М.МАҒАУИН ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ
ТАРИХИ ШЫНДЫҚ КӨРІНІСТЕРІ
Тәңірбергенова Г.К.,
Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.
М.Мағауин әңгімелерінде
өмір жатыр, өмірдің қатпар-қатпар
қойнаулары жатыр, сол өмір қозғалысындағы адам
тағдырлары жатыр. Адам
тағдырлары
арқылы уақыт бедерін
сезінесің, заман ағымын көресің.
Қаламгер мақсатын айқындайсың. Көркем әлемін
танисың да, таңданасың, тұщынасың. Адам
тағдырын суреттеу, оны оқырман санасына дөп тигізіп,
жүрегіне жететіндей баяндау нақ шеберліктің өзі.
Адамның өзгеден айырмашылығының өзі
оның болашаққа
деген сенімінде. Адам үмітін үзбей, сенімін кірлетпей
ғана ғұмыр кеше алады. Адам
бүгінгісін,
яғни күнделікті қам-қарекетін ғана
ойлап, алдағы күндерін ойлай ма, оған
көз жібере ме?
Жалпы алғанда, өмір – жұмбақ. Ендеше,
ерте ме, кеш пе, пәниден бақиға өткенінде өзіңді білетін адамдар ілтипатпен,
сағынышпен еске ала
ма? Адам, сірә, осындай
мақсатты алдына қойса, адамзат баласы мекендеген
ұлан-ғайыр кеңістікте жақсылықтың мерейі
үстем болып,
жамандық үнемі төменшіктеп тұратын
уақытқа тезірек жетуге
болатын шығар?! Осы сауал
қай адамды болса да толғандырары анық.
Қай заманда болмасын сөз
зергерлерінің алдында жетелеп отырар
ортақ ой, ортақ
мақсат бар. Ол – адамзатқа ортақ
мәселе көтеру. Ол –
жалпы адамзат мәселесін
көтеру. Адам - әлемде саналы, қуатты, келбетті, сонымен бірге
аса күрделі, аса жұмбақ жаратылыс. Оның қолынан
мыңдаған, миллиондаған адамға жақсылық
жасау, сондай-ақ, керісінше, зұлымдық жасау да келеді.
Адамзат тарихында қаншама дәуір артта қалса да, екі
аяқты, жұмыр басты пендені толықтай зерттеп, тәмамдап
болған еш ғылым саласы жоқ. Дегенмен, адамның
жұмбақтығы, күрделілігі жер бетіндегі барша ойлы
жандарды, әсіресе, ұлтына жаны ашыған тұлғаларды
айрықша ойлантты, айрықша толғантты. Қаламгердің
көркем туындыларында ұлттық дүниетаным, мінез сипатын
ашуда оны адамзаттық қасиетпен жымдастыра, қиюластыра
сөз етуі – басты міндет. Онсыз көркем әдебиеттің,
көркем туындының құны болмайтыны анық.
М.Мағауиннің қаламгер
ретіндегі ерекшелігі деп авторлық баяндауды, әңгімелік
баяндауды, кейіпкерлік баяндауды айтамыз. Осы баяндауларды табиғи
субьективтендіру арқылы адам мен адам, адам мен қоғам, адам
мен адамзат арасындағы аса күрделі қатпарлы байланыстар
әсіресе жазушы әңгімелеріне тән құбылыс.
Сондай-ақ автор мен кейіпкердің ішкі монологтарына эмоциялық
қуат дарыту да автордың қолданатын көркемдік тәсілі.
Мұның өзі адам сезімінің не бір қатпарлы
ағымдарын жарқырата көрсетуге қажетті көркемдік
құрал. Міне, осындай көркем прозаның озық
тәсілдері арқылы жазушының әңгіме
жанрындағы шын шебер екендігін танытып, шығармалары арқылы
қазақ әдебиетінде бар тұлғасымен жарқырай
көрінді. Жай көрініп қойған жоқ, өзге
қаламгерлердің де қолдауын тауып, бүгінгі
көркемдік ізденістеріміздің сапалық айғағы
ретінде орнықты.
Әдебиет қашанда, қай
кезде де өткен жай туралы жазады. Болашақты болжау
ғылымның ісі. Ал әдебиет оқиға жиынтығын
емес, оқиғадан кейінгі толғамды оқырманына жеткізетін,
жеткізіп қана қоймай ойландыратын, ой толғататын
құрал. Сондықтан ол тек фактыдан ғана
құралмай, сананың танымға айналуын білдіреді.
