Филологические
науки/ 1.Методика
преподавания языка и литературы
ф.ғ.д., Жұбаназар Асанов
Райбек Сағадатов
Қ.Жұбанов
атындағы Ақтбөе өңірлік мемлекеттік университеті,
Қазақстан
МӨҢКЕ БИ ТІЛЕУҰЛЫ (1675 - 1756)
Кеніш
ойдың иесі Асанқайғы Алтын Орданың орнына пайда
болған хандықтардың бәрінің құрып
бітетінін айтып бере алған еді. Қазақ тарихындағы осы
үрдіс сабақтастығын он жетінші ғасыр данагөйі
Мөңке Тілеуұлы (1675-1756) толғауларынан байқай
аламыз. Сол дәуірдегі қоғамдық болмыс пен
қоғамдық сананы терең зерттей алған
Мөңке қазақ халқын келешекте не күтіп
тұрғанын болжап бере алды. Ол айтқан осындай
толғауларының бірі профессор Серік Негимовтың «Шешендік
өнер» атты оқу құралына енді.
Құрамалы, қорғанды
үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай
сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне
шынтақ айналмайтын
Ежірей
деген ұлың болады.
Ақыл
айтсаң ауырып қалатын,
Бежірей
деген қызың болады.
Алдыңды
кес-кестеп өтетін
Кекірей
деген келінің болады.
Ішкенің
сары су болады,
Берсең
итің ішпейді,
Бірақ
адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ
түймедей дәрің болады,
Жастарға
билігі жүрмес кәрің болады.
Ертеңіне
сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен
алып түсетін інің болады.
Алашұбар
тілің болады,
Дүдәмәлдау
дінің болады.
Халықтың
қанын сорған адамдар болады,
Қабағын
түйіп қойып қайыр сұрайтын адамдар болады.
Қиналғанда
шапағаты жоқ жақының болады,
Ит
пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек
пен қатының болады.
Сарылып
көлік тосасың,
Құны
жоқ көк қағазды судай шашасың.
Соның
бәрін көресің,
Көріп
барып өлесің.
«Алдымен,
Мөңке бидің бұл тақпақтап айтылған
толғамы келер заман кейпін кемел көрегендікпен сипаттаумен
ерекшеленеді, – дейді ғалым. – Кесек ойлар кестелі, ұйқасты
тілмен өрнектелген. Болжаудың әрбір сөзінде суреткерлік
сипат бар. Түйінді тұжырым, бейнелі ой, сұлу сурет,
эмоциялық-экспрессивтік қуат бар» [1,125-б.]. Мөңке би
айтты деген сөздерде анахронизмдер бар екеніне ешкімнің дауы
жоқ, әйтсе де профессор ұсынып отырған жолдар
Мөңке дейтін би болғанын, оның толғаулар
шығарғанын айғақтайды.
Қазақстан Республикасының Орталық
ғылыми кітапханасында Мөңке туралы мынадай әңгіме
сақталған. «Бірде әкесі Тілеу сегіз жасар Мөңкені
ашамай ерге мінгізіп, тайының басын жетелеп, жолға шығады.
Олар қалың тұман түсіп, бағыттарынан адасып
қалады. Келесі күні жалғыз үй қонған
жұрттың үстінен шығыпты. Сол үйдің
көшкен сүрлеу ізіне түсіп жүре беріпті. Келе жатып бала
Мөңке:
– Мына үйдің он
ешкісі бар екен, бір үлкен көк серкесі бар екен, қара
шолақ иті бар екен, – депті. Кішкене жүргесін:
– Ата, мына үйдің
жалғыз түйесі бар екен, оң көзі соқыр екен, –
депті.
Біршама уақыттан соң:
– Мынау үйдің
әйелі екі қабат екен, айы-күні жақын, – депті.
– Шырағым, осы сен не айтып келе жатырсың?
– депті әкесі.
Сонда бала: «Mына көшкен үйді айтып келе
жатырмын», – деп жауап қатады.
Көп ұзамай көшкен үйді
қуып жетіпті. Үйге келсе баланың айтқанындай, он
ешкісі, бір көк серкесі, бір қара шолақ иті, оң
көзі соқыр түйесі бар екен. Әйелі екіқабат
күні жетіп отыр екен.
