АҒАРТУШЫ-ҒАЛЫМ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ МҰРАСЫНЫҢ НАСИХАТТАЛУЫ ЖАЙЫ

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Бупетаева С.Ж., Алиева П.С.

 

XX ғасырдың бірінші жартысында мәдени-ағарту міндеттерді жүзеге асыру үшін Қазақстанда мәдениет пен ағарту орындары ашыла бастады. Ағарту мен мәдениеттің жаңа ұйымы өз қызметін таптық бағытпен ағарту саласында дінге қарсы саясатпен бастады.

Өткен ғасырдың басында Қазақ АКСР-нің құрылуына байланысты халық ағарту комиссариаты құрылды. Бұл Қазақстанның барлық облыстарында халық ағарту ісін жаңғыртуға қолайлы жағдай туғызды. Соның нәтижесінде 1917 жылдан бастап халық ағарту ісінде көптеген игі бетбұрыстар жасалды.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін шаруашылықты қалпына келтіру, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, экономика мен мәдениетті ілгері дамытудағы басты міндеттердің бірі - жаппай сауатсыздықты жою, жалпыға бірдей білім беру болды. Бұл міндет барлық елді мекендегі халықтардың алдындағы өткір мәселелердің бірі еді.

Азаттыққа, тең құқылыққа ұмтылған мұсылман халықтары бірігіп, 1917 жылы мамыр айында Мәскеуде Бүкілресейлік мұсылман съездін өткізді. Петроградта мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұсынуымен бүкілресейлік мұсылман съездін өткізуге әзірлік жасау үшін қатарында Ахмет Байтұрсынов секілді зиялылар бар “мұсылман бюросы” құрылды. Осы съезде шеткері аймақтарға сырттан қоныс аударушылар тоқтатылсын, ұлт аймақтарындағы мектептерінде оқу ана тілінде жүргізілсін, дін істері үкіметтен бөлінсін, Ресей ұлттық федеративтік негіздегі демократиялық республика болсын деген мәселелер күн тәртібіне қойылды.

А. Байтұрсынов қазақ мектептеріне арнап («Әліппе», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш», т.б.) құрастырған оқулықтары мазмұндылығымен, ұлттық бояуымен ерекшеленеді. Өйткені онда енгізілген мақал-мәтелдердің, өлеңдердің, ертегілердің, санамақтардың тәрбиелік мәні зор. Ахмет 1925 жылы «Әліпбидің» жаңа түрін жариялайды. Бұл «Әліпбидің» мазмұны қазақ жағдайына қарай Мемлекеттік Білім Кеңесінің жаңа бағдарламасына үйлесімді болды. Әңгімелері балалар үшін қызықты, жеңіл, заманға лайық деп баға беріледі.  Ағартушы-ғалым А. Байтұрсынов қазақ тілінің оқыту әдістемесін жасап, жүйелі мақсатқа құрады. Басты мақсат қазақ баласының сауатын ашу болса соны іске асыру үшін алдымен «Оқу құралын» («Әліпбиді»), соңынан тілді тереңірек түсіндіріп баяндау үшін «Тіл құралын» жазды.

 «Жан мен тән» мақаласында адамның жан-жақты, үйлесімді дамуына ерекше мән беріп, кімнің тәні сау болса, жаны да сұлу болады және адамның рухани мәдениетінің негізі болып, оның оқып жиған білім, әдет-ғұрпы мен дағдылары, жақсы материалдық жағдайы, салауатты тұрмыс мен өмір әсер ететінін дәлелдейді. Сөйтіп бала тәрбиесімен бірге ұлттық санаға дейінгі педагогикалық мәселелерді жан-жақты зерделейді. «Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімін үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт  екенімізді білдірер едік», - деп армандайды.

А.Байтұрсыновтың «Мектеп керектері» мақаласында: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі хәм сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» - деп кадр мәселесіне айрықша мән беріп, оған қойылар талап мөлшерін нақтылай түседі.