Өткен тарихымыздың бар болмысы автор тарихи тәжірибе ретінде оқырманына ұсынып, сол
арқылы бүгінге және
болашаққа қызмет етуде. Бұл
әсіресе, жазушының әңгімелерінен көрініс тапты.
Оның әңгімелерінің өзінде көлемі ірі
туындыларда аса көп айтыла бермейтін тақырыптар бар. Солардың бірі – отарлық езгі,
ұлттық мінез бен болмысқа тән жағдаяттар.
Мәселен, «Карлагтан хат», «Қара қағаз келген
Салық ағам» әңгімелері.
Алғашқы әңгіме
ауа-райының жайынан басталады. Табиғаттың
құбылысы тектен тек айтылмапты әңгіме басында. Бір
ғана қардың жауғаны, оның қалыңдығы
алдағы болатын оқиғаның ызғарлы екендігін
аңғартқандай. Сонымен, «Сол жылы қар өте
қалың түсті. Алдымен, жапалақ, одан соң
қиыршық. Қапалақ, содан соң түйіртпек (бір
ғана қардың осынша түрін мысалға алудың
өзі бір қаламгерлік ізденіс емес пе?). Күндіз-түні, ай
бойы аппақ болып жауады да тұрады. Үлкендер алдағы
жазда шөп бітік шығады, егінге жақсы деп ризашылық
айтқан еді, қар кернеусіз көбейген сайын қауіп ойлады.
Әзірше тымық, үп еткен жел соқпаса, аспан мен
жердің арасы ақтүтек сұрапылға айналады, құдай
сақтасын десті. Тым құрыса мына қар бекісе, осымен
тоқтаса десті. Қар бекіді, әуелгі бұрқасын
алақан, жаяу боранға ұласты, үскірік күшейе
түсті, бірақ орай жауған қар тоқтамады. Тау
жоқ, дала жоқ, өзен жоқ – жер дүние тегіс
тұлдырсыз ақ жазық ауылдың үсті
жып-жылмағай[1;194]. Автордың айтпағы не бұл жерде.
Әрине кеңес заманның қазақ еліне әкелген зардабы.
Алғаш ақ пен қызыл боп бөлінген жұрт, патшаны
тақтан құлатқан соң, елде бейбіт заман орнайды,
талауға түскен мал, әскер деп айдауға кеткендер елге
оралады, осылайша қой үстінде бозторғай
жұмыртқалаған заман орнайды деп күткен-ді.
Кеңестіктер оған сендірген елді. Көктегі тәңірге
бағынған ел, енді күн көсем деп адамға табынды.
Сөйтсек мұның бәрі алдамшы екен, нағыз
қырғын алда боп шықты. Қолдан жасалған
ашаршылық, кәмпеске, ұжымдастырудың ақыр
соңында «сүт бетінен қалқып алғандай»,
елдің баскөтерер азаматтарын баудай қыратын заман орнады.
Өз ағайынынан өзі үркіп, бір ауыз тілдесуден
қалды. «Халық жауы» аталғандардың туысқаны бар,
басқасы бар, барлығы да елден аластатылғандардың
кейпіне түсті. Зәредей көріп, ел күйесі
жұғып кете ме деп бір-бірінен саяқ жүретін боп алды.
Одан кейінде мұнымен тоқтамайды екен үскірік боран, одан
соң қырғын соғыс, қан майдан. Осылайша
қазақ әбден ойластырылған саясаттың
құрбаны боп, бетке ұстарлары кеткесін, тік айтып,
халқын алға жетелейтін басшысы болмағасын
айтқанға көніп, айдағанға еріп жүре
беретін, жүгені өзгенің қолында кеткен бір
тобырға айналды. Ал біздің қазағымыз жүгенді,
ноқтаны малын сатып тұрса да, өзгеге бермейтін. Сонда не
болғанымыз... Алдында ғой қар мол жауғанда,
Мағауин баяндап отырған ел қуанып еді, кеңес заманы
бізге бостандық, теңдік әпереді деп үміт еткен-ді.
