шектеу қойып спортқа көп көңіл бөле бастайды. Әсіресе бұл спорт ғұмырының мәреге жету кезеніңде айқын байқалады. Спорттан кеткен соң жаңа өмірге әйелдерге қарағанда қиынырақ бейімделеді.

1998 ж. Н.Л. Ильиннің зерттеуіне сай еркек адамдардың спорттан кетуге түрткі болатын мәселелердің бірі қаражат мәселесі болып табылатынын көреміз. Ал әйел адамдарға келетін болсақ олар үшін жанұя құру, дүниеге сәби әкелу маңызды мәселе болып табылады. Л.И.Лубышеваның ойынша жарақаттар, аурулар, спорттағы сәтсіздіктер, ағзаның үлкен жүктемелерге шыдамауы, спорттағы жетістіктердің төмен болуына түңілу әйел адам үшін күйзеліс тудырады да, білім алу мен жанұя құру ол үшін маңыздырақ болып табылады.[6]

2001 ж. Н.С.Цикунова өз зерттеуінде осындай мәліметтер жинады-таэквандомен жаңа айналыса бастаған қыз балалардың ер балалармен салыстырғанда батылдығы,тез шешімге келуі,еш қорқынышсыз жекпе-жекке шығуы айқынырақ байқалады деді. Қыздар эмоциялық тұрақтылығымен, жеңіл қарым-қатынасқа түсуімен ерекшеленеді, бірақ та өзін-өзі бірқалыпта ұстауы төмен болып табылады. Қыздар арасында осы спорт түрімен айналысудың бастапқы кезеңдерінде жетістіктері ер балаларға қарағанда жоғары болады.[7]

Е.П. Ильиннің зерттеуіне сүйенсек спортпен айналысатын қыздардың басым бөлігі спорттың өз мінез-құлықтарының қалыптасуына оң әсерін тигізгенін пайымдайды. Олар өздерінің жинақы, жан-жақты, тәртіпті, қойған мақсатқа жету белсенділігі сияқты қасиеттердің пайда болуын өзінің спорттық  әуесінің арқасы деп санайды. Спортшылардың тағы да бір тоқталған қасиеті топ бастаушылыққа, әр кезде жеңуге, жеңіске деген құлшынысының артуы осы спорттың арқасы арқылы пайда болған деп пайымдайды. Ал жанұяда доминант, топ бастаушы болуға спортшылардың тең жартысы ғана қызығушылық білдірді. Спортшылардың 64 %-ы спортпен айналысудың арқасында өзін сымбатты, сұлу сезінетіндігі жайлы айтқан. Ал 8%-ы өзінің салмағын шамадан тыс деп санайды, 14%-ы өзінің денесіндегі диспропорцияны ескереді. Әсіресе бұл баскетбол және жүзумен айналысатын қыздарда айқын көрінеді. Спортшылардың  66% -ы өзінің көріктілігіне, нәзіктілігіне көңілдері толған болса, 30 %-ы өз көріктілігі мен нәзіктілігіне  өзгеріс енгізгісі келетіндігін атап өткен, ал 3,5 %-ы өздерінде мүлдем оңдай қасиет жоқ деп санайды. Спортшылардың 87%-ы өздерінің ер балаларға «тартымдымыз» деп санайды. Осы деректерге сүйене келе әйел затының көп бөлігі спортта нәзік жан ретінде өзін қолайлы сезінетіндігін дәлелдейді. Олардың ішіне бойлары биік, ұзын қыздардың өзі кіреді (әсіресе баскетболшы қыздар)[8].    

Э.Кречмер «ер балалық» спорт түрімен айналысатын ер балалар мен қыз балалардың ағзасында байқалған өзгерістерді кесте ретінде көрсетеді, кесте 1.

