ӘОЖ 342.7(574)

Сабдалина Ә.Қ.

“Казахстан” Республикалық Телерадиокорпорациясы”, редактор,

Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы

 

ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ КІРМЕ СӨЗДЕР

 

Кілт сөздер:  өлең жолдары, түсініктемелер, араб, парсы элементтері, кірме сөздердің бастапқы формалары.

Аңдатпа: Тіл тарихын зерттеуде әр тарихи кезеңге тән шығармалар тілін зерттеу – өзекті мәселе. Бұл ретте ата-бабаларымыздың рухани бастауының бір тармағы – жыраулар поэзиясына үңілмей кету мүмкін емес. Мақала барысында жыраулар поэзиясында кездесетін кірме сөздерді анықтауға тырыстым.

 

XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жырауларлардың шығармашылығындағы дінге қатысты араб, парсы кірме сөздері тілдік қордың дамуына елеулі үлес қосты. Қазіргі қазақ тіліндегі араб және парсы элементтерін негізінен екі топқа бөліп қарастырған дұрыс. Бірінші топқа – қазақ тіліне ежелгі заманнан еніп, әбден сіңісіп, өзінің алғашқы фонетикалық тұлғасын өзгертіп жіберген сөздер жатады. Мұндай лексикалық элементтердің өзге тілдерден кірген элементтер екені негізінен ұмытылып та кеткен деуге болады. Екінші топқа қазақ халқына ертеректегі жыраулар поэзиясынан жақсы таныс араб-парсы элементтері жатады. Қазақ тілінде мұсылман дінінің ұғымдарына қатысты араб, парсы сөздері аз емес. Тілімізге ислам дінімен бірге еніп, фонетикалық жағынан қазақшаланып кеткен мұндай элементтердің басым көпшілігі – араб сөздері. Діни ұғымды білдіретін араб тілінен енген сөздерге қарағанда, парсы тілінен енген сөздер едәуір аз. 

Бай да маңызды мұра қалдырған, шығармашылық жолдары сайрап жатқан, қаншама ұрпаққа рухани азық болатын жыраулар поэзиясының лексикалық сипатына тоқаталар болсақ, жыраулар шығармасындағы сөздерді лексика-семантикалық топтарға бөліп қарастырғанымыз дұрыс. Жыраулар шығармаларының лексикасы қазақтың төл сөздері және кірме сөздерден тұрады. XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жырауларлардың шығармалары лексикасындағы кірме сөздерге келсек, оларды араб және парсы тілдерінен енген сөздер деп қарастыруымызға болады. Жыраулар – замана бейнесін суреттейтін өлеңдер жазудың үлкен шебері екендігі баршамызға мәлім.

Қаз-үйрегі болмаса,

Айдын-шалқар көл ғаріп.

Мүритін тауып алмаса

Ағын болған пір ғаріп.

Ата жұрты бұқара

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп [1,25], – деп аяқталатын Асан қайғы өлеңінің бір шумағы сөзімізге дәлел. Шоқан Уәлиханов “көшпенділер философы” атаған Асан қайғы өз заманының үлкен ойшылы еді. Жырау поэзиясындағы [мүрид] – парсы сөзі. Біздің тілімізіде фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Яғни, сөздің бастапқы формасындағы “д” әрпі “т”-ға айналып кеткен. Қазақ тіліндегі мағынасы – хазірет, халфе, ишан, молда сияқты діни лауазымды адамдарға қол тапсырып, солардың ісін дәріптеуші шәкірт, ізбасар. Сондай-ақ, өлең жолдарындағы пір сөзі парсы тілінен енген. Бастапқы формасы – [пир]. Қазақ тіліне ену басрысында фонетикалық өзгеріске ұшыраған. “И” дыбысы “і”-ге айналған. Негізгі мағынасы – әзірет, қажы, ишан тәрізді діни қауымның бастығы, әулие.

Жорық жыршысы, көне қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі болған Доспамбет жырау шығармаларынан ортағасырлық көшпенділердің кейпін көруге болады. Сонымен қатар жыраудың асқақ рухы, берік дәті, өмірлік мұраты өлеңдерінен танылады.

Азау, азау дегенің

Әл-Ғұсман-паша жұрты екен,

Дін ісләмнің кірті екен.

