Мейірбекова Рабиға

№8 Төле би атындағы мектеп гимназиясы, Тараз қаласы, Қазақстан

 

ШЕТ ТІЛІН ОҚЫТУДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІС – ТӘСІЛДЕРІ

     

Қазіргі заман мектебінің басты мақсаты – күннен күнге дамып, нығайып келе жатқан мемлекетімізге әлемдік құндылықтарды игеру арқылы рухани баю мен дамуға бағыт алған, ұлт мәдениетін жетік меңгерген, адамгершілік қағидаларын берік ұстаған жас жеткіншектерді тәрбиелеу. Жас ұрпақтың бойындағы қабілетін көру, оны жетілдіру ізденгіштік қасиетін дамыту мұғалімнің сабақ берудегі ізденушілік, шеберлік қабілеттеріне байланысты.  Бүгінгі күнде еліміздің мектептерінде оқытылатын әр пәнді оқытып, үйрету барысында қолданар озық үлгідегі әдіс-тәсілдері, қазіргі білім беру саласындағы оқытудың соңғы технологияларын, ақпарат құралдарын кеңінен қолдану арқылы ғана жаңа заман талабына сай білім бере алады. Әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатында еліміздің білім беру жүйесінде қазіргі кезде көптеген өзгерістер жүруде. Осыған орай еліміздің мектептерінің оқу үрдісіне инновациялық технологияларды енгізу белсенді түрде қолға алынып жатыр. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Педагогикалық технология – педагогикалық іскерліктердің жетістігіне жеткізетін ғылыми жобалау [3]. Жеке түлғаның қалыптасуын қамтамасыз ететін деңгейлеп саралап оқыту, сын тұрғысынан ойлау, ақпаратты-коммуникациялы оқыту, жобалап оқыту, коммуникативті оқыту, модульді оқыту технологияларының негізгі қағидалары-балаға ізгілік тұрғысынан қарау, оның өз бетімен білім алуына ықпал ету, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуға қабілетті, өзіндік пікірін анық, жүйелі жеткізе алатын жеке тұлға қалыптастыру, баланың танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту болып табылады [2]. Елімізде қолданылып жүрген технологиялар қатарында шет тілін оқытуда коммуникативті оқыту технологиясының маңызы зор. Қоғам талабына сай шетел тілдерін оқытуда қойылып жүрген ортақ міндет- тілді коммуникативті бағытта үйрету. Коммуникативтік оқыту технологиясының мақсаты: шет тілінде пікір алысуды пікір алысу арқылы үйрету, оқушылардың өз ойларын еркін жеткізуі мен өзара тіл табысып, сөйлеуді дамытуы. Коммуникативті оқыту технологиясы дегеніміз пікір алысуға негізделген әдіс [1]. Коммуникативтік – оқыту процесінің тілдік бағытын білдіреді, ол тіл дамыту жұмыстарының бір түрі. Тіл - қарым - қатынас құралы. Тіл игеру арқылы адам айналасындағы дүниені таниды, басқалармен қарым - қатынасқа түсе отырып оның ой өрісі кеңейеді. Коммуникативті оқытуда білім беру- оқушының өзін ауызша (тыңдап түсіну, сөйлеу) және коммуникацияға(оқу және жазбаша) тарту, яғни оқылып жатқан тілде бүкіл курс бойынша қарым-қатынасын қалыптастыру. Коммуникативтік әдіс шет тілін оқытудағы оқу тәрбие үрдісінің барлық мақсат-міндеттерін қамтиды. Басты көңіл бөлінетін нәрсе ол сөйлеу және оқу. Оқушылар сөйлеу мен оқуды меңгергеннен кейін жазуды үйренеді. Сөйлеу мен оқу арқылы дұрыс нәтижеге жеткен оқушы өз ортасында шет тілін еркін сөйлеп, тілді қатынас құралы ретінде пайдаланады. Коммуникативті технологияны пайдалана отырып сабақ жүргізгенде жұптық, топтық жұмыстардың, ойынның, әннің, жобалау жұмысының маңызы зор.         

Жұптық жұмыс барысында рөлдік ойындардың берері көп: басынан бастап сөйлеу ретінде жүргізілуі, тілдік серіктестің шынайы болуы; өздері ықылас білдіріп өз еркімен сөйлеуі.