 

Кесте 1. Дене бітімі күшті дамыған спортшы ер және қыз балалардың салыстырмалы кестесі (Э.Кречмер бойынша)

Көрсеткіштері

Ер бала

Қыз бала

Бойы

Орташа, көбінесе ұзын бойлы болып келеді

Орташа, сирек-ұзын болып келеді

Салмағы

Қалыпты

Қалыпты

Бойы мен салмағының сәйкестігі

Сәйкес, кей жағдайда бойы ұзынырақ болып келеді

Сәйкес,кей жағдайда ер бала типтес дөрекі денелі болып келеді

Дене бітімі

Көрсеткіштері  

Ер бала

Қыз бала

Иықтары

Өте кең

Кейбір жағдайда кең

Көкірек

Кең

 

Бәденнің пішіні

Астына қарай тарылтылған

 

Сүйек құрылымы

Дөрекі,томпиған

 

Түпкіліктері

Қол аяқтары ұзын көп жағдайда шоқ пен табандары алып болып келеді

Ер балалар секілді

Май жинау бөлімдері

Қалыпты, қарын аумағында жиналмайды

Қалыпты барлық дене мүшесіне дұрыс таралған

Кеуде мен белден төмен аумақтың сәйкестігі

Кеудемен белден төмен аумақ бір-біріне сәйкес келеді

 

Құрыла бастаған кезеңі

18 жастан

 

Кәрілікте болатың өзгерістер

Кәрілікте дене босансиды

 

Бас сүйегі

Ұзын, жіңішке, орташа болып келеді

 

Беттің пішіні

Жұмыртқа тәріздес жақтың орта бойы ұзын болып келеді

 

Мұрын

Қайраусыз анда-санда ұзын болып келеді

 

Беттегі шаш өсімталдығы

Өте қатты өсімталдық

Ер бала тәріздес қыз балаларда еріннің үстінгі жағында және де жақтың астыңғы жағында өсімталдық пайда болады

Қол-аяқтың өсімталдығы

Қалыпты

Ер бала тәріздес қыз балаларда аяғында өсімталдықтың артуы болады

Беттің түсі

Беттің түсі боз немесе қоңыр боз болып келеді, аффектті жағдайда қызғылт қоңыр болып келеді 

Ер балаларға сай болып келеді

Терісі

Қалың, кейбір жағдайда-жас, таза  көп жағдайда-таза емес , ісіңкіреген, аз созылмалы болып келеді   

 

 

Десек те, кәсіби спорт түрімен айналысу ер азамат үшін де, әйел азамат үшін де түрлі ағза өзгерістеріне әкелетінін айтып кету керек.

Еркектер мен әйелдерде спортта болсын немесе басқа салада болсын өзіне сай психологиялық, тұлғалық, темпераменттік, мінез-құлықтарында өзіне сай ерекшеліктері болады. Енжарлықты, батылсыздықты, басыбайлықты, логикалық ойлаудың жоқтығын, әртістікті, эмоцияға берілуді, әсемдікті, сәнділікті, сымбатылықты тек қана әйел адамдарға жататын мінез-құлықтар деу қате болар. Әйел заты үшін мәнерлеп сырғанау, синхронды жүзу мен гимнастика көп пайда әкелетін спортқа жатқызуға болады. Әйел адамдардың ағзасына, мінез-құлықтарына зиян әкелетін, кері әсерін тигізетін маскулиндік қасиеті басым  спорт түрлеріне мына спорт түрлерін жатқызуға болады: бокс, ауыр атлетика, күрес, шаңғымен трамплиннен секіру сияқты спорт түрлері.

1998 ж.Ю.В.Краева мен В.Б.Мяконькованың  зерттеуі бойынша дзюдо күресімен айналысатын спортшы қыздарда ер балалармен салыстырғанда қызуқандылығында аса көрнекті өзгеріс болмайды, бірақ бірнеше зерттеулерге сай қыздардың ағзасында тестестеронның көбеюі, эстрогеннің азаюы және де маскулиндік қасиеттің артуы осы спорт түрімен айналысатын қыз балаларда байқалады. Кейбір зерттеушілердің ойынша дзюдо күресі қыздардың ағзасына кері әсерін береді, денсаулығына зиян келтіреді деген шешімдер шығарған. Л.И. Лубышеваның зерттеуі бойынша спортпен айналысатын қыздардың арасында жүргізілген сауалнама мынадай нәтижеге алып келді: Спортшылардың 45%-ы өзінің қызуқандылық пен қатігездігін жоққа шығарады, ал 5%-ы спорттың салдарынан өз ағзасында қызуқандылықтың шектен тыс пайда болғаның ескереді. 7,8 %-ы спортпен айналысқанның салдарынан мінез-құлықтары мен қимыл қозғалыстарында қатігездіктің пайда болуын айтады.[9]