Сөйтсек барынан айрылған тып-типыл елге айналыппыз қой
соңында. Тіпті, өп-өтірік жалған ұрандар тауып,
«қазаққа қазақ жау» дегізетіндей шамаға кеп
қаппыз. Жоғарыда келтірілген мысалдан, яғни бір ғана
табиғаттың кейпінен жазушы оқырманына қаншама сырды
жеткізді. Көкірегінде сәулесі бар оқушы мұндайға
бей-жай қарап қалмаса керек. Ол ол ма, одан кейінгі баяндалатын
оқиғаның мазмұны тіпті сұмдық. Оқып
отырып, осыншама нәубеттен қалай аман қалғанбыз дейсің
шарасыздықтан.
Жазушы қаламына
тән жаңа сипаттар мен өзіндік ерекшеліктер жоғарыда
атап өткен тұстармен ғана шектелмесі аян. Бұл тек
кейбір теориялық сипаты бар, шеберлігі мен ерекшелігі туралы сөз
болғанда міндетті түрде ескерілуі тиіс маңызды ізденістерін
ғана жүгірте нұсқап өткеніміз. Ал, олардың
қыр-сырын жеке-жеке тәптіштеп жатуға мақала міндеті
көтермейді. Сондықтан да олардың бәріне ортақ
сипат дарытар бір факторды атап өту қажет сияқты: ол -
әлгі жетістіктер мен табыстардың бәрі де жоғарыда
әдейі бөліп айтылған автор білімділігінің жемісі
екенідігі. Рас, көркем шығарма тек ақылдан тумайтыны
сияқты, біліммен де жазылмайды. Ол қолына қалам
ұстаған шынайы дарындарға жақсы мәлім.
Әйтсе де, сананың терең түкпіріне шөгіп
жатқан мол білім жазу үстінде қаламгердің ішкі
түйсігіне әсер етпеуі әсте мүмкін емес, әсер
етуді былай қойып, бағыттаушылық рөл атқарады.
Әйтпесе, оқу-тоқудың қажеті не, ізденудің қажеті
қанша?
Мәселен «Қара
қағаз келген Салық
ағам» әңгімесі. Шығарманың атауы да екі
ұшты ойды білдіріп тұр. Әңгімені оқымас
бұрын ойланасың: бір жағы таңырқасаң, бір
жағынан қызығушылық та тудырады. Сонда қалай,
қара қағаз деген адам енді жоқ, енді келмейді дегенді
білдірмеуші ме еді? Соғыс деген тажал адамды да, дүниені де
қомағайлана жұтып жіберетін сияқты еді. Оның
үстіне, Кеңес үкіметі абайсызда жасалса да жіберілген
қатені кешірмейді. Ол заманда қателесуге жол жоқ.
Қателессе, түзейді. «Қаққан қазықтай
етеді». Бұл үкімет «нағыз адамның» бейнесін жасады емес
пе?
Сонымен, Салық не қылған
кейіпкер. Жазушы мұнысымен не айтпақшы? «Салық ағама
қара қағаз келіпті. Мен оны білмеймін... Ал
өзінің келгенін жақсы білем. Тірі. Тірі болған
соң, аман-есен келді. Қара қағазға
қараған жоқ» [1;187]. Әңгіме осылай басталады.
Одан әрі автор сәл шегініс жасап, біздің кейіпкеріміздің
туысқандық жайын сөз етеді. Сөйтсек Салық сонау
алтыншы атадан табысады екен. «Е-е, аса көп жақын емес қой»
деп ойларсыз. Ол қазіргі заманда жақынын танымайтын, «өз ағасын
емес, кісі ағасын жағалайтындарға» қатысты сабақ
болсын деп айтқаны автордың. Бұрындары біздің
ата-бабамыз намысшыл еді, бауырмал еді. Жазушы мұны да астарымен беріпті.
Көзі қарақты оқырман түсініп алсын дегені.