Тілеу сегіз жасар баласының білгірлігіне
таңырқап:
– Балам мұның бәрін қайдан
білдің? – деп сұрағанда, былайша жауап беріпті:
– Үйдің қонған жерінде
ешкінің жатқан орны он екен. Қақ ортасында
маңайына ешкімді жолатпай көк серке жатыпты. Оның серке
екенін ізінен білдім. Жүнінің көк екенін орнында
қалған қылшығынан білдім, – депті.
– Иттің шолақ екенін қайдан
білдің? – депті әкесі.
– Ит құмда шоңқайып
отырған екен. Отырған жерінде шолақ
құйрығының ізі түсіп қалыпты және
орнында қара қылшық жатыр.
Әкесі:
– Түйенің оң көзі соқыр
екенін қайдан білдің? – депті.
– Жолшыбай жолдың сол жағындағы
шөпті шалып жеп, оң жағындағы шөпке тимепті,
сонан білдім, – депті.
– Әйелдің жүкті екенін қайдан
білдің? – дегенде: – Ол түзге отырған жерінде екі қолын
тіреп тұрған екен. Екіқабат, күні
жақындағанын содан білдім, – деп жауап беріпті Мөңке» [2].
Бұл дерек
Мөңкенің әкесі Тілеу екендігіне бір дәлел бола
алса керек. Филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшадин
Керімов те өзінің Мөңке би туралы мақаласында
әкесі Тілеу дейді [3].
Оның есімі орыс-қазақ қатынастарына
байланысты құжаттарда таңбаланған, «Орта жүз
және Кіші жүз билері мен батырларының Нұралы
сұлтанды Кіші жүз және Орта жүз қазақтарына
хан етіп тағайындау туралы император Елизавета ханымға хатына»
Шақшақ Жәнібек тархан, Керей Наурыз билермен қатар
қол қойған адамның бірі Шекті руының
Мөңке биі [4]. Демек, Мөңке – ірі саясаткер.
Көрші отырған Ресейдің даму тарихын, жүргізіп
отырған аяр саясатын, ондағы өндірістік күштің
деңгейін, өндірістік қатынастар сипатын зерттеген адам.
Сондықтан да ол келешекте Алтын Орда орнына пайда болған
Қырым, Қазан, Ноғайлы т.б. хандықтар сияқты
Қазақ Ордасының да орыс отаршылдарының табанына
түсетінін анық біледі.
Өре
менен темірден жол тартылар,
Қоныс
болса алдыңнан орыс шығар…
…Орыс,
қазақ қосылып,
Бір-біріне
үйір болар,
Сөйткен
заман кез болса,
Түзелуі
қиын болар, – дейді ойшыл. Отарлық езгіге түскен
соң қазақ халқының қоғамдық
болмысы, қоғамдық санасы да өзгермек:
Көлдің
суы кетіп табаны қалар,
Жылқының
жүйрігі кетіп шабаны қалар.
Жігіттің
ақылы кетіп, амалы қалар,
Әйелдің
ұяты кетіп, ажары қалар.
Сөздің
мағызы кетіп, самалы қалар,
Әулиенің
әруағы кетіп, мазары қалар.
Адамның
жақсысы кетіп, азабы қалар,
Ақылы
жоқ, санасыздың заманы болар [ 5].
Енді біз
айтып отырған Шекті Мөңкенің би, шешен екендігіне,
толғаулардың ақиқат осы кісінікі екендігіне нақты
дәлелдер келтірейік. Шешендік өнерді жіті зерттеген ғалым
Балтабай Адамбаевтың «Шешендік сөздер» деген кітабында
«Сырымның Мөңкені жеңуі» дейтін әңгіме бар.
Онда «Сырымға бір жолаушы Шекті елінің бір малшысы сізге «бере сал»
деп еді, – деп екі жапырақ ескі шүберек береді. Сырым
шүберекті Тана Қоске би мен Бөкен биге көрсетеді. –
Бұл біздің елдің Шектіде қорлық-кемдікте
жүрген бір әйел адамы болар. Сырым, сен барып алып қайт.