Жоғарыда көрсетіліп кеткен зерттеулерге сай мынадай қорытындыға келдік қазіргі таңда әйел затына бұрын шектеу қойылған спорт түрлерінің бәрі қазір қол жетімді. Бұны бізге XXI ғасырдың феномені ретінде қабылдауға болады. Cпорттың дамуына байланысты әйел адамдарға спорт түрін таңдауға, айналысуға шектеу қойылмаған тек қана еркектер айналысады деген спорт түрлері қазіргі таңда шектеулі деп айтуымызға болады. Бірақта ер адамдарға арналған спорт түрлерінің әйел адамның ағзасына толықтай әсері әлі толық зерттелмеген. Ғалымдар, зерттеушілер әлі толық астарларын, ағзаға қиын-қиын жүктемелерден кейін түсетін кері әсерлерін жаңа-жаңа анықтауда. Әйел адам болашақ ана болғандықтан, ұрпағымызды жалғастырушы болғандықтан, бұл жай ғана айтылып кететін мәселе емес деп ойлаймыз. Нәзік жанды қыздарымыз атақ үшін,қаражат үшін өз күштерін, денсаулықтарын  аямай   тер төгуде, оның бәрі болашақта ағзаға кері әсерін тигізбеске кім кепіл? Елдің намысын жердің намысын қорғау намысты бермеу, әрине керек, бірақ денсаулық бұл жағдайда жапа шекпеуі тиіс. Спорттың ағзаға деген оң әсері мол, тек қана бұл спорт түрін қыз бала дұрыс таңдаған жайда. Ал маскулиндік қасиет басым ер балалар басым айналысатын спорт түрлері мысалы: бокс, күрес, ауыр атлетика т.б. спорт түрлеріне тоқталатын болсақ зерттеу нәтижесі бойынша физиологиялық, медициналық козқарастан қарасақ та бұл нәзік жанды аруларымыздың ағзасына кері әсерін тіпті кей жағдайда зиян келтіретінін аңғарамыз. Сол себепті бұл спорт түріне қыз баланы бермес бұрын оның ағзасында болатын өзгерістерін ескеру керек. Нәзік жанды аруларымыз үшін өздеріне сай көркем гимнастика немесе жеңіл атлетика, ойын түрлері және т.б. қыз балаларға жарасымды спорт түрлері көп. Қорытындылай келе нақты деректерге сүйене отыра  қыз балаларға спорт түрін таңдар алдында  таңдаған спорт түрінің оң жағын, кері жағын таразыға салып салыстырып өз көңіліне сай, ағзасына зиян келтірмейтін, өз ішкі дүниесіне сай етіп таңдауы тиіс деп ойлаймыз.

 

 

1.       Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасы, Егеменді Қазақстан газеті, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің 2009–2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары», «ҚазақстанРеспубликасы Білім және ғылым министрлігінің 2009–2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары».

2.       Гасанова З. А. Женщины в изначально в мужских видах спорта / З. А. Гасанова // Теория и практика физической культуры. 1997. № 7. С. 15—24.

3.       Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі:Педагогика және психология  А.Қ.Құсайынов. Алматы, 2002.

4.       Р. Мартенс  «Әлеуметтік психология және спорт». М. (1975).      

5.       Психология спортивной карьеры  Н.Б.  Стамбулова   Санкт-Питербург,1999 г

6.       Динамика мотивации на протяжении спортивной карьеры.           Н.Л.  Ильина, Санкт-Петербург, (1998).

7.       Гендерный анализ особенности детей, увлекающихся восточными единоборствами.  Н.С.  Цикунова.    Питер, 2001г.

8.       Ильин Е. П. Дифференциальная психофизиология мужчин и женщин / Е. П. Ильин. СПб.: Питер, 2003 г.

9.       Появление агрессии у спортсменов разных видов спорта.              Ю.В. Краева, В.Б. Мяконькова. Психология и педагогика - новая интеграция: Материалы 24-й научной конференции: СПб, ГАФК им. П. Ф. Лесгафта, (1998)