Осы келтірілген үзіндіден
көркемдіктің құрығын көздеген нысанасына
қапысыз салуға машықтанған жазушы білгірлігі мен
білімпаздығын әбден аңғаруға болады. Оның
дарын табиғатына біткен аста-төк қабілет-шалымы да,
әлемдік көркемөнер айдынының тұнығынан
жүзіп жүріп сусындаған тәжірибесі де қыруар. Ол
айта алған ой, ол кестелеп үлгерген өнер барша
сыр-салмағымен, барша көрік-бояуымен бүгінгі таңда тек
қана Мағауинге тән ой, тек қана Мағауиндік
өнер болып отырған жоқ. Сонымен бірге, қазіргі
қазақ өнерінің және рухани ұмтылыстарының
бедерлі бір айғағына айналып отыр. Қазақ прозасында
әңгімелері арқылы айрықша бой көрсеткен көркемдік
тәсілі өз алдына бір мектеп десек асыра айтқандық емес
шығар.
«Карлагтан келген хат»
әңгімесі қазақтың басынан өткен
зобалаңның бірі – жаппай халыққа жау атанып кеткен
боздақтардың, одан басқа автордың өзі
айтпақшы «қаны сұйық, белсенділердің де», жазықтысы
бар, жазығы жоғы бар, айыптысы бар, айыбы жоқ болса да
айыпталатындар және де олардың жақындары турасында
оқиғалар баяндалады. Басты кейіпкер екінші кластың
оқушысы Мадияр кеудесінде оты бар, ойы ұшқыр, атасы мен
әжесінің тәліміндегі бала. Ата-анасы бар ғой,
бірақ қазақы салтпен үлкендердің бауырында.
Өзі жақсы, жоқ өте жақсы оқиды. Одан
әжесі қорқады. Баласының жақсы
оқығанына тіл-көз тиеді деп емес, одан да қиын
қатер бар екен, әжесі содан қорқып қалған
ғой. Үздік оқимын деп, басы бәйгеге тігілген
әулеттерінен шыққан Мүсілім ағасының жайын
күрсіне еске алады. Осы қатерге немересі де ұшырап кетпесе
дейді ғой ана жүрегі. Ана болғасында шығар
ұрпағының амандығын, бауырының бүтіндігін
тілейді. Азға шүкірлік етіп, жақсылық болсын деп
тәубесін айтудан жалықпайды. Осындай кеңпейіл ананың
образы тек қазақы әңгімелер де ғана кездесетін
шығар деп марқайып қоясың, өзімшілдік пе,
әлде ұлтқа деген мақтаныш па? Әйтеуір бұл
да қаламгердің шеберлігінен туындаған
көркемділіктің бір белгісі.
Сонымен Мүсілім ағасынан хат
келді ауылға. Мазмұнына қарасаң бұл
боздақтың әлдеқашан ұсталып, біршама жылдан бері
түрменің сызында бар ғұмыры өткендігін
аңғарамыз: «Міне қараңызшы... – Атама емес, маған көрсетті. –
Арабша емес, латынша емес, оған рұқсат та бермеуге тиіс, орыс
таңбасымен жазылған. Тек қазақша әріптер
жоқ, «қ» орнына «к». Мүсілім аға – оқыған
адам. Бірақ латыннан қазіргі жазуға көшпей
тұрғанда айдалған...», келесі үзіндіде: «Мағаш
аға» – деп бастайды. Содан
соң біздің ауылдағы көзкөрген тағы
үш-төрт ақсақалдың атын атаған. Бәрі
де ілгерінді-кейінді марқұм болып кеткен ағайындар.
«Соғысқа тартылған балалар түгел аман-есен
қайтқан шығар, өлгеніне иман, тірісіне береке берсін»,
– депті [1;198]. Қаншама уақыт бойы тар қапастың
зардабы мен ауыр жұмыстың азабын татқан Мүсілім сынды
кейіпкерлердің шынайы өмірде қанашамасы болды.
Мадиярдың атасының айтуы
бойынша: Мүсілімнің әкесі Бөжей де Том қаласында
дәрігерлік білім алып, елге оралып халыққа қызмет
еткен. Кейін баласын өзі, одан соң ауылда белгісіз себептермен
қалып қойған орыс жігіті оқытады. Мүсілімді одан
әрі Семейге, сосын бір үйір жылқыны ақшалап
Саратовқа оқуға жібереді. Оқуға ынтасы бар баласы
Мәскеуге ауысып, оқуын тәмамдаған соң,
ғылыми еңбегін қорғап, сол Мәскеудің
өзінде қызметке қалады. Қазақстан өкіметі
мұндай білімдар азаматтар өзімізге де керек деп алдыртып,
ақыры екі жыл өтер өтпестен әкесі бай, өзі
ұлтшыл деп ұстатып жібереді. Одан әрі Мадиярдың атынан
баяндалатын әңгіменің желісінен ұққанымыз
алыста, сонау карлагта жатқан Мүсілімге арнайы сәлемдеме «поселке»
дайындалады. Онда да бүкіл ауданда айдаудан он жылдан соң аман
келген Түсіп ақсақалдың айтуымен, ең
қажетті дегендері. Осылайша ауылдан ауданға жіберілген
сауқаттан да хабар келеді: «Атам ауданға барады. Шынында да,
Мүсілім ағаның жағдайы. Туыстық дәрежесін
айқындамақ көрінеді. Немере ағамның баласы, інім
дейді. Онда емешегіңіз үзілетіндей жақын емес екен дейді.
