Дюсембекова Асел Елеуовна, Зупиянова Бакыткул Толегеновна

Қазақстан  Қарағанды қаласы  ЖББОМЛ№53

 

Мектептегі тәлім - тәрбие жүйесін халық педагогикасы негізінде жүргізу

 

Әр халықтың ғасырлар бойы мысқылдап жиналып, бейне бір арнасы кең өзендей асқар таудай болып қалыптасқан өзіне тән салт-сана, дәстүрлері болады. Бұл салт-сана, достүрлер сол халқықтың адам тәрбиесі, адамгершілік дүниеге, өмірге көзқарасы мен рухани күйінен туған. Сол үшін де ол халықтың жан дүниесінің айнасы, ұрпақтарының кәдір тұтар мұрасы болып қалады.

Бірақ салт-сана, дәстүр біткеннің бәрі тапжылмайтын, өзгермейтін, қатып қалған дүние деп қарауға әсте болмайды, ол дәуірден-дәуірге, ұрпақтан-ұрпаққа өткен сайын, сол өзі өмір сүрген заманның, ортаның көзқарасына, қажетіне қарай мазмұнмағына алып, байып, жаңғырып отырады, жаңа, жас сипат алады. Яғни керектісі сақталады да, тозғаны өмір кешіне ілеспей қала береді. Мұның өзі табиғи тұрғыдан алып қарағанда заңды да.

Өйткені адамның тыныс-тіршілігі сол өмір сүрген қоғам өмірімен тұтасқан. Кісі өзінің жеке басының қамы үшін емес, қоғам мүддесі, ұрпақ болашағы үшін өмір сүруге, сол үшін игілік жасауы керек. Адамның, қуаныш, қайғысы да, салтанат, көргісі де, барлық байлық, ырыс-дәулеті де сол болмақ.

Қай дәстүр болмасын халықтың көз қарасынан туып, тұрмыстық қажеттілік сынынан етіп барып қалыптасады. Қазақ халқының ұлттық тәлім-тәрбиесі мен мәдениеті талай халықтардың өкілдерін тәнті еткені тарихи жазбалардан белгілі.

Халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ойлау тәсілдері, адамгершілігі, этникалық құқықтық нормалары, бір сөзбен айтқанда, халықтардың руғани байлығы, педагогикалық бағдарлы мектебіміздің беретін білімінің мазмұны-зерттеу нысаны.

 Халықтардың тәрбиедегі дәстүрлі байланысы сақталуының қажеттілігінің болмауы ұлттық тәрбиеге зиян келтіретіндігі негізге алынған, өйткені, этнопедагогика рухсыздыққа ұлтты жоққа шығаруға тосқауыл [1].

Рухани өмірдің қажеттерін өтеудегі адамзат қоғамының ең жоғарғы құндылықтары-шығармашылық, сүйіспеншілік, бостандық, еңбек пен бақыт, қайғы мен қуаныш сезімдерінің бірлігінен туады. Осылардың нәтижесінде жеткен табыстар рухани құндылықтар. Рухани құндылықтардың адам өмірінде өз міндеттері бар. Аса жоғары құндылық – махаббат, өмірден бақыт табуға ұмтылушылық.

Ең қиын құндылық-бостандық, еркіндік. Еркіндік тірі организмнің дамуы, яғни, баланы дамыту үшін рухани құндылықтар қажет екені айтпаса да түсінікті.

Жантану пәні-сөйлеу, ойлау мәдениетінің қағидаларын меңгерту арқылы руһын шынықтырып қана қоймай, уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық мінез-құлықты қалыптастырады.

 «Әуелі-руханият, одан кейін өркениет»,- деп Х. Зейдан айтқандай, дәстүрлі Ұлттық мектепке ұлтжанды тәлімгерлерді даярлау қажеттілігі туып отыр [2].

Білімдікке қол жеткізудің басты шарты-адамның ұлттық  рухының мықтылығында. Рухы мықты адам адамзатқа қызмет етеді. «Адамзатқа қызмет етпеген ақыл қатерлі»,-деп Софокл айтқан.