Қазақ жерінде аралас мектептердің ашылуы, негізінен, прогрессивтік рөл атқарып, оның жергілікті халық үшін пайдалы жақтары болғанымен, қазақ халқы үшін ана тілінде жұмыс жасайтын мектептердің қажеттігі туды. Мұны сол кезде-ақ А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов сынды қазақтың көрнекті қайраткерлері жақсы түсінді. Мысалы, А.Байтұрсынов “Қазақ” газетінің 1914 жылғы 62 санында жарияланған “Мектеп керектері” мақаласында "Үкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі діні, тілі, жазуы сақталуы. Солай болған соң, бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек” деп өз пікірін ашық білдірді.

А.Байтұрсынов қазақ мектептеріне бағдарлама, оқулық, әдістемелік құралдардың, білікті мамандардың қажеттілігін баса айтты.

А.Байтұрсынов бастаған оқытудың жәдид (төте оқу) деп аталатын жаңа ағымы патша үкіметінің орыстандыру саясатына қарсы күресті. Жәдид ағымының өкілдері ұлт мектептерінің қажеттерін сөз ете отырып, мына мәселелерді көздеді: біркелкі оқу жоспары мен бағдарламасын жасау арқылы мұсылман мектептерін бірізге түсіру, оқу жоспарына арифметика, жағрафия, жаратылыстану, тарих, т.б. пәндерін енгізе отырып, шәкірттерге тиянақты білім беру, сауатсыз фанатик молдаларды тиісті білімі бар мұғалімдермен алмастыру, дыбыстық оқыту әдісін енгізу, мектеп пен медресе бітіргендерге емтихан тапсыратын куәлік бергізу, мектептерді мемлекет тарапынан қаржыландыру, мектеп үйлерін салу, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, мұғалімдерге тұрақты жалақы төлеу, т.б. мәселелерді шешуді талап етті. Ұлт аймақтарындағы оқу-ағарту, мәдениет мәселелерін Мемлекеттік думаның алдына (петиция) талап етіп қойды.

Батыс Қазақстан мұғалімдерінің 1920 жылдары пайдаланған А.Байтұрсыновтың оқулықтары мен оқу құралдарының тізімі жинақталған. Олардың ішінде оқытушыларға арналған әдістемелік көмекші құрал “Баяншы” (Қызылорда, 1920), ересек адамдарға арналған “Әліп-би” (Семей, 1921), мектеп балаларына арналған “Әліп-би” (Қызылорда, 1926) және тағы басқалары бар.

Ұлы ғұламанын еткен еңбегі еш кеткен жоқ, оның өзі өмір сүрген ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ қазақ интеллигенциясының «рухани көсемі» болған Ахмет Байтұрсынов туралы заманымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезов тебірене қалам тартып, «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі орны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымас қайраты... тарих ұмытпайтын іздер болмақ» деп, 1926 жылы «Ақ жол» газетіне көлемді мақала жазып, лайықты бағасын берген болатын.

Қорыта келе ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың қазақ халқы үшін жасаған ағартушылық еңбегі келешек ұрпақ үшін қызмет ете береді демекпіз.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Елікбаев К. Ғұламалар тағылымдары. //Қазақстан мектебі, 1991,№5

2. ҚалиевС., ОрынбаеваР., Нәзипа Құлжанова және Ахмет Байтұрсынов.  //Қазақстан мектебі,1997, №7

3. Шамшиева М. XX ғасыр басындағы білім беру жүйесі // Қазақстан мектебі 2005. №12

4. Бержанов К.Б., Мусин С. Педагогика тарихы.- Алматы, 1984.

5. Біткенбаева Ш. К. Қазақстанда сауатсыздықты жою жайында лениндік декреттің жүзеге асуы.- Алматы, 1982.

6. Құлдышев О. Жадидшілер - ұлт жанашырлары. // Қазақстан тарихы, 1996