Жоқ, дейді атам. Етене туыс. Немере. Қазақта жеті атаға
дейін бірге туған есепті. Сіз феодализмнің ертегісін
қойыңыз, дейді Ерекше бөлімнің бастығы зекіп»
[1;201]. Осы келтірілген екі үзіндіден автордың нені
меңзегенін ұғуға болады. Алғашқысы
оқыған азаматтардың ел үшін аянбай қызмет
қып, өз басын өзі қатерге тігуі. Өткен замандарда
әкесі баласын оқыту үшін өз қаржысын
жұмсады, аз ақша емес, бір үйір жылқының
пұлын. Сонда да шет жерден еліне оралды қазақ жастары.
Қазір ше? Елдің, халықтың қаржысы да, үміті
де желге ұшқандай. Мемлекеттің қаражатына оқиды,
бірақ елге оралғысы жоқ, білімдарлардың. Сонда
бабаларымыз бізден намыстырақ па, әлде басын бәйгеге тіккен
ақымақ па? Жас ұрпақ жазушының осы
әңгімесін оқыса, одан соң дәл осы
сұрақты қойса не демекпіз?
Автордың келесі айтпағы
ағайыншылық, бауырмалдық. Қазақтың
ықылым заманнан бері келе жатқан жеті ата санайтын, тергейтін
салты, тектілікті жанынан артық бағалайтын ұлттық
қасиеті. Бұл жай алдыңғы әңгімеде де
айтылған-ды. Автордың осы мәселеге қайта-қайта
шұқшиып үңілгені несі? Әлде
дәстүрімізге көне заманның сарқыншағы деп
мұрнын шүйіре қарайтын шала, жаңа
қазаққа айтқан ескертуі ме? Нені айтса да, жанды
жеріңді жанитын қаламгерге тән ерекшелік, даралық,
даналық.
Жоғарыда айтылғанның
барлығы бүгінгі таңда қазақ
әңгімесінің жетістігі, қазақ өнерінің
мақтанышы деп айта аламыз. Мағауиннің суреткер ретіндегі көркемдік
тәсілдерін тілге тиек еткенде, тағы да бір жайды айтпай кетуге
болмайды. Ол адам өмірбаянын,
кейіпкер өмірбаянын жазатын суреткер емес. Ол адам санасының,
кейіпкер санасының жанайқайына ден қоюшы суреткер. Ол адам,
қоғам, адамзат болмысын шырқау биікке шығарып алып,
шұқшия зерттеуді мұратына айналдырған қаламгер.
Байқағанымыздай, әңгімелерінің көрінісі
көркемдігімен, кейіпкер бейнелері шежірелі шешендігімен,
оқиғасы тарихи деректілігімен қатар өріліп, астарлы сөз,
ой дариясының тұңғиығына шомылдырады.
Қорыта келе айтарымыз, Мұхтар
Мағауин шығармаларынан қаламгердің дүние мен
болмысты танып көркемдеуінен оқырманын баурап алатын, оны бей-жай
қалдырмайтын халқымыздың ділі мен танымына жақын
ақиқат аулынан ұзай қоймаған ой өрнегін,
түйінді байламын көресіз.
Әдебиеттер тізімі
1.
Мағауин
М. Көкбалақ. – Алматы, 2004.-248б.
2.
Қазақ
әдебиетінің тарихы. Он томдық.10 том.Тәуелсіздік
кезеңі (1991-2001жж). – Алматы, 2006.
3.
Дәдебаев
Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті. Лекциялар курсы. –
Алматы,2002.