Азаудың ер Доспамбет ағасы

Азаудың бір бұрышындай нарты екен  [1, 31], – деген өлең жолдарынан Доспамбеттің ер екендігімен қатар жұртының діннен хабардар екенін байқаймыз. Дін сөзінің өзі араб тілінен енген. Араб тіліндегі формасы – [дин]. Біздің тілімізге ауысу барысында фонетикалық өзгеріске ұшыраған. Алла тарапынан білдірілген әмір және тыйымдардың жиынтығын дін деп атайды. Дін – жыраулар поэзиясында жиі қолданылған сөздердің бірі, белгілі бір идеологияның жалпы атауы.

Жыраулар шығармаларында кездесетін араб-парсы сөздерінің тағы бір тобы – діни емес сөздер. Мысалы: тәуекел, сабыр, жігер, адал, арам, аманат сөздері. Олар біздің тілімізге араб және парсы тілдерінен ауысып, өздерінің полисемиялық мағынасын едәуір тарылтса да, бәрібір қазақ тіліндегі қолдану өрісі біршама кең болып қалған сөздер. “Жігер сөзі парсының [джегәр] деген сөзінен шыққан. Жігер сөзінің парсы тіліндегі мән-мағынасы қазақ тіліндегі қайсар, намысшыл, жігерлі, отты сөздерімен синоним болып келеді. Сабыр –  әдеп,  инабат тұрғысынан  әрқашан жоғары бағаланады.  Қазақ тіліне араб тілінен енген. Бастапқы формасы [сабир]. Сабыр сөзі араб тілінде де, қазақ тілінде де бірдей мағынада жұмсалады. Сабырлы болу  дегеніміз – кез келген күтпеген жағдайда өзін ұстай білу деген сөз. Қазақ тіліндегі  тәубе сөзі араб тіліндегі  [тәубәтун] сөзінен туындаған. Тілдік мағынасын ашатын болсақ – өкіну, жөнге келу. Діни тұрғыдағы мағынасы – күнә істегеніне өкіну. Олай болса, тәубе – маңызды және дәл уақытында кешіктірмей орындалатын әрекет. Келесі сөзіміз – тәуекел   араб  тілінің [тәуәккул] сөзінен шыққан. Ол бір істі бастамас бұрын, көздеген  мақсатқа жету үшін орындалады. Жалпы ислам шариғатында жұмысты тәуекелмен бастауға насихаттайды. 

Тұла бойым тұңғышым,

Менен туып тұр едің.

Жылы жерге алып бар

Қатын, бала тоңбасын.

Енді кейін қайтуға,

Қақ тағала жазбасын!

Түсімді алған кәрі едім,

Иманым болғай жолдасым!

Қайда барсаң аман бол,
Маңдайыңды Алла оңдасын! [1, 61] – деп өзінің үлкен ұлына Асан

батасын береді. Біз лексикалық мағынасын ашуға тырысып отырған иман сөзі де осы өлең жолдарында кезігеді. Қазақ тіліндегі [иман] сөзі мен ұғымы ислам діні арқылы, яғни қасиетті кітап Құран-Кәрім, хадистер аясында келген. Араб тілінде иман сөзі – сену, илану, нану деген мағыналарға ие. Қазақ тіліндегі негізгі ой – ұят, ар ождан. Осы тұрғыдан алып қарағанда тілдік тұрғыда мазмұндық ұқсастық бар.

XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың  шығармашылығының тілдік ерекшеліктері – одан кейінгі қазақ қоғамының ой-өрісінің дамығандығын, ұлттық ойлау жүйесінің өскендігін, әдеби жазба тілдің бұқаралық сипат алғанын және әлеуметтік маңызының артқандығын көрсетеді. Ал қазіргі таңда Қазақстан мемлекеті – дербес мемлекеттер қатарында әлемдік қауымдастық таныған, саясаты мен экономикасы алдыңғы қатардағы іргелі көшбасшы елге айналды. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ғылыми-техникалық прогрестің қарыштап, қарқынды жылдамдықпен дамыған әлемдік деңгейдегі өзгерістерде ұлттық тілдердің жұтылып, жоғалып кетпеуі барлығымызды да толғандырады. Бұл ретте ұлттық тілтаным өткен тарихымызды зерделеудің, дүниенің төрт бұрышына есік-тереземіз кеңінен ашылып, барлық елде бейбітшілік салтанат құрған заманда сырт мемлекеттерден енген тың ұғымдарды бейнелейтін төлтума сөзжасам, терминжасам біздің тәжірибемізді пысықтап, кәдемізге жарату – бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Бұл орайда тамыры тереңнен бастау алған XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың  шығармаларының тілдік нәрі мен әрінің қыр-сырын танып біліп, зерттеудің мәні ерекше.