Халықтың рухани қазынасы – бүгінгі күнмен жалғасқан өткен дәуірлер шежіресінің куәсі, ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінің айнасы. Сондықтан, оны тәрбие берер педагогикалық құрал ретінде қарастыру керек, өйткені ол қазақ дүниетанымының бұлақтары.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары дәстүрлі мәдениет саласында негізгі Үш қызмет формаларымен: 1) тұрмыстық отбасының; 2) діни; 3)Шаруашылық (мал және ауылшаруашылық) тұрғыдан байланысты.

Мектепте дұрыс тәлім-тәрбие беру нәтижесінде келісті келін, тәрбиелі бала, мейірімді ата-ана, ұлтжанды, инабатты, ұлағатты тұлға тәрбиеленіп шықса мақсатқа жеткендік болады. Ал қазақтың Ұлттық мектебі ұлттық дамудың ерекшеліктеріне сай ұлттық мектеп болып қалыптасуы шарт, себебі әр елге, немесе, әр мемлекетке бірдей, бірқалыпты педагогикалық теория да, білім жүйесі де болуы мүмкін емес.

Сондықтан да, болашақ ұлт дәстүрі тұрғысында тәрбие беретін мектеп, болашақ қазақ мектебі қандай болуы керектігін терең пайымдау қажет, қазақтың тағдыры, келешегі, мектептің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. «Мектебіміздің өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізін құра білмесек, келешегіміз күңгірт»,-деген болатын М. Жұмабаев [3].

Ұлттық мектептегі тәрбиенің негізгі міндеттері:

1.Оқушыларды ұлт алдында тұрған ерекше істерді шешуге даярлау.

2.Өз халқының ғасырлар бойы қол жеткізген табыстарына ұмтылуға тәрбиелеу

3.Ата-баба салты мен дәстүрлі әдет-ғұрпымен қайта табыстыру.

4.Мектептің тәрбие жүйесін ұлттық мәдениет пен ұлттық педагогикаға негіздеу.

5.Оқушылардың ұлттық санасын қалыптастыру.

6.Ата-бабамыздың асыл мұралары арқылы рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі, ұлттық мәдениетін құрметтеу сезімін жетілдіру.

7.Экономикалық, экологиялық, эстетикалық, құқықтық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс.

Ұлттық мектепте білім беру жүйесінде ұлттық тәрбие беру бағытына баса назар аудару қажеттігі ескерілу керек. Олар: 1). Ғылым негізін оқыту арқылы қазақ халқының ерекшелігі мен дүниетанымы, кәсібі, экологиясы, салт-дәстүрі, ортасы, әдет-ғұрпы мен шаруашылығы туралы түсінік қалыптастыру; 2). Арнайы пәндер арқылы туған өлке туралы, тарихы мен мәдениеті, дін тарихы, отан тарихы, халық ауыз әдебиеті, халық тағылымы, отан географиясы, отан тану пәні туралы жеке тұлғаның бойына сіңіру; 3)Арнайы тәрбие беру арқылы ұлттық педагогика идеяларына негізделген сыныптан тыс үйірмелер, т.с.с. шаралар жүргізу, ұлттық үлгіде киім-кешек, зергерлік өнердің үлгілерімен безендіру.

Әр халықтың дәстүрі де әр түрлі. Оған себеп: сол халықтың ежелдсн келе жатқан тұрмысы, мен тіршілік еткен географиялық ортасы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өмірге көз қарасы, шаруашылық тіршілігі т.б. Сондықтан да халық дәстүрінің қай-қайсысы болсын ортақ ой, ортақ өмірден туған ортақ қазынаға жатады. Қазақ халқы ежелден, көшпелі, ортақшыл ел, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, басқа түскен қайғы-қасірет, куаныш-шаттық болсын бірге көтеріп келеді. Қолда барды бірден бөліп пайдаланған, өзара бір-біріне көмектесу сияқты белгілі бір коллективке тән дұрыс әдет-ғұрыпты туғызған. Сол әдет-ғұрыптар ұзақ замандарға талмай жетіп, сол халықтар өзіне тен берік дәстүрінің негізін салған.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.     Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелерi және тарихы. – Алматы: “Бiлiм” 2004 ж.

2.     Жарықбаев К.Б., Қалиев С. Қазақ тәлiмiнiң тарихы. – Алматы: “Санат” 1995 ж.

3.     Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы: “Санат” 2001 ж.