Көзіңе шарапшын ки, қарт-жас екеніңді білдірме, айтыса
қалса Мөңкенің алдына бар, – дейді Қоске
қарт.
Сырым Шекті
еліне барып, «осы елге бір қарындасым еріксіз кеткен екен, алып
қайтайын деп келдім» деген соң, Шектінің билері:
«Адамыңның ата-тегін, аты-жөнін айт» дейді. Сырым айта
алмайды. «Ендеше, саған ел аралатпаймыз, адам бермейміз», – дейді. Сырым айтысып
Мөңкенің алдына барады», – делінген [6].
Сондай-ақ
Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми
кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар
қорында ақын Нұржан Наушабаев шығарған «Шекті
Мөңке би сөзі» деген толғау бар.
[7].
Ғалымдар арасында Мөңкеге алғаш
назар аударған Ахмет Байтұрсынұлы еді, ғұлама
өзінің әйгілі «Сауат ашқыш» дейтін еңбегінде
Мөңкенің бір билігін үлгі есебінде ұсынады,
әрі ол билікті басқа емес, Шекті Мөңке айтқанына
куәлік береді. Мәтіні
мынадай:
«Шекті ұлы Мөңке би жеті жасында
билік айтып, кісі құны дауды бітірген екен дейді.
Бір судың бойына бір бай ауылы келіп
қонады. Су бойында бір топ бала ойнап жүрсе, балаларды келіп ауыл
иесі ақсақал қуалайды. Байдың астындағы асаулау
байтал екен. Балалардың біреуі атын үркітіп қалғанда,
байдың бөркі басынан ұшып, байталдың алдына
түскен кезде, байтал тулап, бай жығылып жан тапсырады.
Байдың елі балалардан құн
алмақ болып жиналады. Үш күн, төрт күн жатады,
бітісе алмайды; бес күн, алты күн жатады, бітімге келе алмайды.
Сөйтіп дағдарып тұрған уақытта бір тайға
мінген жеті жасар бала келеді. Бала қарап тұрады да, «бұл
жұмыстың билігін маған беріңіздер, мен бітірейін», –
дейді. Бала бір айтады, екі айтады, оның сөзіне баласынып, ешкім
құлақ аспайды. Ақырында ақсақалдар дағдарып:
«Осы қой асығы демеңіз, қолыңа жақса
сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жақса атадай» деген
қайда? Манағы бала қай бала? Тауып әкеліңдерші!»
– деп іздетіпті. Сұрастырып баланы тауып әкеледі. Баланың аты
Мөңке деген. Бала келіп айтады: «Билікті маған
берсеңіздер, менің айтатын билігім мынау дейді: Ердің
құны жүз жылқы, бұл істе тентек төртеу:
әуелі ойнап жүрген бала тентек, екінші оны қуған бай
тентек, үшінші үріккен байтал тентек, төртінші бастан
ұшқан бөрік тентек. Төрт тентекке жүз
жылқыны бөлу керек», – дейді.
Сонда жүз жылқының үш
бөлімі байдың өзіне түсіп, бір бөлігін ғана
бала жағы төлейді. Жұрт бала билігіне ырза болады. Сол бала
үш жүзге белгілі Мөңке би атанып, аты аспанға
шығады» [8, 100-б. ].
Қорыта айтқанда, көрсетілген осы
деректер кейбіреулердің көкейінде жүрген күдіктерін
сейілтсе керек деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Негимов С. Шешендік өнер. – Алматы: Ана тілі, 1997.
2.
Білім және ғылым министрлігінің Орталық
Ғылыми кітапханасы, сирек қолжазбалар қоры 1067-бума,
5-дәптер
3.
Керімов Ш.
Мөңке шешен. // Ана тілі, 10.01.1991
4.
АВПРФ.122, 1748 г. Д. 8 л.л. 15 об. – 16 об.
5.
«Шалқар»
аудандық газеті, 04.03.1994
6.
Әдебиет және өнер институты, қолжазбалар
қоры: 139-бума. Адамбаев Б.
Шешендік сөздер. – Алматы: Отау, 1992
7.
Әдебиет және өнер институты, қолжазбалар
қоры: 1281-бума. 2-дәптер
8.
Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.