Лексикология ғылымының маманы Ғ. Мұсабаев араб, иран тілдерінен енген кірме сөздер деп мына сөздерді келтірген: 1) шаруашылық, үй тұрмысына байланысты бұйымдардың атаулары: айна, таға, атырап, торап, шырақ, байрақ, базар, таба, орамал, бадам, перде; 2) мәдени-ғылыми ұғымдарды білдіретін сөздер: қалам, дәуіт, қағаз, мектеп, медресе, мәлім, мағлұмат, мереке, емтихан, ғалым, ғылым, пән, мешіт, кітап, тарих, тағы сол сияқтылар;  3) діни қызметті білдіретін сөздер: ораза, намаз, дәрет, парыз, аруақ, құдай, құдірет, аят, күнә, мәйіт, өсиет, бейіт, тағысын тағылар [2, 154]. Бұл сөздердің бәрі Л. З. Рүстемовтің “Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері деген еңбегінде толықтырылған. Л. Рүстемов парсы сөздерінің араб сөздерінен түркі халықтары тілдеріне кіруін бұрын деп санайды: “…түп-төркіні иран тілдес болып келетін сөздердің түркі халықтарының тіліне ауысуы, парсы және түркі тілдерінің өзара инфильтрация жасау процесі ертеректе, арабтар мұнда келмей тұрған кезде, араб мәдениетінің гүлденуінен әлдеқайда бұрын басталған [3, 45].

Араб-парсы тілінен қазақ тіліне ауысқан сөздердің ерекшелігіне тоқталсақ, олар қазіргі күні қазақ тілінің айтылуы бойынша қазақ тілінде қалыптасып, сіңісіп кетті. Сондықтан қазір ол сөздердің басқа тілдің сөздері екенін ажырату мүмкін емес.

Азау, азау дегенің

Әл-Ғұсман-паша жұрты екен,

Дін ісләмнің кірті екен.

Азаудың ер Доспамбет ағасы

Азаудың бір бұрышындай нарты екен  [1, 31], – деген өлең жолдарынан Доспамбеттің ер екендігімен қатар жұртының діннен хабардар екенін байқаймыз. Мұндағы “дін” сөзінің өзі араб тілінен енген. Араб тіліндегі формасы – [дин]. Біздің тілімізге ауысу барысында фонетикалық өзгерсіке ұшыраған. Түпкі формасындағы “и” әрпі “і” әрпіне айналып тұр. Құранда дін термині түрлі мағынада қолданылған. Ол “сот”, “тиісінше бағалау”, “ақырет күні” деген сөз айшығын білдіре келе адамның сенімінің негізі болып табылатын салт жораның жүйесі деген ұғымға тіреледі. Дін терминінің негізгі мәні – Аллаға құлшылық етудің міндеттілігі мен оның билігінің шексіздігі туралы айтылған идеясына байланысты.

         Доспамбет толғауындағы “ісләм” сөзі енді ғана жандана бастаған ислам дінінің элементі. Жырау поэзиясындағы бұл сөз де араб тіліне тән. Арабтың [ісләм] деген формада берілген сөзі біздің тілде қалпын сақтаған. Ешқандай өзгеріссіз сөздік қорымызға қосылған. “Құдайға берілу”, “құдайға құлшылық ету” деген ұғымды білдіреді. Ислам VII ғасырда араб елінен тараған, дүние жүзіне кеңінен белгілі дін. Алланың және Пайғамбардың бұйрықтарына сеніп, мойындаған, Аллаға берілген, іші-сырты таза адамдарды ислам дінін ұстанған деп айтады.