Топтық жұмыс кезінде: оқушылар өзара пікір алысып, сөйлеу қабілеті артады, топ мүшелері арасында қарым-қатынас күшейіп ұжым құруға септігін тигізеді, өзгенің де, өзінің де ісін обьективті бағалауды үйренеді, оқушылардың іскерлік қабілеті артады. Оқушының сөйлеу іскерлігін дамыту үшін: салыстыра отырып әңгімелесу, мәтін бойынша өз ойын ортаға салу, пікір алмасу, проблемалық сұрақтарды талдау, логикалық ой тұжырымын дамыта отырып сөйлеу, түйіндеу, ситуацияға байланысты сөйлеу, ойындар арқылы сөйлеу, сұраққа жауап беру, қорытындылау, өз пікірін айту сияқты сөйлеудің түрлерін қолдануға болады. Оқушының оқу іскерлігін дамыту үшін мәтін кеңінен қолданылады. Мәтін - негізгі қарым-қатынас құралы. Мәтінді оқымас бұрын сұрақтар беріледі. Ол сұрақтар бойынша сол мәтіндегі мәселеге байланысты оқушы не біледі соны білу керек. Бұл жұмысты топ болып және жұптасып талқылауға болады. Оқушыны еркін сөйлеуге үйрету үшін сөздерді қайталату, оларды еркін қолдана білуге үйрету, грамматикалық материалдарды, сөйлем құрылымын орынды қолдануға үйрету де басты назарда болу керек. Тыңдап - айту. Сөйлеу үшін тыңдап түсінудің маңызы зор. Диалогты, әңгімелерді, мәтіндерді тыңдап, одан не түсінгенін анықтау үшін де әр түрлі әдіс - тәсілдерді қолдануға болады. Тыңдауға арналған мәтіндер оқылған тілдік материалға негізделіп құрылады. Тыңдалған әңгіме бойынша сұраққа жауап алу, сөз мағынасына назар аудару, сөз тіркестерін жазу, мәтінге ат қою, жоспар құру, ауызша қысқаша мәтіннің мазмұнын беру, әңгімеде естігенді өмірмен байланыстыру. Жазу - сөйлеуге үйренудің басты құралы болып табылады. Жазуды көбінесе грамматикалық жаттығуларды орындағанда, мәтін немесе тақырып туралы не айтқысы келгенін білдіру үшін қолдануға болады. 

Оқушылардың шет тілі пәніне деген қызығушылығын арттыруда көп ізденіп, жаңа инновациялық технологияларды меңгеруді, әр - түрлі әдіс-тәсілдерді білуді қажет деп санаймын.

Жаңа инновациялық технологияларды шет тілі сабағында қолданғанда күтілетін     нәтижелер:

-  үлгерімі төмен оқушыларға көмектеседі;

-  оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады;

-  сабақта пайдаланылатын көрнекіліктердің санын арттырады;

-  оқушылардың шығармашылығын арттырады;

-  оқушыларды жеке жұмыс істеуге үйретеді;

-  грамматикалық құрылымдарды оңай түсінуге көмектеседі;

-  оқушылардың есте сақтау, есту, көру, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады;

-  пікірталас, талдау, анализ жасау мүмкіндіктерін арттырады;

Шетел тілін үйрену тұлғаның рухани жан дүниесін байытады, ой-өрістерін кеңейтеді, көркемдік талғамын тәрбиелейді, халықаралық достыққа, мәдениетке тәрбиелейді.

Қорыта  айтқанда,   инновациялық  технологияларды сабақта  қолдану –  бұл оның нәтижелігіне  қолайлы  жағдайды  жасаудың бірден – бір  жолы, ал ол өз кезегінде  бірлесе  жұмыс  жасауға, адами  қарым – қатынастарға  себепкер болады.  Оқытуға жаңашыл көзқарасты  қолдану, тәжірибеге  бағытталған  оқытудың  үлкен  жетістігі болып  табылады , сондай- ақ  оның  сапасы  алынған  білімнің нақты  жағдайда мақсатқа жетумен қатар өмірдің  сапасын  көтеруде  үлкен  сұранысты  қанағаттандыруды  қамтамасыз етеді.

 

Әдебиеттер:
1.  Г.Кертаев. Оқытудың кейбір әдістері.
Алматы,1991.
2.  «Қазақстан мектебі» журналы
,  2009.
3.  Беспалько В.П. Педагогика технологиясы.1998.