Араб, парсы, иран тілінен қазақ тіліне енген сөздердің тіліміздегі қалыптасу ерекшелігіне қарай екі топқа бөліп қарастыруға болады: қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі бойынша өзгерген және бастапқы формадағы дыбыстық құрамын толық сақтап қалған кірме сөздер. Қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі бойынша өзгеріп қалыптасқан діни бағыттағы кірме сөздер ауысу уақыты жағынан ертерек кезеңге жатады. Олар төмендегідей: [мүрид] – мүрит, [пир] – пір, [нафси] – нәпсі, [нәмаз] – намаз, [мосәлмән] – мұсылман, [Аллаһ] – Алла, [дин] – дін, [ісләм] – ислам, [шаһид] – шахид, [нииә] - ниет, [тауаф] – тауап, [әзраил] – әзірейіл, [фиғыл] – пиғыл, [хайр] – қайыр, [пәндә] - пенде, [молла] – молда, [әзан] – азан, [куффар] – кәпір, [тәубәтун] – тәубе, [тәуәккул] – тәуекел, [джегәр] – жігер, [сабир] – сабыр.

Араб, парсы сөздері қазақ халқының тарихымен, әлеуметтік тұрмыс жағдайымен тығыз байланысты болып, тілімізге кірігіп немесе әдеби тілге айналып, сондай-ақ тіліміздің өзіндік ерекшелігіне икемделіп әр түрлі мағыналарға ие болып өмір сүруде. Сондықтан араб, парсы сөздері қазақ тілінің сөздік қорынан орын алып, күнделікті сөйлеу тәжірибесінде де, көркем әдебиетте де үлкен орын алады.

Қазақ тіліндегі шығыс сөздері лексикологиясының нысаны ретінде зерттелгенімен, бұл орайда басын ашып ескерте кететін жайт – кейбір еңбектерде дефис арқылы жазылып жүрген араб және парсы кірме сөздерін “араб-парсы деп қосақтауға болмайды. Себебі олар тілдердің генеологиялық классификациясы бойынша туыстас тілдерге жатпайды. Араб тілі – семит-хамит, ал парсы тілі үндіевропа тіліне кіреді. Сондықтан, “араб-парсы тілдерінің элементтерін жеке-жеке қарастыру – бұл уақыттың талабы. Ең бастысы – араб, парсы сөздерінің қазақ тілділікке ауысуы талай-талай ғасырларға созылған ұзақ та күрделі тарихи процесс екенін естен шығармаған жөн.

Қазақ тілінің сөздік құрамына енген лексикалық элементтер де, сондай-ақ осы элементтерді яғни сөздерді құрайтын дыбыстар да қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына сәйкес тиімді өзгерітерге ұшырағанын нақты деректер негізінде дәлеледеп көрсетуге тырыстық. Бұл тұста ерекше назар аударатын бір нәрсе – қазақ тілінің өз табиғатына жат дыбыстар айтылмайтын болып, сөз ішінен түсіп қалып отырған сөйтіп, артикуляциясы жағынан ана тілімізге үйлеспейтін дыбыстар соған сапалық жағынан жақын тұрған фонемалармен алмасып кетеді. Кірме сөздер заңдылығын сақтау үшін тілдік қатынасты берік ұстанған дұрыс.

Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің грамматикалық сипаттамасы жөніне айтар болсақ, қазіргі қазақ тіліндегі араб, парсы сөздері жеке лексикалық элементтер түрінде және сөз тіркестері күйінде мүлдем басқа жүйедегі қазақ тілінің құрамына ене отырып, өздерімен бірге өз морфологиялық формаларын қазақ тіліне ала келеді. Араб және парсы тілдерінің мұндай морфологиялық формалары қазақ тілінің нормаларына сәйкес өзгеріп, қайта қалыптасты.

         Қазіргі қазақ тілінің сөздік қорындағы шығыстық лексиканың алатын орнын айтып өттік. Сонымен қатар ана тілімізде түрлі жолмен енген араб, парсы элементтеріндегі фонетикалық өзгерістерді, сондай-ақ бұл сөздердің грамматикалық сипатын, морфологиялық формаларын бүгінгі тіл білімінің биік талаптарына сай жан-жақты зерттей түсу керек деген ойдамыз.

         Заманымызыдың кемеңгер жазушысы Ғабит Мүсіреповтың “Тіл – халықтың мәңгілік мәселесі – деген сөздерінің мағынасын, міне, осындай тұста тереңірек сезіне түскендей боласың.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1 Бес ғасыр жырлайды. 1-том. Құрастырғандар: Мағауин М., Байділдаев М, – А.: Жазушы, 1989. –  384 б.

2 Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: “Арыс баспасы, 2008. – 472 б.

3 Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері. – Алматы: “Ғылым баспасы, 1982. –160 б.